- Айтарым бар...
- 01 Шілде, 2024
Биігінде қалады айтылмаған сөз кейде

Арайлым Мұратәлиева
Біз оңаша қалғанда не болады?
Бәлкім, бізден ұяңдық жоғалады...
Бәлкім, үнсіз қалармыз ақтарылмай,
Не айтуға болады шақта мұндай?
Қаласаңыз, асырмай мөлшерінен
шарап жасап ішерміз жан сөлінен.
Бәлкім, вальс билерміз сырлы түнде,
Қос жалғыздық айналып бір бүтінге.
Нәзік әуен бітпесе таң атқанша,
Жұлдыз біткен таңданып қарап қалса.
Асылармын мойныңа мен еркелеп,
Сені өртемек үшін де, сені өртемек…
Сонда біздің түйісер жанарымыз,
Сол жанардан көрінер хабарымыз.
Сыбырларсың қозғап бір көңіл қылын,
Тек өлтіріп алмашы сенім гүлін.
Келеді ыстық деміңнен сезгім бәрін,
Оңашада айтылар сөздің мәнін.
Ертегі айтып берерсің сонда маған,
Соңы бақыт болатын мен қалаған.
Ертегіге неліктен сенем әлі,
Ары қарай білмеймін не боларын.
Не істеуге болады тағы басқа,
Жүрегіңде атымның бары рас па?
Бары рас па Құдайдың сол жүректе,
(Құдайы жоқ жүректер елжіреп пе?)
Елжіреттім жаныңды қалайша мен,
Сол жылы сәл жымиып қарай сап ем.
Содан бері санаңа салмақ болдым,
Содан бері санама салмақ болдың.
Алыс жүріп неге азап тартамыз біз,
Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?
Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?
***
Жүрегімді шер қысты сені ойлап ем,
Сені ойладым, білмеймін, неге ойладым?
Неге? Неге? Негесі бітпес өмір,
Жүрек – Ақыл егесі бітпес өмір.
Жүрек – Ақыл елесі бітпес өмір.
Жүрегімді тыңдасам – жұбанамын,
Ақылымды тыңдасам – дүбәрамын…
Сағынышқа ұқсайтын тым әсерлі
Ішімдегі қайтемін мына шерді?
Қайтемін шер іштегі отқа айналса,
От ішінен өзімді таппай қалсам?
Ән тыңдасам жүресің ән ішінде,
Сен әлде дүниенің бәрісің бе?
Қалаға кеше жауған қар да сен бе?
Мазалайтын жүректі Ар да сен бе?
Сен шығарсың көңілдің тазалығы,
Сені ұнатып қалғам ба сөз анығы?!
Жан-дүниемді балқытқан шарап та сен,
Балқымасам бұл жырды жаратпас ем!
Табиғаттың сезініп заңын үстем,
Өтіп жатқан өмір-ай жанып іштен!
Келемін деп сертіңнен тайғанап па ең,
Жолымыздың түйіспей қойғаны, әттең…
Сені ойладым, білмеймін, неге ойладым…
***
Сары түстің ғажап екенін –
Күзге қарап ұғындым.
Сыр сақтаудың азап екенін –
Сізге қарап ұғындым.
Адаспаудың қиын екенін –
Жол ұқтырды бұралаң.
Қоштасудың күйік екенін –
Көз ұқтырды жылаған.
Қайғының да көркем екенін –
Жан ұқтырды сөз берген.
Тәтті сөздің ертегі екенін –
Дәмі ұқтырды өзгерген.
Кінәлісіз… Бәрін білесіз,
Білгеніңіз ұнайды.
Мен бар жерде жанып жүресіз,
Ар отына сыңайлы...
Сізді осылай ақтап аламын,
Мен де өзімше Тәңірмін.
Тұрғынысыз басқа қаланың,
Бір мұңысыз көңілдің.
Жырақ жүріп боламын мен де,
Халіңізге жиі алаң.
Жаныңызға барамын деуге
Жарыңыздан ұялам.
Сары түстің ғажап екенін –
Күзге қарап ұғындым.
Сыр сақтаудың азап екенін –
Сізге қарап ұғындым…
***
Екеуіміз айырылмастай тату едік,
Қайтейін уәдеңнің жалғанына…
МАҒЖАН
***
Менің кінәм жоқ екен, кінә сенде,
Кінәларсың мені іштей, сірә, сен де.
Менде бәрі жақсы еді, жүрек ішін
Мекен еткен айналдың бұла шерге.
Бұла түндер, бұла күз, бұла аспан,
Кім бар назға мендегі құлақ асқан?
Менде бәрі жақсы еді, сәтке дейін
Сені көріп ақылдан бір адасқан.
Кімге ұнасын Тәңірдің сынағаны?
Кімге ұнасын арудың жылағаны?
Бірақ…бірақ оларға керек емес,
Біреуге ұнамаған-ұнағаны.
«Дайдидау»… салады еске неге әр нені,
Бір мұңға батырады сол ән мені.
Әттең, шылым шекпеймін, әйтпегенде
Мұң шегуден сол оңай болар ма еді?!
Жүрегімді қайтемін бүлкілдеген,
Жұбатсам екен оны шіркін, немен?
Әркім келіп жаралай беретұғын
Сол жүректен ұялам бұл күнде мен.
Өкініштен ботадай боздайды ішім,
Сағыныштан өртене жаздайды ішім.
Жапырақты аяймыз осы неге,
Сүйетін шығар ол да өз қайғысын.
Менің кінәм жоқ екен, кінә сенде,
Кінәларсың мені іштей, сірә, сен де.
Қайсысын кешірсем деп Құдайымыз
Қалды ма екен екіұдай бір әсерде.
Айтылмаған не қалды арамызда,
айналды бәрі аңызға.
Арымызға тұтқын боп біз екеуіміз
Салмақ артып алдық па санамызға?..
Бола ма екен жалынды сөндіруге?
Тым ақылды боп алдым мен бүгінде.
Мен ұнатқан сол ғажап ертегіні
Айтып берер екенсің енді кімге?..
***
Сенің кінәң жоқ еді, кінә менде,
Сүйе алмаған ешкімді бұл әлемде.
«Сүйе алмадым» деймін ғой, сүйдім бе екен,
Мәнін ұқпай қалдым ба күйдің бөтен?..
Көңіл суық сөздерге көнгенімен,
Жек көрмеген шығармын пендені мен...
Бәлкім, маған өзің де таңғаласың,
Сағынбадым дәл сендей жан баласын.
«Сағынбадым» дегенім сәл өтірік,
Білмеймін не деуді ақын бола тұрып.
Білмеймін, қалай жақсы көрем сені,
Жан да емессің көңілді, зор еңселі.
Әңгімеңді тыңдаймын сонда да мен,
Ішіме түсініксіз орнап әлем.
«Сүйемін» дейтінің де бар еді ғой,
Осы бір сөзің ғана әдемі ғой...
Сенің кінәң жоқ еді, менде кінә,
«Суықсың» деп жазғырды ел де мына.
Мінезін байқатады үйдегі зат,
Олар да өкпелеуді үйреніп ап!
Бір кездері едім ғой бала ғашық,
Бұл күндері жүрмін бе мен адасып?
Қайта-қайта жаңғырар осы есімде,
Жаяу жүрсем өткеннің көшесінде.
Іште қалды сырымның көбі ашылмай,
«Мен бір жұмбақ адаммын» дәл осындай.
Не деймін, кешірерсің «кінәм» үшін,
Тәңірді де кеше сал сынағы үшін,
Жауапсыз қалып қойған дұғаң үшін...
ИНТРИГА
«Бір ақынды ұнатып көргенсің бе?» дейді әпкем,
Жауабы бар сұрақ та қиын екен кейде, әттең!
Бір ақынды ұнаттым, жасырмаймын еш оны,
Тура жол деп түсіндім ол жүретін көшені.
Оның жазған өлеңі болмаса да шедевр,
«Жатқа оқып берсең де жарасады» деді өмір!
Сұлулық деп мән бердім ол киетін киімге,
Жар да сұлу ол құшқан күткен өзін үйінде.
Ол жолдаған сәлемнен сезіледі іңкәрлік,
Ойда ғана күн кешу кейде етеді тым тарлық!
Айтар ма едім есімін жарты әлемге жар салып,
Менің кімді сүйгенім кімге керек соншалық?!
Ықыласты мендегі ол расымен сезбей ме,
Биігінде қалады айтылмаған сөз кейде!
Ол соншама кім еді шықпайтындай санамнан,
Анда-санда еске алар ұят болды анамнан…
О, мысалы осы өлең мен жазатын өлең бе?
Бірақ одан қадірім түсе қоймас төменге!
Бір басыма жетерлік бергенімен Құдай бақ,
Салатыны бар еді көңілімде мұң ойнақ.
Бізді мына дүние жолықтырды неге кеш?
Міне, осы жауабым. Айтар сөзім көп емес!
ЖАЗҒЫ БЛЮЗ
Өзімді еске алдым кешегі,
Армысың, ескі Елес, о, шерлі!
Өткен шақ самал боп еседі,
Саксофон үніндей əсерлі.
Ол кезде басқаша болатын
Сəлемің. Ал, бүгін өзгесің.
Əсерлі əніне салатын,
Кінəлап қайтемін Жаз кешін.
Сенсіз де жазар ем ойлы өлең,
Бір нəрсе жетпейді... білім бе?
Сен маған қазақша сөйлеп ең,
Мен саған жүректің тілінде.
Ұмытпау үшін де атыңды,
Өткенге орала беремін.
Маңдайға жазылған мəтінді
Оқуды үйреніп келемін.
Өлең боп төгілдің сиядан,
Санамда жоқ еді жат ұғым.
Телефон соғуға ұялам,
Немесе жетпейді батылым...
Өзімді еске алдым кешегі,
Армысың, ескі Елес, о, шерлі!
Өткен шақ самал боп еседі,
Саксофон үніндей əсерлі...
ЖАҢБЫР
Жаңбыр жауып, салғанда шатыр əнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым.
Қайыңдардың тиіспей сырғасына,
Айды биге шақырдым қыр басына.
Аспан, маған төге ғой болса сырың,
Қалып қойды үйімде қолшатырым.
Сол бір тұнық тамшыңа жуынайын,
Өлең болып қайтадан туылайын.
Терек едім сынбайтын, сағы мықты..
Сезесің ғой мендегі сағынышты.
Өмір жайлы ойлармен егесемін,
Ешкіммен де ешқандай жоқ есебім.
Табиғаттың сүйсінем əр ісіне,
Жəне біздің сезімдер вальсіне.
Айтарым да көп еді түнге менің,
Тыныштықты сүйемін – үндемедім.
Жаңбыр жауып, салғанда шатыр əнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым...
***
Өмір маған ұнайды соңғы кезде,
Соңғы кезде жібіді тоң мінез де.
Сені ғана ойлаймын бұл күндері,
Керегі жоқ секілді жанның өзге.
Жо-жоқ...керек дос, бауыр, ана керек,
Және сенің орының алар ерек!
Бұл алғашқы өлеңім өзің жайлы,
Өзім жайлы бұл да бір жаңа дерек.
Шақырғаның есімде алғаш биге,
Билеп едік сезімге сәл мас күйде.
Алматыда көрінген Тау сенбісің?
Айналып кеттім бүгін мен Каспийге.
Ұнайды зор талғаммен киінгенің,
Керек болса, айнаның күйіндемін.
Керек болса, іштегі мұң боламын,
Мінезім бар осындай қиын менің!
Сүйгені үшін соғылған тасқа басы,
Ғашық жанның емес қой пәс бағасы.
«Жүрек» деген сөз шығар ең әсерлі,
Жүрек деген – сезімнің астанасы.
Сендік құрмет бағамды биік еткен,
Көңілімде жиі жаз, жиі көктем.
Өмірің жақсарады, білесің бе,
Осы өлеңнің авторын сүйіп өтсең...

2369 рет
көрсетілді0
пікір