• Айтарым бар...
  • 03 Қыркүйек, 2024

«КІЛЕМ ӨНДІРІСІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМНАН БАСТАЛДЫ»

Талғат ЫСҚАҚОВ, «Бал текстиль» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігінің  Бас директоры,  Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы,  Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

 

  – Талғат Жүнісбекұлы, Сіздің кілем өндірісіне деген қызығушылығыңыз қай кезде басталды?
  – Менің кілем өндірісіне деген қызығушылығым сол балалық шағымнан басталды десем, қателеспеймін. Анам қолмен кілем тоқитын. Күнұзақ анамның жанында жүріп, жүнді өңдеп, жібін дайындауға қолғабыс жасайтын едік. Түстерін таңдау мен жіптерін бояуға көмектесетінмін. Анам өрнекке ерекше мән беретін. Қолмен кілем тоқу мен оның өрнектерін нақты шығару үшін мықты есеп керек екенін де анамнан үйрендім. Абысын-келіндері тоқымада бас қосып, жарасымды әзілі мен ғибратты әңгімелерін айта отырып, талай дүниені жасап шығаратын. Сабыр мен төзімнің не екенін біздің аналарымыз жақсы білетін. Өкінішке қарай, бүгінде анам менің басылмайтын сағынышыма айналды. Өмірімдегі әр жеңісім мен жетістігімнің түп негізі жаулығын кір шалмаған ардақты анамның ақ тілегі мен батасы екенін ешқашан да ұмытқан жоқпын.
Ана туралы толғаныс қай жүректі де қозғайтыны анық. Ананың перзенті үшін алмайтын асуы, төзбейтін қиындығы, көтере алмайтын жүгі жоқ. Ана – сонысымен қымбат, сонысымен ардақты, сонысымен аяулы. 
Балалық шағым ауылда өтті. Анамның еткен еңбегі мен көрген бейнеті көз алдымда. Шаршағанды білмейтін. Ауылдың тірлігі бітуші ме еді, тәйірі?! Сол қайнаған тірліктің арасында жүріп, бізді мейіріміне бөлеп, еркелетуге де уақыт табатын. Анамның жасаған тамақтарының дәмін де ұмыта алмаймын. Алақанының жылуы мен табы  әлі күнге маңдайымда тұрғандай. Анамды аңсағанда осындай күйге түсетінімді жасырып қайтейін?!. «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасын ашуға да анамның еңбекқорлығы мен қайтпас қайсарлығы  маған күш-қуат бергені анық.
– Фабриканы қай жылы аштыңыз?
– 2013 жылы. Былтыр фабрикамыздың  құрылғанына он жыл толды. Осындай айтулы мерейтой аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Елімізде алғаш рет республикалық деңгейде  «Отандық кілем форумы» өткізілді. Компаниямыз ребрендинг жасап, «Bal Carpet» брендін жұртшылыққа таныстырды. Ал Жаңа жыл кешінде ұжымда он жыл бойы үздіксіз, тынымсыз еңбек етіп келе жатқан үздік қызметкерлер арнайы мерейтойлық медалмен және Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Каримовтың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен бірге фабрикамыздың үлгілі жұмысшыларына Түркияға бір апталық демалысқа, Сарыағаш және Манкент шипажайына жолдамалар табысталды. Кәсіпорын еселі еңбек еткен қызметкерлерді ешқашан ұмыт қалдырған емес, әрқашан  лайықты марапат жасалады. Есесіне олар да фабриканың өркен жаюына өз үлестерін аямай қосып келеді.
«Тірлігің – бірлігің» деген дана қазақ. Болам деген ел іс көрсе білек сыбанады, біріне-бірі тіреу болуға, талаптыға сүйеу болуға асығады. Мемлекетімізде осы ынтымақтың арқасында жүйелі жұмыс, тұрақты даму қалыптасып отыр. Кәсіпкерлік жолында жұмыла жұмыс істеп келе жатқан әріптестерге әрдайым «Шыққан төбеміз биік болсын!» деп тілек айтамын. Сондай берекелі ұжымның бірі – Шымкент қаласындағы Көрме орталығы. Оларға да он жыл толды. Бұл орталық өңіріміздің материалдық және рухани жетістіктерін көпшілікке көрсетіп, елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жағынан жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін беріп келеді. Он жыл ішінде 378 көрме, оның ішінде 50-ден астамын халықаралық деңгейде өткізген. Олар – отандық өнім өндірушілердің қолдаушысы. «Bal Carpet» бірнеше жылдан бері осы ғимаратта дәстүрлі түрде «Ұлы дала кілемдері» жәрмеңкесін ұйымдастырады. Отандық өнімнің танылуы мен таралуында, дамуында да Көрме орталығының елеулі үлесі бар. 
– Ал шетелдік әріптестеріңізбен қандай байланыс қалыптасты? Өнімдеріңізді сырт мемлекетке экспортқа шығару жайы қалай?
 – Біздің кәсіпорын әрқашан да кілем саласындағы соңғы үрдістерді жіті бақылап, өндірісті оңтайландыру жолында тынбай еңбек етіп келеді. Сол себепті біздің командамыз әлемдегі үздік текстиль мен кілем көрмелеріне үзбей қатысады. Кілем кәсіпорындары үшін  «Carpet and Flooring Expo» Халықаралық көрмесі өте маңызды. Бұл көрме жыл сайын өтеді. Біздің команда одан қалыс қалған емес.  Германияның Ганновер қаласында биыл қаңтар айында 
«Domotex-2024»  текстиль көрмесі өтті. Оған да қатыстық. Осындай көрмелердің басты мақсаты – кілем және еден төсегіштер өндіру секторларындағы барлық елдердің кәсіпорындарын біріктіру арқылы жаңа іскерлік байланыстар және кілем саласындағы соңғы үрдістер мен сән үлгілері саласында тәжірибе алмасу. Біз, өз командамызбен көрмеге қатысу арқылы өзіміздің тәжірибемізбен бөлісіп қана қоймай, шетелдік ірі кәсіпорындармен де тәжірибе алмасып, кілем өндіру саласындағы соңғы өзгерістер мен түйткілді мәселелерді талқылаймыз. Мұндай ауқымды  шаралардың ең басты пайдасы – іскерлік байланыс артады. 
Қазір біздің  компания әлемнің алпыстан астам еліне өз өнімдерін экспорттап келе жатқан ірі кәсіпорын. Модерн, классикалық стиль мен ұлттық нақышта дайындалған кілемдер тек Қазақстандағы тұтынушылар ғана емес, жалпы Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей, Германия, Ұлыбританияға экспортқа шығарылуда. Әсіресе, Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие болып отырғандығы да көңіл қуантады. 2014 жылы  «Алтын сапа – 2014» республикалық конкурсында «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясы бойынша екінші дәрежелі диплом иегері атандық. 2016 жылы Женева қаласында өткен халықаралық конкурста үздік сапа номинациясының аясында ISAQ жүлдесі – «Алтын Жұлдыздың иегері» деп танылдық. Мұның өзі Швецияның IKEA сауда жүйесі арқылы ұзақ мерзімді келісім-шарт негізінде еткен еңбегіміздің еленгендігі деп білемін. «Бал текстиль» – Қазақстандағы тұңғыш швециялық IKEА тұрмыстық тауарларды сату бойынша әлемдік көшбасшылардың ірі компаниясымен келісім шартқа отырған тұңғыш фабрика. Өнімдердің сапасын бақылау және арттыру мақсатында кәсіпорын өнімдері Ресей, Қытай, Үндістан, Германия, Ұлыбритания мемлекеттерінің зертханаларында сынақтан өткізіліп, сапа сертификаттарын алып отырады. Бүгінде IKEА компаниясы біздің өнімдерімізді аталған мемлекеттердегі өздерінің сауда нүктелерінде сатылымға шығаруда. Біз де тапсырыс берушілердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында жұмыс істеп келеміз. Бұл тұрғыда дизайнның әртүрлілігі, кілемнің түр-түсінің тартымдылығы да өндірістің өрісін одан әрі кеңейтуге жол ашуда. 
Тағы бір мақтанышпен айтатын жәйт – біз халықаралық кілем көрмелеріне қатысу арқылы ұлтымыздың ұлы мұрасын әлемге паш етіп жатамыз. Біздің өнімдерімізде ұлттық бояу, реңк бар екенін көрмеге қатысушылар жасырмай айтады. Бұл бізге серпін береді, қуат береді. Ұлттың сақталуы оның ұлы мұрасында екенін ешкім де жоққа шығармайды. Аба-бабамыз ұрпағына кең байтақ жерді ғана аманат еткен жоқ, баға жетпес байлық – мол мұраны мирас етті. Оның ішінде өлмейтін өнеріміз де бар. Әсіресе, ұлттық қолөнеріміз әлі күнге өз құндылығын жоймай, дамып келеді. Тарихтан белгілі, кілемнің алғашқы түрлері Алтай тауы маңындағы қола дәуірге жататын Пазырақ, Нойын-Ушнек қорғанынан табылған. Көшпелі жұртымыздың шеберлігі ерте заманнан қалыптасқаны осы бір деректен-ақ белгілі. Жұмыс бабымен жиі шекара асып, ел кезетінім бар. Осындай сапарлардан байқағаным – кезінде тағдыр тәлкегімен жер ауып, елден шеттеп кеткен қандастарымыздың  ұлттық мұраға адалдығы ерекше. Сыртта жүрсе де ұлттық қолөнеріміздің сақталуына, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, дамуына көп еңбек сіңірген бабалар рухына мың  тағзым. Осы ретте бір ақпаратты айта кетейін, Астанадағы Ұлттық мұражайда Ауған қазақтарының «Уақыт құшағы» деп аталатын  кілем көрмесі өткен болатын. Мұражай директорының орынбасары Амалбек Өміртай мырзамен бірге осы көрмені тамашалаған кезде қазақтың оюлы, таңбалы тарихына ендім десем, артық айтқаным емес. Өндіріс әлемге қарап өзгеріп жатқанда, ауғандық бауырлар әлемге қазақ кілемінің ерекшелігін мойындатып жүргеніне мақтандым. «Малыңды жұмсап, балаңа өнер үйрет. Дәулет қолда тұрмайды, ал өнер – мәңгілік. Дүниенің кілті – өнерде» деген екен ұлы Абай. Бұл көрме осыны тағы бір ұғындырды. Ұлт мұрасын өзге елде жүрсе де ұмытпай, қайта жаңғыртып, дамытқан қандастарымызға өте риза болдық. Халқымыздың рухани қазынасының мәңгілік екеніне, мәдениетінің тарих тереңінен бастау алатынына тағы бір көз жетті.
– Талғат Жүнісбекұлы, сіздердің жұмыс барысында басқа тектес кәсіпорындармен салыстырғанда ескеретін басты ерекшеліктеріңіз не?
– Біздің ерекшелігіміз – тұтынушының талап-тілегіне сай жұмыс істеу. Кейбір сауда орындарында жартылай жүн немесе жібек деп тауардың өтімділігі үшін жалған мәлімет беріп жатады. Ал, біз үшін басты мақсат – әрбір тұтынушыға дұрыс ақпарат беру. Бұл ұстаным өз кезегінде отандық өнімге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етті. 
Тағы бір ерекшелігіміз – кілемдеріміздегі ұлттық нақыштағы ою-өрнек. Бұл, жоғарыда айтқанымдай, ұлтымыздың бет-бейнесі, ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Сондықтан да, біз ұлттық ою-өрнектерімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, заман талабына сай одан әрі жандандыра түсуге тиіспіз. Дегенмен, ою-өрнекті қолданудың жөні осы екен деп, орынсыз әр жерге тықпаламай, әрқайсысын өзінің мән-мағынасына қарай орнықты қолдана білу де – басты міндеттің бірі. Қазіргі таңда біздің компанияның білікті дизайнер мамандары осы мақсатта жұмыс жүргізіп келеді. Ою-өрнектеріміз бедерленген кілемдер біздің жерлестерімізді ғана емес, әлем халықтарының да қызығушылығын арттырып отыр. Мәселен, Түркияның алдыңғы қатарлы кілем шығаратын зауыттарының өзі кілемдерін біздің ұлттық ою-өрнегімізбен басып шығаруда. Осынау ұлттық құндылығымызға франциялықтар да бей-жай қараған жоқ. Олар да бұл тұрғыда жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. 
Қазіргі таңда дүниежүзінде табиғи талшықтардан, яғни жүннен тоқылатын кілемдерге сұраныс жоқ. Себебі, ондай өнімдер аллергиялық аурулар туғызады. Сондықтан, үй жағдайында синтетикалық талшықтағы кілемдер пайдаланылады. Қазір халықтың басым бөлігі полипропилен, полиэстер, акрил, вискоза жіптерінен жасалған кілемдерді таңдайды. Бұл тұрғыда біздің өндіріп жатқан өнімдеріміз жоғары талапқа сай. Сонымен қатар біз еуропалық стандартқа сай жібек кілемдер шығарудамыз. Бұл экологиялық тұрғыдан таза. Сондықтан да, адамның денсаулығына қандай да бір кері әсер етпейді деп сенімді түрде айта аламын. Және де баршаңызды отандық өнімді қолдауға шақырамын. Өйткені өз өніміміз шетелдік кілемдерден бір мысқал да кем емес. Себебі біз әлем елдері шығарып жатқан инновациялық қондырғылармен жұмыс істейміз. Мәселен, біздің фабрика бельгиялық «Michel Van De Wiele», Германияның «M-Tec», Түркияның  «Gurelmak», Тайваньдық «Emery» маркалы құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Ал, тоқымаға қажетті жіптерді «BCF», «Hest-Set» «Frize» «Oerlikon Neumag» сынды германиялық машиналарда жасап шығарамыз. Осылайша халықаралық озық үлгідегі құрал-жабдықтарын тұтыну арқылы әлемдік нарықты бағындыруға қадам басып келеміз.
Тағы бір ерекшелік – кілем тоқуға қажет жіп өзіміздің фабрикада шығарылады. Кілем өндірісінде қолданылатын полипропилен жібі газ-химиялық өндірістен жасалады. Ол синтетикалық талшықтың сапасы жақсы, қолдану мерзімі ұзаққа жетеді. Тозбайды, төзімді. Ал денсаулыққа зияны жоқ, аллергия туғызбайды. Кілемге қажет шикізат өзімізден шығатындықтан, кілем өнімдері халыққа өте қолжетімді деп айта аламыз. Бұған қоса назар аударатын жайт – біздің кілем өндірісі жолға қойылғалы бері нарығымызда кілем бағасы 50 пайызға төмендеді. Себебі, отандық өндіріспен бірге бәселекестік артты. Жалпы, «Бал-текстиль» кілемдерінің сапасы өте жоғары, ең бастысы – шетелдік кілемдерден айырмашылығы жоқ. Шетелден, Түркиядан келіп жатқан кілемнен сапасы артық болмаса, кем емес. Ал бағасы әлдеқайда арзан. Біз әрдайым заман талабына сай жұмыс істейміз, қазіргі трендтерге қарап, сәнмен санасып, кілемнің дизайнын, түр-түсін өзгертіп отырамыз. Осы мақсатта фабрикамызда 22 дизайнер тұрақты жұмыс істейді, көбісі жастар. Алты дизайнер күн сайын жаңа кілем түрін ойлап табумен айналысады. Осылайша үнемі ізденіс үстіндеміз. Трендтерден қалып қоймауға, заман талабына сай өнім шығаруға тырысамыз.
Орталық Азиядағы ең ірі кілем фабрикаларының бірі, қазақстандық «Бал Текстиль» компаниясы «Бал Декор» атты жаңа кәсіпорнын іске қосты. Кілемдер мен кілемшелер шығаратын мекеме ерекше дизайндағы ванна төсеніштерін шығарады. Айта кету керек, осы уақытқа дейін бұл өнім Қазақстанға тек шетелден жеткізілетін. Қазір қазақстандықтар сапасы мен түрлері жағынан шетелдік өнімнен еш кем түспейтін отандық төсеніштерді қолжетімді бағамен алуда.
– Талғат Жүнісбекұлы, Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис.  Осы қалада бизнес бастауға қолайлы жағдай жасалып отыр ма? Билік тарапынан бұл ретте қолдау бар ма?
  – Шынын айтайын, Шымкент күннен-күнге дамып, инвесторлар үшін қолайлы болып келе жатқан қала. Оның дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – жұмыс істейтін өндіріс алаңдары. Қазіргі таңда қалада осы өңірдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда шешуші рөл атқаратын бес индустриялық аймақ бар. Қаланың жаңа әкімі Ғабит Сыздықбеков Президент аппараты жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» атты алғашқы брифингінде осы аймақтар туралы толық тоқталған болатын. Индустриалдық аймақ дегеніміз өндірістік кәсіпорындарды орналастыруға және дамытуға арналған,  арнайы бөлінген аумақ. Мұнда құрылыс материалдарын өндіруден бастап озық технологияларды игеруге дейін әртүрлі салалардағы көптеген компаниялар шоғырланып, жұмыс істейді.
Шымкенттегі жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Нақтырақ айтқанда, экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатының қуатты катализаторы болып табылады. Сондай-ақ, Шымкенттің индустриалды аймақтары инвесторларды тартып, оларға бизнесті дамытуға бірегей мүмкіндіктер береді. Мұнда барлық қажетті инфрақұрылым, соның ішінде байланыс, жол желілері және кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін басқа да қызметтер жасалған. Соның арқасында Шымкенттегі өнеркәсіп орындары бизнесті орналастыру және кеңейту үшін қолайлы орынға айналып келеді. 
Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік саласына оң әсерін тигізіп отыр. Өйткені, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестиция тарту жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, өндіріс орындарын дамыту технологиялық прогреске, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қаланың жалпы ілгерілеуіне үлес қосуда.
Жұмыс істеп тұрған өндірістік алаңдар Шымкенттің өмір сүру мен бизнес үшін қолайлы әрі серпінді әрі заманауи қалаға айналуына мүмкіндік береді. Біз де кезінде кәсібімізді осындай индустриалды аймақта бастап, қазір табысты жалғастырып отырған жайымыз бар. Басқа да кәсіпорындардың жұмысы алға басып, бәсекелестікке төтеп беріп, іргелі өндіріске айналатынына сенгіміз келеді.
   – Ал Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге қаншалықты қолдау бар?
– Қазақстанның кәсіпкерлері өткен жылы «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумында кезекті рет бас қосып, саланы дамыту бойынша ұсыныстарымен бөліскен болатын. Жиынға Премьер-Министр де  арнайы қатысып, соңғы жылдардағы жаһандық және аймақтық экономикадағы өзгерістер туралы баяндаған еді. Кәсіпкерліктің қанат жайып, өркендеуі үшін оны қолдау – Үкімет жұмысының негізгі бөлігі. Үкімет «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесе отырып, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясатты жүзеге асырды. Қазірдің өзінде тоғыз мыңнан артық талап қысқартылды. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыс жалғаса бермек. Үкіметтің отандық өнім өндірушілерге деген бетбұрысы қуантады. Дегенмен, әлі де шешімін күткен күрмеуі көп мәселелер бар. Ол жөнінде мен үнемі айтып келемін. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіптің өркендеуі үшін оңтайлы шешімдер қабылдануы қажет. Күнделікті қолданыстағы заттар өз елімізде де шығады. Алайда, шет мемлекеттерден келетін тауардың көптігінен бәсекелестікке төтеп бере алмай, жабылып жатқан өндіріс орындары көп. Осы ретте ең алдымен өз кәсіпкерлерімізге тиімді шарттар қабылдануы керек. Импорт салығын көтеру – мемлекет бюджетін көтеріп қана қоймай, ішкі нарықтағы отандық өнімге сұранысты арттыратыны сөзсіз. Алпауыт өндірістер дайын тауарды мемлекет ішіне кіргізуді тиімсіз деп тапқан жағдайда сол өнімді осы елде өндіруге ниет білдіретіні сөзсіз. Бұл – инвестиция, жаңа жұмыс орындары және қосымша салық. 
Отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік тапсырысты бір көзден беру мүмкіндігі қарастырылуы – құптарлық әрекет. Әйтсе де, бұл қадам мәселені түбегейлі шешпейтінін мойындауымыз шарт. Мемлекет ішкі бәсекелестікті арттыруға және ішкі нарықты реттеп, қолайлы орта қалыптастыруға ықпал еткені абзал. 
Кәсіп бастаған азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай болсын, субсидия болсын, басқа да қолдаулар өте жақсы. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған соң, нарығымыз айқара ашық тұрғандықтан, бұл көмек түрлерінің тиімділігі төмен болып отыр. Менің ойымша, жетіспей жатқаны – ішкі нарықты шетелдік дайын өнімдерден қорғау. Ол тек кілемге қатысты емес, барлық саладағы өзекті мәселе. Бізде не шығады – жиһаз, аяқ киім, құрылыс, шұлық, сондай дайын өнімдер шетелден келсе, олардан қорғау керек. Сонда ғана отандық өндіріс дамиды деп санаймыз. Әрине, біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан, бұл мәселенің шешімі күрделі екенін түсінеміз. Мысалы, өзім айналысатын салаға қатысты айтсам – елімізге шетелден дайын өнімдер, Түркиядан, Өзбекстаннан, жалпы Еуропа елдері мен Ираннан кілемдер көптеп келуде. Шекарадан Еуразиялық экономикалық одақ аумағына, оның ішінде біздің елге өтерде сол шетелдік өнімдерге салынатын кедендік баж салығы өте төмен. Мысалы, кілемдердің түріне қарамастан, бір  шаршы метріне небәрі 0,25 евро көлемінде баж төлеп, әкеле беруге болады. Ал салыстыру үшін айтсақ, көрші Өзбекстанда сырттан келетін дайын кілем өнімдеріне кедендік баж салығы – 70 пайызға дейін. Біз экспорт жасайтын болсақ, өнімдерімізді олар кеденде шартты бағасы 12 доллардан қабылдайды. Мысалы, 4 долларлық, 5-6 долларлық кілем сататын болсақ та автоматты түрде Өзбекстанға барғанда 12 доллардан есептеп, содан қосымша құн салығын алады. Ал ол мемлекеттен дайын кілем өнімдері Қазақстанға импортталғанда ешқандай кедергісіз келеді, тек қосымша құн салығы төленеді. Сол сияқты кілемдерімізді  Түркияға экспорттасақ, жалпы құнының 30 пайызына дейін акциз төлеу қажет. Осылайша бұл елдер өздерінің ішкі нарығын қорғап отыр.
Қазақстанда екі кілем фабрикасы болса, екеуі де Шымкентте орналасқан. Біздің есебіміз бойынша, қос фабриканың өндіріс көлемі Қазақстандағы кілем нарығының кемінде 30-40 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, біз Еуразиялық одақ елдерінің кілем өндірушілерінің барлығымен дерлік тығыз байланыстамыз. Олар да бұл ұсынысты қызу қолдап отыр. Себебі, олар өз елдеріндегі кілем қажеттілігінің кем дегенде жартысын қамтамасыз етеді.
Мемлекет дамуының басты көрсеткіші экономика десек, сол экономиканың негізгі тұғыры кәсіпкерлікке тиесілі екені ешкімге жасырын емес. Осы орайда, халықаралық форумда көтерілген проблемалардың жан-жақты зерттеліп, тиісті нәтиже беретініне сенемін. 
– Сіз кәсіпкерліктің қыр-сырын мектеп оқушыларына да үйретіп жүр екенсіз, осыны ақпарат құралдарының бірінен оқып қалғаным бар еді...
– Иә, бұл да керек. Ертең өндіріске келетіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Қазақ «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Тәрбие мен білімнің қайнар бұлағы, бүгінгі заманымыздың бесігі, құрыштай шынықтырып тұлға қалыптастыратын мекенді мен әлі де мектеп деп білемін. Сіздің айтып отырғаныңыз, Алматы қаласы, Наурызбай ауданы № 200 мектеп-гимназиясында «Білікті білім жинап, кәсіп ет!» деген тақырыпта өткен іскерлік кездесу ғой, шамасы. Алдымен айтарым, мектеп әкімшілігінің балаларын шыбықтай иілген шағында еңбекке баулып, кәсіптік бағдар беруді қолға алғаны – өнеге боларлық игі бастама. 
Іскерлік кездесуде еңбек жолымда кездескен қиындықтар мен жеткен жетістіктер, кәсіп бастаудағы алғашқы қадамдарым туралы кеңінен әңгімеледім. Қиындықты ауыртпалық емес, кезекті емтихан ретінде қабылдап, оны шешуді үйренудің тиімділігін түсіндірдім. Әрине, елдің еңсе көтеріп, табысқа жетуі үшін халық білім мен өнерді меңгеруі тиіс. Бұл екеуі адал еңбекке негізделсе, оның түбі – береке. Өнерлінің бір аты – шебер. Данышпан Абай «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген жоқ па? Мен мектеп қабырғасында қанатын қомдап, алысқа көз салып жүрген болашақ кәсіпкерлерді көріп,  шын қуандым. «Бұлақ көрсең – көзін аш» демекші, ағалық ақылымды айтып, кәсіпкерлікті дамыту сырларымен бөлістім. 
Ал мектеп бітіруші түлектерді  кәсіпке баулуда өндірістік туризмнің орны бөлек. Мұны мен ұдайы көтеріп келемін. Оның маңыздылығын ескеріп, сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыты ретінде қарастырған болатынмын. Мұның бір жолы – мектеп бітірушілердің өндіріс орындарында болып, жұмысымен танысу. Мәселен, осы жақында Шымкент қаласындағы «Асар-2» шағын ауданында орналасқан №138 мектептің бітіруші сынып оқушылары «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының өндірістік процесімен танысты. Қаламыздағы іргелі кәсіпорынның жұмыс барысы  оқушыларға ерекше ұнады. Олардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, кәсіп сырын білгісі келетін оқушылардың ынталары жетекші ұстаздарының жанына демеу болып, қуаныш сыйлайтынын байқадым. Осы орайда, дұрыс бағыт-бағдар көрсету арқылы оқушылардың мамандық таңдауда қателеспеуіне жол ашатын бір мүмкіндік десек артық айтқандық болмас.  Мектеп оқушыларының өзге қырынан көрінуіне мүмкіндік жасаған №138 мектеп ұжымына алғысымды айтқым келеді. Алдағы күндері бұл бастамаға қызығушылық білдіріп, өндірісімізге саяхат жасағысы келген мектептерге есігіміздің ашық екенін айтқым келеді.
– Талғат Жүнісбекұлы, енді депутаттық жұмысыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз. Қабылдауға келген тұрғындар көбіне қандай мәселе көтереді?
 –  Осы ақпан айында қоғамдық қабылдауға  Бозарық шағын ауданының биі Еспаев Алмасбек ағамыз келді. Ол кісінің айтуынша, Бозарық шағын ауданы бойынша жүретін қоғамдық көліктер жолаушыларды уақытымен тасымалдамайтын болып шықты. Графиктегі автобустардың толық болмауы салдарынан  тұрғындар баратын жеріне кешігіп, олардың әбден ашуларына тиген. Бұл жөнінде бұған дейінгі кездесуде де айтылып, тиісті басқармаларға депутаттық сауал жолдағанбыз. Содан тиісті қорытынды шықпай, «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр екен. Сондықтан тиісті мекемеге тағы да сауал жолдауыма тура келді. Сонымен қатар ауыл биі Алмасбек ағамыз көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесінің сапасыздығынан әр жерінен жарылып, сасық иіс жайлағанына тұрғындардың наразы екенін де жеткізді. Бұл мәселелердің алдағы күндері оң шешілуіне ықпал ететін боламын.
  Кезекті қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтардың көбінің көтергені – тұрғын үй мәселесі, жер телімдерінің заңдастырылуы. Олар осы бойынша құқықтық көмек сұрады. Азаматтармен сұқбаттасу барысында анықталған жағдайларға байланысты, кәсіби мамандардың кеңесі беріліп, жерді меншік иесі деп тану туралы сотқа дейін білікті заңгерлер жетекшілік жасайтын болды. Сондай-ақ көмек сұраған жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеті бойынша және қаржылай көмек көрсеттім. «Отбасы банктен» тұрғын үй төлемдерінің бір бөлігі субсидияланып отырған отбасының субсидиясы тоқтап қалуына байланысты көмек сұрағандар да болды. Бұл мәселе бойынша заңгердің кеңесі беріліп, құқықтары түсіндірілді.
    Ал Абай ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде Шымкент қаласы мәслихаты тарапынан 2023 жылы атқарылған жұмыстары туралы Шымкент қаласы мәслихатының құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының  төрағасы Шыңғыс Қозбахов  пен Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов ауданда 2024 жылы атқарылатын жұмыстары туралы баяндады. Кездесуге Абай ауданынан сайланған мәслихат депутаттары, Абай аудан әкімдігі, аудан прокуроры, сала мамандары мен басқарма өкілдері қатысты.
   2023 жылы Шымкент қаласы мәслихатында 13 сессия өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 114 шешім қабылданды. Оның ішінде 19 шешім нормативтік құқықтық акті болып табылады. Әрбір шешім қабылдауда депутаттар өз округінің өзекті мәселелерін, өз партиясының сайлауалды бағдарламасын және «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын» негізге алып, ортақ мақсат – қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту, тұрғындардың хәл-жағдайын арттыру мен қолайлы орта қалыптастыру бағытында жұмыс атқаруда. 
Маслихат жанынан құрылған 6 тұрақты комиссия 2023 жылы 91 отырыс өткізіп, сессияға ұсынылған 114 мәселені алдын-ала пысықтап және қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, көптеген күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолын қарастырып, тиімді шешімдер қабылдауда. 2023 жылы қала бюджеті 651,1 млрд. теңгені құраса, 2024 жылдың бюджеті 653,9 млрд. теңге көлемінде бекітілді. Бюджет шығыстарының 56,4 пайызы әлеуметтік салаға қарастырылды. Жалпы, 2024 жылдың бюджетін бекіту барысында сайлаушылардың сұраныстары негізінде депутаттық сауалдар жолданып, нәтижесінде 100,4 млрд. теңге түрлі өзекті мәселелерге бағытталды. 
Шымкент қаласының мәслихаты заңнамамен берілген өкілеттіктерді тиімді қолдана отырып, алдағы уақытта да жалпы мемлекеттік міндеттер мен халық мүддесі жолындағы жұмысын әрі қарай белсенді жалғасатынын маслихаттың құрылыс және инфрақұрылмды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Шыңғыс Қозбахов жеткізді. Кездесу барысында депутаттар тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алда тұрған міндеттерді қайта пысықтап, шешім қабылдау барысында ескерілетінін тілге тиек етті.
– Қызықты әңгімеңізге көп рақмет!
      

 Әңгімелескен Ғалым АСЫЛ
 

2121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы