• Айтарым бар...
  • 03 Қыркүйек, 2024

Жердің өзі де – жапырақ екен, жайқалып тұрған жел өтіндегі...

Нұрбек Нұржанұлы

 

Қош көрдік, не әкелдің, әкеттің,
келген қонақ аспаннан?
ырзық па, жауып жатқан жеміс пе,
жердің жүзі – дастарқан...
бұлттарда киім бе едің тоқылған,
киіндірген жас талды... 
Апыр-ай, қайдан келген мына қар, 
Қайдан келген мына жан?
Осылай, сен де көшіп келдің бе,
аспан жақтан, жылаған?
Әлде гүл, сезім жауып кетті ме,
Жол тапты ма бір адам...

Жауды ма, бәлкім жұлдыз, мүмкін сыр,
Аппақ құстай қонақтап.
Таңба ма, жауып жатқан қаріп пе, 
аспанды оқып, парақтап...
үміт пе, өкініш пе, жауған бұл,
бола ма тек қар аппақ?

Жауды ма, жүрегіңде ұшқын нұр,
Бола ма екен жан таза? 
Бұл өмір – еріп-семер күні ертең, 
жаңа жауған қар ғана...
Тілегім – гүл сембесе,  
қар құсап
аулақта жан солмаса...

Тіршілік – азан-қазан,
содан соң:
Қарға айналып қалың бақ,
Қарға айналып тау мен тас,
Қарға айналып сағымдар,
қарға айналып дұғалар, 
Қар жауады дамылдап...
***
Көше шамы бүкшиіп жанып тұрар,
қар көбелек айналар – жатқа тұрақ...
Аспан деген алпауыт алып шынар,
Шашып жатыр уыстап қар-жапырақ...

Қар-толқыны көшенің жағасында,
Қар-құмдауыт көшеді, ізді көміп...
Қар-шамшырақ ғашықтар қаласында,
Бүр ашады күлімдеп көзімде гүл...

Аспан жақтан аппақ дән себіліпті,
Кіршіксіз ғой жауған қар – жан егіні... 
Қатқақ жердің көбесі сөгіліпті, 
Ерігендей жүрегім қар еріді...

Ерігендей көңілім қар еріді,
Жауған күндей жанарым, сені іздейді...
Қайда кеттің, балаң-қар жол серігім,
Қайда кетті сендегі сан іздерім...

Жұлдыз жауды десе егер сенер едім,
Қатқан шуақ десе егер, алданар ем.
Өкінішім өзекте, қайтер едім,
Сөнбесін деп ақ алау қалқалар ем...

Айналайын, ұлпа қар, айналасың,
Шыр көбелек айналған көкпен бірге...
Көше шамы дейтіндей, «қай баласың»
Өткендерге, қар көміп кеткендерге...

***

Мерекелік кеш құсаған өмір,
Аядай «тамда» аунаған көңіл...
Ауладан үйге телмірген құсап,
Өлімге солай қараған тәуір...

Аспан меңіреу, жөңкілген бұлттар,
Сайрап көмейі, бүлкілдеп құстар.
Құлағында жел ойнаған талдың,
әлде уақыт па біртіндеп ұшқан...

Өлең жазылып, күй шертіледі,
Ай сүйер көктің әрленген ерні...
Жолдар күтеді, күн райы ауар,
Бізсіз осындай бір күн келеді...
Бізсіз де ертең көшеді бұлыт,
Жауып, ашылып нешеме құлып...
Гүлдер жайқалып, көктем оралар, 
Керімсал соғып, еседі суық...

Бізсіз де қанша маусым ауады,
Күркіреп көкте жасын соғады...
Пәни ме – айнам, 
Ешкім болмайды
өзімнен басқа қасымда тағы...

Өткен шақ қалған табыт кешегі,
Күмбір қағады сағат неше күй.
Дыңғыр  еткенде секундтың тілі,
Шертіп жатқандай уақыт ішегін...

Аспан меңіреу, жөңкілген бұлттар,
Сайрап көмейі, бүлкілдеп құстар.
Құлағында жел ойнаған талдың,
әлде уақыт па біртіндеп ұшқан...

Бізсіз де ертең көшеді бұлыт,
Жауып, ашылып нешеме құлып...
Гүлдер жайқалып, көктем оралар, 
Керімсал соғып, еседі суық...

Қабырғадағы зарлы сағатым,
Ойнашы бір күй, мен бе қонағың.
Тағы бір тентек күмбір қағады,
Көкірегімде күй боп соғатын...

Өткен шақ қалған табыт кешегі,
Күмбір қағады сағат неше күй.
Дыңғыр  еткенде секундтың тілі,
Шертіп жатқандай уақыт ішегін...

                         ***
Құлыншақ, жауын ба, қорғаншақ,
Тамады жұп-жұмсақ, момақан... 
Көтеріп тұр, әне, сан шырақ... 
Қайыңның саусағы қалтырап...

Қолтығы гүлдеген қайыңның,
Әлде ол қанат па, бүр жарған...
Тербелген бөпе ғой лайым ол –
балапан жапырақ уайымым.
Аспанның таңдайы қаталап, 
сауылды бұлыттан саумал сүт. 
Қуанып шақалақ-жапырақ, 
соғады жамырап шапалақ... 

Тамшылар жүгірер томпаңдап,
Қорбаңдап күн батып барады...
Мөлдірлік, мен қалдым арқаңда,
Бір жұтым тамшыңды армандап...

Мен қалдым, 
ал маған керегі 
не еді, білесің, қылықтым,
Сені кім жіберді, жүрегім,
Мені кім жіберді, бүр едім, 

жыршы ем бұлбұлдай мұң енген,
жан едім қанатты, о, тоба!
Жауын, ол – рухтасым нұр емген, 
бір елден көшетін бір елге...

Күнменен аулақтап кетерміз, 
Тамшылар боталап жанарда...
Қашан біз бүр ашар екенбіз...
Қашан біз қауышар екенбіз...


Бақтағы баллада


Қалың жыныс, бақ қаумалап алған, 
Ағаш, бұталар алқалап алған... 
Жапырақтардың сыбыр-күбірін,
Түсіне алмай, жол қарап қалғам...

Етегін сүйреп түннің шекпені,
Жұлдыздар – жұпар, гүлдеп көктегі...
Қашанғы қалам жалған бағында,
...Кімдер келмеді, 
кімдер кетпеді?

Биіктеп аспан, жоғалған жолдар,
Айнала қоршап қабарған талдар,
Кітапхана боп мүлгиді бақша,
Жапырақтары – оқылған таңба. 
«Сен кімсің, несің» дейді ме маған?
Айтшы, түсім бе,  өңім бе ғалам?
«Мен» деп ат қойғам тән-шыбығыма – 
Жағамнан өсіп, жеңімде қалған.

Әйтпесе, жұрты қай керуеннің,
Қай көштен қалғам?
Қай бір дерегі – 
жұмбақ,
пақырмын, 
несін айтасың! 
Сендер айтыңдар талдар көреген?

Сұлуда – сипат, суретте – өнер,
Жансызда – жыр бар, 
бұ неткен шебер!
Ал менде не бар? 
«Мен» дегенің не?
Атың кім сенің, жүрек пен дене?

Жұлдыздар, сендер сөйлейсіңдер ме?
Сағынған сәтте гүлдейсіңдер ме?
Сенде тіл бар ма, қоңырау күлте?
Менде жан бар ма, білмейсіңдер ме?

Жарық жұлдыздан тамшылап тама,
Нәркес, дәстүргүл, ақжұпар, лала,
мендей бейбаққа «ғашық болған» деп,
неге күлдіңдер? 
Қап, бұларды ма?!

Қалқалап алып қарыштап барад,
Қаумалап барад алыстан қарап,
Анау жұлдыздар мәжілісінде
оқылып жатыр ғарыштан мадақ. 

Тамшыда сыр бар, аспанда – хикмет,
Мамыргүлде – жыр, тастарда – құрмет.
Ал мен ағашқа айналып барам, 
Жанарым гүлдеп, бармағым бүрлеп..

***
Адым артқанда ізім қала ма?
Көз салсам көкке көзім қала ма?
Кімнің кітабы мына ғаламшар,
Жер – парағына сөзі тараған?
«Зылихадан» қаш: 
алтын тақтан қаш,
Бұ жалғаннан қаш «ақ таң» атқанша...
Бүрмелі көйлек – қолаң шаштан қаш, 
Өзіңнен де қаш, ақ жол тапқанша!

Жарды тапқанда, құс мұңайғанда,
Жәутеңдеп жұлдыз жасын тыйған ба,
Кешірші, арман, кетіп қалыппын 
мен тым шалғайға, басым ауғанға...  

Мен тым алыстап кетіппін, қасқа!
Көкжиек, бұлттар – көрікті достар, 
Түнгі думанға шақырсаң етті,
Кешкі пердеңді түріп ап аспан...

Айдың патшасы, 
Күннің патшасы!
Күзеткен кім бар сырдың қақпасын!?
Шайқалып жатыр масайған талдар,
Жайқалып және түннің бақшасы.

Тәнім ішінен, жаным ішінен,
Сартап сағыныш хәлін сезінем...
Өзім жоғалып кімді табармын,
Жасырын жатқан әріде, терең...

Алданбай жетсем көрген суретке, 
Көңіл бағында бүрлі гүл көктеп...
Сылдырлап аққан бұлақ боп кетсем,
Тамшы жаныма күнді өбектеп...

Мен сүремін бе, Сен сүресің бе?
Күнді сағынсам түнді түресің бе?
Кімді іздеймін Айға қарасам
Құс ұясындай тал төбесінде...
 
Сыңсыған терек. 
Кімді сағынам?
Неге шырқайсың мұңды қоныр ән?
Жайқалған, масаң, жұлдыздар, әне, 
Хор айтып жатыр түннің бағынан. 

Жасарып талдың күздегі тәні,
Ұшпа бұлттардан іздеді нені?
Кім жайлы жырлап тынбайды емен,
Күбірлесумен жүздеген ерні...
Қара тал кімге айналып барад(ы),
Ала таң гүлге айналып барад(ы),
Сұлулық күлге айналып барад(ы),
Жұлдыз-бақ қана жайқалып тұрад(ы).

Жан-жағым бақша менен аумайтын,
Қараймындағы нені ойлаймын?
Тербелем лепке шапаққа шөлдеп,
Бұталарым-қол түнді қармайтын...

Ағаш боп барам бұлғақтап биік, 
тән-қабығымды күн қақтап, сүйіп,
тербетеді ылғи дің-бесігімде,
Жапырағыма құндақтап жиі...

Айдың көзі мен келбеті, өңі –
Шағылыс екен көл бетіндегі. 
Жердің өзі де – жапырақ екен,
Жайқалып тұрған жел өтіндегі... 

Талдар көктемді балаша тосқан,
Жер де – гүлдеген, қауашақ ашқан.
Адамға сыйған алып ғаламшар,
Жанарға сыйған, қарашы, аспан! 

Бұлбұл сайрашы ғаламның әнін,
Жырлашы сосын адамның мәнін,
Ағаш боп кетсін күйгелек тәнім,
Жапырақ болып жаралы жаным...  

2089 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы