- Айтарым бар...
- 03 Қыркүйек, 2024
Ақмола, Астана һәм Кенже...
ӨМІРБАЯН БЕТТЕРІНЕН: Кенжеғали Қақатайұлы Жұмағұлов 1958 жылы 1 наурызда Абай облысының Көкпекті ауылында туған. 1985 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіргесін бұрынғы Целиноград, қазіргі Ақмола облыстық телевидениесінде редактор, аға редактор, жауапты редактор, «Қазақстан РТРК» Ақмола облысы бойынша меншікті тілші, қалалық «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетінің бас редакторы, «Еуразия-ақпарат» оқу-тәжірибелік орталығының директоры секілді бірқатар жауапты қызметтер атқарған.
Қазір Астанада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика және саясаттану факультетінің сутденттеріне дәріс береді, «Еуразия университеті» газетінің бас редакторы.
Ұлт ұғымын терең түсінетін әрбір адам үшін журналистика мамандығының маңызы зор. Адамның алпыс екі тамыры секілді бұл да жүйелі құрылымнан тұрады, әсіресе, рухани құндылықтар беруге пейіл. Осы игіліктері молыққан сайын ұлт болмысы толығып, өзгелерден өзіндік ерекшеліктерімен айқындала түседі. Озық өнер өрге шығып жатса, айналасына ықпал ете бастайды: дәрежесі жоғарылаған сайын өзгелерді де баурап, еріксіз мойындатады. Сондай елді еріксіз мойындатқан, майталман мамандардың бірі Кенже Жұмағұлов.
Тікелей кейіпкеріміздің өмірбаянына үңілсек, Кенжекең желмаяға мініп жерұйықты іздеген Асанқайғы секілді. Тыным жоқ. Жерұйық – оның кешегі Ақмола, бүгінгі Астанасы. Биыл өзінің туған күнін атап өткен Астанаға сіңірген оның еңбегіне қарап, ұлт мүддесіне қызмет етуші тәлімгер-қаламгер ретінде танимыз. Бұл ұзақ жылдар бойы үздіксіз ізденіп, өз еңбекқорлығының арқасында жеткен жетістігі. Сондықтан осы Кенжекеңнің бірнеше ерекшелігін атап айтуға болады.
Біріншіден, басты бағытты айқындау, оның өміршең, мәңгілік мәселеге арналуы оның өзі қалаған мамандығына бет бұрған әрбір жанның алдында тұрған маңызды таңдау. Әу бастағы таңдалған бағыт айқын болса, жол азабы жеңілдеп, төккен тер өз жемісін берері хақ. Бүгінгі кейіпкеріміздің жетістіктері көп жылдар бұрын нысанаға алған жерінен шыққанын көрсетеді. Табиғатындағы туа біткен бейімділік пен таңдап алған бағыты үйлесім тапты. Білгенін үйретуге құштар жанның өмірден түйгені мен тоқығаны әуелі оқырманға өлең, мақала ретінде ұсынылса, кейін зерделене келіп, оның бәрі үлкен еңбекке айналары сөзсіз.
Екінші бір айтарымыз – ізденіс барысындағы тұрақтылығы. Орта жолда таңдаған бағытынан ауытқып, басқа жаққа көз сүзіп, әр нәрсеге әуестік танытпады. Бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған ұстазы Темірбек Қожакеев университет бітіргесін, сонау 1985 жылы Сарыарқаға аттандырса, артынша телевидениемен қанаттанды. Бұл қазақ телевизия саласын жандандырудағы бастау ғана емес, жас журналистің талпынысына, ізденгіштігіне, қызығушылығына ерекше жігер берген уақыт болды. Бұл жылдары Кенжекеңнің бірнеше сюжеттерімен қоса ойға малынып, тәрбиеге суарылған хабарлары жарық көрді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, бүгінде өзі де ұстазға айналды. Шәкірттерге ұстаздық етіп, үйретуді үзіліссіз жалғастырып келеді. Ал Кенжекең жалығу туралы ойланбайтын да секілді. Қашан, қайда болмасын жоқтағаны – телерадионың жай-күйі. Басқаша айтсақ, оқып жүрген дәрістерінің негізі осы салаға арналады. Журналистика туралы бала күнгі тұнық сезіміне күні бүгінге дейін кіршік түсірмеді. Жинақталған тәжірибе-тағылымы шәкірттер жүрегіне жол тартуда. Оңаша қалып қалам тербегенде өлең жазып қоятыны бар, бірақ тележурналистика негізгі тақырыбы болып қала бермек. Бала кездегі өлең жазуға жетелеген әу бастағы сол бір сезім алдамшы елес, елігу емес жан дүниесінің қалауы, туабітті табиғи бейімділік екен. Оның бәрі қаламгердің күні бүгінге дейінгі жазған-сызғандарынан анық байқалады.
К.Қақатайұлының адами табиғатына тән тұрақтылық бұқаралық ақпарат құралындағы ізденістерінен де көрінеді. Ұзақ жылдар бойы қалалық «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетін басқарды. Газет жарық көріп, тасқа басылғаннан кейін осымен болды деп тоқырамады. Керісінше, оны жан-жақты толықтырумен болды. Бұл бағытта тек бүгінгі күннің шеңберінде қалып қоймай, басылымды республикалық дәрежеге көтерді. Сөйтіп мерзімді басылым ісіне тамаша үлгі ете білді. Үлгілі үрдісті Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыхан, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Бауыржан Омар, Ерболат Қамен, Зейін Әліпбек, Еркін Қыдыр сияқты бас редакторлар жалғастырды.
Үшінші, қаламгердің шығармашылығындағы бір ерекшелік – мәселені бір жағынан ғана емес, жан-жағынан көре алуы. Жасаған хабарлары мен жазған мақалаларын бастан-аяқ толық қарап шыққанда осыған еріксіз көз жеткіземіз. Мысалы, Ақмоланың Астана болу төңірегінде өрбіген мәселелер бірін-бірі толықтырып тұр. Алдағы уақытта бұл еңбектерінің басын біріктіріп, бір кітапқа топтастырады деген ойдамыз.
Мерзімді басылымға баса назар аударған қаламгер әркез журналистиканың жанрларын есте тұтады: бұл турасында өзі басқарған тұстағы «Ақмола ақиқаты» газеті және «Еуразия университеті» газетінің бір емес, бірнеше санын мысалға алуға болады. Авторларды айтпағанда студенттермен қоян-қолтық шығармашылық байланыс жүргізетіні бір бөлек әңгіме. Бұл ізденіс жемісі. Нәтижесінде алдыға қойған мақсат орындалды. Жазылған еңбектің елеусіз күйде қалмай, оқырманның игілігіне айналуын басты парыз санайды. Мұнда да тәрбие беру, жанашырлық дағдысынан жаңылған жоқ.
Кенже Жұмағұловтың еңбектерінен тағы бір байқағанымыз – мәселеге дайындықпен келуі және барлығы өмір тәжірибесіне сүйене отырып жазылатындығы: қай уақыттағы мақаласын алмаңыз, журналист лабораториясындағы тәжірибенің жемісі. Әуел баста оқырманға ой тастау үшін жазылған бір-екі жолдың өзі жылдар өте келе үлкен мақалаға айналып жатады.
Кенже Қақатайұлының шығармашылығын-дағы негізгі мәселенің бірі болып табылатын тіл мәселесі туралы тағы бір-екі жайтты айта кетуге тиіспіз. «Сөз де кілт, көңіл құлпын ашады», «Сөзден асқан байлық жоқ, тілден асқан жүйрік жоқ» дейді халық даналығы. Халқымыз тілді осылай өте жоғары бағалағанда тілдің адам өмірінде атқаратын зор қызметіне сүйенген. Сондықтан адамның сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмай тіл мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Кешегі кеңес одағы ыдырағанда Ақмоланың шала қазақтарының «тілін сындырып», қазақиландырған белсенді азаматтардың бірі де бірегейі осы Кенжекең.
Жалпы, жақын жолдасың туралы жазу қияметтің қиыны. Егер оңай болса осы күні екінің бірі досы туралы бір-бір кітап жазып кетер еді. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін шаруа. Жауапкершілігінің үлкен болатын тағы бір себебі, оқырманның таза жүрегіне алғаш егілген тәрбие дәні секілді оны оқыған адамның рухани дүниесіне нәр беріп тұруы керек. Қарапайым тілмен қайырғанда, ұлттық болмысы кемел, сапалы тәрбие – елшіл әрі иманды буын өкілдерін қалыптастырудың кепілі. Сондықтан, Кенжекең туралы жазу мен үшін күн тәртібінен түспейтін тақырып деп білемін.
Кенжекең күні бүгінге дейін телерадиода Астана жайлы көптеген хабарларға қатысып, өмірде жинақтаған тәжірибесін де ортаға салып жүреді. Бұл жігіттіктен қариялыққа бет алған кезі десек те болар. Әсіресе, Ақмола өңірін жыл сайын аралап, демалысын Бурабай мен Зерендіде өткізуі – тағы бір ерекшелігі. Бос уақытты тиімді пайдалана отырып, табиғатпен бірге тыныстауға үлкен көңіл бөледі. Сол демалыс кезінде айтылған құнды ойлар мен пікірлер дер кезінде қағазға қатталды ма, жоқ па, білмеймін. Егер сол өзі ауызша айтып жүретін әсерлі кездесулер топтастырылса, ол да бір құнды еңбекке айналары сөзсіз.
Тағы бір қыры, астаналық ақын-жазушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда, кәсіби біліктілігін қалыптастыруда елеулі еңбек ете білді. Жаңа көрініп келе жатқан әнші, жыршы, термеші, журналистердің жанашыры, ақын-жазушылардың қамқоры ретінде де танылды. Ербол, Гүлмира, Қалқаман Сариндерді айтпағанда, Кенжекеңнің шапағатын көрген Сағыныш Әбікей, Абай Тіленшиев, Данияр Қайыртай сынды тілші-журналистер қарасы бір төбе. Бәрін айт та, бірін айт, Алматыдан Астанаға алғаш рет келген ақын, жазушы, ғалым, журналистердің Кенжекеңнің шаңырағынан дәм татпағаны кемде-кем...
Кенже – Кенжеғалидың ұйымдастырушылық талантына тәнтімін. Басқалар барды ұқсата алмаса, ол жоқтан бар жасап жүреді. Ойдан ой туындайды. Бұрынғы Целиноград, кейінгі Ақмола, қазіргі Астана қаласының соңғы жиырма жеті жыл тарихына көз жіберсек, сол тоқсаныншы жылдардың басында қалыптасқан ауыр кезеңде жаңадан қазақ тілінде газет ашып, осы газетті он жыл басқарған оның қаланың өсіп-өркендеуі кезеңіндегі атқарған қызметі мен қосқан еңбегінің нәтижесіне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені, Кенжекеңнің «Ақмола ақиқаты» газетіне редактор болып тағайындалуы қайта құру кезеңіне тұспа-тұс келген болатын. Кенженің бір әңгімесі әлі күнге дейін естен кетпейді.
Бір күні қалалық партия комитетінің хатшысы Марат Жақыпов өзіне шақырып алып, редактор болып келуін сұрайды. Ол кезде Кенжекең облыстық телерадиокомитетте аға редактор және республикалық телерадиокомитеттің «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасының облыстағы тілшісі болып қызмет атқарып жүрген шағы. Күнделікті эфирге шығып, елге таныла бастаған кез. Комбайнның астында жатып, механизаторлармен бірге сюжет беріп жүрген тұс. Өз жұмысы өзіне қатты ұнайтындықтан Марат Қалиұлына әртүрлі сылтау айтып, үй кезегінде тұрғанын көлденең тартады, бірақ ол кісі бірден «Жүр, қазір Аманжол Бөлекбаевқа (қала басшысы) барамыз, бұл мәселені шешіп береді» деп, Аужекеңе алып барады. Аманжол Қуанышұлы алдына алғаш келіп тұрса да, жатсынбай, бұрыннан танитын адамдай жарқын амандасып, төрге шығарады. Асықпай тыңдап алған соң:
«Кенже Жұмағұлов, біз сізді жақсы танимыз. Осы қаладағы көше атауларының қазақша нұсқасының жоқтығын, автобус, троллейбустарда қазақша хабарландырулар берілмейтіндігін, қазақша мектеп, театрдың жоқ екендігін, Абай, Жамбыл көшелерінің қаланың шетіндегі жеті-сегіз үйден тұратындығын сынап, бүкіл Қазақстанға көрсетіп жатқан сен емессің бе? Телевидениеден қай күні, қай уақытта өткенін айтып бере аламын. Осының бәрі бізді де қинайды. Осы мәселелерге жаны ашитын адамның қалалық газетке міндетті түрде басшы болып келуі керек емес пе?! Үй мәселесіне алаңдама, жақын арада шешіледі», – дейді де қолын алып, арқасынан қағып, бүкіл мәселені сол мезетте шешіп береді. Қазіргі Кенжекеңнің Абылайхан көшесінің бойындағы тұрып жатқан сол төрт бөлмелі үйі Аужекеңнің көзіндей көрінсе, Кенжекеңнің арқасында ол кісінің жақсылығын мен де көріп қалған жандардың бірі екенімді жасырмаймын.
Кенжекеңнің бойындағы керемет қасиеттер коммунистік партия тақтан кетіп, қаладағы билік кімнің колында екендігі белгісіз кезеңде ерекше байқалды. Үш жүз мыңға таяу халқы бар қаланың күнделікті тіршілігінен басқа саяси мәселелер бірінші орынға шығып, көптеген партиялар құрылып, ел өмірінде демократиялық өзгерістер белең алып тұрған кез. Тәуелсіздік пен қазақ халқының жоғын жоқтаған «Азат», «Тіл және мәдениет», «Парасат» секілді партиялар мен қоғамдық ұйымдар бір жақ, қаладағы қалың орыс арқа сүйеген казак атамандары мен «Лад» орыс қоғамы «Солтүстік облыстар (бұрынғы Целинный край) Ресейдің қол астында болу керек» деп екінші жақ болған текетірестердің басталған кезі. Сол бір ауыр тұста қала басшысы Аманжол Бөлекбаевпен бірге саяси мәселелерді шешуде белсенділік танытқан, саяси топтардың көтерген талаптарына байланысты әрқайсысымен жеке-жеке кездесіп, ұлтаралық қақтығыстардың өршіп кетуіне жол бермеуге үлес қосқан да осы Кенжекең. Оның шет жағасын өзім де көрдім, мен ол кезде Қазақ радиосының Ақмола облысындағы меншікті тілшісі едім.
Кейде бірге оқыған курстастармен бас қосып қалғанда өткен-кеткен, соның ішінде бірінші кезекте Кенже әңгіме болатыны бар. Бір күні ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Жақып өз естелігімен бөлісті.
– Мектепте бірге оқығандардың жөні бір бөлек, ал 5 жыл университетте оқығандардың жөні бір бөлек болады екен. Қазір әрқайсысының қылықтары мен мінездері кино лентасындай болып, көз алдымнан өтіп жатыр. Кейбірінің студент кездегі дақпырты мен даңқы өмір бойы санаңнан өшпей қалады. Сондай курстастарымыздың бірі – Кенже Жұмағұлов. Оның есімін 80-ші жылдары оқыған студенттердің көбі жақсы біледі.
1976 жылы қараша айында әскер қатарына шақырылады. Одан оралған соң ауылда жұмыс істейді. Сосын тәуекелге бел буып, Алматыға аттанады. Дәл сол кезде ҚазГУ қалашығының салынып жатқан кезі. Алматы «Құрылыс» трестінің «Университетқұрылыс» құрылыс монтаж басқармасына кірпіш қалаушы болып жұмысқа қабылданады. Ол кезде КазГУ қалашығында «Алатау» атты жатақхана болатын. Онда қалашықты салып жатқан құрылысшы жігіттер тұратын. Кенже де сонда тұрды. Сөйтіп жүріп өзі армандаған журналистика факультетіне 1980 жылы оқуға түсті. Қара жұмыс істеп, әбден шыңдалып келгендіктен бе, өте қарулы болатын. Дәл осы жылдары бар болғаны 27 пайыз қазақтар тұратын Алматыда ұлттық намыстың ширығып тұрған кезі. Жазда студенттер каникулға кеткенде
14-ақ пайыз қазақтар болатын. Автобустардың ішінде бірен-саран қаракөздер ғана кездесетін. Сол автобустардың ішінде де небір қазақ ұлтын кемсіткен сөздерді көп еститінбіз. Сондай сәттерде, ештеңеге қарамай, Кенже сияқты жігіттер намысқа тиген оңбағандарға тастай жұдырығын ала жүгіретін. Бойы қысқа болғанымен өзінен екі есе биік жігіттерді иектің астынан ұрып, сұлатып түсіргенін талай көрдік. Заң факультетінде оқыған, бұрын КазГУ құрылысында жұмыс істеген Қанат Ахметов, Қажымұқан Мұталханов сияқты жігіттер болды. Біз олармен Кенже арқылы танысып, тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Жастардың арасында «қуып жүріп сабау» деген термин қалыптасқан кездер болатын. Сондай «шайқастарда» казгуліктер Кенже сияқты азаматтарға арқа сүйеді...
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Ол кезде КазГУ-де кубалық студенттер оқитын. Солар бірде география факультетінде оқитын қазақ қызына тиісіп, ол жоғарғы қабаттан секіріп кетуге мәжбүр болған. Осы жайттан кейін қазақ жігіттері кубалық студенттердің сазайын беріп, екі елдің арасында кикілжің туып кете жаздаған. Тәрбие жөніндегі проректор Савицкий журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеевті шақырады. Темкең менің студенттерім онда болған жоқ десе, проректор түсірілген суреттерді көрсетеді. Сондағы Темкеңнің бір жиында айтқаны естен кетпейді: «Журфактың студенттері онда болған жоқ дедім. Сөйтсем, түсірілген суреттерді қарасам, жұдырықтарын түйіп алып, едірейген менің мұрттарым тұр. Ол – Кенже Жұмағұлов, ол – Дихан Әбдиев, ол – Бауыржан Үсенов!», – дегені бар еді. Кенжекең сөйтіп, қазақ қызының намысын қорғаймын деп халықаралық кикілжіңге араласып кете жаздаған», – деп түйді естелігін Бауыржан Жақып.
Кенже – Кенжеғали осы ғұмырында әртүрлі жағдайда туындаған өз ойларын жан-жақты дәлелдеп шықты. Қала күні жақындаған сайын өзгеге үлгі боларлық қасиеттерін де мақтанышпен айтқым келді. Кенжекең мықты кәсіби журналист болумен бірге ұрпақ өсірген, немере сүйген, ағайын-туысқа тірек бола білген мейірбан әке, өз замандастарының арасында үлкен құрметке ие. Әлі де талай биіктерге көтеріле бер, Аймашыңмен бірге қартайып, күш-қуатың еселене берсін, Данашыңның рахатын көр, Диана мен Айару аман болсын деген тағы да тілек қосқым келеді.
Мен Кенжекеңнің құзырында өткен ғасырдың соңында қызмет еткен замандастарының бірімін. Жақсылардың жанында жүре білудің өзі де жарты бақыт екенін онымен бірге болған күндердің барысында түсіндім: әсіресе, марқұм Аманжол Бөлекбаев, Қадыр Жетпісбаев, Рафаэль Жұмабаев, Нұрғожа Ораз, Жомарт Әбдіхалық секілді елге танымал ағалармен бірге отырып, әңгімелесу қандай ғанибет еді десеңізші! Өткенге көз жіберіп, оның бәрін санамалап, қайталап жатудың қажеті жоқ та шығар, маңыздысы Кенжекең кез келген ортада ағаға – іні, інілерге – аға бола біледі. Ең бастысы, жүрегі таза, өтірікке жаны қас, қашан көрсең шындық үшін шырылдап жүргені. Кейде өтпес жерге өңмеңдейтіні бар, ондайда Қадыр ақынның «Тұз болғаның неге керек жай тұзға, Көзір алты шығарады бармағын» деген өлең жолдарын еске түсіріп, өзін өзі сабырға шақырып қояды...
Кенжекең шәкірттерге тәлімгерлікті бір жақты емес жан-жақты бере біледі. Басқасын айтпағанда журналист үшін қажетті тақырыпты аша білуге, негізгі ойды шашыратпай жеткізуге, айтылатын ойға, газетке қатысты материал жинай білуге, жиналған материалды жүйелей білуге, жазылған материалды өңдей білуге, ойды анық, дұрыс, дәл, әдемі әспеттеуге үйретіп келеді. Бұл теория жүзінде емес, тәжірибе жүзінде іске асуда. Сенбесеңіз, қазіргі басқарып отырған «Еуразия университеті» газетін ашып қараңыз, оқыңыз.
Сөз соңында тағы да Бауыржан Жақыптың естелігіне кезек беріп, Ақмола, Астана һәм Кенже жайлы жазбамызды түйіндесек деймін.
«Біздің Кенже университет бітірісімен, Целиноград облыстық телерадиокомитетіне жолдама алып, тың өлкесіне батыл аттанып кетті. Бұл 1985 жыл. Вокзалдан Айман жеңгей екеуін өзім шығарып салдым. Ол кезде Қазақстан тәуелсіз ел болып, Целиноград – Астана болады деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмейді. Сөйтіп біздің курстың жігіттерінің ішінен алғаш бүгінгі Астанаға барып, орнығып алған Кенже еді. Ол сол облыстық телерадиокомитетте тілші, аға редактор, телестудия редакторы қызметтерін атқарды. 1990 жылдан бастап 1998 жылға дейін «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетінің Бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. 1990-1998 жылдары Кенжеғали Қақатайұлы Астана қалалық «Астана ақиқаты», қазіргі «Астана ақшамы» газетінің Бас редакторы қызметін атқарып, басылымның қалыптасуы мен шығармашылық деңгейінің өсуіне үлес қосты. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани өркендеуіне арналып жазылған мақалалары республикалық, қалалық басылымдарда үздіксіз жарияланып, Астана қаласының астаналық имиджінің қалыптасуына көп еңбек сіңірді».
Базарбек ТҮКІБАЙ,
журналист
2100 рет
көрсетілді0
пікір