- Айтарым бар...
- 04 Шілде, 2024
Отандық өндіріс ашатын кез келді

Жаңабек Тойбазаров
Заманауи қарқынды дамудың көшін бір сәтке де тоқтата алмайсың. Осы 32 жылдық тәуелсіздік дәуірімізде жер иесі қазақтар ғана емес, жалпы қазақстандықтар толық тәуелсіз бола алды ма?! Меніңше жоқ. Жекешелендірудің қитұрқы саясаты салдарынан бұрынғы коммунистер мен билік басындағы ат төбеліндей адамдар аз ғана уақыт аралығында байып шыға келді де, жылдар өткен сайын қарапайым халық пен биліктің арасы алшақтап бара жатқандай. Хош, кезінде сол аздаған адамдардың баюына мемлекет мүмкіндік бергенде, сол байлар болашақта ел экономикасын алға сүйрейтін «локомотив» болады деп сенім артты емес пе?! Бүгінде Форбс журналындағы әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде тұрған қазақстандық ірі-ірі байлардың, тіпті сол тізімге кірмей қалған басқа да мыңдаған қалталы капиталистердің қайсысы Қазақстанда өз күштерімен зауыт, фабрика ашыпты?! Бүкіл Қазақстан бойынша басқасын былай қойғанда қарапайым шұлық пен ішкиім өндіретін фабрика неге жоқ? Сонда Қытай болмаса жалаң аяқ, жалаң бұт қалудың аз-ақ алдында екенбіз! Біздің қазақтардың қолынан бәрі келеді! Тек қана отандық шағын зауыт-фабрикаларды көптеп ашу үшін үкімет тарапынан арнаулы бағдарлама қажет-ақ! Ол үшін мемлекеттен бір тиын да ақша бөлудің қажеті жоқ. Жаңа ғана тілге тиек еткен ірі-ірі қолдан жасалған капиталистерді нағыз капиталистерге айналдыратын мемлекеттік бағдарлама қажет. Мәселен, әрбір қалталы байға әрбір аймақтан отандық өндіріс орындарын ашқызатын міндеттеме жүктеу керек. Қажет болса аудандарда, ауылдық жерлерде бұрынғы кеңшар, ұжымшар негізінде ірі шаруа қожалықтарын ашып, жергілікті халықты жаппай жұмысқа тартатын кез келді. Сонда қарапайым халықтың ең төменгі тобына дейін қара жұмыспен қамтылады. Бұл бағдарламаны бақылап, жүзеге асыратын арнаулы комитет құрып, оның қарауына өндіріс пен ауыл шаруашылығын жан-жақты білетін мамандарды, ғалымдарды, ақсақалдарды тарту керек. Сонда ғана жаңғыру саясатының нағыз өміршең болары сөзсіз. Сөздің шындығына келсек қарапайым адамдардың дені «екі қолға – бір күрек», қара жұмысқа зәру ғой. Оның несін жасырамыз? Жауырды жаба тоқып, 32 жылды да артқа тастадық қой. Сөзден іске көшетін кез келді... Бұл тек қана менің ойым емес, жүздеген, мыңдаған адамдардың ойы екені рас. Бұл – бір...
Екіншіден, Қазақстанда құдайға шүкір не көп, дәрі-дәрмек көп. Өкінішке қарай бағасы удай қымбат. Нарық заңдылығына сәйкес, халыққа ұсынылатын дәрі-дәрмектер саны неғұрлым көп болған сайын, бағасы да төмен болуы шарт.Ал, бізде керісінше, күн сайын өсетін бағаны ауыздықтайтын антимонополиялық комитет неге дұрыс жұмыс істемейді? Келешекте қарапайым халыққа қолжетімді дәрі-дәрмектер сататын арнаулы әлеуметтік дәріханалар ашу керек сияқты. Жаңа денсаулық министрі үшін бұл жаңалық емес шығар. Бірақ, нәтижесін көрсету ол үшін парыз болса керек.
Қазақстанда өндірілетін автомобильдер неге қымбат? Қарапайым халықтың негізгі бөлігіне қолжетімді кез келген бір маркалы автомобильді құрастыруға әбден болады ғой! Бізде керісінше, Еуропа мен Ресей мемлекетінен тасымалданатын жаңа автомобильдер мен өзімізде құрастырылатын автомобильдердің бағасында айырмашылық өте аз. «Егер оның өзіндік құны төмен болмаса несіне Қазақстанда құраймыз?» деген сауал туындайды еріксіз. Осы мәселені арнаулы антимонополиялық комитет назарда ұстауы шарт.
Сондай-ақ, еліміздегі жанар-жағар май құю бекеттерінде саудаланатын мұнай өнімдерінің бағасы өзге елдерден неге төмен емес деген сауал да әрбір қазақстандықты мазалайтыны рас. Өйткені, жоғарыда айтып өттім ғой, қазір Қазақстанның әрбір азаматы сауатты, бәрін біліп, көріп отыр. Осыншама аста-төк байлықтың үстінде отырып, аз да болса мемлекет тарапынан қандай да бір жеңілдікті көруге мүдделі. Орыстың «Етікші етікке жарымайды» деген мәтелі бар. Мұнай мен астықтың үстінде отырып (жерімізден шығатын басқа рудаларды айтпағанда) бензин мен нан өнімдерінің бағасын күнде құбылту, қымбаттату тіпті айтуға ұят нәрсе ғой. Сіздер бұған не дейсіздер, құрметті халық қалаулылары? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қарапайым халықтың әрбір өкілі өзі өмір сүріп отырған қоғамның толыққанды мүшесі, жұмыспен қамтылған, ертеңгі күнге сеніммен қарай алатын әлеуметтік тәуелсіздікті аңсайды! Бейнелі түрде айтар болсақ, ауқаттылар мен қарапайым халықтың арасындағы алшақтықты мүмкіндігінше қысқарту керек. Ол дегеніміз жұмыс орнымен қамтамасыз ету, зейнетақы, жәрдемақы мөлшерін, төменгі өмір сүру көрсеткішін инфляцияға сай уақытымен әділетті түрде реттеп, көтеріп отыру деген сөз. Бұл мәселелерді жаңғыру кезеңінде үкіметтің толық іске асыруына мүмкіндік бар. Әрбір қазақ, әрбір қазақстандық Мемлекет басшысының кезекті жолдауынан үлкен үміт күтеді. Қарапайым халық құрғақ уәдеден әбден шаршаған. Халық әлдеқашан оянған...

5015 рет
көрсетілді0
пікір