- Айтарым бар...
- 01 Шілде, 2024
ҰШҚАН ҚҰСТЫҢ АРМАН БАР ҚАНАТЫНДА...

Мақпал МЫСА,
ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
***
Өлеңнің аршып өзегін,
Көнеден жеткен сөз едім.
Абыздан қалған көз едім,
Менің де жетті кезегім.
Өтеді бәрі өтеді
Жылдардың тартса жетегі.
Баянсыз бағың бастағы –
Бұлттардай көшіп кетеді.
Тағдырдың тарлау арнасы,
Жолыңнан, қалқам, қалмашы.
Үміт дегенің кей-кейде
Үзілген әннің жалғасы.
Бозтаңда боздар санада ар,
Боздатпа, жаным, қалам ал!
Болғанда жаным жарадар,
Аян боп түске енеді
Арғымақ мінген бабалар.
Өмір мен өлім арасы,
Жақын ба, жаным, қарашы.
Әлдиін сүйсін анасы,
Бебеуін тыңдап баласы.
Болсыншы ұлың жанашыр,
Болсыншы қызың жаны асыл.
Анамдай сүйген топырақ,
Байрағы байтақ атырап –
Көзімнің ақ пен қарасы...
***
О, Алатау, хал қалай?
Тау біткеннің тарланы-ай!..
Қобыз кеудем басылмас,
Сағынышым сарнамай.
Қанат қақсам қияға,
Құшағыма сыя ма?
Көңілімнің көлдері
Айдыныңа құя ма?
Тұмаларың тұнады,
Жанымыздың жыр-әні.
Айналайын ар мекен –
Армандардың тұрағы!
Шипасысың дертімнің,
Күйің болып шертілдім.
Елігісің – даламның,
Серігісің сертімнің.
Жазылғанда таңға аты,
Жолданатын бар хаты.
Алатаумен айбарлы,
Ақ қанатты Алматы.
Алаш үшін төр сенде,
Сыя қоймас өлшемге.
Алатауым – Алыбым,
Сілкінбе де,
теңселме!
Бұлттарыңа ергенде,
Шайыр біткен шерменде.
Арманымдай ағарам,
Алатауды көргенде.
Түн. Астана
Түн, астана. Ойларымның егесі,
Өзгеге емес, тиді өзіме жебесі.
... Мыңжылдықтар
Сендерменен өрлейді,
Түбі кемел келешектің кемесі.
Дақпырты көп дәуірлердің көшінде,
Беу, Сарыарқа!
Бәрі сенің есіңде.
Шер төгейін өлеңіммен өбектеп,
Еркелейін ел қондырған Есілге.
Мына түннің мойыл қара көздері,
Алғаш сені көргенімде өзге еді.
Өңменімнен өткен желің мен емес,
Өресіздің өктем суық сөздері.
Түн. Астана.
Керуенді көш пе еді,
Бар ғаламның жанса шіркін өшкені.
Батырарын енді ұғындым сан ойға,
Жапырағын жел ұшырған кештері.
Кедергіге тап болса да үш аттап,
Ақындардың болады екен түсі аппақ.
Түн. Астана,
Ақ дүниеде көз ілдім,
Аппақ-аппақ армандарды құшақтап.
Әлем тапырық...
Көлдің беті көп күннен
тұман, дауыл,
Шытынады шыныдай...
Шыдам, бауыр!
...Шертіле ме жанымның жарық күйі,
Серпіле ме ойларым күмәнді ауыр?..
Адамзаттың дұшпаны, досы кімдер,
Сауалда да салмақ бар...
Кешіріңдер!
Таланыңа тағдырың не жазады,
Қабағына қар жауған осы күндер?
Өксік толса кеудеме түйдектеліп,
Басымыздан күнде сан күйді өткеріп,
Мамыражай маусымға шақырайын,
Аққуы ұшқан айдында үйрек қонып.
Алай-дүлей боранның заматында,
Санаулының қалайық санатында.
Ұшқан құстың арман бар қанатында,
Ей, адамның баласы, кел ақылға!
Абай жұртын көргенде...
Сол кездер сыр айтады
Ұлы Абай жайында әлі.
Көңілді мұңайтады
Жидебай қайыңдары.
Жаныңның жапырағы –
Көзіңнің тамған жасы.
Шыңғыстау шақырады –
Алаштың армандасы.
Бет шайып ырымдағам,
Ералы бұлағына.
Жыр жазсам сыбырлаған –
Ұлы Абай құлағыма.
Бұлт көшкен алашұбар
Түс көргем келерімде...
Көзімнің қарасы бар –
Абайдың өлеңінде.
... Көгіңнен бір құс көрдім,
Жай таппай жаным әлі.
Мен саған тұңғыш келдім,
Мыржықтау, Абыралы!
Батады баталы күн,
Уақыттың күймесіндей.
Абайдың шапанының
Үзілген түймесіндей.
Жарқырар көңіл айым,
Сырғыса құралай күн.
Арайға шомылайын
Жұртында ұлы Абайдың.
Бұл дағы баталы ұғым,
Күн солай өтеді ме,
Абайдың шапанының
Оралып етегіне...
Бауыржан ағаға
Қараөлеңге ғашық боп қарындасың,
Аға, сені іздеймін сағынғасын.
Аспантаудың сәлемін алып-ұшып,
Келді ауылыңа ақ тамақ қарлығашың.
Жанарларын тұңғиық жасқа бұлап,
Жатыр ма екен еркелеп тастан құлап.
Мені алыстан мөлдіреп шақырды, аға,
Сіз жырлаған әйгілі Қасқабұлақ.
Қарсы алатын жанымен күліп алдан,
Кімде осындай бар екен тұнық арман?
Сізде арман жоқ, ағажан, қара өлеңде,
Тұманбай мен Қадірге іні болған.
Алданбаған дүниеге аңғал басы,
Бізде әдемі достық бар таң қалмасын.
Мақатаев тұтатса мендегі отты,
Сіз Абайдың жалғасы, армандасы.
Өлең деген тұңғиық иірімде,
Бақытыңның бөлек қой күйі мүлде.
Ақын үшін өмірде ұлы асу бар,
Абай туған мекеннің биігінде.
***
Көгімде сан жұлдыз жарқырап,
Шіркін-ай қол жетер ме еді,
Қаланың шамдары үміттей әлдилеп
Тербетер мені.
Шатырда отырмын түн ауа сіміріп
Таңғы ауа жұпарын,
Бір ғасыр күткендей шөл қысқан кенезем
қайталап жұтамын.
Не деген сұлу ең, бұл түннің
Мойылдай қап-қара көздері,
Сені алғаш көргенде бөтен ең,
Өзге едің.
Жүрекке ғарыштай ғаламның
Сыярдай мекені,
Жетелеп әкетті құс жолы қияға
Қиялдың жетегі.
Тұнық түн...
Үміттің...
Тамылжып таңыма ұластың,
Әлемнің жарығын сыйлаған Анамдай
Бәріңді бауырыма бастым.
Қайырлы таң!
***
Көк пен жер арасы
Бәріне төреші уақыт бар,
Түсінген адамға бақыт бар.
Туу мен өлу, гүл егу, содан соң жұлу
Һәм қопару,
Жаныңды суырып алардай ауырту,
Содан соң емделу, от алу.
Жиғаның шашылып, маңдайды тасқа ұрып,
«Дос» күліп тайғанар,
Қайтадан үміттің тастарын жинайтын
қайратың қайралар.
Күзгі ызғар суықтан тоңатын жапырақ
Жаныңның дірілін,
Көктемнің үміті қуантты жайқалар
Жазына даланың гүлінің.
Мұңайған кезіңде ешкімге көрсетпей
Асүйде бір жылап алатын,
Бақытты сәтіңде өзгеше бір әнді
Ыңылдап салатын...
Сәт туар жақының алыстар
Жыраққа – жарылыс,
Жоғалған жылдардың ізімен сағынып,
Құшақтап алуға даярдай сағыныш.
Ақ парақ аяулы өлеңді
Қайтадан жазамын,
Бәріне төреші бұл уақыт
Түсінсең, ғажабым.
О уақыт!
Әр сәттің қадірін сезінер
жүрекке сый бердің,
Үндемеу арқылы
Бақытты болуды үйрендім.

2894 рет
көрсетілді0
пікір