- Айтарым бар...
- 01 Шілде, 2024
Қазақ – біртұтас

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп Абай данышпан айтқан екен. Өкінішке орай араға бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, осы бір өсиеттің парқына барып жүргендер тым аз ба деп қаламын. Қазіргі қазақ қоғамында, әсіресе ұлт көшбасшысы болуға тиісті зиялы қауым арасында ұлт болып ұйысудан гөрі рушылдыққа, жүзге бөлінуді кеңінен насихаттамаса да, созылмалы аурудай сыпсың, қыңыр сөздерді, іріткі салуға бейім пікірлерді жиі байқауға болады.Дәлел керек пе, бірнеше мысалдар келтіріп көрелікші... Әсіресе басшылық қызметтегі кейбір азаматтар рушылдық, жершілдік ауруымен өте қатты ауыратыны өкінішті-ақ.
Алда-жалда жөн сұраса қалсаң, немесе ісің түсіп бара қалсаң сенің түп-тұқияныңа дейін қазып, әп-сәтте «днк»-ыңды анықтап, ауызша анықтама берудің шеберлерін көріп жүрміз. Бәсе, сен анау рудан екенсің ғой... деп, тура бір орыс арасына кірігіп кеткен «ақылды ұлт» өкілдеріне теңеп, кемсітетінін қайтерсің. Міне, солар бар ғой, қазақтың нағыз жаулары. Біле білсек, қазақты құртып жүрген осы рушылдықтың «созылмалы ауруы». Айналайын, ағатай-ау, қазақта қанша ру болса, сонша рудан шыққан батырлар, үш жүзді біріктіріп кеткен Абылай хан, кеше ғана орыс отаршылдарымен жолбарысша алысып кеткен қазақтың соңғы ханы Кенесары бабамыз, Алаш арыстары, 1986 жылы кеңес империясының шаңырағын шайқалтып кеткен Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары біздің бәріміздің бір қазақ болып қалыптасуымыз үшін бастарына түскен ауыртпашылықты қасқайып қарсы алып, кейбіреулері жандарын пида етті емес пе? Қазіргі қазақ – біртұтас қазақ. Қазіргі қазақ ұлты – Қазақстандағы мекендеп жатқан басқа ұлттардың ұйыстырушысы, көшбасшысы екенін ұмытпайық. Бұл туралы әр жылдардағы халыққа жолдауларда талай рет айтылды. Бізде ұлтымыздың өсіп өркендеуі үшін, қазақ тілінің өз тұғырына көтерілуі үшін барлық жағдай жасалған. Бәрі өз қолымызда. Жүзге, руға бөлінбей «әр қазақ менің жалғызым» деген қағиданы ұстанып, бірі-бірімізді көргенде: «Қош келдің, қазақ бауырым», «Қош көрдік, қазақ бауырым» дейтін, туысшыл, бауырмал дәрежеге жетуге әрқайсымыз лайықпыз, ағайын. Сонда бізді ешқандай да сыртқы жаулар, басқа ұлттар басына алмайтын болады. Әрбір қазақ бір-бірімізбен қазақша сөйлесейікші. Қазақ тілі қазаққа ғана керек.Сонымен қатар, орыс тілді қандастарымызды оқшауламай, бауырмал болайықшы. Кеңестік жүйенің салқыны тиген ұрпақ өкілдері де қазақ екенін ұмытпайық. Жылдар өте келе олар да балаларын қазақ мектептеріне беріп, ұлтымыздың жанашырлары боларына сенемін... Рас, жоғары биліктегі министрлер мен шенеуніктердің көбінің қазақшасы шамалы. Сонымен қоймай солар қазақ тілінің мәселесін қызу талқылайтынын қайтерсің? Парламент мінберінен есеп беретін кейбір депутаттар мен мининстрлер, лауазымды шенеуніктер қазақшаға келгенде жолсыз жермен жүріп келе жатқан көлік сияқты кібіртіктеп, ал, орысшаға келгенде асфальт жолға шыққандай көсіле «зулайтынын» көріп те, естіп те жүрміз. Міне, бұл өте өкінішті жағдай. Қазақ тілін өркендету үшін, биліктің тілін нағыз, таза қазақшаға көшіру керек. Сол кезде ғана тәуелсіз елінің төріне оза алмай, босағада 32 жылдан астам уақыт бойы телміріп тұрған қазақ тілінің бағы жанады. Бұл – әрбір қазақтың арманы. Қазақтың рухын көтеру үшін тілімізді қастерлеп, төрге шығаратын кез жетті. Ғасырлар бойы аталарымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізге, қасиетті дінімізге, Отанымызға адал болайық.
Жаңабек Тойбазаров

2352 рет
көрсетілді0
пікір