• Айтарым бар...
  • 03 Қыркүйек, 2024

Жанарымда жазу бар көз көрмейтін

Гүлбақыт Қасен

 

Абайдың  ақиқаты


Төгілгенде жанымның жапырағы,
Шағалалы айдындар шақырады. 
Абай болып айбынын асырып тұр, 
Шындық тұнған Шыңғыстың атырабы.

Ақиқатын ақынның кім айтады?
«Қара көңілім жарқ етпес»...
Сыр айтады...
Дүрмегі мың дүние құлақ салса, 
Шыңғыстаудың шырайлы түні айтады.

Жаңғырған тау, өзен-көл айтады әлі, 
Бебеулеген көңілім жай табады.
Ғасырлардың куәсі Қасқабұлақ 
Ақиқатын Абайдың қайталады.

Елді ойласам биіктеп мұнар қайғым, 
Буырқанып теңіздей тұна алмаймын. 
Қасиетін Абайдың тану үшін
Құдіретіне басыңды и Құнанбайдың.

Жан жарасы жақынға байқалмаған,
Шындық шындық бола ма айта алмаған?
Әлсін-әлсін Шыңғыстау биігінен,
Абай болып ақиқат айқайлаған.

 «Қарашада өмір тұр»...
өзгермеген,
Алдамшы бақ баянсыз, көз көрмеген. 
Әппақ қар да жұтылар қара жерге,
Қандай жақсы арсыз бен сөзге ермеген. 
«Пайда ойлама, ар ойла»...
Талаптан, біл,
Айланы да ақыл деп жаратқан бұл.
Найзалы тіл серт болар тәуекелге – 
Жалғыз ұлын мыңдарға талатқан кім?!

Көгереді дүние, көгереді...
Қайырымсыз тұл қоғам не береді?
Қара өлеңге қарайлап елеңдеймін, 
Жаны бірге жандармыз кемедегі... 

Керуен жолы сапарда мың құбылар,
Баспаса деп келеміз күнді мұнар.
Ұлылығын Абайдың танытатын,
Шыңғыстаудың құпия шындығы бар.

Шындық – арзан...
Бұл күнде ақиқат – мұң,
Даулай алар жан бар ма ақын хақын?
Кім айта алар жүректің көзін ашып – 
Алашыма Абайдың ақиқатын?..

Шындық – арзан, бұл күнде ақиқат – мұң...


Жыр – мұра

Қызықпай байлыққа да, мансапқа да,
Өмірден өтсем деп ем ән сап қана.
Әбен Дәуренбеков

Жеткізген құс тілінен тамған жырды,  
Ойларың талай жұртты таңдандырды.
Тербейді,  
тербетеді жыр-кемеңіз,
Ұғамыз қара өлеңнен қалған сырды.

Қызықпай байлыққа да, мансапқа да,
Өмірден өтсем деп ең ән сап қана.
Өрелі өлең-жырың тапқан олжаң   
Жүгірттің қиялыңды сан саққа да.    

Қызыл тіл алдаспандай шағылысқан,
Көк дөнен көңіліңді алып-ұшқан.
Сағынып, сағыныштан сарғайдың ба,
Жазы аз жастығыңды жалын құшқан.

Жерің мен елің үшін жаның күйген,
Ұстатпай асау жүйрік жалын түйген.
Өзіңсің, өзегіңді жұлып беріп, 
Бағым деп ұл мен қызын, жарын сүйген.

Керімсал келбет кімді тарта алмаған,
Сан арман арқаға жүк арта алмаған.
Толқынды толқын қуар... 
жаутаңдайсыз...
Бұрымды Мәдинадай қалқа қалған.

Өмірге бауыр басып қалған бәрі, 
Байлық па, атақ-даңқ па алғандары?
Басқадан бәсің биік, бағаң да зор: 
Жыр – мұра!
Қалған дүние жалған бәрі.

Ел мен жұрт еске алады бел баласын,
Мәпелеп бала жүрек, өр-данасын.
Сыйдырдың жүрегіңе шексіз мынау -
Тауы мен қазағыңның кең даласын.

Жетісу жырға бөлеп, ән үйреткен,
Жаркенттің жері бізді сәби еткен.
Аспан да, бұлақ та ортақ, 
өзен де ортақ,
Самал жел күймен тербеп әлдилеткен.

Өнеге жомарт пейіл, өрелі ісің,
Жауһардай жырың – асқар, 
Өлеңің – шың.
Білсеңіз, Әбен аға, зор бақыт қой, 
Халықтың құрметіне бөлену шын. 

Ғарыш жақта өмір бар ма?

Ғарыш жақта өмір бар ма, кім білген,
Биігінде Ай жымиып, Күн күлген.
Бұл фәниден жалыға ма адамдар,
Жалыға ма жалған сөзден, күңкілден?

Азды көп қып, көңіл жоқты бар қылып, 
Өтсем деген аз ғұмырын таң қылып,
Аспан даусы – естілмейтін әсем ән, 
Таудың даусы – алыстаған жаңғырық.

Ақын жанын ұға алдық па?
Әй, қайдам..
Арылмаппыз даңғазадан, айғайдан.
Дана жүрек, биіктейді сөз қайдан,
Дала жүрек, биіктейді тау қайдан?

Алдымызда алтын қақпа, күміс бақ, 
Ақын ойын ұға алдық па дұрыстап?
«...Мен бір гүлдің гауһар мінез сөздерін,
Жүрегіме құйып жүрмін уыстап».

Бақыт жайлы бір әңгіме басталған...
Үн естілер ғарыш жақтан, аспаннан:
«Менің жаным мейірімге құмар тым...» - 
Бұл – үзік сыр Жұматай-жыр, дастаннан.
                          Өмір

Өмір бәлкім, жақсы көру, сағыну,
Өмір бәлкім, жалғыз қалу, жабығу,
Мың сүріну, қайта тұру, адасу, 
Таңдайыңда бал татыған қара су, 
Қолын созған алыстағы жағалау, 
Өлшеулі өмір, уақытыңды бағалау, 
Көңілдегі көп ойларды айта алмау,
Өкпелеткен, өткен шақтан қайта алмау,
Өмір – өзен, жарқыраған бұлақтар,
Нұсқасы көп, жауабы жоқ сұрақтар, 
Ертелі-кеш өз-өзіңнен жалығу, 
Жақсылардың ортасынан табылу,
Еркелету, жақын жанды жұбату,
Төмендету, биігінен құлату,
Қол соғулар, жалған мақтау, асыру, 
Аллаға аян шындығыңды жасыру,
Ақтап алу, еш себепсіз кінә арту,  
Жек көру мен бір көргеннен ұнату, 
Таңғалдыру, ту сыртынан оқ ату,
Табысу мен қоштасулар, жоғалту,
Бір жылылық, мың мейірім, аялау,
Ізгілік іс, жақсылықты аямау,
Өмір – күлу, өмір – жылау, күрсіну,
Менің титтей жүрегімнің дүрсілі.

****
Жасыл жапырақ...
өмір-өлең өрнегі, жыр тамыры, 
жайса деп ем тереңге гүл тамырын.
Сені ақын етті ме бір қалқатай,
Мені ақын етті ме  бір тал мұңым?

Сол бір мұңда бәрі бар:
сағыныш бар,
бір сұлулық, 
сезім бар алып-ұшқан,
кездесу мен қоштасу,
көктем мен күз,
мың қуаныш, 
сәттер бар жаңылысқан,
шын жылатар қайран дос табылар ма?
Күліп тұрсам жаныма бәрі дұшпан.
Үнсіз ғана оқимын тағдырымды,
Аялады, аяды тағдыр кімді?
Махаббаттың тілімен, жүрегімен,
Жақсы көрем, адамдар, барлығыңды.

                               ****
Қара өлеңдей қадірлі дос таппадым
Қ. Бегманов
Дүние жалған...
бар ма түбі, жалған ба?
Қара тасқа бір тіл қату арман ба?
Ғайып дидар. 
Көзден таяр жұмақ бақ, 
Шеңберіне бір-ақ аттам қалғанда...

Бәрі өткінші...
Ажалға айла өтпеген,
Бұл жалғанға кімдер келіп, кетпеген.
Жетім көрсем жанарынан қаймығам – 
Жылы алақан, бір мейірім жетпеген...

Қайғы жанның 
жеп бітірер өзегін,
Жақыныма айтылмаған сөз едім...
Қара өлеңдей дос таппадым
ең жақын, 
дертті жүрек өзі табар өз емін.

                           ***
Өмірдің дауылдарынан,
бұрқасын, жауындарынан,
қызыл өрт, жалындарынан,
қорықпай алып шығатын
шынайы дос қана.

Тағдырдың сан сұрақтары,
жанымның жапырақтары
жұлынса қалтырап бәрі, 
жүрекпен үнсіз ұғатын
шынайы дос қана.

Заңғарлар таласа алған ба, 
биіктер аласарғанда?
Жақының жара салғанда,
қасыңнан табылатұғын 
шынайы дос қана.
Қоңырау талай қағылар,
сағыныш сарайларынан,
бақыттың арай бағынан,
жарқырап күліп шығатын
шынайы дос қана.

Адассам кейде шындықтан,
Өлеңім – досым, сырды ұққан,
бәріне уақыт – төреші,
бұл тағдыр кімді аяп...
кімді ұққан?..

Махаббатпен жаратылған
бұл өмір

Күн күледі, сен де бірге күл, әлем,
Шамам келсе мәңгілігін сұрар ем...
Махаббатпен суарылған табиғат,
Махаббатпен жаратылған бұл әлем.

Құс ұясы, құмырсқаның илеуі...
Сәуле тамар жасуындай иненің,
Ну орманның тамырына қан жүрер,
Мейірімді мүмкін емес сүймеуің.

Махаббатты талап етпе, бере біл,
Жақсылықты қайда деме, көре біл.
Босағадан сығалайды бір бақыт,
Қол бұлғайды биігінен төбенің.

Күн күледі, сен де бірге күл, өмір,
Жарық күннің жанарында сүр, өмір.
О, Құдірет, тізерлейін алдыңда,  
Махаббатпен жаратылған бұл өмір.

***
Бақыт тұнған сәттер бар, байқалмайтын,
Жүрек тулар сөздер  бар, айта алмайтын.
Байланғанда тағдырлар тәуекелге
Бір-ақ жол бар: белгісіз...
қайта алмайтын...

Жанарымда жазу бар көз көрмейтін,
Оқылмаған кітап бар өзгермейтін, 
Өмір-айна қарайды қабақ шытып, 
Ауыстырған біз бе әлде,  
сөз бе кейпін?..

2092 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы