• Айтарым бар...
  • 04 Шілде, 2024

Омар төре

хикая

 

Шекара кардонынан қашқақтаған бес жігіт Жүзасудың таутеке тұяғы әзер сияр тар соқпақтары арқылы өтіп, Матай тауының бөктерімен жүріп отырды. 
 – Сол маңда ауыл болуы керек, бөтен таба қоймас деп, Қоянкөзден аулақ кетіп, тау ішіне ұзай барып қоныпты, – деді алда келе жатқан Бекен бұрылып. Омар төре «Бастай бер» дегендей ишара етті.  Жыл өткен сайын бәлшебектер күшейіп келеді. Шекара күзеті де мығым.  Бұрын емін-еркін өтіп жүрген Сатылы  тұсындағы  Аралтөбе, Бірлік деген атаулармен құрылған артельдерде де  белсенділер көп, «кедей теңдігі» дегенге бөріктері қазандай боп, құлшынып жүр. Аямайды. Жеті атасынан беріде есігінің алдына тышқақ лақ бітпеген, не іске,  не сөзге қыры жоқ ынжық  Сәрсеннің артельге басшы болып, елді бір қамшымен айдап жүргенін естігенде Омар «Бақ қонарда бет-аузыңа қарамайды» деп әуелі күліп еді. Кейін аталастың біразын айдауға жібергенін естігенде күйіп кетті. Намаз оқып отырып, жел жіберіп қойғаны үшін жұрт  «тырқылдақ молла» деп атап кеткен дүмше Тәкенді ұстатып жібергені тіпті есі дұрыс адамның ісі емес. «Құлқуалланы» дұрыс қайыра алмаушы едім, сол үшін құдай жазалады ма мені? – деп жылапты арба үстіндегі байлаулы қария.  «Құл құтырса құлағыңнан қиқу кетпейді». Қайран Құдияр ағасы  әулие екен ғой. Ескіден келген елдікті, атадан сіңген өрлікті сақтаймын деп жүріп ол да өлді. Алты мүшелден асып кеткен қартты ату жазасына кесіпті...
    Омар төре бетін сипады. Сосын жүрісті жылдамдатпақ болып Сүлікқарасын тебінді. Бұл жануарды екі жыл бұрын осы маңнан, Қытай асып бара жатқан бір көштен  тайтұяқ күміске айырбастап алып еді. Тау түлігі екен. Әр тасқа тұяғын тік салып, тайпалып береді. Тау-тасқа аттың аты жүреді ғой, егер еркіне жіберсе жігіттер ілесе алмайды, тек Бекеннің торысы қара үздірмес.  
Қайқы құздың батысын ала  ет пісірім жүргеннен кейін алдарынан жартас шықты. Бекен қолын көтеріп белгі берген. Бәрі тоқтап, аттан түсті де, елу-алпыс қадамды жаяу өтті. Жартастың арғы бетіндегі шор жотада тасасынан киіз үй төбесі көрінеді. Әріректе тағы төрт-бес үй тұр. 
Бекеннің ауыл дегені осы бассауғалап жүрген  алты үй екен. Иттер үрмей, тым-тырыс үнсіздікке бой алдырған. Бір барақтың әупілі бір рулы елді ұстап беруі мүмкін...  
– Мен жақынырақ барайын, – деп Бекен бүкшиген күйі алға жүгіре жөнелді. Жер бауырлап жатып, біраз тың тыңдады да, кері қайтты. Бұлардың қасына келіп, тасқа арқасын сүйеп отыра кетті де, сыбырлай сөйледі: 
– Мына үйдің алдында ерттеулі жеті ат байланып тұр. Ер-тұрманына қарағанда солдаттар болуы керек. Жылаған дауыстар шығып жатыр...
       Ол Омарға қарады. Төре ләм деместен жаңа Бекен барған тұсқа беттеді. Жігіттер де бой жасыра соңынан ілескен, діттеген тұсқа жетіп,  бәрі қатарласа жатып, ауылды барлады. Үйлер алақандай жазыққа айнала тігілген екен, Бекен айтқан аттар  тұр. 
– Ананы қараңдар?! – деді Қаби сұқ саусағымен үйдің оң жағын нұсқап, бір еңгезердей жігіт шалқасынан сұлап жатыр екен.  Әріректе тағы бір-екеуі жатыр. Еркек біткенді атып тастаса керек. Алтықанат, жұлым киізді қара үй жақтан әйелдердің жылағаны естіледі. Бір мезет қарқылдап күлген дауыс пен орысша шүлдірлеген сөздер естілді. 
– Түсінікті, – деді Омар. – Болары болыпты... сәл тосайық, олардың саны бізден көп, қарулары да бар.   
– Тәуекел етсек... – Бекеннің тісі шықыр ете түскен. – Қамсыз секілді ғой...
– Доғар! – деді төре сұстанып. – Сәл күн еңкейсін... сосын...
Жігіттер қайта жартас тасасына барып, жамбастай жатысты. Ешбірінде үн жоқ. Бір тастың үстінде түнеріп төре отыр. Қаби мен Қанай аттардың, айылын босатып, ерді сәл шоқтыққа қарай ысырып, қалмақша байлап тастады.  Манадан жылқыларды ұстап тұрған Ерназар да осыдан кейін ана екеуімен бірге келіп, бұлардың жанына отырды. 
– Иттер...
Омар төре күбір еткенде жігіттердің бәрі елең етіскен. 
– Қайтеміз? – деді Қаби. Үнінде зіл бар. Омар ойланып қалды. Бесатары  бар шекарашыларға қылыш,  маузермен қайрат көрсете алмайсың. Жанындағы төртеу –  Күреңбелдің жігіттері. Мына ен жайлау, тау,  ұшқан құс, жортқан аң, жорғалаған жыланға дейін ықылым заманнан  осылардыкі еді. Ата-бабасының табанының табы қалған туған жеріндегі солдаттардың лаңына іштегі ашу бұрқ-сарқ қайнап, шыдатпай-ақ барады. Кеттік десе дәл қазір солдаттарға жалаң қолмен лап қойғалы отыр, бәрі өлімге тік қарайтын сайыпқырандар. Ондай болмаса төре жанына ілеспес еді...
– Сәл шыдайық...
Күн еңкейіп, айнала алалана бастағанда ауыл жақтағы дауыстар басылып еді. Омар қозғалды, жасы кіші Ерназар аттарға қарай оқталып еді, төренің ішіндегіні айтқызбай білетін Бекен тоқтатты.    
–    Тоқта! Ат үстінде атойлап кіретін іс емес...
Бұлар баспалаған күйі киіз үйлердің бірінің тасасына жеткенде сыртқа  еңгезердей солдат шыққан. Байқамады, керіліп алды да, дәл тұрған жерінде талтайып, дәрет сындырды. Үй ішіндегілерге дауыстап бірдеңе айтып тұр. Сол сөйлеген қалпы қайта кіріп кетті.  
  Омар өліп жатқан жігіттердің бірінің мойны қиялай шабылғанын көріп,  Бекенге ымдап еді, анау байқадым дегендей ишара жасады.  Омар ес білгелі дәл осы кавалерияның қайқы қылышы халықты қанға бөктіріп келеді. Ақ гвардияның сесі болған сол болат осы күні қызылдың да белінде салаңдап жүр. Атты әскер қылыш суырып үлгерсе, жігіттердің жағдайы мүшкіл болмақ. 
    Бекен солдаттар жатқан үйге қарай емпеңдей жөнелді. Омар сыртынан сүйінген. Ұзын бойлы, қаршыға қабақ,  жауырынды, бұлшық еттері бұлтыңдаған осы қараторы жігіттің өзіне серік болғанына үш-төрт жылдың жүзі өтті.  Оқтан қаймықпайтын батыл, алысқанын алып ұратын апайтөстігі өз алдына, көкейіндегісін айтқызбай ұғып, тез тындыратын әбжіл.  Басқа серіктері де осал емес, артық етсіз, сіңірлі,  екі-үш адамды оңай сұлатып салатын ерен, еңсегей бойлы, білегі жуан балуандар.  
Бекен жеткеннен кейін Қаби мен Қанай да солай жүгірді.  Жігіттер ыңғайланып алғанда Омар төре есікке беттеді. Манадан бергі ашу-ыза алқымын қысып, кең адымдап, аяғын нық басып, тік келеді. Төренің мынасына аңтарылып, Ерназар тұрып қалып еді.  Омар сықырлауыққа  жете бергенде Бекен лып етіп алдын орап,  ақырып, ішке қойып кетті. Қаби мен Қанай да Омарды кері  итере ұмтылды. Шыңғырған әйел даусы шықты. Жан-жаққа қарауға мұрсат жоқ, жігіттер араққа тойып алып, жер дастарқанды айнала жатқан солдаттардың үстіне қона кетті. Омар қанжарын суырып, босағада сүйеулі тұрған мылтықтардың қасына тұра қалған. Ерназар сол мылтықтың бірін ала салып,  төрт тағандап қашып жүрген солдатты бастан дүмімен ұрды. Алқын-жұлқын. Жылап-сықтаған әйелдер мен балалардың даусы. Жігіттер масаң солдаттарды үйме-жүйме етіп, ұрып, сілейтіп салды. Бақырған, боқтаған дауыстар тез басылды. Бекеннің ашуы тарқар  емес,  бүрісіп жатып қалғандарды тепкілеп, тапаншасының түбімен қойғылап жүр. Ерназар да  мылтық дүмін үш-төрт қайтара сілтеді. Ұрғаннан қолымыз талды-ау дегенде ғана олар кіресілі-шығасылы есі бар  солдаттардың қолын қайырып байлауға кірісті.  
Омар төр жаққа қарай алмай көзін тайдырып әкетті,  омырауы дал-дұл жас келіншек ыңырсып жатыр. Тағы бірі, кеудесін қолымен жауып, зар еңіреп отыр,  бес-алты бала мен үш-төрт кемпір қасқырдан ыққан қойдай жүктің бұрышына тығылыпты. Мына көрініске шыдамай төре далаға шығып кеткен.
Жігіттер әлгілерді сүйреп әкелгенде Омар қанжарын қынына салып, қос бүйірін таянып тұрған.  Түрінен адам шошиды, қабағы түксиіп, көзі қанталап кетіпті. Ерназар жылап шықты: 
– Өлтірем әкең...Өлт-і-р-е-м! 
Жиырмадан енді асқан жігіт дәу солдатты бүйірден бір теуіп,  мылтығын оқтай бергенде Қаби қағып жіберіп, төреге қарады. Әмір күткені.   
– Ағатай...
Омар маталғандардың біріне жалт қарады. Шикілсары, көзі тұздай бірі таза қазақша тіл қатты. 
– Ағатай... мені өлтіре көрмеңізші...
Омар әлгінің алдына жүрелеп отырды. 
– Кімсің? 
– Есімім Наби, татармын... 
Омар оның ашық-шашық омырауында жылтырап тұрған кресті байқап, саусағымен іліп, бері тартты.
– Шоқынғанмын... ағасы... кешіріңізші... мен аудармашымын... мен бір бейбақпын...
Бір көзі жұдырықтай болып ісіп кеткен Наби еңіреп жіберген. Қаны басына шауып, еліріп тұрған Бекен әлгіні бір ұрып еді,  Омар төре жақтырмай қарады. Сосын: 
–    Босат мынаны, – деді. Бекен төре бұйрығын түсінбей алара бір қарады да Набидің қолын  шандыған жіпті кесіп жіберді. 
–    Тұр, – деді Омар төре Набиге қадала қарап, анау түрегелді:   –  Отыз қадам ұза.  Жартасты көрдің бе, соған дейін қашып, тасасына тығылып үлгерсең таза болғаның, шыбын жаның өзіңдікі. Үлгермесең...
Төре Ерназарға иек қағып еді,  иі жұмсақтау болғанымен қарауылға ілінгенді қалт жібермейтін  жігіт мылтығын оңтайланып тұра қалды. Төренің Нәби арманда кетпесін деп, бір мәрте оқ атқызғалы тұрғанын Бекен де түсінді.  Көзінен жасы сорғалаған Наби шегіне берді, төрт-бес қадамнан соң  бұрыла сап, өрге қарай қаша жөнелді. Жалтаң-жалтаң қарап, оқ дарытпайын дегендей бұралаң сап барады. Ол отыз қадамнан да ұзап кетті. Ерназар шүріппені саусағымен сипап әлі тұр. Тағы жиырма-отыз адым. Жартасқа он қадамдай қалғанда Қанай шыдамады:
– Өй, ат! Құтылып кетеді. 
Олар Омардың екі сөйлемейтінін білетін. Алақараңғыда көйлегі ғана ағараңдап бара жатқан ана татар жартасқа жетсе жазадан құтылып кетеді. Осы кезде мылтық гүрс еткен. Үмітіне қол созым қалғанда тілмаш жалпасынан түсті. Етекке домаламай, сол қайқаңда аяқ-қолы тырбиып, бақадай жатыр. Ерназар  өз-өзіне сүйінгендей мылтықты сипап қойды. 
– Мыналарды не істейміз? 
Бекен солдаттарды меңзеп еді, олар жамырап қоя берді. Өз тілдерінде  бірдеңе деп  бақылдап жатыр. Қаби: 
– Жап аузыңды! – деп бірін нұқып жіберген. Қайдан, алтауы алты жақтан былдырлайды. Омар ақырып жіберді.
– Молчать! Я Омар, сын Муртазы, буду вас казнить!  Позор, слеза  этих женщин не смоет даже ваша вонючая кровь!
Сұсты қазақ таза орысша сөйлеп сала бергенде әлгілер жым болған. Сауға жоғын түсіністі.  Жігіттер де аңтарылып қалыпты, атақты Абылай ханның баласы Әділ сұлтаннан тарайтын төренің басқа тілде сөйлегенін көргендері осы.  Омар бұларға бұрылып: 
– Жазалаңдар, – деді. 
– Қалай?
– Өздерің біліңдер... – осыны айтып Омар анадайда тұрған бір үйге беттеп, керегесіне арқасын сүйеп отыра кетті де  қос қолымен шекесін сығымдады.  Осы кезде қорланған келіншек сыртқа шыққан. Шашы жайылып, ашық омырауына жартылай жауып, сүйретіліп келеді. Қолына солдаттардың бірінің қылышын ұстаған екен. Ұшымен жер сызып, аяғын әзер басып, ілбіп келеді. Ол жақындаған сайын тұтқындар бір-біріне тығыла түсіп, тықсырылып барады. 
– Қарабеттер...
Жылай-жылай даусы қарлығып қалған келіншек осыны айтты да, қылышты тік көтеріп, ұшын өзіне бұрды. Ешкім тоқтатуға тырыспады. Езуінен қанды көбік сыздықтаған келіншек етбетінен құлаған кезде жігіттер тұтқындарды тағы тепкілей жөнелді. Қантүлегеннен  жүзі күреңітіп, көзі ақшиып кеткен Қанай солдаттардың атына беттеді. Бірінің айылын тартып мінді де, екіншісін ағытып, шылбырын кездігімен шарт қиып, қолына алды.
Атын ойнақтатып, тұтқындардың жанына келіп, Ерназарға  шылбыр ұшын тастап: 
– Сал мынаны бірінің мойнына, – деп ақырды. Бұл кезде Қаби де бір атқа мініп үлгеріп еді. Екеуі солдат мойнына орай салынған қайыс шылбырды екі басынан кере тартып, төмен қарай шаба жөнелді. Көзі алақтаған ана солдат  аз ғана қарсыласып,  табанымен жер тіремек болды да, тақымға түскен лақтай кете барды. Жігіттер біраз жерге дейін шауып барып, кері қайтқан. Солдаттың өлігін қалған бесеудің алдына әкеп тастай салды. Шылбыр қыл мойынды қиып жіберген екен. Солдаттардың жастауы пырс-пырс жылап отыр еді, мынаны көріп бақыра жөнелді. 
– Мынау бұтын былғады, – деді Бекен ат үстінде тұрған екеуге қарап ызалана күліп, басын шайқады.  Сосын сәл ойланып тұрды да: – Бұлай болмайды.  Сасық текеше бауыздаймын бәрін, – деп шорт кесті. Бұл кезде Омар төре еңсесі кетіп, Сүлікқарасы қалған жаққа кетіп бара жатыр еді. 
– Мына сұмдықты он жылдан бері қан кешіп жүрген Омекең көтере алмады,  қазақты жылатқанның текеше бақырған үні алысқа кетсін, жігіттер, айдаңдар бәрін жота басына, – деді Бекен. 
                     

  ***
 

  Шекарашы сарбаздарды бауыздап тастаған   Омар төре жігіттерінің  дақпырты алысқа кетті. Ауылдарды аралай тіміскілеп жүретін азық-түлік отряды, ерікті милиция дегендердің бәрінің беті қайтып, қазаққа тиісуге кәдімгідей сескеніп қалып еді. Олардың жүрегіндегі қорқынышты сейілту үшін Омардың түбіне жету керек. Комиссарлар жоспар құрып, арнайы отряд жасақтағанын, оған тау соқпағын бес саусағындай білетін Қабыкен дегенді қосқанын төре естіді. Бірақ, қоянжырық Қабыкен ізшіл иттей қай шатқалдың аузында иіскелеп жүрер  дейсің деп, аяғын тартпады. Оның үстіне бес-алты жыл бұрын үйі  аштан қысылғанда Омардың жақсылығы өтіп еді. Тауға тыққан малынан бір тайды сойдырып, жеткізіп берген. Түз кезіп, шекара асып жортып жүрген жігіттердің қызыл саясат кесірінен құрсағы қурап қалған елге өстіп көмектесетіні бар. Соңғы жылы тіпті қайран ете алмады. Басқан іздері аңдулы, бір үзім нан таппай қырылып жатыр деген еміс-еміс жеткенімен бұлар  жазыққа бара алмайды, солдат көп. Ал тау баурайындағы қазақты әрі көшіріп әкеткен.  Тек шекараға керек артельдер қалған, олар жабайы алма, рауғашты, ебі бар жігіттер атып әкелген аңды қаужап, аман отыр. Өткенде Бекен түн қатып, Түлкілідегі жымдармен жүріп отырып Қоғалы маңындағы бір-екі ауылға азын-аулақ ет, бір-екі бидай қап бидай апарып берген еді. «Сұмдық!» – деп оралды. Жолай күп болып іскен өліктерді көріпті, «Қашқан ауылдарды бәлшебектер қоршауға алып, пулеметпен қырып тастады» – дегенді естіпті. Оларды шекарадан алып өтуге дайындалып жүрген Құндақбай мен жігіттері әзер құтылыпты. 
«Жат пен бірге жағадан алған иттіктің де бір шегі бар шығар», – деп ойлайтын Омар төре. Осы сапарға «Бұрынғы жақсылығымды ұмытпаса Қабыкен мені қақпанға түсіре қоймас» –  деп секемді сенімге жеңдіріп аттанып еді. Өзі алда, әдетте алдыны барлап жүретін Бекенмен қатар келеді. Керегетасқа жақындағанда бір-екі кекіліктің пыр етіп ұшқанын көріп, ат үстінде қалғып келе жатқан Бекен басын жұлып алғанда қала тұр дегендей ымдап,  алға жалғыз кетті. Сенгені – Сүлікқара. Қатер болса ешкім қуып жете алмас. Керегетастың аузынан өткенше еш қауіп байқамады, жігіттеріне ысқырып белгі бермек болып, үзеңгі шіреп, ер үстіне көтеріле  бергенінде гүрс етіп мылтық үні шықты. Омар төре қос қолымен ішін басып, бір жаққа ауып түсті де, Сүліқара ойнақтап шыға келді.  Алпыс қадамдай жердегі тастардың тасасына  жасырынған ГПУ қызметкерлері бұған қарай жүгіргенде жандалбасалап, тізеге көтерілді. Сосын жігіттері қалған жаққа қарап:
– Кетіңдер, Бекен! Кетіңдер! – деп айғайлап үлгеріп, қайта құлады.  Бұл кезде Ерназар шапқан күйі бұған жетіп те қалған еді, төрені іліп әкетуге қол созым қалғанда тағы мылтық үні шықты.  Ерназар  қалпақтай ұшқан. Омардан екі адым жерде көзі аларып, жантәсілім етті. Осы мезетте  милиция да жеткен. Төре Ерназарға  қимастықпен бір қарады да, ішін ұстап бұрала берді. Мұндай азапты  өмірі көрем деп ойламаған еді. Бауырын мың құрт жеп жатқандай іші өртеніп барады. Әлсірей бастаған Омар шалқасынан жатып, өзіне төніп тұрғандарға қарады. Мұрты едірейген Қабыкенді таныды. Басындағы жиегі  қырқылған бөркінің маңдайына қызыл шүберек тартыпты. Омар оның қолында шиті тұрғанын көрді, бұны азапқа салған осының оғы.  Абылайдың ұрпағына бармақ оқ қимады мыналар... 
– Ит екенсің... Аттым сені, Қабыкен, – деді төре қырылдап. Осыдан кейін созылып  сала берді. 

***

    ГПУ қызметкерлері Омардың денесін  атқа бөктіріп, Ерназарды сол күйі көмусіз  тастап, кері қайтты. Біраз ұзаған соң Қабыкен аттан түсіп, тас арасынан  бұрқылдап шығып жатқан бастаудан шөл басқан еді. Кешқұрым іші бүре бастады. Жолай қонғанда домаламамен ауырған адамдай дөңбекшіп, таңды әзер атырды. Атқа мінуге әлі жоқ еді, іші алып барады. Қабыкен екінші күні, Қапалға жетпей көз жұмды. Дәрігерлер  бастау суынан құрт жұқтырыпты деп диагноз қойғанымен былайғы жұрт  опасызға Омар төренің назасы өткеніне кәміл сенді. 

Серік Әбікенұлы

 

 

2961 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы