- Айтарым бар...
- 04 Маусым, 2024
Ән – жан дүниенің сезім пернесі
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ
Біз жақсы әнді неге тыңдаймыз?
Бір сәт күйбең тіршіліктен арылып, ойымызды сергіту үшін, тәтті қиялға беріліп, ғажап бір ойға шому үшін тыңдайтын болармыз.
Жақсы әнді жақсы әнші орындаса, оның да әсері бөлек. Өйткені, жақсы әнші жүрекке жеткізіп, көңілді тербеп айтады. Әннің мақсаты да сол. Егер ән тыңдаушыны тебірентпесе, көңілін әдемі күйге бөлемесе, ондай ән де, әнші де есімізде қалмас еді.
Лирикалық, назды да сазды әндердің орындаушысы Лашын Мұратқызының «Қайтар маған» деп аталатын әнін алғаш рет тыңдағанымда осындай бір күйге бөленгенім бар.
Аралайын өткенімнің гүл бағын
Гүл бағыма сен де бір жүр, жаным.
Өзімді емес, сезімімді тыңдасам,
Жүрегімнің табар ма екем жұмбағын, – деп басталатын ән жолдарында шертілмеген сыр, өткен күндерге деген сағыныш, аяулы сезім жатқандай әсер қалдырады. Сөзі мен әуені әдемі үйлескен бұл әннің тұп-тұнық табиғатын Лашын Мұратқызы бар шеберлігімен жеткізе білген.
Әрбір жаңа әнді тыңдағанда осыны әнші қалай алып шығар екен деп ойланатын кезің болады. Өйткені, ән – жан дүниенің сезім пернесі. Сезім пернесі дұрыс шертілмесе, ән де тыңдарман жүрегіне жетпейді. Ән мен сөздің үйлесімі – туындының жарты бақыты деп айтуға болады. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қайтар маған» осындай деңгейден көрінген ғажап ән.
Жылдар, жылдар, қайтар маған,
Сезімімді айта алмаған.
Ол күндерден неге өкініш, қалды мұң?
Күндер, күндер қайтарыңдар,
Өткеніме айтарым бар
Сол сәттердің бағалайын әр күнін.
Қайтар маған өткенімді
Ұмытпайын өкпе-мұңды,
Өкініштің өшірейін барлығын.
Иә, жылжыған жарқын жылдар керуенінде байқалмаған бақытымыз, айта алмаған сезіміміз қаншама десеңізші. Ал солардан өкініш пен мұңның қалуы да заңдылық сияқты.
«Қайтар маған» әнін тыңдай отырып, ән құдіреті арқылы өзіңнің жан дүниеңе, өткен өміріңе ой көзімен зер саласың. Әр адамның арман-аңсарында, ой-мұратында «қайтар маған» дейтіндей бір тылсым үннің бары анық. Ол болмаса, өткен уақыт соншалықты бағалы, қастерлі болмас та еді.
Лашын Мұратқызының жалпы шығармашы-лығына зер сала отырып, өнер иесінің ән қоржынында ұлт эстрадасының дамуына үлес қоса алатын өзге де тамаша әндердің бар екенін байқадым. Мысалы, «Жоғалған сезім», «Тағдырдан көреміз неге?», «Асыл ана», «Әкеге сағыныш» және т.б. лирикалық әндері соның дәлелі. Әншінің өзіне тән болмысы, дауыс бояуы, қоңыр үні, репертуар таңдаудағы талғамы шығармашылығына кәсіби көзқараспен қарайтынын білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, Лашын Мұратқызы – қалыптасқан әнші. Өнер әлеміне үлкен дайындықпен келген.
Жалпы, жақсы әншіге тән қасиеттің бірі – өзінің ішкі болмысын, табиғатын дөп тануы. Мысалы, кейбір әншілер болады, айтып тұрған әні өзінің табиғатымен үйлесе ме, үйлеспей ме, бұл тұсына жеткілікті дәрежеде көңіл бөле бермейді. Ал Лашын Мұратқызының әндерінен мұндайды кездестіру қиын. Себебі ол өз табиғатына, дауыс бояуы мен ырғағына сай келетін әндерді лайықты таңдай біледі. Сондықтан да оның әндерінде жасандылық жоқ. Бәрі де табиғи, көңілге қонымды.
Белгілі композитор Ербол Спаналиевпен дуэт болып орындаған «Жек көрдік, сүйдік» деп аталатын әні (өлеңнің авторы – ақын Ерлан Жүніс) де сәтті шыққан туынды екені шүбәсіз. Баянсыз махаббат тақырыбын арқау еткен ән арқылы ғашық жандардың бір-біріне деген қимас сезімдері шебер суреттелген.
Жек көрдік. Сүйдік. Жалықтық тағы.
Сезімді сонша тез кештік.
Жолықпау үшін жолықтық тағы,
Кездеспеу үшін кездестік, –
деп басталатын ән жолдары тыңдарманды ой мен сезімге қатар бөлейді. Бұл әнде ғашықтар арасындағы қоңыр мұң бар. Еріксіз қоштасуға мәжбүр еткен тағдыр, баянсыз махаббат бар. Бірақ сол баянсыз махаббаттың айналасында қаншама телегей-теңіз сезім, орындалмас арман жатқанын пайымдай білу де шеберлік. Бұл ән осы тұрғыдан алғанда ғашықтар басындағы мәжнүн-хәлді өз деңгейінде жеткізе білуімен көркем бола түскен.
Әдетте, біз поэзияны оқығанда одан өзімізге әсер етерлік ойды, әдемі теңеулерді іздейміз ғой. Ал поэзиямен ән біріксе, ол мүлдем жаңа сапаға, жаңа деңгейге көтеріліп, басқаша әсер сыйлайтыны тағы бар. Бірақ, бұл жерде ескеретін дүние поэзия да, ән де тонның ішкі бауындай үндесіп, бірін-бірі толықтырып тұруға тиіс. Шеберліктері шыңдалған, әннің табиғатын, болмысын жақсы түсінетін өнерпаздар ә дегеннен-ақ тыңдарман қиялын көкке самғатып, шабыт пырағына мінгізеді. Сірә, бұл жақсы әннің құдіреті ғана емес, орындаушының да шығармашылық әлеуетін танытарлық деңгей.
Иә, бүгінгі қазақ эстрадасының даму қарқыны осал емес. Орындалып жатқан әндердің бәрі жарқыраған алтын демесек те, тамсантып, таңдандыратын тәп-тәуір әндер қашан да болған, бола береді де. Сол себепті де, біз эстраданың дәрежесін тек мықты, дара әншілер арқылы бағалаймыз. Өйткені, қазақ өнерінің ғасырлар бойғы қалыптасқан өресі эстрада жанрына да жол нұсқап, бағдар беріп тұратыны анық. Ал эстрадамыздағы шығармашылық таным-талғамы биік әншілер қашанда өнердің тұнығын лайламай, өрісін кеңейтіп, ілгерілететіні анық.
Бұл тұрғыдан келгенде, Лашын Мұратқызының орындауындағы әндер табиғи қалпынан алыстамаған, бояуы қанық мазмұнымен ерекшеленіп, тыңдарман қауымды өнер дейтін нәзік әлемге жетелеп, эстетикалық талғамын қалыптастыра беретіні сөзсіз.
5412 рет
көрсетілді0
пікір