- Айтарым бар...
- 31 Шілде, 2024
Тауға ынтық Бердібек
Кеңес заманында ақтылы қойдың құт мекені болған Шәлкөде жайлауына малшылар жаз айында асығатын. Шығыстан батысқа қарай қатар жарысқан Ұзынқара тауы мен Қабанды, Есекартқан, Ақбұлақ және Шәкрамбалға жаздың маусым айының ортасынан бастап, күздің қазанына дейін малшы ауылдың ақтылы қойы емін еркін жайылатын. Жайлау төріне Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының – Абай, Ленин, Энгельс, Киров атындағы колхоздардың және Ұйғыр ауданының шопандары ен жазықтағы өзен бойына қатар қоныстанып, тау етегіне дейін ақ шағыл киіз үйлерін тігіп, малдарын бағатын. Шөбі шүйгін, суы бал жер жәннаты атанған Шәлкөде кімге де болсын ыстық еді. Жаздың бар қызығы осында өткізетін малшылардың той-думаны бір толастамай жататын. Осынау ежелден ел есінде қалған Шәлкөденің құдіретті дәстүрін бұдан екі ғасыр бұрын өткен Шалтабай ақынның жырлауы бүгінгі тіршілікке дәл келетіндей.
Дейді жұрт жер жәннаты Шәлкөдені,
Айғайтас көкке тіккен сәукелелі.
Қыз қуған, сайыс, палуан, көкпар тартқан,
Ат шапса сөре жасап сар төбені.
Жарысқан ұшқан құс пен жүйрік аттар,
Неше алуан көрсететін ат өнерін.
Жайнайды әтір гүлі Шәлкөденің,
Көңілді желпіп алып көтереді.
Бір жазы Шәлкөденің жылға татыр,
Жиылып қыз бен бала ән төгеді.
Ел ерте Шәлкөдені беттеп көшер,
Ескенде жаз белгісі, көктем лебі.
Жаз шыға аққу, қаздар, су құсы үйрек,
Томпаңдап тоқтыбалақ көп жүреді.
Сары уыз сапырулы қымыз ішсең,
Айығар кінаратың өкпедегі.
Шәлкөде жазда ерекше сәнделеді,
Ақ тасы орманына сән береді.
Бір көрген Шәлкөдеге құмар болып,
Айналып көремін деп сан келеді.
Келіңдер Шәлкөдеге азаматтар,
Сары қымыз, бағлан еті,
Бойыңа күш қуат дем береді.
Көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Бурыл ат» деген әңгімесі бар. Әңгіме бурыл ат арқылы өрбиді. Қаламгер: «Қыс өтіп, көктем өтіп, жаз келді. Шәлкөде жайлауындағы малшылар таңертең көздерін ұйқыдан тырнап ашқан бетте әуелі аспанға қарайды. Ауа райының қалай болатынын барлап, көкпеңбек ашық аспанды көргенде масайрап қуанысып жатты» дейді де, Шәлкөдеде бәйге болып, бурыл ат бірінші орын алғанын жазады. Жайлауда Абай колхозының малшыларын да тілге тиек етеді. Бурыл да сол колхоздың аты. «... Әлгінде Кәрім айтқан Өмірәлі – Сүлеймен мен Кәрімнің немере ағалары. Колхозда жылқы бағады. Отан соғысына қатысып, сол қолынан жаралы болып келген» деген сөйлем бар. Демек жазушының соғыстан кейінгі жылдары Шәлкөдеде болғандығы әңгімесінен байқалып тұр. Ал енді Шалтабай ақын айтпақшы, Шәлкөдені бір көрген адам, сан келеді деген өлең жолының бекер еместігін жазушы Бердібек Соқпақбаев Бурыл ат туралы жаза келіп, өзі кейінгі жылдары сонда болғанын Сарыбастау ауылындағылар жоққа шығармайды. «Бердібек Соқпақбаев Омар Шайыров деген шопанның үйінде сан мәрте болған» деген әңгіме бұдан көп жыл бұрын айтылып жүрді. Ол жылдары Омар қария тірі. Жасы 95-ке келген үлкен кісіге біз де сәлем бергенбіз. Қария жасы келсе де, «Иә, Бердібек үйде болған. Кеңес заманында біздің ауыл Ленин атындағы колхоз деп аталған. 80-90 мың қойы болды. Мен де шопан болып, қой бақтым. Жазда Шәлкөдеге шығамыз. Сонда Бердібек бірнеше рет келіп демалған. Бір жағынан Бердібекпен біз туысқан болып келеміз» десе, Райхан апамыз да жазушымен дәмдес болғандарын әңгімелеген.
– Бердібек өзіміздей болып кеткен. Араға жыл салмай келіп тұрды. Бір келгенде «Жеңеше, ендігі өмірге келетін нәрестеңізге менің атымды қойыңыз» деп әзілдеген еді. Құдай Бердібектің ауызына сөз салды ма, келесі жылы өмірге Бердібек деген ұлымды дүниеге әкелдім. Жазда жазушы әйелі, екі баласымен келгенде кішкентайымды көтеріп шықтым. «Қайным, міне өзің атымды қой деген жаманың» дегенімде мәз болып қуанған. Сәбиді қолына алып, «жеңге, бұл бұзықтық жасағанда менің атымды айтып, ашулана көрмеңіз» деп күлген. «Сендей танымал болса, жаман ба» дегенмін. Сол келгенінде өздерімен бір кішкене палаткаларын ала келіпті. Түнде соған жатып, тамақты біздің үйден ішіп жүрді. Әйелі орыс тілді болғанымен тез тіл табысып кеттік. Екі баласы үйелмелі-сүйелмелі, – деген. Омар қария ғасыр жасап, 2015 жылы өмірден өтсе, Райхан апай өткен жылы мәңгілік сапарға аттаныпты. Сол алпысыншы жылдардағы Омар қария мен Райхан апамыздың балалары жазушы ағаларымен бір дастарқан басында дәм татқандарын күні бүгінге дейін ұмытпаған. Содан бері елу жыл өтіпті. Олардың ішінде жөргектегі Бердібек ағамыздың атымен аталған Бердібектің өзі қазір елудің мол ішіндегі ел ағасы. Сарыбастау ауылында тұрады.
– Иә, менің атымды жазушының қалауымен анам қойыпты. Әке-шешеміз ұзақ жыл колхозда шопан болды. Шәлкөдеде он жеті жыл өзеннің бойын жайлапты. Жаздың маусым айының ортасында Шәлкөде жайлауында біздің ауылдың және басқа колхоздың қойшылары иін тіресіп қонатын. Судың арғы жағынан Ұйғыр ауданының малшылары да келетін. Бір жылы Қараршаға қарсы отырсақ, енді бір жылы Көкшұғырындағы жағалауын жайладық. Кей жылы ауданның малшыларына арнап салынған клубының жанында да отырдық дейтін. Менің балалық шағым сонда өткенін әке-шешем әңгімелеп, Бердібек Соқпақбаевтың жайлауға қашан келгендігін, қай жылы демалғанын ауыздарынан тастамайтын. Жазушының біздің үйде демалуына себепші колхоздың қой фермасының меңгерушісі Төлеген Жұманов болған деседі. «Аға, сіздің үйге Алматыдан бір үлкен жазушы Бердібек Соқпақбаев деген жерлес ағамыз біраз күн демалса, қарсы болмайсыз ба?» деген ғой. Содан кейін Бердібек ағамыз әйелі Бибігүл, балалары Әли, Мұхтармен келіп жүрген. Шын мәнінде біз Бердібекпен туысқан екенімізді әкеміз айтып отыратын. Әкем «Алматыдан жазушы бауырым келді» десе, апам «жазушы қайным келген жылы» деп сөз бастайтын. Мен 1968 жылдың сегізінші наурызында дүниеге келіппін. Кейін ес білгенде әке-шешем Бердібек Соқпақбаев туралы әңгіме болса, өткен жылдарын еске алатын. Жазушы ағамыз біз отырған қоныстың маңындағы қатар-қатар төбелерге шығып, Шәлкөде өзенінің солтүстік жағындағы Қарарша, Алтынкен, Кеңбұлақ жаққа және шығыстағы жайлаудың төрі болып тұрған Айғайтасқа, оңтүстіктегі Қабанды мен Есекартқан тауларына ұзақ қарайды екен. Кейде жайлауды жаяу жүріп қыдыратын көрінеді. Үйдегі есекке мініп, судың арғы бетіндегі Абай атындағы колхоздың сауыншыларына барып тұрған. Ауыл мектебінің мұғалімі Әріпбай Әшімбаев ағай екеуі де бірге келіп, аңға шыққан кездері болған. Әріпбай Бердібек ағамызбен бала кезінде бір мектепте қатар оқыпты, – деді кіші Бердібек.
– Атам мен апам теледидардан «Менің атым Қожаны» көргенді ұнататын. Фильмді тапжылмай отырып көретін, жазушыны еске алушы еді. Ол кісі жайлауға келгенде таңғы 4-5-те тұрып, иығына шапанын желбегей жамылып, екі балағын түріп, жалаңаяқ жаяу жүргенді ұнатыпты. Ертеңгі сағат тоғызға дейін серуендеп келеді екен. Бұл кезде апам самауырын қойып, таңғы асты дайындап қоятынмын дейтін. Жазушының бұлай жүруін қазір ойласам, өзінің болашақ шығармасын қалай жазуды ой елегінен өткізетін тәрізді. Жайлаудың жасыл шөбіндегі таңғы шығын, не болмаса аппақ таңның тыныштық шағын ұнатқан ба деп ойлаймын. Атам мен апам жазушы жайлы әңгіме айтылса, құлақтары елең ететін. Біз де мектепте оқып жүргенде жазушы ағамыздың кітаптарын сүйіп оқыдық. Оның кітаптарындағы балалардың көп қылығы біздің де басымыздан өтті, – дейді қарияның немересі Ұлан.
Ал Омар қарияның үлкен баласы Байбура жазушыны мектепте алтыншы сынып оқып жүргенде көріпті.
– Ол жылдары Бердібектің атағы шығып, танымал болған кезі. Жазушы ағамыз ауылға келгенде біз де кездесуге бардық. Есімде қалғаны жазушы өзінің «Он алты жасар чемпион», «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» атты кітаптары туралы әңгімелеп берді. Оқушылар қонаққа көп сұрақ қойды. Сол сұрақтың бірі: «Сіздің М.С.С» деген сөзіңізді түсіндіріп берсеңіз? – дегені. Сұраққа жазушы бір күліп алды. «Мен осы ауылда 1933-1934 жылдары оқығанмын. Заманның қиын кезі. Ауылдың біраз балаларымен бірге де оқығанмын. Бұл туралы «Балалық шаққа саяхат» деген кітабымда бар. Ал сұраққа келсек, ол қысқарған сөз. Мен сені сүйемін» дегені есімде қалыпты. 1968-1970 жылдары мен азаматтық борышымды өтеп, күзде келдім. 1971 жылы Алматыға оқуға бармақ болғанымда әке-шешем Бердібек Соқпақбаевтың мекенжайын беріп, «Өз ағаң, үйіне бар» деді. Мен ағаның үйін оңай таптым. Есікті әйелі ашты. Өзімді таныстырғанымда жеңгеміз жылы қабақпен қарсы алды. Үйлері шағын екен. «Үй осы, мынау ағаның бөлмесі» деп кішкене бөлмені көрсетті. Бөлме қарапайым, жазу үстелінен онда қалың дәптер мен сиясауыт және қаламсапты көрдім. Басқа басы артық зат жоқ. Сол жолы оқуға түсіп кеттім.
– Ол жылдары біз әке-шешемізге қолқанат болғанбыз. Жазда әке-шешемізге көмектесеміз. Жазушы ағамыз жыл құрғатпай келіп тұрды. Ол кісі әкемді «аға» деп жақсы сыйласа, кейде әзілдесетін. Апаммен де әзілі жарасатын. 1967 жылы жазда ағамыз Әріпбай екеуі келіп демалды. Әріпбай ауылда мұғалім болатын. 1968 жылдың жазында ағамыз әйелі Бибігүл және Әли мен Мұхтар деген баласымен келген. Әли бесте, Мұхтар төртте болды. Бір жылдан кейін олар тағы да отбасымен келді. Онда біз Қараршада едік. Үйдің жанында Шәлкөде өзені ағатын. Бердібек аға екі баласына өзенді бөгеп, тоспа жасады. Тоспаға балаларын шомылдырып, мәре-сәре, біз де бірге шомылатынбыз. Кейде ағамыз балаларын суға лақтырып ойнаса, әйелі оған ренжіп қалған кездері болды. Үйдегі жуас есекке балаларын кезек-кезек мінгізетін. Олар алғашында қорқып мінбеді. Кейін есекке мінуді үйреніп те алды. Кешке қарай өрістен келген отардың алдына ағамыз екі баласымен алдынан шығатын. Бердібек ағамыз бір жарым айдай демалғанда біздің көршілеріміз жиі қонаққа шақырды. Біздің үй бие байлайтын. Апамның қымызын құмарлана ішіп, кешке қарай күбі де пісетін. Өзеннің қарсы бетіндегі тауға шығып, саңырауқұлақ терсе, өзеннен балық та аулайтын. Олар өздерімен әкелген кішкене палаткада жатты. 1970 жылы өзі жалғыз келді. Біздің үйдің төменгі жағында мектептің тоғызыншы сыныбының қыздары екі отар қой сауған. Сауған сүттерін Шәлкөде өзенінің арғы бетіндегі Кеңбұлаққа өткізетін. Сол маңда Абай атындағы колхоздың сауыншылары отыратын. Бердібек аға осы келгенінде біздің ауылдың қыздарымен түннің бір уағына дейін ақ сүйек те ойнағаны бар. Ақ сүйекті ағаштан жонып, аппақ етіп жасаған едік. Бұдан кейін 1971 жылы да жалғыз келді, – дейді Омар қарияның шопандық ақ таяғын ұстаған баласы Еркінбек.
Жазушының Шәлкөде жайлауында болғандығын Сарыбастау ауылының тоғызыншы сыныбының оқушы қыздары да растайды.
– Мектептің тоғызыншы сыныбын бітіретіндер бір ай практикада жұмыс істейтін. Қыздар колхоздың қойын саууға Шәлкөдеге баратын. Біз 1970 жылы тоғызды бітірерде қой саууға бардық. Арнайы үй тігіп берді. Қой сауып жүргенімізде жазушы Бердібек Соқпақбаев жайлауда екен. Біздің қой сауғанымызды ағамыз қызық көрді ме, бір күні шелектегі сүтімізді сұрап алып, «Мен сендердің ауыздарыңнан дәмі кетпейтін қойыртпақ сүт пісіріп беремін» дегені. Бәріміз таңғалдық. Өзеннің кішігірім малтақ тасын жинап алып, от жақты. Одан кейін тастарды отқа тастап, тағы да от жақты. Қатты қызған тастарды біздің сауған сүтке тастады. Сүт бұрқылдап қайнады. Бұған біз қызыға қарадық. Мәзбіз. Сүтті бәрімізге құйып берді. Қыздардың бәрі таласа-тармаса ішті. «Міне, сүт пісті» деп бәрімізге құйып берді. Сол сүттің дәмі күні бүгінге дейін ауызымнан кеткен емес, – деді тоғызыншы сынып қызының бірі Күлгін Мұқаева. Күлгіннің сөзін сыныптасы Күлдархан да растайды.
– Мектепті үш тоғызыншы сынып бітірерде қыздар бір ай практикалық жұмыс істейтін. Қыздар Шәлкөдеге колхоздың қойын саууға баратын. Біз үш тоғызыншының «Б» мен «В» сыныбының қыздары Әшімақын деген қойшының қойын маусым айының ортасынан шілденің ортасына дейін саудық. Әйелінің аты Қарагөз болатын. Қойдан қозысын бөліп, көгендейтін. Қозыны менің әкем бақты. Шешем қыздарға тамақ пісірген. Мен он бес күндей қой саудым. Бұдан кейін ауылдағы жұмысқа қатыстым. «А» сыныбының қыздары екінші шопанның қойын сауды. Сонда жазушыны көргенбіз. Бұл 1970 жыл болатын.
Бердібек Соқпақбаевтың шопан Омар Шайыровтың үйінде болғандығын ауылдасы Бекей Жетенұлы да жоққа шығармайды.
Әкеміз колхоздың алдыңғы қатарлы шопаны болды. Барлық малшылар Шәлкөдеге баратын. Біздің үй Айғайтасқа жақын Ұрының сайында отырды. Ал Омар қария клубтың қасындағы «Көкшұғыр» және «Қарарша» деген жерде жайлайтын. Бәріміз бір ауылдікі болғандықтан, кімнің үйіне кім келетінін білетінбіз. Алматыдан жазушы Бердібек Соқпақбаев бала-шағасымен келіпті. Әйелінің өңі сары екен, татар деп айтатын. Бірақ оның өтірік-шыны екенін білмедік. Қарияның бір баласының атын жазушының атына қойыпты дегенді сол жылдары естігенбіз. Ол үйдегі жеңгеміздің қолы ашық, дастарқаны берекелі, үйлерінен кісі үзілмейтін. Бердібектің Омар қарияның үйінде демалғаны шындық, – дейді.
Жазушы сарыбастаулық шопан Омар Шайыровтың Шәлкөдедегі үйінде осылай демалған екен. Қаламгер бұдан кейін жайлауға бармаған көрінеді. Ол туралы дерек те кездеспеді.
Жексен Алпартегі,
журналист
7603 рет
көрсетілді0
пікір