• Айтарым бар...
  • 01 Шілде, 2024

Бала – балың, бала – талың

Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша  тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтан да туған үйдің жылуы – оның  көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде қалады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. Баланың шыр етіп өмірге келуі – үлкен  қуаныш.  Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Алланың берген сыйы.  Тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналы-ғына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі   ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды»  – деген  сөз тегіннен тегін айтылмаса керекті. Олай болса адам өмірінің мәні – өз  ұрпағы.
Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз 
ол – ата-ана. 
Ата-ана – бала  тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін ата-анадан  артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық, сыпайылық сияқты қасиеттер – жанұяда  тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез- құлқын-дағы  ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған дұрыс. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар  «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» – дегенді  айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің де қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздарымен  үй шаруасында жүріп те әңгімелесіп, ой бөлісуге болады 
 Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында ата-ана  үй ішінде әдептілік танытқаны жөн.
 «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, ертең-ақ ұл өсіп ержетеді, қыз өсіп бойжетеді.
Абай атамыздың жетінші қара сөзінде:
«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады». Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. 
Екіншісі – білсем  екен деп ұмтылып, одан ержеткенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге 
бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі «жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен»деген үлкен пәлсапалық ой. Яғни, балаға туғаннан тән азығы – тамақ  қандай қажет болса, жан азығы – жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет. Отбасында негізгі туыстық қатынас – ерлер  жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталды. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін жықпауға тырысқан... 
«Желке ас болады майлы болса.
Жиен ел болады жайлы болса» – деген  мақалды осындайда айтқан-ау дана халқымыз.

Зәуреш Сыпатаева

2631 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы