- Шежіре
- 31 Шілде, 2024
ҮШ ДҮЛДҮЛ
Дәуіржан Төлебаев,
«Ақиқат» журналының Бас редакторы
Біржан Сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай...Әрқайсысы бір-бір мектеп, бір-бір Тұлға! Үшеуі де – Арқа дәстүрінің аса ірі, көрнекті өкілдері. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалған үш өнерпаз да соңына ән дейтін мәңгі өшпес рухани мұра қалдырды. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайсыз Арқа дәстүріндегі қазақтың ән өнерін елестетудің өзі қиынға соғатыны түсінікті. Өйткені, олардың төлтума шығармашылық өнері өзінің дара, айрықша қолтаңбасымен, кескін-келбетімен ерекшеленеді. Олар қазақтың сал-серілік дәуірінің нағыз бел ортасында ғұмыр кешіп, Алты алашқа мәшһүр болған тұлғалар! Бұл мақаламызда әрқайсысының өмірі мен өнер жолына тоқталып, шығармашылық бітім-болмысын бүгінгі уақыт тұрғысынан зерделеп көрмекке қадам жасадық.
Біржан сал
Қазақ әншілік өнерінің тарихында есімі ең көп аталатын, әндері де үлкен сахналардан жиі орындалатын Біржан салдың өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғағанда, Сарыарқаның ең көрікті жерлерінің бірі – сұлу Көкше өңірі көз алдымызға елестейді. Сұлу Көкше жері талай өнерпаздың кіндік қаны тамған аяулы мекен. Әрбір өнерпаздың бойында ата-баба қанымен, тегімен берілетін өнері, дарыны болатыны белгілі, бірақ та туған жер, өскен орта, тамылжыған табиғат та өнерпазға шалқар шабыт сыйлап, дүниетанымы мен талғамына, пайым-парасатына тікелей әсер етері анық.
Біржан да сұлу Көкше табиғатынан нәр алып, қанатын қомдап, үлкен өнерге қадам басқан.
Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында Біржанға былай деп баға береді: «Біржан – қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы. Оның өмірін, шығармашылығын терең зерттеп, үлкен, терең, жан-жақты еңбек жарыққа шығару біздің бүгінгі таңдағы ардақты да абыройлы борышымыздың бірі. Өмірін демократиялық өнер жолына сарп еткен, өктемдікпен, жүгенсіздікпен, кертартпалықпен әні, өлеңі арқылы күресін соңғы демі біткенге дейін жүргізіп келген өнер қайраткерлері, азамат Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады». Ахаң айтқандай, «өмірін демократиялық өнер жолына сарп еткен» Біржан өмірдің күнгейі мен көлеңкесін, жақсылығы мен жамандығын да бірдей татып көрген адам. Туған халқы өнерін бағалап, қаншалықты биікке көтерсе, дұшпандары аяқтан шалып, әз атын қорлап, қиянат жасағанын да өкінішпен тілге тиек етеміз.
Біржанның өнері бала кезінен-ақ белгілі бола бастаған. Алғашқыда ел арасында «әнші бала» атанып жүрсе, кейін келе «әнші жігіт» деген аты шыға бастады.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын
Адамға зияны жоқ жүрген жанмын.
Адамға анау-мынау бас имеймін,
Өзім сал, өзім сылқым кімге зармын.
Жасым бар жиырмада, жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.
Елімнің еркелеткен серісімін,
Сен түгіл патшаға да бас ұрмаймын, – деп ән салған Біржанның болмысынан батылдық пен батырлық қасиеттерді аңғаруға болады. Ештеңеден ықпаған, именбеген, тайсалмаған Біржанның шығармашылығы да осы тұрғыдан бағалауға әбден лайық. Өлеңдеріндегі өр мінез, бірбеткейлік Біржанның өз заманында осал тұлға болмағанынан хабар береді. Біржан ең алдымен ел ішіндегі әділетсіздікпен күресіп өтті. Ақты ақ деп, қараны қара деп бағалады. Ол замандағы өнерпаздардың барлығы да тек өнерімен ғана емес, қайраткерлік, кесек мінезімен де ел жұртының көңілінен шыға білді. Өле-өлгенше халқына жақтасып өткен, ел-жұртының мұң-мұқтажын әнге қосқан өнерпаздардың тарихта аты қалды.
Өнері арқылы халқына қызмет етудің жөні қашан да бөлек. Бірде бағаланасың, бірде қаралауға ұшырайсың. Біржанның тағдыры мен өмір жолына зер салсақ, осындай оқиғалардың бел ортасында жүргенін көреміз. Жарық дүние өзінің қайшылығымен бірге жүреді ғой. Ол кейде адамды ұшпаққа шығарса, кейде төмен қарай құлдилатып тастайды. Біржан сал тіршілігінде өнеріне деген ерекше сүйіспеншілікті, ықылас-қошеметті де көрді, басына қамшы ойнатқан қара пиғыл керауыздарды да көрді. Өнері мен өмірі бір арнада тоғысып, біртұтас ұғымға айналып кеткен тұлғаның:
Әнімді естігенде бұлбұл дерсің.
Ән салсам дауысымды көкке шырқап,
Бұл үйдің сындырардай терезесін, – деп Шорманның Мұсасына осылай жырлауы жайдан жай емес. Көптеген өнер зерттеушілері Біржанның дауысы аса зор дауыстың бірі болғанын айтады. Болса болғандай. Өйткені, Біржан әндерінің табиғатына дауыстың еркіндігі, шалықтап, шалқуы өте қажет. Ән де, әнші де өзінің ішкі қуатымен, дарын-күшімен танылатынын ескерсек, Біржанның әндері өз дауысының жаратылысына сай шыққаны анық. Оны жетер жеріне жеткізе орындау кез келген әншінің ырқына көне бермейтіні бар. Бұған да өресі биік талғам, ауқымы кең дарын керек-ақ.
Бүгінгі Арқа әндері, олардың көркемдік, эстетикалық дәрежесі, мәдени мазмұны Біржан салдың есімімен тығыз байланысты. Біржан сал әнші-композитор ретінде арқа әндеріне жаңаша леп, жаңаша тыныс әкеліп қана қоймай, өз шығармашылығы арқылы арқа әндерінің табиғатын байытып, көкжиегін кеңейтті. Біржанның сырлы да сазды әндері қазақтың төл дүниетанымына, ұғымы мен көзқарасына өте жақын. Біржан әндері арқылы біз қазақтың кең байтақ даласын, дарқан көңілін, бай мінезін, асқақ рухын, қаһармандық дидарын көз алдымызға келтіреміз. Түп-тамырыңды қозғайтын екпін, мол қуат Біржан әндерінің сарынында менмұндалап тұр. Бүгінгі көзқараспен бағамдайтын болсақ, Біржан әндерінің құрылымы эпикалық тұрғыдан өріліп, бастау бұлағы қазақтың өзіндік жаратылысымен бек үйлеседі. Ол, сондай-ақ суырыпсалмалық дәстүрдің көрнекті өкілі ретінде танылғаны мәлім. Біржан туралы Сабит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов, Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдулин, Есмағамбет Ысмайылов және т.б. қаламгерлер, өнертанушы ғалымдар сөз қозғаған.
Сол замандағы көптеген өнер қайраткерлері тәрізді Біржанның да өмірбаяны өз мезгілінде жазылып алынбаған. Тұлға өміріне қатысты деректер көбіне-көп замандастарының, көзкөргендердің естелік әңгімелері арқылы жеткен.
Зерттеу еңбектерінде Біржан 1834 жылы бұрынғы Көкшетау дуаны, Ақсары болысының ішінде Бурабайға жалғас қалың тоғаймен қоршалған айдын шалқар Жөкей көлінің жағасында дүниеге келгені айтылады. Көкшенің сексен көлінің бірі – Жөкейге жақын төңіректен суы күмістей сылдырап мөлдір бұлақтар ағады. Соның бірін осы күнге дейін ел Қожағұл бұлағы деп атап келген екен.
Біржанның ата-тегін тарқататын болсақ, зерттеушілер Біржанның руы – Керей, Керей ішінде Ақсары екенін айтады. Ақсарыдан Нұралы, Нұралыдан Батыр, Батырдан Кенже, Кенжеден Бертіс, Бертістен Қожағұл, Қожағұлдан Тұрлыбай, Тұрлыбайдан Нұржан, Біржан. Біржанның өз кіндігінен тараған ұрпақтары – Теміртас, Қалыкен, Асыл, Ақық, Теміртастан Мұхаметқали мен Жамал.
Біржанның ұлы атасы – Қожағұл. Біржан әкесі Тұрлыбайдан гөрі елдің билігіне, шешендік сөзіне үнемі араласқан ұлы атасының тәрбиесін көбірек көрген екен. Бұл қазақ даласындағы атадан балаға берілетін тәлім-тәрбиенің бір текті жолындай. Қожағұл да өз өңіріне елеулі тұлға болған. 1870 жылдары Көкшетау дуанының жері мен елін аралауға И.Я.Славцов есімді агроном сапар шегіп келеді. И.Я.Славцов Батыс Сібір өлкесінің жер-су мекемесінің қызметкері. Сол азамат 1824 жылы Көкшетау дуаны ашылатын жиында Ақсары болысының беделді биі Қожағұл Дербіс баласын атайды. Оның ауылы Қожағұл бұлағының бойында дейді. Бұлақ пен Жөкейдің арасы он шақырымнан аспайды. «Мың жарым жылқы біткен» Қожағұлдың қысқы күнгі мекені көл мен бұлақ төңірегі болса, жазғы жайлауы одан алыс кең жазықтағы Мамай көлі, Майлысар алқабы екен. Славцовтың алға тартқан дерегінде Қожағұлдың фамилиясын Дербіс деп атаған, ал қариялар Бертіс дейді. Бертіс дегенді сол кездегі тілмаштар «Дербіс» деп бұрып жаза салуы мүмкін екенін зерттеушілер жоққа шығармайды.
Біржанның:
Ақсары, Тоқсары мен екі Сары,
Үш жүздің баласына болдым дәрі,
Құдайберді Көшектің баласы едім,
Қызып кетсем сөйлеймін одан да әрі, – деген өлеңі ата-бабасын қайдан, қалай тарайтынын есіне түсіруден туған. Қожағұл, Біржанның өзі айтқандай, дәулетті, ел жұмысына араласқан білікті шешен, белді адам болған. Қожағұлдың үйіне сол замандағы қазақтың белгілі шонжарлары, шешен билері, аға сұлтан ұлықтары, ақын-әншілері үнемі ағылып келіп-кетіп жатқан. Жақсылар мен жайсаңдар жиналған алқа-қотан отырыс, көңілді басқосулар ән-жырсыз болған ба. Біржан сияқты жас дарындар осындай алқа топта ән салып, ақсақалдардың ақ батасын алып, өнерлері үстем болғаны сөзсіз. Дарынды қашан да орта тәрбиелейтінін айттық. Орта көрген, үлгілі мектеп көрген адам ешуақытта жүрісінен жаңылмай, игі-жақсыларға еліктей жүріп, өз соқпағын бедерлейді. Әйтпесе, өнегесіз ешқандай талант бүр жармайды. Бұл тұрғыдан алғанда Біржан қазақ даласына даңқы жайылған Шал ақынды, Шөжені, Орынбайды, Нұркейді, Тоғжан ақындарды бала кезінен ұстаз тұтып, өзіне үлгі санаған. Өзі де бесігінде бұлқынып, жанын өнер дейтін құдірет түрткілеп маза бермеген Біржанның шабыт алған арнасы халық ақындарының шығармашылығы мен өлең-жырлары, тамылжыған әндері болғаны сөзсіз.
Біржанның тұлғасына қатысты мынадай да аңыз-әңгіме көптен бері айтылып жүр. Ол Біржанның он алты жасар кезінде түсіне бір белгісіз қария кіріп: «Өлең аласың ба, көнек аласың ба?» деп сұраған екен дейді. Оған Біржан: «Атам Қожағұлдың бір жарым мың жылқысы жетеді, маған өлең керек» депті. Ояна келсе өн бойын өлең, ән кернеп тұр екен. Қалың тоғай ішіне барып, өлең, әнді шырқап айтып кетіпті дейді. Мұны біз ғайыптан келген тылсым дүние деп баға берсек те, үлкен жүректі өнер иесінің қанат қағуына осындай ғажайып оқиғалар да серпін беріп, күш дарытып жататынына қайран қаласың.
Талайды таңдай қақтырып, таң-тамаша еткен дауылпаз әнші, есімі қазақ өнерінің көгінде күні бүгінге дейін жарқырап тұрған Біржан салдың ғұмыры 64 жасында түгесілді. Үш жылдай ұзақ ауырып, жаны күйзеліске түсіп 1897 жылы қайтыс болды. Біржанның сүйегі өзінің атасы Қожағұлдың зиратына (қазіргі Степняк қаласының Жармау бөлімшесі тұрған жер) қойылған. Кейін ағайындарының араласуымен сол кезде (1940 жылдары) Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы Әшімбек Бектасовтың басқаруымен Біржанның зираты қоршалып, басына құлпытас орнатылыпты.
Сырқаттанып жатып шығарған өлеңдерінде, әндерінде баянсыз тіршілікті суреттеп, жастық шағын еске алып, замандастарына қоштасу сөздерін арнап, өткен өмірі туралы сыр шертіп, артында жетім қалып бара жатқан балаларының тағдырын ойлап, толғанысқа түседі. Сол мезгіл-мезеттерде өзімен бірге тұтас бір әншілік мектепті әкетіп бара жатқанын Біржан сал ойлады ма екен. Әрине, Біржан өз қадіріне өзі жете білген тұлға болғаны мәлім. Өмірінің соңғы кезеңдерінде өкінішті сәттері көбейіп, басындағы қайғылы халі көбейіп кеткені болмаса, Біржан тіршілігінде өнерімен жарқырай көрініп, қалың қауымның ортасында салдық дәуренді кешіп, атақты жәрмеңкелерде ән салып, Көкшетау, Ақмоладан бөлек Омбы, Қарқаралы, Семей, Атбасар, Торғай, Орынбор, т.б. қалаларда болып, өнер көрсетуі оның даңқы мен абыройын асырып, мәртебесін көтергені аян.
Осы мақаламызға арқау етіп отырған үш қадірлі тұлға Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай да өнер өлкесінде айдындағы кемедей еркін жүзген тарландар болса, үшеуінің де өмірлері өкінішіке толы болғанын ғұмырбаяндарынан байқауымызға болады. Сірә, нағыз дарын, тума таланттардың пешенесіне жазылған тағдырлары солай өріле ме екен, кім білсін, бұл да бір өмірдің құпия-қалтарыстағы жұмбаққа толы сәттері. Заманның, жарық дүниенің сахнасына көтерілген жандардың өмірі қуаныш-шаттықпен қатар өкініш-мұңға, қайғы-қасіретке тап болатыны да кеудеңді алай-түлей етеді. Ғибратты өнерімен, қайталанбас дауыстарымен халқына мәңгі өлмес, өшпес рухани-мәдени асыл мұра қалдырып кеткен қайраткерлердің есімі қай уақытта да, қай кезеңде де ілтипатпен атала беретіні сөзсіз.
Ер жігіт дүниені көрген артық,
Дүниеде не бар-жоғын сезген артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, тәуекел деп төзген артық.
Қол берген қиын жерде жолдас артық,
Бас тартқан жолдасынан оңбас артық.
Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген
Досыңнан қатын-балаң болмас артық.
Жігітке сайран етіп жүрген артық,
Жігіттік бір кеткен соң келмес қайтып.
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,
Жан-тәнің бірдей жанып күйген артық.
Осылай бозбалаға салдым нұсқа,
Өмірің зайып болар бекер босқа.
Көргенің бір күнгідей болмас сірә.
Міне ажал, келді нәубат деген тұста.
Бұл – Біржан салдың «Жастарға» деген өлеңі. Мына өлеңнің өн бойында Біржан өз өмірін суреттеп бергендей көңілге түйген парасатты ойларын толғапты. Біржанның басынан өткен хал, түрлі жағдаяттар, аласапыран оқиғалар оның заманына сырлас жан ретінде көп дүниені көкейіне түйген абзал азамат, тұғырлы тұлға болғанын білдіреді.
Ақан сері
Қазақ өнері мен мәдениетінің тарихында есімдері алтын әріппен жазылған дарабоз әншілер, дәулескер күйшілер, сал-серілер, бекзат болмысты, дархан көңілді, даңқы алты алашқа кең тарап, қалың жұртшылықты таңғалдырып, тамсантқан тума таланттар, біртуар дарындар аз болмаған.
Солардың қатарында біз ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен, ғасырдан ғасырға жалғасатын ән мұрасын қалдырған Ақан серінің тұлғасын атаймыз.
Ақан сері заманынан қаншалықты алыстасақ та, Ақанның болмысы, өнері, әндері, тағдыры күні бүгінге дейін өнертанушыларды, музыка ілімін зерттеушілерді, мәдениеттанушыларды, жалпы Ақан сері тұлғасына бейжай қарамайтын адамдар тобын қызықтырумен келеді. Иә, осы уақытқа шейін Ақан сері жайында аз жазылған жоқ. Тарихи-ғылыми зерттеулер, шүкір, баршылық. Дегенмен, Ақан өмірі мен шығармашылығын әр буын ұрпаққа насихаттап, таныстырып отырудың өз мәні бар. Себебі қазақ ән өнерінің биік шыңында тұрған Ақан есімін ауызға алмай, жалпы, қазақтың дәстүрлі ән өнері дейтін ұғым жөнінде ой тарқатудың өзі қиындық туғызады. Ақанның ән мұрасы бүгінгі қазақ мәдениетімен, әдебиетімен, тарихымен біте қайнасқан десек, артық емес, әрине. Бір сөзбен айтқанда, Ақан сері – өз заманының жүйрігі, өнердегі озық адамы.
Ақанның өмірі мен тағдырына зер сала отырып, оның ән мұрасын зерттеп-зерделей отырып, бірде шаттанасың, енді бірде мұңаясың. Кейбір сәттерде көңіліңді мұң басады, көзіңе жас келеді. Адам көңіл-күйіне түрлі әсер сыйлайтын Ақан өмірінің, Ақан тағдырының құпиясы мен жұмбағы неде деген ойға да берілесің. Ақан қалың қазақтың ортасынан дараланып, оқшау шыққан тұғырлы тұлға. Бірақ, Ақан өз заманының бағасын толық ала алды ма? Замандастары оны, оның өнерін бағалай алды ма? Ақан неге сүйініп, неден күйінді? Ақан өмірінде кездескен қиындықтар мен сәтсіздіктер оның жанын қалай жаралады?
Өнертану ғылымының кандидаты Қ.Жүзбасовтың «Ақан сері» кітабында «Ақан сері Қорамсаұлы 1843 жыы Қоскөл мекенінде (қазіргі Көкшетау облысы Володар ауданында) дүниеге келгені, оның шын аты Ақжігіт екені, бірақ әке-шешесі бала күнінен Ақан деп атап кеткені айтылған.
Әкесі Қорамса Ақанды кішкентай күнінен ауыл молдасына оқуға берген екен. Қабілетті де, қағілез бала араб оқуын тез меңгеріп алады. Бірақ, молданың бір сарынды, тартымсыз сабақтары оның талабын қанағаттандырмайды. Зерек әрі алғыр Ақанның ынта-ықыласы қазақ және шығыс халықтарының поэзиясына ауады. Сөйтіп, күндердің күнінде ол молдамен керісіп қалады да, оқуды мүлде тастап кетеді. Әкесі оның бұл әрекетін құптамайды. Әкесімен де сөзге келген Ақан үйінен Қызылжарға (қазіргі Петропавл қаласы) кетіп қалады да, осындағы медресеге түседі. Медресенің иесі Уәли атты кісі болатын. Ақан осы медреседе үш жылға жуық оқиды. Болашақ әнші-композитор 16 жасында туған ауылына қайтып оралады.
Бұл деректерге қарағанда Ақан сері жастайынан өнерге жақын болғаны байқалады. Өйткені, өмірінің осы кезеңдерінен бастап өнерге шындап бет бұра бастайды. Ақындық, әншілік өнерімен көзге түсіп, жүрген жерін думанға бөлейді. Жора-жолдастарымен ауыл-ауылды аралап, тамылжыған әнімен, өзінің маңдайалды туындыларымен танылады. Белгілі жыршы Доскей ақын Ақан сері туралы естелігінде: «Ақан сері тек өз әндерін ғана тамаша орындап қойған жоқ. Ол сол кезде қазақ даласына кеңінен тараған халық әндерін де жеріне жеткізе орындайтын талантты да керемет әнші-орындаушы болған еді. Ол әнді нәзік сезіммен әрі жігерлі орындайтын. Ол ән салғанда былайғы жұрт демдерін іштей алып, ұйып тыңдайтын, ара-тұра қошемет көрсетіп, шабыт шақыратын үн тастап отыратын» деген екен.
Ақан өмірін зерттеуші Саят Ыбырайдың айтуынша, Ақан серіні көрген, кезінде құнды дүниелерді жазып қалдырған ел ақсақалдары болған екен. Солардың бірі – Хамит Тілеубаев. Хамит ақсақалдың естеліктерінде: «Қорамса да ерте піскен, үйлене сала әкесінен енші алған, өз алдына ауыл болған, Боқан өзегі деген жерге (кәзіргі Комаровка деген поселкенің орны) қоныстанған кісі. Қорамса епті жігіт болып, жастайынан саудаға араласқан, тез байыған. Кеңащы мен екі арада Көлденең-Қаратал деген жерде қыркүйек айында Ақан туыпты. Сол жер әлі «Ақан туған» деп аталады» дейді.
Ақанның әншілік дарыны ерте оянғаны анық. Құдай берген дарынды Ақан ел-халқына, өнерсүйер қауымға бағыштады. Жалпы, Ақандай әнші-композитор болу шын таланттардың ғана қолынан келетін дүние. Ақанның шығармашылығын, өнерін зер сала бағамдай отырып, оның жүрегі тез жараланғыш тұнық сезімнің адамы болғанынан аңғаруға болады. Әсемдік пен көркемдікті, сұлулықты жаны сүйген, санасы қалаған адамның «сері» атанып жүргені де жайдан жай емес. Ақанның тұтас өміріне қарап, оның шын мәнінде «сері» болғанына қол қоясыз. Ол кезде «сері» ұғымы қазіргі заманауи түсініктен бөлектеу, басқашалау болғаны сөзіз. Себебі қазіргі заманның түсінігі бойынша «сері» деп қыдырымпаздыққа жақындау жүретін, айналасын тек той-думанмен өткізетін адамдар тобын айтып кеттік. Ал бұрынғы заманда «сері» деген ілуде біреуге ғана берілетін мәртебе еді ғой. Ол адамның міндетті түрде бойында өнері болуы керек, жүріс-тұрысымен, болмысымен өзгелерден ерекшеленіп тұруы керек, өз заманы мен қоғамының көшбасшысы әрі рухани тұлғасына айналуы керек. Ақанда осы қасиеттердің бәрі де болғаны шүбәсіз. Өйткені, қайталанбас өнер иесі. Ән падишасы. Пайым-парасаты терең. Заман туралы, өз тағдыры туралы терең ойланған адам. Қайсарлығы, күрескерлігі бар. Жастайынан ел назарына түскен.
Басылған талай жаннан біздің қарқын,
Шығарар оқығандар сөздің дәрпін.
Санамен салмақтайтын ер табылса,
Айтылмай неге қалсын менің атым, – деп өзі айтқандай, Ақанның аты айтылмай қалған кезі болған емес. Жоғарыда жазғанымыздай, қазақтың ән өнерінің, саф алтындай таза өнерінің көрнекті өкілдерін ойға алғанда, Ақанның есімін айналып кете алмайтынымыз анық.
Ақанның өмірінде бір басына жетерлік қиыншылықтары да болған. Он жыл отасқан сүйікті жары Бәтиманың дүние салуы. Артында үш перзентімен жалғыз қалуы Ақанның жанын күйзеліске түсіргені рас. Бірақ, Ақанның мықтылығы тағдырдың мұндай сәттерінде қиындыққа берілмей, өмірдің ағысына қарсы жүзе білуінде. Бірақ, әншінің нәзік көңілі сын сағаттарда сыр бермесе де, жалпы шығармашылығында, кейінгі шығаратын әндерінде өз ізін қалдырмай кетпегені анық.
Жалпы, Ақанның өз өмірі де, шығармашылық ғұмыры да алмастың қос жүзіндей, таразының екі басындай қатар қарап, зер салатын оқиғалар тізбегінен құралады. Нағыз серіге тән іс-қимыл, ел-жұртпен араласуы, сұлулыққа іңкәрлігі, ғашықтық дерті, дарқан көңілі, ойға шомып, тұңғиыққа батуы, даңқы шартарапқа кеткен Құлагердей ат баптауы, құмай тазы, алғыр бүркіт ұстауы, – тағысын тағылар Ақан өмірінің сан қырлылығынан хабар береді.
Мағжан Жұмабаев былай деп жазады: «Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында – домбыра, аузында – ән... Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әнші. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Қалың қарауылдың қара көздері «Ақанның
әні-ай!» деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың қарауыл Ақанға сері деп лақап береді».
Серілікпен дәурен кешу бір басқа да, соңынан ел айта жүрер, жадына сақтап, көңіліне түйер өнегелі қырларымен көріну де бір басқа. Соған қарағанда Ақанның өнбойында өнегелі қырлары көп болғаны байқалады. Жігіттік кезең, сұлуларға ессіз ғашық болу қай серінің басынан өтпеді дейсіз. Бұл тұрғыдан келгенде Ақанның өмірбаянында Ұрқия, Ақтоты есімді арулардың аттары аталады. Ғашықтарының бәріне арнап ән шығарады. Ол әндер халық арасына кең тарап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленеді. Біле білген жанға, бұл да бір ғанибет дүние емес пе. Қазақ даласында туған классикалық әндердің көбі қыздарға, аруларға ғашықтықтан туған әндер екенін мойындамасқа шарамыз жоқ. Себебі сал-серілердің шығармашылық өмірінде ғашықтық тақырыбы ерекше орын алғаны белгілі.
Бәтиманың өлімінен кейін Ақан Тінәлі қажының қызы Ұрқия сұлуға сөз салады. Алып қашқанымен, екеуі ұзақ отаса алмай, Ұрқия үш айдан кейін шешек шығып дүниеден өтеді. Көңілі сүйіп қалаған Ақтотымен де тағдыры бір бола алмайды. Ақанның Ақтотыға қол жеткізе алмауы да бір кем дүние тәрізді өкінішке ұласады.
Ер-тоқымнан кетпейді аттың қағы,
Талаптанбай ашылмас ердің бағы.
Тәуекелге беліңді бек байласаң,
Ер жігіттің арымас арғымағы, – деп өзі жырлағандай, Ақан көп жерде тәуекелге белін бек байлаған адам болған. Өз өнерімен аты шыққан даңқты тұлғаның өмірін тұтас қалпында бағамдағанымызда осындай ой түйетініміз анық. Тәуекелшілдік, еркіндік, көңілі сүйген нәрсесіне құлай берілу – Ақан мінезінің бір қыры екені шүбәсіз. Ақан өмірін бағамдауда оның өз уақытынан биік тұрған, құпиясы мен жұмбағы мол тұлға болғанын да парықтай білуіміз керек. Өйткені, сол замандағы өнер қайраткерлері расында да қазақтың бағына туған, өз өнерімен, дара талантымен ұлы көшке дем берген, салалы арнасына айналған адамдар еді. Ақанның бір Құлагерінің өзі де бүгінде қазақ өнерінің, мәдениетінің тарихынан орын алғаны жайдан-жай бола салған құбылыс емес қой. Құлагердің де даңқы Ақанның даңқымен шендес, мағыналас болып кеткені де дәл сол замандағы қазақ болмысын байытуға қажет болған дүние сияқты сезіледі. Құлагер трагедиясы арқылы біз әлі күнге дейін шын қайғырып, бұл өмірде ақ пен қараның қатар жүретінін пайымдаймыз. Құлагер трагедиясы о баста жалғыз Ақанның трагедиясы іспетті болса да, уақыт өте келе ол мұң, ол тебіреніс біздің де ой-санамызға еніп, жүрегімізден орын алды. Құлагерді сағынбайтын, Құлагерді аңсамайтын қазақ бар ма бұл өмірде. Құлагердің жүйріктігі, шабысы қандай болды деген аса зор қызығушылық біздің де жүрегімізде сайрап жатыр. Міне, өнердің құдіреті де осында. Ақан мен Құлагер біртұтас ұғымға айналғаны өз алдына, Құлагердің де Ақандай адамға сәйгүлік болуы да ғажап емес пе.
Жел соқса, қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушым, айда деймін,
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін.
Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.
Атығай – Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ сандал керім.
Құлагер құлынынан керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Ат қоса Ерейменге барғанымда,
Бір сыншы көзі шыққыр көріп еді, – деп зар илеп қалған Ақанның жан жүрегі сол сәтте қандай қасіретке толы болғанын осы өлеңнің өзі-ақ айна-қатесіз бейнелеп тұрғандай.
Тағы да Мағжанға оралайық: «Сол уақыттан былай Ақанның жанында үлкен өзгеріс болады. Бұқардан оқып қайтып, Көкшетауда дәріс айтып тұрған, белгілі Науан хазіретке анда-санда барып сабақ алды. Дінге, сопылыққа беріледі. Хақ асығы дуанадай малдан, елден безіп, дінменен жан тазалауға кіріседі. Бұрын судай сұлу махаббатты жырлайтын Ақан сопылықпен жан тазарту жайын жырлай бастайды. Ақаннан мынадай кенет ірі өзгеріс көрген соң, ел күңкіл қыла бастайды. Күңкілдің түбі «Ақанға пері иеленіпті» деген сөзге айналады. Шынында Ақанның құлқынын, істерінің жай адамның құлық-істеріне үйлеспеуі мұндай сөздерді еріксіз шығаратындай. ...Жаз болса көлдің жағасына барып, қыс болса, үюлі шөптің ішіне барып, кейде Алланы аузынан тастамай, басын сәждеден көтермейтін болады. Ал енді кейде Алланы ұмытқандай болып, дінін, намаз, оразасын – бәрін қойып кетеді. Күні-түні күңіреніп өлең жазады, ән шығарады. Далада болсын, ауылдың жанында болсын, өзінің зарлы сарынымен ән шырқайды. Ақанның осы мінездерінің, осы істерінің бәрі жат, бәрі жұмбақ, бәрі ұғымсыз, ел не деуге де білмей қалады» дейді Мағжан.
Мағжан айтып отырған Ақанның басындағы ауыр хал оның дінге бет бұруына әкелді. Елден жырақ кетуі де тағдырдың ауыртпалығынан арылу жолындағы табанды, мағыналы күрес тәрізді қабылданады. Қалай десек те, Ақанның өмір жолы өнермен өріле отырып, өнері арқылы мына өмірдің күнгейі мен көлеңкесін көріп, жақсылыққа мейірленіп, жамандықтан жиреніп, тіршілік белесінде өз соқпағы мен қолтаңбасын қалыптастыра білді. Ақан өнерінің қайталанбас биіктігін біз төл мәдениетіміздің озық үлгілерімен байланыстыруымыз, сабақтастыруымыз заңдылық. Ақан серіні әнші-композитор ретінде ғана бағалап қою шынайы дарынның рухани-мәдени-философиялық көкжиегін шектеумен пара-пар дүние сияқты сезіледі. Ақан ең алдымен замана перзенті, өз дәуірінің жарқын да кесек тұлғасы. Тек өзіне ғана жарасымды болмысы, тек өзіне ғана тән мұң-зары, қайғысы бар. Ақанның заманы сал-серіліктің дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқан заман еді.
Солай бола тұрса да Ақан жаратушы берген талантты өз дәрежесінде ардақтап, кие тұтып, өмірінің соңына дейін өнеріне деген адалдығынан бір сәтке танбаған нағыз қайраткер, ұлы дарын иесі ретінде тарихта қалды.
Үкілі Ыбырай
Қазақтың кең-байтақ даласын ғажайып әнге бөлеген, дәстүрлі ән өнерінің жарық жұлдызы, аса көрнекті өкілі, әнші-композитор Үкілі Ыбырай арғы-бергі замандардағы өнерпаздардың ішінде шоқтығы биік тұлға.
Үкілі Ыбырай әндері басқа әнші-композиторлардың әндерінен өрнегі жағынан, табиғаты мен мінез-сипаты жағынан өзгешелеу, буырқанып жатқан теңіздің асау толқындарындай ішкі қуаты мол. «Айта алмай, Гәккуімді ешбір адам» деп өзі жырлағандай, Үкілі Ыбырайдың әндері орындаушыдан биік шеберлікті, дауысының кеңдігін талап етеді. Ыбырайдың әндерін тыңдаған сайын «ән» дейтін ұғымды жаңаша парықтап, жаңаша түсіне бастағандай күй кешесің. «Ән» деген, міне, осындай болу керек, ал әнші де Ыбырайдың өзінен кем түспеуі керек деген ойға берілесің.
Үкілі Ыбырай шығармашылығы қазақтың ән өнеріндегі жаңа тыныс, жаңа белес, жаңа өріс. Қанатты тұлпардай, көкке самғаған сұңқардай болған әндері тыңдаушының делебесін қоздырып, «пай-пай, шіркін» дегізетіндей әсерге бөлейді. Үкілі Ыбырай әндерінің бір ерекшелігі оның тыңдаушының көңілін бірден елітіп, өзінің ғажайып әлеміне алып кететіндігінде. Ішіңді алай-түлей етіп, шабыт шыңына бір-ақ алып шығатын құдіретіне қайран қаласың. «Бір өзі – бір театр» дейтіндей тұлғаның нақ өзі осы – Үкілі Ыбырай болған. Әндерінің стилі, көркемдігі, бірде асау аттай бұлқынып, ширығып түсуі, енді бірде баяулап келіп, әрі қарай ойнақылығымен бір серпілтіп жіберуі, әрбір ән әуезінің сан түрлі иірімдерімен тыңдаушы жүрегіне шоқ тастап кетуі, әннің ішкі ағыстары Үкілі Ыбырай болмысын, табиғатының кеңдігін көз алдымызға келтіреді.
Жалпы, қазақ тыңдарманы үшін ән дейтін ұғым ол жай ғана ноталар мен саздар жиынтығы емес. Ән – адамның көңілін өсіретін, адамға қуаныш сыйлайтын, қажет болса мұң-шерін қозғайтын, ойын тереңдетіп, мінезі мен рухын шыңдайтын қасиетке ие өнер түрі. Сондықтан әнге ешуақытта бейжай қарауға болмайды және сол замандарда жарыққа шыққан әндер де рухани күрескерліктің құралы ретінде де қызмет атқарды. Ән арқылы әнші-композиторлар өз дәуірінің сипатын бейнеледі.
Зерттеу еңбектерінде Ыбырай Сандыбайұлы 1860 жылы бұрынғы Көкшетау уезі, №5 ауылда туғаны жазылған. Руы – Қарауыл, оның ішінде Қалдаман. Жас кезінде молдадан оқып хат таныған, одан әрі көп оқи алмаған екен. Әнге үйір бола бастаған шағы – 8-9 жас кезі. Шаруаға қыры, бейімі болмаған. Әкесі Сандыбай кедей, аздап ұсталық құрған, ағаш шебері болған. Ал Ыбырай айналасындағы ағайын-тумаларының айтқандарына көнбей, ерте атқа мініп, жігіт болып, серілік жолға беттеген.
Жігіт болдым он жетімде,
Тыңда айтқан кебімді.
Шаруадан бас тартып,
Салдыққа бұрдым бетімді, – дейді бір өлеңінде. Бойдағы өнер сананы түрткілемей, ойды оятпай тұрсын ба, Ыбырайдың өз басының хәлін дәл осылай батыл суреттеуі де болашақ өнер иесінің биік өресінен жан-жақты хабар беріп тұрғандай. Расымен де, Ыбырайды Ыбырай еткен оның әншілігі, композиторлығы. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, Ыбырайдың қандай өнерпаз болғаны әндерінің табиғатынан-ақ байқалып тұрады. Халқымыздың жадының арқасында, дәстүрлі өнер өкілдерінің арқасында Ыбырайдың әндері түгел болмаса да бірталайы бүгінгі заманымызға жетіп отыр. Мұның өзі түсіне білген адамға оңай олжа емес.
Зерттеушілер Ыбырайдың бойына әншілік өнердің қонуын оның түс көруімен байланыстырады. Өзі «түс көрдім, маған әнші боласың деп, біреулер маңдайымнан сипады» деген екен. Түске, түстің аян беретініне сенетін халықпыз ғой. «Әнші боласың» деген таңдаудың өзі Ыбырайға түсіп тұрғаны жайдан жай емес шығар. Себебі Ыбырайдың:
«Сал» атандым он сегізде,
Қайғысыз ендім бір теңізге.
Он тоғызда оттай лаулап,
Ойнақ салдым кемеңізде.
Жігіт боп жетіп қалдық жиырмаға,
Кезенгенге дәм үйден бұйыра ма?
Өнерге өңмен салып ұмтылмасаң,
Жастықта нәпсі шіркін тыйыла ма, – деп жырлауы оның ешқайда мойын бұрмастан бар көңілімен, зейін-зердесімен, ақ жүрегімен өнер патшалығына алшаң басып келгені көрініп тұр. Он сегізінде сал атану әркімнің пешенесіне бұйыра бермейтін бақ. Сал атану елдің назарында болу деген сөз, үлкен жауапкершілікті арқалайтын міндет. Сал халықпен бірге болып, соның қызықшылығын бірге бөлісіп, бүкіл болмысымен таң-тамаша етудің ғибратты жолы ғой. Сал-серісіз бір де бір қуаныш-тойы өтпейтін қазақ, әлбетте, Үкілі Ыбырайдай жастайынан жарқ еткен жұлдызды өз бауырына басып, алақанына салатыны анық. Біз өнер иелеріне шексіз құрмет көрсете алатын елміз. Өнердің Құдайдан берілетін дарын екенін, оны еш жерден сатып ала алмайтын құдіреті екенін ежелден пайымдай білген халықпыз. Бұл тұрғыдан алғанда Үкілі Ыбырайдың он сегізінде сал атануы оның өнеріне қалың қауымның тарапынан берілген үлкен баға деп білеміз. Бұл бағаны Үкілі Ыбырай толығымен ақтап, қазақтың ән өнері шежіресінде өз есімін алтын әріптермен жазып қалдырды.
Қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында Үкілі Ыбырайға «Әнші бар Көкшетауда талай ірі, Ыбырай топ жарғанның о да бірі» дейді. Әрі қарай сол поэмадан үзінді келтірсек, төмендегідей:
Қаңбақша қыз-бозбала қағып алып,
Жайылған талай әсем ән мен жыры.
Өзі ақын, ән шығарғыш, домбырашы,
Сауықтың жандуманы болған пірі.
Ақырып арыстандай ән салады,
Ыбырай жүйрік тарлан әлі тірі.
Кең алқым, кең көмейлі, даусы керней,
Ақырмай ән салмайды, көкірек керней.
Астынан алты қырдың естіледі,
Шырқаса екіленіп құлаш сермей.
Ән салса алқымы ісіп, құйқылжиды,
Бәйге атша алып қашып, ырық бермей.
Айнала айдын көлге естіледі,
Жаңғырып керней даусы, аспанға өрлей.
Әні бар «Гәкку» деген аңқылдаған,
Аққудай айдын көлде қаңқылдаған.
«Кідігай», «Қалдырған» мен
«Маңмаңкерім»,
Ырғалтса керней даусы саңқылдаған.
Туса егер өнерлі елдің бақтарына,
Білім ап жүрсе бәрі баптарына, – дейді.
Сәкен Сейфуллиннің осы поэмасында Үкілі Ыбырайдың өнерін суреттеуі де ақынның өзіндік бағасы мен көзқарасы дерлік дүние. Бұл өлең жолдарынан біз Үкілі Ыбырайдың өз заманының нағыз салы болғанын байқаймыз. Не деген асып-тасып төгіліп жатқан талант! Ешқандай қалыпқа сыймайтын тұлғаның тұла бойы тұнған өнер.
Академик Ахмет Жұбанов Ыбырай туралы жазған мақаласында былай дейді: «Айтушылар біздің ғасырдың басында Санкт-Петербургта оқып жүрген Шүбеков Мәмбеталы деген кісі Ыбырайдың әнін естігенде есі шығып, оны Санкт-Петербургтың консерваториясына түсірмек ойы болады. Бірақ Ыбырайдың орысша білмеуі кесел болып, ойы орындалмай қалады. Шынында Ыбырайдың оқу талабы болған сияқты. Ол жөнінде А.Затаевич те «1000 әннің» комментариінде Ыбырайды «әлді кісілер Петербурға да алып барыпты, музыкалық білім бергісі келіпті, бірақ ол болмай қалыпты» дейді Бегишевтің айтуына сүйеніп. Әрине, Ыбырай оқығанда оның болашағы басқа болар еді. Ал, Ыбырайдың сол күйінде де оның музыкалық, ақындық беделі үлкен болды. Одан қазақ әдеті бойынша «бата алуға» да келеді екен. Белгілі ақын Тайжан бір өлеңінде:
Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,
Тайжанға риза болған Арғын-Найман.
Бұл жерде бір тиын да жұмысым жоқ,
Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан, – дейді. Бұған қарағанда Ыбырайдың шәкірттері көп болған болуы керек. Ол әлі де зерттеуді қажет етеді».
Ахаңның сөзінде шындық бар. Өйткені Ыбырайдай ғасырда бір туатын үлкен дарын иесінің батасын алып, өнерге қанат қаққандар да өз заманында көп болған болуы керек. Себебі жақсының шапағаты айналасына түгелдей шуақ болып шашылып, үлгі-өнегесімен, ғибрат-тәлімімен мың сан шәкірттерді баулиды. Қазақ дүниетанымында, жалпы дәстүрлі өнерде шәкірт тәрбиелеудің бір мәнісі – ұлы адамның алдын көріп, содан бата алумен-ақ түйінделеді. Бұл да далалық мектептің шәкірт тәрбиелеудегі жолы. Біле білсек, зерттеушілер Ыбырайдың өзі де Ақан серімен жүздесіп, оның қасында болуының әсерінен бе, «Желдірме», «Жиырма бес» әндерінің әуен-саздары Ақан серінің «Желдірмесінің» үлгісімен шығарылғаны сезілетінін айтады. Мұны біз Ыбырайдың Ақандай ұлы әншіге, оның өнеріне деген шексіз құрметі мен сыйластығы деп қабылдағанымыз жөн.
Ыбырайдың отыз жасында әкесі дүние салып, Ыбырай өнерден түбегейлі қол үзіп кетпесе де, шаруашылыққа бет бұруға мәжбүр болады. Десе де, ауылда қарап отырмай, әнін айтып, өлеңін шығаруын жалғастыра береді. Ыбырайды өнер сыйлаушылар мінер ат, сауатын сауыннан тарықтырмаған деседі. Сойыс ат та әкеліп беретін көрінеді.
Өнер халық үшін жаратылатын болғандықтан, өнерпаздар да халықпен, ел-жұртпен бірге, солардың ортасында қызық-қуаныштарында жүрмесе, бұл да өнердің табиғатына қарама-қайшы нәрседей сезілетіні анық. Сондықтан өнерпаздардың арқасына қанат бітіретін де, шабытын өсіретін де – халықтың ықыласы мен қошеметі ғой. Бұл тұрғыдан келгенде Үкілі Ыбырайды халық өнерінің нағыз өкілі деп айтуға толық негіз бар. Себебі дүйім жұртты ән дейтін құдіретімен баурап алу, дулы дүрмекке бөлеу арқылы Ыбырайдың да мәртебесі күннен-күнге көтеріліп, абыройы асқақтай бергені хақ.
Ыбырайдың шығармашылығына, ол тудырған тамаша әндерге зер салғанда оның бойында бүгінгі тілмен айтқанда юмор, сатиралық сарындар басым тұрғанға ұқсайды. Өйткені, Ыбырайдың кейбір әндерін езу тартпай, күлкіге қарық болмай тыңдау мүмкін емес. Ыбырай әндерін орындаудың өзіне әрбір әншіге актерлік шеберлік керек. Ыбырайдың әндерін жайбарақат орындай салуға да болмайды. Міндетті түрде әншінің түр-сипаты құбылып, іші бір суып, бір ысып, екі беті нарттай қызарып, отты жанарымен жан-жағын лапылдатып, жандырып жіберетіндей мимикаларды қосып, сондай биік шеберлікті талап етеді. Тек қана табиғи дауыс емес, әртістік талант, тыңдаушысын еліктіріп әкетерліктей іс-қимыл, ишара да керек. Ыбырайдың әндерінде сатиралық, юморлық реңктің болуын үлкен дарын иесінің қу тілді, мысқылшыл болғандығымен түсіндіруге болады. Ыбырайдың мысқылшылдығын білетіндер оған тимейді екен. Себебі болыс па, би ме, бай ма қалауына жақпаған, жөнсіз соқтыққан адамын улы тілімен түйреп өтеді екен. Ыбырай өле-өлгенше өнерін бір күнде тоқтатпаған адам болғанына қарағанда ол өнерді өмірден де артық бағалай білген тұлға болған сияқты. Бұл да барлық өнерпазда бола бермейтін қасиет.
Үкілі Ыбырай ән өнеріне жетік болуымен қатар, ауыз әдебиетінен де жақсы хабардар болғаны, «Мың бір түн», «Тотының тарауы» сияқты әңгімелерді дастан етіп айтып жүрген екен. Оның «Бір қызық ит жүгіртіп, аң ауласа» деген өлеңін 1924 жылы жазушы Сәбит Мұқанов өз аузынан жазып алып, «Қызыл Қазақстан» журналының сол жылы шыққан 7-8 сандарында «Қазақ әдебиеті әм Ыбырай» атты көлемді мақаласына енгізіпті. Ыбырай домбырада ғана емес, сырнаймен де шығармаларын орындай беретін болған. Қысқасы, сан қырлы талант бар ғұмырын қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, өркендеуіне шексіз үлес қосты. Туған халқы маңдайына басып, алақанына салған үлкен жүректі тұлға 1932 жылы өмірден өтеді. Кейбір деректерде 72 жасында, кейбір деректерде 76 жасында қайтыс болғаны айтылады. Өкініштісі, халқымыздың басына орнаған қатыгез заманның зобалаң шағы Үкілі Ыбырайға да қара бұлт болып үйіріліп, ол қуғынға түсіп, қамалған. Содан қайтып оралмаған екен. Сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Өзекті өртейтін жайттың бірі – осы. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кезеңдерде қаншама өнер иелерінің өмірінің соңы осындай күйге душар болғаны аянышты. Сал-серілік дәуренмен емін-еркін ғұмыр кешіп, еліне еркелеп, халқына мәңгі өлмес туындылар қалдырған Үкілі Ыбырайдай саңлақтардың бірегей үлгідегі шығармашылығы бүгінгі қазақтың дәстүрлі ән өнеріне де биік өре болып қала беретіні анық.
...Шіркін, дүние, кең едің,
Біраз күн аздап бөгедің.
...Қартайғанда, дүние-ай,
«Қайдасың Ыбырай?» демедің.
Қызығың дүние өткен күн,
Кейінгі қуып жеткен күн.
Байланбаған асаудай,
Сырт айналып тепкен күн.
Қара бура қартайып,
Жар басына шөккен күн.
Қарлығып қарттың дауысы,
Жалтар желдей ескен күн.
Берейін, жастар, батамды.
Осы өлеңді шығарғаннан кейін жұрт Ыбырайға: «Уәй, Ыбырай, мынау ерте қоштасу ғой» дегенде, ол: «Жоқ, осы қоштасу дәл болады», – деген екен. Осылайша, қоштасу өлеңін шығарып кеткен Ыбырай келер заманға да лайықты сөзін арнап, өз дәуірінің дүлдүлі ретінде ғұмыр кеше білді.
Қазақтың болмысын, мінезін, ішкі жан дүниесінің мөлдірлігін, тазалығын қалыптастырып, рухын биіктететін ән мен күй һәм жыр жауһарлары болса, сол ғажап туындыларды өмірге әкелген тұлғаларға әр замандағы әр буын өкілдерінің айтар алғысы шексіз болуға тиіс. Себебі бүгінгі қазақты қазақ етіп тұрған – өнері мен тілі, әдебиеті мен мәдениеті.
Үкілі Ыбырайға атақты Біржан салдың «Түбінде бәрімізден озатын мынау жас пері Ыбырай» деп баға бергені туралы бір дерекке тоқтала кетейік. Ол былай болған екен. Түмен облысында тұратын, атақты Біржанмен мәжілістес болған тоқсан алты жастағы Омар қария да, Ыбырайдың жолдасы Молдахмет те Біржанның үздік әншілігін әңгімелей отырып, Шыңғыс төренің үйінде Орынбайдың шешен тапқырлығына, Біржанның әншілігіне қазақ баласында тең түсер жан бар ма деген әңгіме болғандығын, сонда Орынбаймен таласар Арыстан, Шөже, Тоғжан, Жанақты атаса да, Біржанмен таластырар жан таба алмаса керек. Сонда Біржан өзі отырып: «Түбінде бәрімізден озатын мынау жас пері Ыбырай болады» деген екен. Осылайша, жас Ыбырайдың болашағына үлкен үмітпен қарап, өнеріне жоғары баға берген Біржанның кісі тани білетін көрегендігіне қайран қалмасыңа лаж жоқ. Шын мәнінде, Ыбырай аты Біржан, Ақандармен қатар аталып, қазақ мәдениетінің тарихында ойып тұрып орын алған тұлға екені сөзсіз.
7627 рет
көрсетілді0
пікір