• Айтарым бар...
  • 03 Қыркүйек, 2024

Сауапты іс – мектеп салу

Бұл  мақаланы халқымыздың азаттыққа жетіп, нағыз білім алуын армандаған, күллі əлемге өзін де, қазақты да мойындатып кеткен саяхаттанушы, публицист, ғалым Ш. Уәлихановтың сөзімен бастағым келіп тұр: «Халқымыздың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім керек, оны дәріптеп танытатын азаматтық керек». 
Өмірден ерте өткен ағартушы-демократ, ғалымның өз қазақ елінің болашағына бағыт, бағдар көрсеткендей терең мәнді сөздері Қазақстанның білім беру саласында пайда болған жаңа тұрпатты, жекеменшік білім ұйымдарын құрған азаматтарға да арналған сияқтанады. Шағын және орта кәсіп өкілдері, соңғы кезде ірі кәсіп өкілдері де білім саласының дамуына қомақты қаржыларын жұмсағандары үздік көрсеткіш болып табылады және жекеменшік білім саласын дәріптеп, танытып жүрген, бүгінгі таңда оларды еліміздегі маңдайалды жекеменшік білім ордасына айналдырған тұлғалар да аз емес. Солардың бірі, бірегейі жекеменшік  білім саласындағы ірі тұлғалардың бірі – Низамхан  Сулайманов.

 

Қазақстан үшін жекеменшік білім беру – жаңа құбылыс. Тәуелсіздігімізді алған тұстан бастап жекеменшік білім беруді қалыптастыру оңай болған жоқ. 30 жыл ішінде егемен Қазақстанның жекеменшік білім беру секторы уақыт сынағынан сүрінбей өтіп, қиындықтарды еңсерді, еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың болашағын ойлап, олардың жан-жақты, терең білім алып, өнегелі болып өсуін өздерінің өмірлік мұраты деп санаған азаматтар Тәуелсіздік дәуірінде білім саласының дамуына қомақты қаржы- ларын салып, ерен еңбегімен егемен Қазақстанның жекеменшік білім саласының берік іргетасын қалады.
Бүгінгі таңда жекеменшік білім беру мекемелері еліміздің Астана, Алматы және Шымкент сынды экономикасы дамыған аймақтары мен барлық облыстарында бой көтеріп, алысқа құлаш сермеп, қанатын кеңге жаюда. 
  Тәуелсіздік алған күннен бастап 32 жылдан астам уақыт  ішінде егемен Қазақстанның жекеменшік білім беру ұйымдарының қалыптасуы мен дамуының, жетістіктерінің бастауында инвесторлар, құрылтайшылар, талантты басшылар мен ұстаздар тұр.
Біздің қауымдастық жекеменшік білім ұйымдарының басын біріктіріп, қызметін үйлестіріп, білім беру қызметін көрсететін нарықтағы қатысушылар үшін бастапқы ахуал тең болуын көздеп, барлық деңгейдегі мемлекеттік емес білім ұйымдар мүддесін жиырма жылға жуық  қорғап келеді. Осы жылдар ішінде аталмыш қауымдастық мемлекеттік секторда білім беруді тиімді толықтыру арқылы мемлекеттік емес білім берудің барлық деңгейлерін біріктіретін жекеменшік білім беру саласындағы кәсіби ұйымға айналды.
Менің Низамхан ағаймен бірінші кездесуім, сұқбатым Шымкентке іс-сапармен барғанымда болды. Жасап жатқан ерен еңбектерін көріп,  салған мектептерін аралап, көріп  қайтқан едім. 
Низамхан Сулайманов Шымкент қаласы мен Түркістан облысында  14 жекеменшік мектеп және 8 балабақша салып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашып, екі мыңға жуық жұмыс орнын және  20 мыңға жуық оқушылар орнымен қамтамасыз етіп, еліміздің көркеюіне өз үлесін қосып отырған азамат.
Әр адамның алға қойған мақсаты, арманы болады. Ел ағасы Низамхан Сулайманұлы осы мақсатына тек адалдық, жігер, қайрат, қайсарлық, өз Отанына деген сүйіспеншілік қасиеттері  арқылы жеткені  айқын. Сол таныстығымыз Шымкент қаласындағы Низамхан ағайымыз бірінші іргесін қалаған «Арофат» жекеменшік мектебінің бес жылдық мерейтойын біріге отырып республика дәрежесінде тойлауға ұласты.  Мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен тәжірибе алмасуға жекеменшік мектептердің құрылтайшылары мен басшылары келіп қатысып, өткізілген шараға өте жоғары деген бағаларын қойды.
Білім ордасында 23 ұлт өкілінің балалары оқиды екен. Мектептің әкімдігі мен тәжірибелі ұстаздары оқушыларын тәрбиелеуі көпұлтты Қазақстан халқының татулық пен бірлікпен өмір сүріп жатқаны туралы танымдық ойларын дамытып, өзге ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарын құрметтеу, толеранттылық және ұлтаралық мәдениетін арттыру негізінде жолға қойғаны айдан анық көрініп тұр. Қонақтарға  арнап оқушылар өз өлеңдерін оқып, әр ұлт өкілдерінің биін  билеген кезде, алдымызда тұрған мектеп оқушылары емес, актерлік шеберлігі мықты әртістер дерсің деп таңдай қағыстық. 
 «Арофат» мектебінің мерейтойын белгілі меценат, бизнесмен, тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен көтерілген  құрылтайшы, жүзінен мейірім мен иман нұрын шашып тұрған Низамхан  Сулаймановтың өзі ашты және жүрекжарды алғы сөзі бәрімізді бей-жай қалдырмады,  толғандырды. Жетпістен асқан ел ағасы Арофат жұбайымен қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, шара біткенше басы-қасында болды. Жайылған ақ дастарқанда да бірге болып, баршамызға қол жайып, батасын берді.
Бүгінде Низамхан аға есімі тек Шымкент қаласы, Түркістан облысы өңіріне ғана  емес,  бүкіл республикаға танылып, еліміздің төрінен орын алған Азамат! Арофат апаймен алпыс жылға жуық бірге көтерген шаңырағы, жұптары жазылмай «Алтын тойға» жеткен.  Бала тәрбиелеп, немере, шөбере сүйіп отырған, ұрпақ бақытына бөленген үлкен шаңырақ.   
    Біз үшін  және мерейтойға қатысқан әріптестерім үшін осы әулетпен кездесу күнде бола бермейтін өмірдің бір сыйы сипаттас болды. Көзіміз «Тәрбие анадан, өнеге әкеден» екеніне толықтай жетті,  білім саласын дамытуға, болашақ ұрпаққа жағдай жасап, сапалы білім, саналы тәрбие беруге  қосқан ерен еңбектері, зор үлестері дау келтірмейді.Осындай  ұстанымды ұстанған әулет ғана ұлттық тәрбие діңгегі болатынына күмән келтірмеді. Осы шараны ұйымдастырып, мектебін айнадай ұстап отырған, бүгінде жетпістен  асса да   іс басында жүрген, халық сыйлаған, алғыспен көгерген ел ағасымен таныстырып, жүздестірген мектеп директоры Роза Викторовнаға  алғысым шексіз! 
Мені ерекше қуантатын жағдай, мерейтойға келген әріптестеріміздің басым көпшілігі жас құрылтайшылар, басшылар болды. Осы өмірдегі бірегей кезігетін кездесуден қанаттанып, еліміздің білім саласын, экономикасын көтеруге, жаңғыртуға өз жеке  зор үлестерін қосатын беделі биік білім ордаларына айналса екен деп тілек айтқым келеді. Өз атымнан және Қауымдастық атынан «Арофат» және осыған қосымша тағы он төрт жекеменшік мектептерінің негізін қалаушы Низамхан ағамызға, мектеп директоры Пак Роза Викторовнаға және ұжым мүшелеріне шын жүректен алғысымызды  білдіреміз. Республикалық дәрежеде тәжірибе алмасу мақсатында өткен  шара, Низамхан Сулайманұлының кездесуде берген пайдалы кеңестері мен тәжірибесі шараға қатысушы құрылтайшылар мен басшылардың алдағы жұмыстарына өз пайдасын тигізіп, еліміздің көркеюіне өз үлесін қосады деген сенімдемін және Низамхан ағайымыз іспеттес еліміздің бүкіл білім беру жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан бастамашыл, жаңашыл, алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастар буыны көбейсе екен деген ниет және осы жастар буыны Жаңа Қазақстанды құру жолында жетістіктерімізді еселеп, еліміздің адами капиталының сапасын арттырып,  тәуелсіздігімізді нығайтып, Отанымызды жаңа биіктерге шығарады  деп сенемін!
Низамхан ағайдың  бойында көшбасшылық қасиетпен қатар қарапайымдылық пен мейірімділік ерекше үйлесімділік тапқан. Көздеген шыңдарды бағындырып, діттеген мақсатыңа жете беруіне тілектеспін! 

Роза  САДЫҚОВА,
Жекеменшік білім ұйымдары республикалық
қауымдастығының төрайымы

 

4138 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы