- Айтарым бар...
- 31 Шілде, 2024
Құлашы кең қаламгер

Мен Байботаның өзін көрмей тұрып, атын естідім. Ол жөнінде алдымен айтқан – абитуриенттік замандағы досым Әуез Бейсебаев. Екеуміз ұлттық университет жатақханасында бірер ай бірге тұрдық. Еңбекқор жігіт қаламын тістей отырып, «Ойбота... Ойбота» дей берді. Сөйтсем Байбота деген бір досы туралы эссе жазып отыр екен. Кейін онысы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланды.
Сөйтіп студент кезінен-ақ шығарма кейіпкері ретінде танылған Байбота Серікбайұлы көп уақыт өтпестен-ақ белгілі ақынға айналды. Ол 1954 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылында өмірге келіпті. Сол ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы тәмамдапты. Өндірістен қол үзбестен, 1986 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық баспа қызметкерлері білімін жетілдіру институтының курсынан өтті.
1978-1988 жылдар аралығында «Жалын» баспасында әуелі редактор, содан соң аға редактор болып қызмет атқарды. Бұдан кейін атқарған қызметтері – «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының, «Ана тілі», «Қазақ Елі» газеттерінің редакцияларында бөлім редакторы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 2001 жылғы шілденің 11-інен 2006 жылғы қаңтардың 16-сына дейін (арасында аздаған үзіліс бар) «Жазушы» баспасында жетекші редактор, зейнеткерлікке шыққанға дейін «Балдырған» журналы бас редакторының орынбасары.
Байбота Серікбайұлының алғашқы кітабы «Тұңғыш кiтап» деген атпен студент жылдары-ақ жарық көрген екен. Одан кейін «Гүлдерайым» (Алматы, «Жалын», 1979), «Жұлдызым жоғары» (Алматы, «Жалын», 1981), «Қуыршағым бар менiң» (Алматы, «Жалын», 1984), «Тiршiлiк ұясы» (Алматы, «Жалын», 1987), «Таңертеңгi тәттi түс» (Алматы, «Жалын», 1989), «Жариям айдай» (Алматы, «Жалын», 1992), «Жүректiң көзi ашылса…» (Алматы, «Жазушы», 1993), «Сымбат салған суреттер» (Алматы, «Қаржы-қаражат», 1996), «Сам жамыраған шақ» (Астана, «Фолиант», 2001), «Тiл ұшындағы тарих» (Алматы, «Жазушы», 2003), «Таңғажайып түс» (Алматы, «Жазушы», 2003), «Мүшел» (Жыл қайыру) (Алматы, «Жас Улан и К» ЖШС Баспа үйі, 2004), «Он екі қонақ»
(Жыл – он екі ай) (Алматы, «Жас Улан и К» ЖШС Баспа үйі, 2004), «Тәңірі таразысы» (Алматы, «Жазушы», 2005), «Мамандықтың бәрі жақсы» (Алматы, «8&8», 2006), «Таниды екен, кәне, кім өз мінезін, әдетін» (Алматы, «8&8», 2006), «Жол әліппесі» (Алматы, «8&8», 2006), Светлана Трофимовамен бірігіп жазған «Сауат ашу, оқу және жазу», №1 бөлімі. (Алматы, «8&8», 2007), «Сауат ашу, оқу және жазу», №2 бөлімі. (Алматы, «8&8», 2007), Екі томдық шығармалар жинағы. (Астана, «Фолиант», 2008), «Әдемі әліппе» (Алматы, «Асыл кітап» Баспа үйі, 2009), «Алғашқы мүшел» (Астана, «Педагогика Пресс», 2010), «Жұмақ нұры» (Алматы, «Раритет», 2011), «Әліппе» (Алматы, «Асыл кітап», 2017), «Достық жоралғы» (Алматы, «Керемет Медиа», 2018), «Мен жазбаймын өлеңді...» (Алматы, «Асыл кітап», 2019) атты кітаптары жарық көрген.
Б.С. Қошым-Ноғай шығарған осынау қыруар кітаптарын былай қойғанда, аудармаларының өзі бір бөлек әлем деуге болады. 2016 жылы
Ростов-на-Дону қаласындағы «Проф-Пресс» баспасынан «Бүлдіршіндерге арналған ең жақсы 7 ертегі» сериясымен «Бауырсақ» атты аударма ертегілері жарық көрді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1988 жылы «Тіршілік ұясы» атты өлеңдер жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (2019) және Әл-Фараби атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері (2019).
Осы күнгi қазақ балалар поэзиясының өкiлдерi өлеңдегi мазмұнға сай формалық iзденiстерге батыл бара бермейдi деген пікірлер кезігеді. Бірақ бұл бір жағынан даулы. Өйткені осы тұрғыдан алғанда Байботаның оңды қадамдарға барғанын мойындауымыз керек. Оның «Жалауша», «Ер жүрек таксист ағалар», «Ағаш ат», «Факел», «Домбырашы боламын» сияқты өлеңдерiнің формаларында жаңашылдық сипаттар бар.
Тұрсынжан Шапайдың: «Байботаға бес буынды ұйқас дегенiң – үйреншiктi ғана нәрсе. Ал үш буын, төрт буынды қамтитын ұйқастарға келгенде, ол үшiн проблема жоқ сияқты, өзiн дариядағы балықша сезiнедi. Төрт тармағы бiрдей ұйқасқа құрылған шалыс ұйқасты өлеңнiң өзiн бес буыннан қайырып бiр-ақ қиыстыратын Байботаның тәжiрибесiне қарап отырып, кәдуiлгi қара өлең ұйқасынан сүрiнiп жататын ақындарға кейде қайран қаласың. Ұйқас ұнасымының ақын жауапкершiлiгiне тiкелей байланысты екенiне осы тұста бiр ден қоясыз» деген тұжырымды сөзі дәлелсіз емес. Еріксіз ден қойып, бас шұлғитыныңыз да сондықтан» деген сөзі орынды.
Бүгінгі таңда сұранысқа ие қазақ ертегішілерінің бірі де – Байбота Қошым-Ноғай. «Таңғажайып түс», «Жасыл бояу қайдан табылды?», «Құйрық не үшiн керек?» ертегiлері көркемдіктің әртүрлі сипаттарымен жас оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлейтіні байқалады. «Таңғажайып түс» ертегісінің персонаждары – кәдімгі тыныс белгiлерi. Олар нашар оқитын оқушыны жабылып сөккен кезде оқып отырған өзің ыңғайсызданып қаласың.
Байбота Қошым-Ноғай бір кітабының атын «Алғашқы мүшел» деп атапты. Бұл жинаққа балаларға арналған өлеңдер, тақпақтар, санамақтар, мазақтамалар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер топтастырылған.
Шығыс халықтарындағы жыл қайыру есебімен бір мүшел он екі жыл болып есептеледі. Қазақ бір мүшел жасты артқа салған жасөспірімді «Он үште – отау иесі» деп, ересек тұтқан. Ал бұл томдағы өлеңдер, тақпақтар, санамақтар, мазақтамалар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер алғашқы мүшелге толмаған балдырғандарға, сонымен қатар балабақша тәрбиешілеріне, ұстаздар қауымы мен ата-аналарға арналған екен.
Бүлдіршіндер психологиясын тамыршыдай тап басатын қаламгердің танымдық мағынадағы жазбаларының өзі жеңіл шымшымаға бай өлең-тақпақтары, жаңашыл ертегі, дастандары тартымды тілімен, қызықты оқиғасымен оқырмандарын баурап алады.
Тәуелсіздік жылдарындағы балалар поэзиясында өзіндік орынға ие кітаптардың бірі
Б.Қошым-Ноғайдың – «Достық жоралғы» атты жинағы. Бұл еңбекке енген туындылардың басым бөлігі көркемдік деңгейінің жоғары болуымен бағаланады.
Ақын шығармашылығы туралы шағын пікірімізді филология ғылымдарының докторы, академик Құлбек Ергөбектің: «Сәби салған суреттер («Сымбат салған суреттер») табиғат бояуына қарай құбылып, заттың формасы өлең формасына айналады. Сурет салып отырған сәби қиналысын сәттi елестететiн ақын үйдi үй формасында, шыршаны шырша формасында, трактор iзiн қос қатар жол ретiнде өрнектейдi. Бұл – сәби салған суреттердi табиғиландыратын, әрi оқушысын қызықтыратын формалық iзденiс» деген пікірімен бір тұздықтап алғымыз келеді.
Тарихымыздағы ұлы тұлғаларды жас оқырманның түсінігіне лайықтай отырып дәріптеу – көптеген қазақ балалар ақындарының тақырыбына тән құбылыс. Бұл үрдіс Байбота Қошым-Ноғайдың (Серікбайұлының) шығармашылығында да қисынды жалғасын табады. Оның «Ыбырай ата», «Абай ата», «Жамбыл ата», «Құрманғазы ата», «Махамбет ата» дейтін жырлары аталған есім иелерінің қазақ тарихында, оның мәдениеті мен әдебиетінде алатын орнын ерекшелеп көрсетуге бағытталған. Ақын оларды ұзақ-сонар таныстырумен әуреге түсіп жатпайды, нақты сөздер мен негізгі қасиеттерін, болмысындағы ерекшелігін дәл ұстап алады да, балаларға қарапайым тілмен жеткізуді мақсат етеді.
Ақын – танымдық тұрғыдағы өлеңдерге де көбірек ықылас қойған қаламгерлердің бірі. Оның тек қана «Молдова» (туристік саяхат) топтамасындағы өлеңдерінде тек Молдоваға қатысты ерекше тұлғаларды және осы бір шағын елдегі өнер қырандарын таныстыруға ықылас таныта білуі соның бір дәлелі. Атап айтар болсақ, «Кишенев», «Днестр», «Мария Билешу», «Жот» би ансамблі», «Стелутса» журналының оқырмандары» сияқты шығармалары тек осы халықтың ғана ерекшелігін білдіретін тақырыптарды қозғаған. Жас оқырмандарды, әлі таным-түсінігі қалыптаспай жатқан бүлдіршіндерді өлең жолдарымен таныстыру да жағрафия сабағын оқытумен жалғасын тауып жатқандай болады.
Осы арада белгілі қазақ қаламгері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсынжан Шапайдың тағы да мына бір пікірін еске сала кеткіміз келеді:
«Байботаның сымбатты, сұлу ұйқастары кейде ауыр естiлетiнiне, жасанды болып көрiнетiнiне қарамастан – игiлiктi iзденiс. Ақынның творчестволық тегеурiнiне сай қызу эмоцияға, романтикалық серпiнге, лирикалық пафосқа жақсы үйлесiп, өлеңге өзiндiк өрiс ашқан». Пікір авторы ақынның көркемдік әлемін дәл аша біліпті.
Бүгінгі таңда жасы жетпіске толып отырған ақын әлі де өз оқырмандарына көркемдік тынысы кең шағын шығармалар ұсынуға қауқарлы. Жас оқырмандарын қуанта түсу үшін ұсынып қоятын жаңа өлеңдері де осал емес.
Соңғы жылдардағы оның айтулы еңбектерінің бірі – балаларға арналған шығармалардың он томнан тұратын антологиясы. Түсіне білген адамға бұл қыруар еңбек. Ақын – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы Балалар әдебиеті кеңесінің белді мүшесі. Байбота Қошым-Ноғайдың қазақ әдебиетіндегі алатын орнын оқырмандар қаперіне тағы бір еске сала отырып, арқалы ақынымызды жаңа жасымен қызу құттықтаймыз.
Нұрдәулет Ақыш,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері

8867 рет
көрсетілді0
пікір