• Айтарым бар...
  • 31 Шілде, 2024

Астана әлем назарында

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ)  – 1996 жылы «Шанхай бестігі» деген атаумен құрылған халықаралық ұйым. Жақында ғана елордамызда өткен ШЫҰ саммиті ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Биыл еліміз ШЫҰ төрағасы болып жарияланып,   ШЫҰ-ға төрағалық еткен уақытта түрлі деңгейдегі 150 іс-шара ұйымдастырылып, ұйымның жұмысына қатысты 60 жаңа құжат қабылданыпты. Осы саммиттің әрі қорытынды, әрі жоғары маңызға ие кездесулердің бірі болатынын Президентіміз де айтты.  
«Төрағалығымыздың шарықтау шегі Астанадағы саммит болады, оған біз баса көңіл бөлеміз. Біз ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп күтеміз. Орта мерзімді келешекке арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалып, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге барабар және уақтылы ден қою үшін бастамалар әзірленетін болады», –  деді  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин 3-4 шілдеде ШЫҰ саммитінде қарауға шығарылатын мәселелер мен құжаттардың тізімін жария  еткен еді. Оның ішінде ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Астана декларациясы, ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы, сондай-ақ бірқатар басқа құжатты атап өтті. Ең бастысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Антонио Гуттериш мырзаның қатысуы болмақ. 
Ауқымды шараға 16 елден президенттер, үкімет басшылары және беделді халықаралық ұйым жетекшілері қатысты. Бұл саммит осы ұйымның бұрын өткен самиттерінен ерекше. 
Биылғы Астана саммиті 2 форматта өрбіді. Ең біріншісі, мемлекет басшыларының 24-ші мәрте өтіп отырған кеңесі. Екіншісі, Шанхай + форматындағы кездесу. Бұл жиынға Біріккен Араб әмірліктері, Қатар әмірі, Түрікменстан, Түркия қатысты.
«ШЫҰ+» форматындағы басқосудың басты жаңалығы: Шанхай ынтымақтастық ұйымына Беларусь Республикасының мүшелікке енуі болды. Ұйымға қабылданғаннан кейін Беларусь президенті Александр Лукашенко бірден өз ұсыныстары мен көзқарастарын ортаға салды. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұ йымына мүше елдерді долларға тәуелді болмауға шақырды.
«ШЫҰ кешенді күн тәртібінің практикалық өзара іс-қимылын күшейту қажет. Мен жұмысты қаржыдан бастауды ұсынамын. Беларусь басымдық беретін мәселе ретінде ұлттық валюталарда екіжақты төлемдер тетігін және Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұжымдық қаржы институтын құруды қарастырып жатыр. Біз бәріміз үлкен, ұлы екенімізді айтамыз. Иә, біз шынымен де ұлымыз. Себебі, бізде әлемдегі халықтың шамамен 40%-ы тұрады, жаһандық ЖІӨ-нің үштен бір бөлігі тиесілі. Алайда бәріміз доллардың алдында дірілдейміз. Сондықтан осы долларға азырақ тәуелді болу үшін белгілі бір қадамдар жасайық, – деді  Лукашенко Астанада өтіп жатқан ШЫҰ саммитінде.
 Қазірдің өзінде ұйымға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейін өсім көрсетіп отыр. Негізі «Шанхай ондығына» әлемдік ЖІӨ-нің 30 пайызы тиесілі. Ал Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін».
Сарапшылар бұл ұйымның жұмысы біразға дейін формалды түрде жүрді деп баға беріп келген. Бірақ ширек ғасырға жуық жұмыстың нәтижесінде ұйым халықаралық қатынас жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Соңғы жылдардағы жаһандық геосаяси ахуалдың құбылуы да ұйымның маңызын арттырып, жұмысын ширата түскендей. Ұйым мүшелерінің экономикалық әлеуеті зор екендігін негізге ала отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны толыққанды пайдалану қажеттілігін айтып өтті. Саммитте ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары қабылданды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологияның игіліктерін пайдалана отырып, ұйымға мүше мемлекеттер арасында ақпарат алмасатын жаңа механизмді іске қосуды ұсынды. Президенттің бұл пікірін қостап, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «ШЫҰ+» кездесуінде жасанды зейінді зиянсыз дамыту бағытында бірнеше ұсыныс айтты.
«Екінші экзистенциалды қауіп – цифрлық технологиялар. Жасанды зейіннің баршаға тиімді тұрақты дамуды жеделдетудегі әлеуеті зор. Дегенмен, ол күштер теңсіздігін ушықтырып, байлықтың шоғырлануын арттырып, адам құқығын бұзады және шиеленіс пен алауыздықты көбейтеді», – деді  ол.
БҰҰ басшысы жасанды интеллектінің адамзат өміріндегі рөлін реттеу –  қуатты елдердің ғана шаруасы болмауы керектігін айтты. 
«Үкіметтерге шұғыл түрде технологиялық компаниялармен, академиялық ортамен және азаматтық қоғаммен жұмыс істеп, жасанды зейін тәуекелдерін басқару, оның зиянын бәсеңдету жүйесін шұғыл түрде біріздендіру қажет. Бұл тек бай елдердің ғана басым мақсаты болмауы керек. Аталған мәселе барша елдердің қатысуын талап етеді. БҰҰ осының бәрін жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын», – деді Антониу Гутерриш.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту».
Бұл жолғы саммитке ұйым мүшелігінде жоқ Әзірбайжан, Қатар, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түрікменстан, Түркия басшылары, Ауғанстан мен Моңғолия бақылаушы позициясында болса, қалған мемлекеттер саммитке диалог серіктестер ретінде келіп отыр.
Шанхай ынтымақтастық ұйымын 2001 жылы 6 мемлекет жер дауларын реттеу үшін құрған, содан кейін аясы кеңейіп, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық даму мәселелерін де қамти бастады. Әдепкі алтау қазір 10-ға жетті. Бұл жолы қатарға қосылған Беларусь ШЫҰ-ның құрамына өтіп отырған толығымен Еуропа құрлығында жатқан алғашқы ел.
Тәжікстан гидроэнергетикалық ресурстарын ШЫҰ серіктестерімен бірлесіп игеруге дайын екенін мәлімдесе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті микроспутник арқылы ғылыми зерттеу жүргізу бойынша келісімге келді. ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, аталған келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдеме жасау барысында қол жеткен. 
«Ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Сонымен қатар микроспутник арқылы жерді қашықтықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді», – деді Жансейіт Түймебаев елордада ШЫҰ мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық симпозиумда.  Сонымен қатар қос университет бірлесіп жасаған микроспутникті Шанхай ынтымақтастық ұйымы жариялаған экология жылы аясында және ҚазҰУ-дың 90 жылдығы қарсаңында ғарышқа ұшыру жоспарланып отыр. 
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін қорытындылаған  ұйым бас хатшысы Чжан Мин айтты.
«2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтті. Төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Экономикалық, инвестициялық, көліктік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық аспектілерге баса назар аударылды. Біздің ойымызша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы өте мазмұнды және қызықты болды», – деді Чжан Мин.
Сонымен қатар ол Астанадағы ШЫҰ саммиті өте жемісті өткенін де баса айтты. «Бүгінгі саммит өнімді, сындарлы және жемісті өтіп, ұйым қызметіне жаңа серпін берді және оның тарихындағы маңызды кезеңге айналды. 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты осы отырыстың сәтті өтуімен және жалпы ШЫҰ-ға жоғары деңгейде төрағалық етуімен құттықтағым келеді. Астана саммитінен кейін төрағалық эстафетасын Қытай тарапы қабылдады. Қытай ұзақ жылдар бойы ұйымның дамуына өз үлесін қосып келеді. Қытайлық әріптестерге жемісті және нәтижелі төрағалық етуді тілейміз. Біз Циндао қаласына 2024-2025 жылдарға арналған ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы мәртебесінің берілуін құптаймыз», –  деді Чжан Мин.

Фарида  Рашит,
Әл-Фараби атындағы  Қазақ  ұлттық  университетінің
студенті

 

4015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы