• Айтарым бар...
  • 31 Шілде, 2024

Сәрсенғали Әбдіманапов,  профессор, академик:  «БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАП, ЖОҒЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕЙТІН УАҚЫТ»

Сәрсенғали Әбдіманапов Жамбыл облысының тумасы. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған, математик. Педагогика ғылымының докторы, профессор, академик. Еңбек жолын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастаған. Осы оқу орнында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректор, білім және даму проблемалары ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі болды. Екі мыңыншы жылдан бастап сегіз жыл бойы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етті. Алдымен оқу ордасының  бірінші проректоры, онан кейін ректоры қызметін абыройлы атқарды.  Сәрсенғали Әбдіғалиұлының тікелей қатысуымен ЕҰУ базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалы ашылып, ойдағыдай жұмыс істеп келеді. 
Сәрсенғали Әбдіманаповтың «Таңдаулы ректор» деген атағы бар. Ол «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген білім қызметкері».

 

   «Ғылым жолы – қиын жол»

        Мамандығы математик болғанымен, Сәрсенғали Әбдіғалиұлы жан-жақты білімді. Әңгіменің майын тамызып айтады. Тіл білімі, әдебиет, мәдениет, руханият жайлы әңгіме қозғала қалса,  шешіліп, көсіліп сөйлеуге бар. Бұл туралы газет-журнал беттерінде де өзекті ойларымен көрініп жүрген білікті ғалым. Соның бәріне қалай уақыт табады десеңізші?!. Жазушылар мен журналистерге жақын. Бұқаралық ақпарат құралдарын қалт жібермей қадағалап отырады. Жақсы бір дүние көрсе марқайып қалатынына талай мәрте куә болғанымыз бар.
    – Ғылым жолы – қиын жол. Осы жолда жүрген ғалымдардың жанкешті еңбегін жарқыратып көрсетіп жүрген журналистерге дән ризамын. Өйткені, еліміздің өсіп-өркендеуі ғалымдардың табысты жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан көбіне-көп елене бермейтін олардың еңбегін паш еткен дұрыс деп есептеймін. Сонымен бірге Қазақстан ғылымына өлшеусіз еңбек сіңіріп, бақилық болған ғалымдарымызды да ұмытпай, олардың ел үшін,  ұрпақ үшін қажет еңбектерін талдап, сараптап отырсаңыздар пайдасы көп болар еді,  – дейді Сәрсенғали Әбдіманапов.
      – Ғылым жолы қиын екенін мен Мәскеуде Нұртас Оңдасыновқа жолығып, әңгімелескен кезде анық көзім жеткен еді. Ол кісіге кездейсоқ кездестім. Қазақстаннан екенімді, ғылым қуып жүргенімді айтқанымда ерекше қуанып қалды. «Мен де зейнеткерлікке шыққаннан кейін қазақ тілінің байлығын зерттеп жүрген адаммын, жүр үйге, қадірлі қонағым боласың, жұмыстарымды көресің» деп қоярда-қоймай шаңырағына алып барды. Шағын ғана екі бөлмелі пәтер екен. Таза. Жинақы. Қарапайым тіршілік кешіп жатқаны байқалып тұрды. Ғылымға енді ден қойып, білімімді жетілдірсем деп жүрген уақытым ғой. Осындай мақсатпен Мәскеуге барған болатынмын. Ол кісінің әңгімесін тыңдағаннан кейін ғылымға деген құштарлығым тіпті арта түсті. Не деген терең білім десеңізші?.. Нұртас Дәндібайұлы  ел басқарған адам. Ешкімнің ала жібін аттамай, алаламай, ақ-адал басқарған адам. Шындықтан қашпаған. Қазақ үшін тер төккен, керек десеңіз, қайыспай күрескен тұлға. Оның осы қасиеті жоғары жаққа жақпаса керек, алпысқа жетпей қызметтен шеттетіледі. Зейнет жасына жеткенде Мәскеуге қоныс аударып, ғылым жолына біржола ден қояды. Шығармашылықпен айналысып, алты кітап жазған. Оның үш томы «Қазақ-араб» және «Қазақ-парсы» сөздіктері. Сондай-ақ  «Араб текті қазақ есімдері» мен  «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдерін» де терең зерттеп, көз майын тауысып кітап жазған адам. Өзі зейнеткер болса да бүгінгі ұрпақ үшін керек екенін біліп, күндіз-түні тынымсыз зерттеумен айналысқан. Ғылым жолы қиын екеніне көзім жетті деп отырғаным сол. Ол кісінің еңбектері қашан да  маңызды. Құнын жоймайды. Осындай атақты адамдарымызды ұмытпай, олардың еңбектерін жарыққа шығарып, құрметпен еске алу – біздің парызымыз, – дейді Сәрсенғали Әбдіғалиұлы.
        –  Нұртас Оңдасынов басшылық қызметте жүргенде Қазақстанда терминологиялық комитетті құруға тікелей түрткі болған екен ғой...
    – Өйткені, ол кісі осындай комитет құру қажет екенін жақсы білді. Оған себеп болған тағы бір жағдай бар. Оны журналистер де жақсы білетін шығар. Қазіргі «Егемен Қазақстан», ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде  «Ұлы Сталин» деген сөз «улы Сталин» болып жазылып кетеді ғой. Ол уақытта  қазіргі «ұ» әрпінің беліндегі сызықша «у» әрпінің төбесіне қойылатын. Сол түсіп қалып «Улы Сталин» болып шыға келген ғой.  Бұл жағдай үлкен дау-дамай болғаны анық. Осы оқиғадан кейін тез арада Оңдасыновтың ұсынысымен  Терминологиялық комитет құрылады.  «У» әрпінің төбесіне қойылатын сызықша тоқтатылып, «ү» әрпінің беліне қойылады. Күні бүгінге дейін солай жазылып келеді. Бұл – Нұртас Оңдасыновтың еңбегі. Ол кісі аудармаға  өте жүйрік, шебер болған адам. Мәселен,  «Власть» пен  «Правительство»  аудармасы бірдей – «Өкімет» болып аударылатыны қатты ойландырса керек. Осы сөздердің дәл мағынасын беретін аудармасын тапқан.   «Власть»   – «Өкімет»,  ал «Правительство»  – «Үкімет». Осылай аударған. «Наука»  – «Ғылым», «Учение»  – «Ілім», «Знание»  – «Білім» деп аударған да Оңдасынов. Тек бұл ғана емес, қаншама сөздердің дәлме-дәл аудармасын жасап, ана тілімізді байытқан да, емле-ережелерін жасауға атсалысқан да Оңдасынов... Оның еңбектерінің бүгінгі күні де құны жоғары. «Рухани жаңғыру» арқылы жоқ-жітігімізді түгендейміз деп құлшыныс жасап жатырмыз ғой, осы ретте Оңдасынов жазбаларының жөні бөлек.
    Сәрсенғали Әбдіғалиұлы өзі туралы айтқаннан гөрі, қазақ ғылымы мен іліміне өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар жайлы әңгіме қозғағанды жөн көреді. Менмендік жоқ. Көкірек ұру жоқ. Есесіне басқа ғалымдардың жақсы еңбектері жайлы айтқанды дұрыс санайды. Ғылымға жан-тәнімен берілген жастарды  айна-қатесіз тани біледі. Оларға жөн-жоба көрсетуге тырысады. Студенттермен де, олардың ата-аналарымен де, университет қызметкерлерімен де емен-жарқын сөйлеседі. 

«Рухани байлықтан асқан ештеңе жоқ»

       –  Рухани байлық туралы жақсы айттыңыз. Осы тақырыпты ары қарай сабақтасақ. Жастардың ортасында жүрсіз, олардың рухани байлыққа деген ұмтылысы күшті ме, жоқ әлде материалдық байлықты бірінші орынға қоя ма? 
         –  Мен өзіңе қарсы сұрақ қояйын: «Рухани байлықтың қайнар көзі қайда?».  Мен айтар едім, кітапханада. Жастар қандай мамандықты қаласа да, олар рухани бай болуы керек. Таңдаған мамандығының аясында шектеліп қалмауы тиіс. Сонда ғана жан-жақты хабары бар білікті маман болып шығады. Осыны жастарға айтудан әсте жалыққан емеспін. Ал адамды рухани жағынан бай болуға жол ашатын негізгі тірек, жаңа айтып кеттім, ол – кітапхана. Елордалықтар жақсы біледі деп ойлаймын, Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып тұрған кезімде «Отырар» кітапханасын студенттердің көп келетін орнына айналдыруды өзімнің алдыма мақсат етіп қойдым. Цифрландыру, ақпараттандыру – бәрі жақсы ғой, заманның талабы, одан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ кітаптан сусындағандай болмайды. 
     «Рас-ау. Кезінде Алматының жоғары оқу орындарының студенттері, мейлі техникалық болсын, мейлі гуманитарлық болсын, барлығы да күндіз-түні Пушкин кітапханасынан шықпайтын еді ғой. Барлық керегіңді кітапханадан табасың. «Ұлы Даланың руханиятын білгеніміз жөн» деп құлшынып жатырмыз. Оның бәрі біздің бай кітапханаларымызда тұрған жоқ па? Мысыр елінде  қандай аласапыран күндер өтсе де Александрия кітапханасын не үшін көздің қарашығындай қызғыштап қорғап қалды? Себебі онда баға жетпес байлық бар. Тарихтан белгілі, Ұлы Дала арқылы «Ұлы Жібек жолы» өткен. Бұл – Шығыс пен Батысты тығыз байланыстырған өркениеттің алтын көпірі. Осы байланыс арқылы қазақ даласына сауда-саттық қана емес, рухани байлық та келді. Оның бәрін аумалы-төкпелі заманда бір орталыққа жинақтау мүмкін болмаса да, қазір жоғымызды түгендеп, барымызды бағалай білуге жағдай туып тұрған жоқ па?» деп ойладым. Осы ойымды оқып қойғандай, Сәрсенғали Әбдіғалиұлы әңгімені ары қарай сабақтай түсті.
       –  Әрине, кітапхана жылдар жылжыған сайын толығады. Көне қолжазбалар, сирек кітаптар әкелінеді. Мұның бәрі тынбай тер төгуді қажет ететін қыруар жұмыс. Еуразия ұлттық университетінде ректор болып тұрған кезімде,  Иманғали Тасмағамбетов Премьер-Министр, шақырып алып  атақты Александрия кітапханасына барып қайтуды тапсырды. Осы жолсапарға әзірлік барысында Мысыр елінің ұлттық кітапханалары мен архивтерінде  түрік, шағатай тілдерінде жазылған, біздің елімізге тікелей қатысы бар 5154 қолжазба бар екенін білдік.  Соның ішінде әл-Фарабидің 18 қолжазбасы мен Сұлтан Бейбарыс туралы бір қолжазба Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақтаулы екен. Не керек, сапарымыз сәтті болып, сол жолы «Отырар» кітапханасына біраз құнды дүниелер әкелінді. Одан бері де бірнеше жыл өтті. Кітапхана қоры толыға түскені айдан анық. Соның игілігін жастар көруі керек. Сусындауы керек. Бай рухани мұрамыздың бар екенін білуі керек.
   «Ғалымдар Александрия кітапханасынан кейіңгі ең үлкені «(Отырар» кітапханасы болғанын талайдан бері айтып келеді. Қазақ даласындағы осы кітапхананы сақтай алмағанымыз өкінішті. Жаугершілік заманда тас-талқаны шыққаны белгілі. Бертін келе құнды қолжазбалар мен сирек кітаптар қолды болып, тіпті басқа мемлекеттерге жүк машиналарына тиеп, алып кеткендер де болған. Атақты «Отырар» кітапханасының орнын толтыру үшін Еуразия ұлттық университетінің аясында ауқымды орталықтың ашылып, жылдан-жылға кеңейіп, қоры толығып жатқаны қуанышты, әрине. «Енді соның игілігін көруіміз керек» деген Сәрсенғали Әбдіғалиұлының ойы 
дұрыс-ау. 
    Еуразия ұлттық университетінде Лев Гумилевтің мұражай-кабинетінің ашылуы да  осы бағытта жүргізілген мақсатты жұмыстың нәтижесі. Оның да басы-қасында Сәрсенғали Әбдіғалиұлының жүргені есімізде. Мұражайдың ашылуына көп көмек жасаған жанның бірі – атақты ғалымның асыл жары Наталья Викторовна Гумилева. Ол ғалымның Мәскеудегі жұмыс кабинетін Еуразия ұлттық университетіне мұра етіп қалдырды. Лев Гумилевтің жұмыс үстелі мен баспа машинкасын, креслосы мен кітаптар сөресін, аса құнды кітаптары мен фотосуреттерін, құмыралары мен сиясауытын, жұмыс кабинетінде пайдаланған басқа да заттарын шашауын шығармай Еуразия ұлттық университетіне жеткізген адамның бірі – сол кездегі ректор Сәрсенғали Әбдіманапов. 2005 жылы 7 қазан күні Лев Гумилевтің немере жиені, профессор Маргарита Иоанновна Новгородованың қатысуымен Л.Н. Гумилевтің мұражай-кабинетінің жаңа экспозициясының тұсаукесері өткен болатын.

    «Қазағыма ортақ әліпбидің болатыны қуантады»

      Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшуге байланысты кемшіліктерді түзетуге пәрмен берді. Дұрыс-ақ. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Асығыстық абырой бермейді. Ғалымдар мен мамандар тағы бір сараптап, салмақтай жатар. Ерте ме, кеш пе, латынға көшетініміз анық. 
       –  Мен көп мемлекетте болдым. Өзіміздің бауырлармен сөйлесіп, ой-пікір алмастым. Сондағы көбінің айтқаны – Қазақстаннан келіп жатқан ана тіліміздегі газет-журналдар мен кітаптарды, хат-хабарды оқи алмайды. Кезінде солақай саясаттың салдарынан жер-жаһанға тарыдай шашыраған қандастарымызбен байланыстыратын ортақ әліпби болғанын қалайды. Бұл мәселенің шешімі – латын әліпбиі.  
       Мен – математикпін. Математикада барлық формулалар мен терминдер латынша. Физика, химия пәндері бойынша да осылай. Медицина саласында да осы жағдай. Дәрі-дәрмек атауларының бәрі латынша. Сондықтан  латын әліпбиіне көшу аса қажет әрі маңызды екеніне еш күмәнім жоқ. Басқасын айтпағанның өзінде, жұрт жақсы біледі, ағаштың тамырсыз  көктеп, жайқалып өсуі екіталай. Бұл жерде әңгіменің түп-төркіні – ана тіліміздің келешегі жайлы. Оны сақтап, дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа
жалғастыру үшін тілімізді реформалау қажет. Ол – латын әліпбиі, – дейді академик Әбдіманапов.
      Сәрсенғали Әбдіғалиұлы осыны айтты да арқа тұсындағы қаз-қатар қаттаулы кітаптардың арасынан қалың дәптерді алып шықты. Ойларын түртіп жүретін дәптері болса керек.
       – Құр сөз болмасын, нақты цифрмен сөйлейін. Мен бұл цифрларды баспасөз беттерінде жария еткен де болармын. Сонда да болса тағы қайталасам артықтық етпес, – деді.
– Әлем халықтарының 80 пайызы латын графикасын игерген. Әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен тарайды. Қазір жер шарында латын әліпбиін пайдаланатын халық екі миллиардқа жуық. Ал  кириллица жазуын  әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланса, қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің 22-сі латын әліпбиін пайдаланады, ең мықты экономикасы бар 10 мемлекеттің – 7-еуі, әлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і латын әліпбиін тұтынады. Дүниежүзінде бизнес жүргізуге ең қолайлы 30 мемлекеттің 25-і де – латын әліпбиін қолданушы елдер. Жалғастырайын ба, жоқ әлде осы деректердің өзі жеткілікті ме?
Мен «жеткілікті» дегендей ыңғай білдірдім.
        Жасыратыны жоқ, жастардың басым бөлігі латын әліпбиіне көшуді қош көреді. Оның себебі – әлемдегі инновациялық жаңашылдықтар бірінші кезекте латын графикасында жарияланатын болып шықты. 
        –  Латын графикасының жер-жаһанға кең таралғанының арқасында жастарымыз ғаламтор арқылы ақпарат айдынына еніп, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке қол жеткізіп отыр... Сондықтан олар латын жазуына көшуге өте құлықты. Латын әліпбиіне байланысты студенттермен бір емес, бірнеше мәрте жүздестім. Ойларын ашық айтып отыр. Олар латын әліпбиіне көшуге толық дайын.  Бұл қоғамдағы үлкен факторлардың бірі, – дейді Сәрсенғали Әбдіғалиұлы.
                            
 

Ғалым ОМАРХАН
 

 

2581 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы