• Айтарым бар...
  • 31 Шілде, 2024

Жылдар, күндер сөйлейді

Берік Садыр

21 қыркүйек, 1993 жыл

 1991 жыл келіп, орталық Мәскеу жақтың тынышы кетіп, одаққа қауіп төнген сияқты... Бұған дейінгі екі жылда өлі тыныштық орнап, ел-жұрт өлместің күнін кешіп, баяғы дағдарыстың салдарынан тұрымтай тұсымен болып кеткен заман болды... Бізде де қызмет қырқа астында қалып, күн көрістің қамымен – жазу-сызу да қаңтарылып...күнделікке түртуді мүлде ұмыттық... «Ұлан» газетінің басшысы Ғалым Доскен кеткен соң келген Сұлтекеңмен тіл табыса алмадық. Ғалакеңнің кезіндегі еркелік қалды, ақыры жауапты хатшылық қызметімді  өз өтінішіммен босатып бердім. 

21 қыркүйек, 1993 жыл

...Заман аласапыран, тұрымтай тұсымен... Қарғыстың жаманы: «Заманың қоғамыңның өтпелі кезеңіне тап келсін» дегеннің кері келіп, күңіренген шақ.  Баяғы секретариаттың жұмысын білгендіктен жаңадан ашылған «Қазақ мемлекеті», одан соң Марат Тоқашбаевтың басқаруындағы «Заң» газеттеріне көмектестік. Айлық қай жерде де мардымсыз... Өстіп елеңдеп жүргенімде дәу ақын Жарасқан Әбдірашев кездесіп қалып: «Берік-ей, «Осы сенің бір кездерде скетчтерің «Тамашада» қойылды-ә?» деп, мен бас изеген болып едім, «Сен ертеңдер маған, «Тамашаға» соғып кетші, бір дені дұрыс әңгіме айтамын...» дегені. Ол ағамыз «Тамашада» бас редактор. Ертесінде құр қол бармай, 2-3 скетчімді қолтықтай бара қалдым. Не керек, ойым түгіл түсіме кірмеген – мені  өзіне орынбасар етіп қызметке ала қойды. «Тамашаның» бас бастығы Лұқпан Есеновке: «Ом заңы» скетчінің авторы осы бала» деп еді, сөзге келмей келісімін беріп, шай ішіп отырып екеулеп ақыл-кеңестерін ағыл-тегіл ағытты. Негізгі жұмысым – авторлармен жұмыс істеу керектігін басып айтты. Жарасқан көкем кешке қарай «пай» ішіп отырғанда: «Қызметің құтты болсын, Сағат ағаңның аруағы риза болсын, көзіндей болып жанымда жүр...» дегені есімде...
 ...Иә, нағыз талант қай саланың да білгірі болып алады емес пе, Жәкең «Тамашаның» тамыры десе болады. Әр қойылымның негізі болып саналатын бастау «Беташарды» өлеңдетіп қатырады, әр қойылым Жәкеңнің беташарымен жарқырап ашылып көрерменіне жол тартады. Жәкеңнің бүткіл жұртшылықтың көзайымына айналған «Тамашаға» мені қызметке қабылдауы – мен үшін үлкен мәртебе болды. Артық сөзі жоқ, көргені көп, кей-кейде көсіліп әңгіме айтқанда айызыңды қандырады. Сол кезде ел-жұртқа танымал болған «Тамашаның» тарлан әртістерін білім-білгірлігімен үнемі тұқыртып отырады... олай ететіні — кейбірі уақыт өте «тайраңдау» ауыруына ұшырап, онысын өзі де сезбей кей істе артықтау келетіндерде болады. Жәкең соларды үнемі қадағалап, қалжыңмен болса да үнемі ескертіп тәубасына түсіріп отырады. 
*Әзіл.
 Бір топ жас ақын-жазушылар оқырмандарымен  кездесуге Жамбыл облысына барады.  Облыс орталығындағы оқу орны, кәсіпорындарда кездесу өткізген олар енді ауылдарды аралауға  сапарға шығады. Қонақ десе, әсіресе ақын-жазушылар десе барын аямайтын ауылдағы  азаматтар жол бойы  қайта-қайта дастарқан жайып, астаналық жас қаламгерлердің ауыздарынан арақ үзбесе керек.  Тоқтай берген соң, тоқтаған сайын құлаш-құлаш сөздер айтылып, тосттар көтерілген  соң жүріс өне ме, күн кешкіре бастайды.  Осылайша бір тоқтап, бір жүріп, ұзақты күн діттеген жеріне жете алмай қажыған ақын Жарасқан Әбдірәшев бір кезде қонақжай жігіттерден :
 –  Ауылдарың енді қанша бөтелкелік жер? – деп сұрапты. 

10 ақпан, 1994 жыл

 Тәуелсіздік орнап, ата-бабамыз аңсаған асқақ арман орнағанмен, қайда барсаң да қиындықтан көз ашпайсың... Бәрі жекешеленіп, тізгін ұстағандардың аузы майланып, баяғы кедей-кепшіктің сирағы одан сайын сыйдиып жатқан кезең... Мұндай кезде елді күлкіге келтіре қою да қиын... «Тамаша» тоқтап қалмай, жаңа жылдық кешті көрерменсіз теледидарға түсіріп тарту етсе, енді келе жатқан наурыз мерекесіне дайындалып жатқан кез. 
 «Тамаша» көп қабатты үйдің шағын бөлмесін жалға алып, қызметін үйлестіріп отырғандықтан  әртістер тек нөмір-рөлдерін алуға келеді де, белгіленген репетиция кезінде белгілі бір тәуірлеу жерге келіп, дайындықтарын көрсетеді. Яғни олармен әмпей-жәмпей емеспіз, өзіміздің де елмен араласып кетуіміз шамалы, көбіне тымпиған қалпы қала береміз. Құдайберген Сұлтанбаев ісіне тыңғылықты, әзілі де ерекше, әңгімесі де өзгешелеу актер. Мейірман Нұрекеев тәуір актер болғанмен қойылым жақындағанша скетчтің сөзін жаттамай келіп, зықыны шығарады. Бермейді. Бірақ қойылым кезінде ұятқа қалдырмайды. Сөз жаттауға Тоқсын Құлыбеков шорқақ, соңына дейін сүйреп жүреді де, кей-кейде нақты сөзін ұмытып, қара басып, аяқ асты өз сөзімен алып шығып кететінін қайтесің... Көбіне оның рөлі әңгүр-дүңгірлеу болып келеді де, оның ұмытқан сөзін жадынан қосып жіберсе де білінбей, қиыса кетеді. Кей-кейде бас қосыла қалғанда, мұндай кез көбіне тиын-тебен алар кезде болады, Тоқаң ондайда ортаны жандырады, күлкіге қарық етіп басқа қырынан танылып кім-кімді де риза етеді. Әсіресе соңғы анекдоттардың майын тамыза айтады. Бұл жағынан ерекше жаратылыс. Бас режиссер, бас бастық Лұқпан Есенов талғамның адамы, батыс жақта орысша тәрбиеленіп өссе де өз ұлтының қадір-қасиетін бір кісідей құрметтейтін азамат. Отырса да, тұрса да ойлайтыны «Тамаша» десем артық айтқаным емес. «Тамашаның» тамаша болуы тіке осы кісінің арқасы. Әртістердің де тілін тауып, керек болса, тәубасына да түсіріп, әсіресе ән жағынан жарқ етіп шығар таланттар табу жағынан талғамы ерекше еді. 
*Әзіл.
 Белгілі әртіс Құдайберген Сұлтанбаев бір жылдары Қармақшы жағына сапарлап барыпты. Бір ауылда шай үстінде қонақтарды армансыз сыйлапты. Сөйтіп «дүрілдеген» дастарқан шайы да бар, пайы да бар жыйылар кезде үй егесі бұл жақтың дәстүрін білмес деп:
– Құрметті қонақтар, қазір ет  болады. Біздің жақта ет үстінде «анау-мынау» ештеңе берілмейді, – деп, коньяк жағын соңғы бір рет құйғалы ыңғайланып жатқанда, Құдекең іліп алып:
– Оу, ендеше, шай ішіп отыра берейік... – деп «ұсыныс» айтқан екен.
***
 Құдайберген мен Тоқсын бажа болып келеді. Келіншектері найманның қыздары болған соң, екі бажа жиі-жиі араласып тұрады.
Бірде Тоқсын қаңғалақтап жүріп, Құдайбергеннің үйіне бара қалады. «Бажа бажаны көрсе, басы қышиды» демекші, екеуі біраз әңгіме соғып, ептеп жүз грамм ішіп, түннің бір уағына дейін отырса керек.
Тоқсын доптай домалап, үйіне енді қайтайын деп жатқанда Құдайбергеннің туған балдызы келе қалады. 
 –  Оу, балдыз, – дейді, Тоқсын қуанып, – келгенің сондай жақсы болар ма? Машинаңмен мені үйге дейін жеткізіп тасташы. 
 –  Машинамның майы жоқ еді, –  дейді ол барғысы келмей.
 –  Бауырым-ау, – депті сонда Тоқсын, –  апаларың бізді жұмсағанда мына Құдайберген екеуміз майсыз-ақ жүгіріп кетеміз ғой. Сенің машинаң қашан майсыз жүріп кетеді?

1 маусым, 1994 жыл

 «Тамашаның» наурыз, мамыр мерекелік қойылымдарын өткеріп тастадық. Тәуір скетчтер біраз болғанына масайрап жүрміз. Сахнада скетчтер қойылып жатқанда әр әртістің текстен ауытқып кетпеу жағын және әр қойылым қанша уақыт орындалғанын сағатқа қарап отырып, дәлме-дәл есептеп отыру менің міндетім. Есептегенім кейін теледидарға монтаждағанда әр скетчтің орындалған уақыты өте қажет. Мазмұндағы да, уақыттағы да артық кеткен тұсты көрсетіп бере қойсам – бас режиссер құп алып, нақпа-нақ орнына қоя қояды. Бұл тірлігіме Лұқпан көкеміз риза. Қойылымды теледидарға лайықтау жүріп жатқанда бастық Лұқең мені «қарауылшы» етіп, жанынан тастамайды. Текстердің бірден-бір сақшысы менмін. Мазмұнда саяси ма, басқалай ма – қате кетіп қалса – жағдай қиындайды. Жоғарыдағы қырағы көздер қырқып, зығырданыңды шығарады. Әлі де бұрынғы қырағылықтар күшінде. 
 Бір байқағаным, скетч авторларына көзқарас өзгермеген. Қаламақы беру жағы жоқтың қасы. Басекең Лұқаңа жайлап айтып көргенмін, келесіде қатырамыз делінеді де, есек судан өткен соң құрдымға кетеді. Әйтеуір теледидардан берілген кезде скетч авторын титрға жазып отыруды жүйелі жолға қойдық. Ол кезде авторлар үшін ол үлкен мәртебе. Қайтесің, қолдан келер қайран жоқ, мықшыңдап келесі қойылымға тырбанып кірісесің. Өзімнің де екі-үш скетчім қойылған болды. «Тамаша» актерларының мәртебесі артқан заман... Ел-жұрт Құдайбергенді, Тоқсынды, Уайсты, Лидияны сонадайдан танитын дәрежеге жетті. Ортада «Құдайберген айтқандай», «Тоқсын қатырады» деген мәндегі сөздер айтылып, әңгіменің дәнегіне айналғаны қуантады. Ал мен үшін солар айтқан әңгіменің арт жағында сол ғажап тіркесті жазып берген авторлар бар емес пе деген ой мазалайды. Оны көзі қарақты көрерменге қайтып жеткізе аласың... Орыстағы белгілі Петросянның авторларды құрметтеп, ылғи да оларды ауызға алып отыратыны, әрқайсысымен сұқбат үргізетін өнегелі ісін біз қашан қолға алар екенбіз... деп те қоятыным бар... Әй, қайдам, ондай керек те қажет игілікті іс жуық арада жүзеге аса қоймас... 
*Әзіл.
 Құдайберген, Уайыс және Тоқсын «Тамашамен» бірге Шымкент қаласына гастрольге бірге барады. Кезекті бір концерттен соң үшеуі шаршап-шалдығып жататын нөмерлеріне оралады. Әзіл-оспақ десе ат жалын ұстатпайтын үшеуінің де бүгін көңіл-күйлері жоқ. Кенет көптен бері үнсіз тұрған қара сүліктей телефон безектей жөнеледі. Құдайберген мен Уайыс отырған орындарынан қозғалар емес. Екеуі де бірдеңелерін өткізіп қойғандай Тоқсынға қарайды. Бұлай қарағандары: «Жасың кіші болғанша, иттің күшігі болғаның жақсы».
«Осы сендер-ақ басыма бәле болдыңдар-ау» дегендей, Тоқсын жақтырмай, амалсыз телефонның тұтқасын көтереді.
 –  Әлеу, бұл кім, түннің бір уағында ерігіп жүрген?
 Трубканың ар жағынан бейтаныс қыздың «Ақжолды телефонға шақыруға болар ма екен?» деп сызылған дауысы естіледі.
 – Айналайын, қарындас. Ақжол мұнда жұмыс істемейді, – дейді Тоқсын қырсығып жауап беріп. 
 –  Сонда Ақжол қайда жұмыс істейді? –  дейді әлгі қыз тақақтап.
  –  Ол ағаң мешітте істейді, айналайын.
  –  Мешітте не істейді, Ақжол аға?
  –  Азаншы болып істейді, қарағым, –  дейді Тоқсын қыздан құтылғанша асығып. 
 –  Аға, сонда азаншы не істейді? 
 – Азаншы не істейді, азаншы не істейді? Соны да білмейсің бе? –  дейді Тоқсын. –  Басына сәлдесін орап алады да, таңертеңнен кешке дейін айқайлай береді, айқайлай береді...

10 қараша, 1994 жыл
 

Тәуелсіздігімізге үшінші жыл болып қалды, қайда барсаң да қиындық... Жоқшылық жұтатып-ақ тұр... Ауылға барып келіп едік, ойпыр-ай, бір тоқтың бес бөтелке, мөшек кәртөшкі екі бөтелке арақ екен... Мұндай кезде күлкінің керуені кері кетіп, «Ташашада» тоқырауды елмен бірге көруде. Бастық Лұқпанның айтуымен Қырғызстанға «кассир бала» рөлде, үшеуіміз барлауға барып қайттық. Біздің сол елдегі елшісі Мұхтар Шаханов та болып, әйтеуір «Тамашаны» сонда апаратын болдық. Көп өткізбей барып та қайттық, әзілден қырғыздар да қалыспайды екен, зал толы  –  барымызды сала өнер көрсеттік. 
 ...Ұжым анда-санда бас қосушы едік, қиындықтан онымыз одан әріге кетіп, бір күні басымыз қосылғанда бастық ендігәрі айлықтың болмайтынын айтып, біразға жұмыс тоқтайтынын айтып өтті. Не істейсің, төңірек аһалай-махалай болып жатқанын білесің, амал жоқтан бас шұлғып кете бардық.
*Әзіл.
 Осы қиындық кезеңде көк базардан шығып келе жатқан айтқыш ағамыз Қалтай Мұхаметжановтан: 
 –  Қалеке, базарыңыз қалай екен? –  дегенде: 
–  Базарың бұрқырап тұр, бір келі алмаға екі келі ақша сұрап тұр... –  деген екен.

15 сәуір, 1995 жыл
 

Біраз өткеріп барып, онда бос орын бар деп естіп, «Парасат» журналының бас редакторы Баққожа Мұқай ағама бара қалдым. 
Онысы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романын меңзеп айтса керек.

20 қазан, 1995 жыл

 «Тамаша» уақытша тоқтап қалса да, соның қанатының астынан шыққан, қазіргі оған бәсекелес Бауыржан Ибрагимовтың «Бауыржан-шоу» сатиралық театры дүрілдеп тұрған мезгіл. Қарап жүргенше деп, сонда барып Бауыржанмен әңгімелесіп отырып, бос екенімізді, «Тамашаның» тоқтап-тоқырағанын айта қалып едім... осы сөзім Бауыржанға майдай жақты білем... «Беке, театрдың бүткіл репертуары бір Мәкеңнің, Марат Сақатов ағамыздың мойнында, өте ауыр жұмыс, келіссеңіз бізге келіп, Мәкеңнің жүгін жеңілдетсеңіз дұрыс болар еді» деп қалды. Не дейік, жұмыссыз жүрген адам бұған ләм-лимсіз келісері белгілі. 
 Марат ағаның мұнда жұмысы шынымен де жетерлік екен. Бас редактор да, бас режиссер де өзі. Кей рөлдерді ойнап, артис те болып кетеді. Ұжымды шырт үйіреді. Темекісін будақтатып, машинкада скетч жазудан қолы босамайды. Скетчті негізінде Бауыржан бас кейіпкер болып ойнайтындай қалыпта жазады екен. Менің атқаратыным майда-шүйде шаруалар. Аздап материалдар берген болдым, Мәкең оны тартпасына тастай салды... Концерттік программаларда тек өзімізден, кәзіргі жастарға дөп келетін шетел әуенімен астасып жататындарды өзінің сатирада ойнайтын жігіттері құйқылжыта орындап жатады. Ән айтатын Нұрлан мен Мұқасан да сатиралық қойылымның кейіпкері болып ойнап, сырттан әртістің керегі жоқ болып қалыптасқан екен. Бәукең де осы кісінің ыңғайына толық жығылған. Кей скетчтер тәуір болып шығып та жатады. Мәкең бір күнде кейде екі скетчті жазып тастап жатады... Еңбекқорлығына сөз жоқ. Бірақ басқа автор атаулыға назар аудармайтыны түсініксіз... Қойылымға керек тақырыптар «өзінен артылмайтын» қағидаға қатып қалғанын түсінген болдым. Мұндағы мен білген үлкен кемшілік осы екен. «Қазаншының еркі бар – қайдан құлақ шығарса»... Мен де ол кісінің ісіне килікпедім, берген нәпақасына орай қара көрсетіп жүріп жаттым.
 Бір кезекті қойылым өте тәуір өтіп, Бауыржан риза болғаны соншалық, бәрімізді риза ете банкет жасап, соңында қыза келе мені үйінде қонақ еткені бар... Зәулім жер үй салып алған екен, кіре берісте арыстай өзгеше екі ит дарбазаның екі жағын ала, ғажап үйшігінде ырсылдап жатыр. Бәукең жанындағы қоймадан қойдың етті екі үлкен сүйегін алдыларына тастады...   Әңгіме үстінде, баяғы қызулықпен бас редактордың аздаған кемшілігін айтқан болдым... Бәкеңнің көкейінен дөп түсіппін, сол төңіректе әңгіме тығыны ағытылып біраз жерге барыппыз...
 Содан бастап театрдың скетч «қоржынында» аздап өзгеріс бола бастады. Мәкең де менен «қоржында не бар?» деп сұрайтын болды. Өз басым түсіністікпен аз уақыт болса да осында істегеніме ризамын...

23 ақпан, 1996 жыл

Сатиралық театрлардан  нәпақа табатының болмаса – олар арқылы Садыров есімді сатириктің бар екені белгісіз. «Тамашадағы» титрда бірде барсың, көбінде жоқсың. Ал «Бауыржан-шоуды» тек бір адам ғана «жекешелендіріп» алған... Ол қатып қалған қағиданы бұзу қолдан келмейді. Кейін көр де тұр, осы өзімшілдік пен автор атаулыға еш мән бермеуден екі театр да «тоқырауға» ұшырап, соңы жабылып тынатынына сенімім зор. Әзірше театрлардың басшылары бұған бас қатырмайды, өйткені алдағы уақыттар талабына өре жетпейді, оны ойлауға кәзіргі кеудеге піскен мардымсу жібере қоймайды...
 ...Осындай пиғылда жүрген басыма – «неге ғана басылымдардың біріндегі сын-сықақ мүйістерге барып, бағымды сынамасқа» деген ой келіп, құласаң нардан құла деген – «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрлан Оразалиннің алдынан бір-ақ шықтым. Әрине, дайындықпен барғанмын. Нұрекең газетте бұған дейін «Мүйізтұмсық» атты сын-сықақ бұрышының болғанын, оны «жолың болғыр Көпеннің аяқсыз қалдырғанын» айтып, сөздің тоқетері – «Шығара аласың ба?»-ға тіреліп, мен «иә» деп,  Нұрекең әкелгендеріммен газеттің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Аян Нысаналинге жолығуым керектігін айтты. 
 «Әп, бәрекелді!» деп, Аян Нысаналинге барып едім, «Жаңа звондады... Мықтылар бірден бастықтан шаруа шешеді... әкелгендеріңді тастап кет, өзің бір соғарсың» деді.
  Не де болса үлкен шаруаның төбесі көрінген сияқты... 
  Әзіл*
 Қырқыншы жылдардың соңында ақын Сырбай Мәуленов Қостанай облыстық газетінде редактордың орынбасары болып біраз уақыт қызмет атқарады. Бастығы демалысқа немесе бір жаққа командировкаға кеткен кезде Сырбай ыңғайын тауып, газеттің бір бетіне тұтастай «Әдебиет бетін» салып жібереді екен. Осы жағдай төрт-бес рет қайталанған соң, мұны байқап жүрген облыстың бірінші бастығы Сағалбай Жанбаев Сырбайды өзіне шақырып алады:
 –  Сен неге әләуләйщинаңа басасың? Газеттерің партияның органы, саяси газет... Ал сен болсаң әләуләйщинамен айналысасың! –  деп ескерту жасапты... Сырбай осылайша ауызша сөгіс естіп, үндемей шығып кетеді. 
 Арада жылжып жылдар өтеді. Жанбаев біраз жерде басшылық қызметте болып, соңынан Орталық Комитеттегі партиялық комиссияға жұмысқа ауысады. Сол қызметте жүрген кезде бірде Қырымға барып демалыпты. Демалып жүріп бір топ өлең жазыпты. Алматыға қайтып оралған соң, Қырымда жазған әлгі өлеңдерін құшақтап, «Жұлдыз» журналының редакциясына әкеледі ғой. Ол кезде «Жұлдыздың» бас редакторы Сырбай Мәуленов екен. Сырағаң өлендерді оқып көрсе, көркемдік дәрежесі төмендеу, нашарлау дүниелер екен:
 –  Ақсақал, біз мұндай әләуләйщинаны баса алмаймыз. Біз қоғамдық-саяси журналмыз, – дейді Сырбай... Сонда Жанбаев мырс етіп күліп жіберіпті де, басын бір шайқап, бөлмеден үнсіз шыға жөнеліпті.

30 маусым, 1996 жыл

«Егемен Қазақстан» газетіне, сатиралық бұрышқа дайындалған материалдарымның жағдайын білейін деп, бұған дейін екі-үш рет Аян Нысаналинге жолығып едім, еш нәтиже жоқ, көбіне Аякең біреулермен «көсіліп» әңгіме соғып, мен барған сайын не шаруамен келгенімді сұрап, «ол мәселе әлі шешілген жоқ» деп, есігін сыртынан жабуымды қалайды... Титықтатқан соң Нұрлан ағаға қайта баруға тура келді... Ол кісінің уақыты тығыз, шаруа шаш етектен болады екен, үшінші келгенімде кірдім әйтеуір. Кірген бойымда Нұрекең: «Сен ол шаруаны қойған екен деп жүрсем...» деп, мен мән-жайды айтқан болып, ол кісі Аянды іздеп таба алмай, әңгімесін: «Сол дайындағандарыңды қайта менің өзіме әкеп берші» деп бітірді.
 Ләпай тақсыр, ертесінде бір бума материалды апарып бере қойдым.
 Содан тағы үнсіздік, тағы Нұрлан ағаның қабылдауында отырмын... Қарсы бөлмеде отыратын бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайылдан: «Келе бердің ғой! Ол кісінің сенен басқа жұмысы жоқ па...» деген сөз де естідім... Ыңғайсыз болса  да кіріп едім, «Өй, қайда жүрсің, іздеттіріп таба алмадым ғой... Ал, бұл деген үлкен жауапкершілік. Бастап алып, үзіп тастап жүрмелік...» деп, қуанышты хабардың шетін шығарып, «Әзірге мұндағыларың екі нөмірге жетеді... Былай істелік, сені мен әзірше 0,5 ставкімен жарты штатқа қызметке қабылдайын, осында орнығып қоржыныңды қомпайт, кемі екі-уш айға жетерлік материал жиналғанда барып «Мүйізтұмсық» сын-сықақ бұрышын қайта тірілтелік» дегені. Іздегенім болды – қуанғанымды айтсаңшы...
 Не керек, көп созбастан – маусым айының ортасында сын-сықақ бұрышы –  «Мүйізтұмсық»  қайта бұрқ ете қалды. Жетісіне шығып жатырмыз. Барымды салып, бақалшы болып жатырмын. Айналайын сатириктерім аман болсын, қолдап-қорғаштап, барларымен атсалысып жатыр. 
 ...Жақтырмаған Аян аға ғана: «Пәле екенсің, орағытып дегеніңе жетіпсің...» деді. Нұрлан ағаның материалыңды тіке өзіме оқыт дегені тәуір болды, әйтпесе құқайдың көкесін бөлімнен көрер едім...
  *Әзіл.
 Белгілі ақын Аян Нысаналин аңқылдап қалған ақ жүректі жан. Дүркіреп тұрған бір елдің патшасысың ба, жоқ әлде аула тазалайтын сыпырушысың ба, оған бәрібір, терезесі тең адамша сөйлесе береді.     Бірде Алматыда Өзбекстанның бауырлас қазақ жерінде өнер және әдебиет күндері өтіп, оны туыстас мемлекеттің премьер-министрі бастап келсе керек. Мәдениет күндері әдеттегідей дүрілдеп өтіп, соңы банкетке жалғасады. Өзбек ағайындардың әдебиет және өнер күндерінде бастан-аяқ жүрген «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Аян Нысаналин. Әрине,ол кісі өңшең ығайлар мен сығайлар қатысқан үлкен қонақасыға да қатысады. Банкет тарайтын тұста сәл қызыңқырап алған Аякең Өзбекстан премьер-министрімен бетпе-бет кездесіп қалады. Ол мәртебелі қонақпен күнделікті араласып жүрген жора-жолдастары сияқты еркін амандасып, «Бауырым, жағдайың қалай? Менен Қаримовқа сәлем айт» деп премьер-министрдің арқасынан қағып-қағып қояды. 
 –  Рақмет, рақмет, – дейді кішіпейіл өзбек ағайын, – ғафу етерсіз, кімнен сәлем айтайын. 
 Өмірінде саспайтын Аян бұл жолы да былқ етпейді. 
–  Аян айтты дерсің, өзі біледі, – деп премьер-министрдің арқасынан бір қағып, өз жөніне жүре беріпті.

20 қазан, 1996 жыл

«Мүйізтұмсық» сын-сықақ бұрышын айына төрт рет шығарып жатырмын. Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышев сияқты сатира сайыпқырандары «Әп бәрекелді!» деп батасын беріп, ұзағынан сүйіндірсін деп жатыр.
 Аяқ асты Жазушылар одағының үлкен жиналысы болып – «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрлан Оразалин Жазушылар одағына бастық болып ауыса қалғаны... Кетіп бара жатып менің қызметімді толық штатқа өткізіп, жақсылық жасады.
  Орнына кідірмей Уәлихан Қалижан келе қалды... Қайтер екенбіз деп едік, жоқ, сатираны құп алып, дереу атын өзгертуге ауызша тапсырма берді. Құлдық ұрып кірістік те кеттік. Айтпақшы, Нұрлан аға кетерінде мені толық штатқа қызметке алып еді ғой, ай аралатып, неге екенін, Ержұман Смайыл бұрынғы жарты штатыма түсіртіп тастады...
  *Әзіл орнына жоғарыда «жыр болған», сол кезде жазылған «Жарты «штат» әзіл әңгімемді ұсынуды жөн көрдім.
ЖАРТЫ «ШТАТ»
Өтпелі кезеңде бастық болу да қиындады. Әсіресе, штат қысқартып, ұжымды шақтаудан өткен қиянатты басыңа бермесін. Бұрынғыдай емес, қызметте кімді қалдырып, кімді кетіремін десең өз ғұзырыңда. Бірді-екілі ережені бұзбай көңілің соққанды қалдырып, қалғанын тізгін сыпырып «шу қарақұйрық» деуіңе әбден құқың бар. 
Пықыпты істеп отырған тірлігін одан басқа маман ауыстыра алмайтын болғандықтан, ілдалап жарты штаттық қызметте қалдырғанмын. Томаға-тұйық, аздап жүріс-тұрысында әпербақандық та бар, замандастарымның арасында «Қожанасырлығын» да білетінмін...
Біраз күн өткен соң, Пықекеңнің үйіндегі жеңгей хабарласады. 
–  Айналайын қайным, осы ағаңды жарты «штатқа» түсіргеніңе рақмет!.. –  дегенінде, жеңгем де кері кетіп қырсығын ширатып тұр ма десем, жо-жоқ, ағынан жарылып аңқылдап тұр. – Жарты штатқа түскелі бері, жарты күн түзде, жарты күн үйде рақат! Рақат дейтінім, бұрын бұрылып қарамайтын, үй тірлігіне араласып, кәкір-шүкірден тартып, біз жұмыстан келгенше тап-тұйнақтай етіп отыратын болды. Ғұмыры араласпаған асхананың тірлігін бір-екі ас әзірлеп барып-ақ еңсеріп алды... Дегені-ай, негізі, бұрындары әйтеуір себеп-салдары таусылмай, ана толық штатта жүргенінде екі күннің бірінде әләуләйін айтып, кештетіп келіп жүруші еді... Бұрындары күніне міндетті түрде бір қорап темекіні әрең-пәрең жеткізуші еді, қазір: «мен жарты штаттамын, сондықтан екі күнге бір пәшкі жетеді» деп жасаған үнеміне ризамын!
...Пықыптың бірге жүретін сырлас-сыбайласы Ілдебайды шақырып, жарты «штаттағы» досының хал-ахуалынан сыр суыртпақтатып едім: 
– Ойбай, басеке, өзгеріп кетті ол антұрған! – деп зарлай жөнелсін. –  Бір ғана қылығын айтайын. Күн аралата түскі тамаққа барғанда, бірге тұрып ас аламыз. Біріншісі ғой, половинка алады.  «Котлетті» де, гарнирін да дауласып отырып: «Мен жарты штаттағы адаммын» деп айғайға басып, ақыры аспазшы атаулыны көндіріп, бәр-бәрін: жарты котлет, жарты гарнир, жарты кампот, ең аяғы тілім нанды да  екіге бөлдіріп алып, жеп отырады...
...Жарты айдан соң жеңгей хабарласады, дауысында діріл, сөзінде үрей басым. 
–  Қайным-ай, өткенде қуанғаным ертерек бопты. Пықыптан қорқа бастадым... Түн ұйқысын қысқартып, түн ортасы ауа: «Маған толық түн ұйықтауға болмайды» деп, түрегеліп отыратынды шығарды... Не тамақ істесең де жартылай ішіп, жартылай табағында қалдыратын болды. Әңгімесін тек жартылай айтып, ары қарай, аузын буған өгізден әрмен болып алады... біреу-міреу телефонмен сөйлескенін естіп, ар жағындағының не ойлап, не пішіп қалғанын біле алмай дал боламын... несін айтайын, бәрі жарты... бәр-бәрі... –  деп кемсеңдеп қоя бергенінде, не айтарымды білмедім...
...Бар қызметкердің басын қосып, жиналыс өткізіп отырғанмын. Бір уақытта жиналыстың тұп-тура орта кезеңінде біреу есікті ашып, шығып кетіп бара жатыр, сұлбасынан таныдым –  Пықып...
Ертесінде Пықыпты жеке шақырттым. 
Әншейінде айқара ашып кіретін есігін жартылай ғана ашып, қысылып-қымтырыла кірді. Орнымнан тұрып: 
–  Ассалаймағалейкум! – деп қол ұсынып едім.
–  Әлик... – деп қана, бұрынғы ала жүгіретін қос алақанының жартылай ұшын ғана ұсынды. Отыруын өтініп едім, орындыққа жартылай ғана құйрық ұшымен жайғасыпты.
Бірлі-жарым бір нәрселерге сұрау салып едім, бәрі жарты, сөзінің аяғы, ойының ортасы жоқ, ойсырап-ақ қалыпты...
Мән беріп, үсті-басына көз жүгіртсем: шашының жартысы таралған, тең жартысы ұйпа-тұйпа... бір аяғы жартылай айна дерсің, екінші етігін тазартпағалы бір айдың жүзі болған-ау, шамасы... шалбарының бір балағының қыры оқтай, қарсы бұты қатпар-қатпар кәрі қошқардың мойнынан әрман... Бет әлпетіндегі жарты мұрты мен қарсы жағындағы жартысы алынған сақалына көзім түсіп, еріксіз мырт етіп күліп жібергенімді де білмей қалдым...
Қалың ой үстіндемін. Пықекеңді бұл бейшара халден құтқарып, толық қызметке алайын десем, жағдай көтертпейді. Толық бостандық беріп біржола құтыла қояйын десем, мамандығы керек, одан басқалар атқара қоятын іс емес...
Күні бойы дел-сал күйде, бір шешімге келе алмай, екі ортада жартылай бастық болып отырдым да қойдым.

2462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы