• Айтарым бар...
  • 31 Шілде, 2024

Жолдарым жүріп өткен даңғыл демен...

Мінуар Әкімханов

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.  
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
 

 Сен тарихсың - енді өшпес

(Аламан Мәмбетұлына)

Атақ-даңқы алыс кеткен бабамсың,
Сенім мақтан ете алмасам маған сын.
Ардақты атың ешқашан да ескірмей,
Ошағымның оты болып жанарсың.

Жанарынан жарық сәуле таратып,
Сен батырсың тұлпар мінген жаратып.
Ортамызға оралдың ғой, тәуелсіз,
Елдің таңы тұрған  кезде жаңа атып.
Жарық етті атың көрген түсімдей,
Кешір жүрсем қадіріңді түсінбей.
Есіміңді қастерлеймін қашанда,
Ар туындай тік көтеріп түсірмей.

Көрмесең де кеиінгі өскен ұл-қызды,
Тәуелсіздік саған мойын бұрғызды.
Намыс оты жанып тұрған жас қауым,
Өзіңе арнап тастан мүсін тұрғызды.

Кетейін деп артыңа айқын жол тастап,
Бәлкім бабам жауға шаптың қол бастап.
Қара ормандай қаулап өсті ұрпағың,
Жүрсең екен рухыңмен қорғаштап.


Жолаушыдай кеттің алыс шендеспес,
Құлағыңа айтқан арман, шер жетпес.
Әйткенменен аты өзгермес арқалы,
Сен тарихсың – біздер үшін енді өшпес!
    
Дей алмайды ешкім сені көнердің,
Құлағына атың таныс көп елдің.
Қайырымды ұл боп өсіп, естідік,
Әкең Мәмбет батасымен көгердің.

Бірге туған аға ініңмен жұптасып,
Өте шықтың бес ғасырды тік басып.
Бүгінгі ұрпақ алдағы анау биіктен,
Сенімдімін кетеріне тіпті асып.

Кеткен жоқсың, өмірге әсте бекер кеп,
Кеттің рас, алды-артыңды бекемдеп.
Кіндігіңнен тарап өскен ұрпағың,
Отыр бүгін Жетісуды мекендеп.
                    
                 Нарынқол

Кезімде ой қуатым толыспаған,
Нарынқол болған едің қоныс маған.
Өзіңде қалды жастық, бәрі өзгерді,
Өзгермеген қаламым сол ұстаған.

Оранған көк орманға тауың бір бай,
Өсіп тұр тоғайыңда қайың, ырғай.
Іргелес тұрған анау хантәңірі,
Қоймайды көрген жанды табындырмай.

Бір тауың, бір тауыңнан биіктеліп,
Қар басқан шың шығады іріктеліп.
Арналы Байынқолдың өзенінен,
Шілдеде су ішеді киік келіп.

Көрінсе көк жүзінен қара бүркіт,
Кетеді қалың елік тарап, үркіп.
Бір сендік сағынышы ұлғайды ма,
Көз жасын әжем кейде алады іркіп.

Сен едің өзгеше бір жер шұрайлы,
Дейсің бе, құшағыма енші жайлы.
Басына өрмелесең құз-қияның,
Денеңді көбең тайдай тер шылайды.

Кезеңге шыға қалып таң біліне,
Қарасаң қырат қырдың әрбіріне.
Орман-тау құс үніне құлақ түріп,
Нарынқол айналады ән тіліне.

Бұл балаң бүгін міне, соқты айналып,
Қарадым айналама тоқтай қалып.
Тамылжып тау тасыңда тұнып тұрған,
Көркемдік көзімді өтті шоқтай қарып.
Нарынқол таулы аймақсың көгілдірлі,
Сенде өстік болған емес көңіл кірлі.
Талай жыл ой-қырыңды басып жүріп,
Бұл балаң тарихыңның көбін білді.

Көргенмін тауларың бар құз-қиялы,
Жартастан салып бердің құсқа ұяны.
Қасыңа бара қалсам қасиетің,
Жаныма жарқыратып нұр құяды.

Танысам сенде туған дос реңін,
Әсерлі әңгіме айтып көсілемін.
Қызығы Алматының былай қалып,
Өзіңді ойлап барып көз ілемін.

                 Тұздыкөл

Сырыңды аш, басып өткен ізді көмбе, – 
Дер едім, сөзімді арнап Тұздыкөлге.
Қағазға хаттап алсақ тарихыңды,
Болмайды бұйымтайлар біздің өңге.

Жол таптым бір сиқырлы сыбырға еріп,
Айтатын кезі келді сырдың теріп.
Тұздыкөл саған сірә өкпелі ме,
Тұр әне, Елшенбүйрек сыртын беріп.

Тұздыкөл қоныс тепкен Жабыр тауға,
Жөнің жоқ бұл балаңды жатырқауға.
Бауырыңа басып алған баяғыдан,
Хақым бар, жан-сырыңа жақындауға.

Талай жан тарихыңды жатқа білді,
Дей қалсақ бұйырмағын датқа бізді.
Еңбегі көп пенденің саған сіңді,
Уыстап салып жүріп қапқа тұзды.

Жатпаймын жарыстырып сөз жасырын,
Қойныңда жоқ, ақ тұздан өзге асылың.
Тірліктің қамын ойлап көп қазақтың,
Төгілгені анық қой көз жасының!

Жатқаның терең сайға толып, тұнып,
Тастайды көкейге көп ой ұқтырып.
Жабыртау, Елшенбүйрек ортасынан,
Алғансың қалай орын ойып тұрып?
Айтылар сөз болған соң бұл түбінде,
Бейнеңді кестеледім жыр тілінде.
Тұздыкөл тау ішіне орнағаның,
Сұрақ боп көкейімде жүр бүгінде.
                «Шоған» сай

Білмеймін бұл талабым оған сай ма?
Жақсы өлең сол үшін де оралшы ойға.
Жалын мол жас шағымда жиі бардым,
Тоғайы тобылғылы Шоған сайға.

Қызығы сол маңайдын оралса ойға,
Жеделдеп жетуші едім Шоған сайға.
Аралап ну орманды шаршап келіп,
Шөл басып отырушы ек одан шайға.

Бір кезде қоныс еткен сайға Шоған,
Ат басын бұрмай енді қайда соғам.
Жер жайын білмек жанға бұл жырымның,
Өкінбен, тиіп жатса пайдасы оған.

Бұл сайды иеленген Шоған абыз,
Жайында көне көздер соғады аңыз.
Еңбегін сол бабаның баяндайтын,
Жоқ қазір, жазба тарих қолда нағыз.

Байынқол арналы өзен жатқан тасып,
Қалыпсың Шоғансаймен жапсарласып.
Төріне Хантәңірдің жол ашылар,
Анау бір кетсең терең шатқалды асып.

                 Бір танысқа

Демеймін жерді асаудай тұрсың тарпып,
Жүрген жоқ көп ісінде құрсын мандып.
Сыртымнан сықпыртасың өтірікті,
Ізімді менің басқан жүрсің бе, аңдып?

Жөнелдің таулы аймақты, тастап елді,
Отырсың мекен етіп Қаскелеңді.
Өсекпен өтіріктің уы сіңген,
Сен қашан тазартасың лас денеңді

Дейсің бе, сырымды біз білмесе екен?
Аңғардым алмасыңды мүлде секем.
Жасырман сендей жанды дәл таныдым,
Жасанды сөзіменен тіл безеген.

Жаныңа жаман ойлар шым-шым батып,
Кеткен соң тұрма солар тынышыңды алып.
Жетпістің асуынан ассаң дағы,
Басыңды өнбес іске жүрсің шатып.

Сөзімнен алдын ала шығын күтпей,
Шертілмек көңілімнің шыны бүкпей.
Талайдан таулықтарға аты таныс,
Алдадың азаматты шімірікпей.

Кеткен соң жас ұлғайып кесектеніп,
Дейсің ғой кімге жүрем есеп беріп.
Шығарып алма есіңнен алайдағы,
Ой-қырдан жүргеніңді өсек теріп.

Емессің бейпіл сөзге дамыл берген,
Оныңа лебіз барма қабыл көрген?
Шапқылап ойға-қырға жүрсің әлі,
Соқыр қарға секілді дабырға ерген.

             

 

 

 

2357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы