- Әдебиет әлемі
- 28 Қыркүйек, 2023
КІНӘСІЗДІҢ КҮНӘСІ

Оралхан Бөкей шығармаларындағы негізгі тақырып – адам, оның болмысы. Ал адамның өзін үлкен құбылыс ретінде қарап, рухтың жұмбақ сырларын ашуды мақсат тұтады. Аспан шал, Қоңқай, тірідей қара жерге көмілген Сарқынды шал сияқты кейіпкерлері оқырманның айыптауларына да ұшырайды, ашуын да, сол бір уақытта аяушылығын да тудырады. Ерекшелігі сол, жауыздардың өзі де ақыл мен парасатқа толыққан, қатал да жанашыр, дөрекі де қызуқанды. Аталған барлық мінез ерекшелігі жеке тұлғаның бағдарына бағынады. Осыған сай жазушының кейіпкерлеріне «күнә» мен «кінә» концептісін беруі нәзік қылдай шекті шеңберіне салынады.
Күнә адамның өз бойынан бір-біріне қарама-қарсы екі принципті, рух пен тәннің күресін ашады. Адамның қайшылықты табиғатын көптеген ежелгі философтар мен ақындар мойындады. Адам жақсыны білетінін, бірақ жаманның соңынан еретінін байқаған. Болмысы мен тіршілік шиеленісін теологтар трансформацияланған түрде түсіндіреді. Бұл әлеуметтік жағдай оның идеалды бейнесінен, адам болмысының құдайлық бастаумен бірліктен ыдырауы идеясынан туындайды.
Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесі шындыққа негізделген, бірақ метафоралық сипаты да бар. Сайтан көпір сират көпірімен ұқсас, адамның күнәсі мен амалдарын есепке алады, тек жаны таза адам ғана сау өтеді. Сонда әділдіктен таймай, ақ жолдан айнымаған Аспан шалдың күнәсі қандай?
Майданда елін-жерін қорғау жолында жау жағындағы әскерді өлтіру соғыс заңдылығы. Бірақ абайсызда болса да, қаруы жоқ жазықсыз бір адамның қанын мойнына жүктеді. Германияның шағын бір қаласын басып алғанда, үй-үйге тығылған неміс әскерін қуып жүрген сәтте алдынан шыға келген әйелді жазым етеді.
«Ту сыртындағы кезекті бір есік оқыс ашылғанда, жалт бұрылып алдында тұрған адамды атып салады... Қарсы алдындағы қаруы бар жау емес, аппақ көйлек киген бейбіт ана... ана... ана... әлдені міңгірлеп айтты да, түбі өртенген бәйтеректей сұлап түсті Аспанның аяғына...» («Сайтан көпір» повесінен).
Өлім мен өмір арасында жатқан сәтінде әлгі әйелдің елесі келеді. О дүниеге әкетуге әзір тұрған жанды бейнесіне кінә Жаңғырықта екенін айтып, автор психологиялық тұрғыда өзін-өзі ақтап алуымен күнәдан арылғандай етіп көрсетеді. Осыдан тыншыған Айқайды өзі қайта көтеріп, қатты дауысқа салып күле бастайды. Іздеушілер күлкісін естіп тауып алады. Бұдан кейін де қолынан мерт болған әйелдің оқ тиіп құлап бара жатқан сәті есінен, қатты Айқай құлағынан кетпейді. Бұндағы бар мәселе ақталу болып тұрғанмен тәубесі жоқтығынан.Ал тәубе ең бірінші мойындаудан басталады. Аспан өлім мен өмір арасында, ақталу мен өкіну арасында еді.
Әдеби сыншылардың бәрі Аспан шалды күнәсіз, өлімге бас бұрмай, жеті күнде өмірге деген құштарлығын жоғалтпағандай әспеттеп жазады. Шындығында, автор бізге үсіп, өлімді аңсаған, артынан келер іздеушілердің жоқтығын ойлап, күңіренген, күдер үзген қар астындағы адамның психологиялық ауыр күйін түгел суреттейді. Психология ғылымында өлімді қабылдаудың бес кезеңі аталады: терістеу, ашу, сауда (үмітсіз үміт), депрессия, қабылдау. Осы кезеңдерді философиялық терең толғамдармен берген авторлық баяндаулар кейіпкердің барша психологиялық парадигмаларына келтірілген. Арпалыс – көндігу – өлімді аңсау – өз-өзін өлтіруге амал ету – ақырға дайындалу. Алғашында іздемек түгіл, арулап қоятын туысы жоғын ойлап, түңілгенде аңға жем болсам деп тіледі. Ағаш арасынан шыққан аюды шақырып әлек болды. Оған жем болмаған соң, қынынан пышағын алып, жүрегіне салуға оқталады. «Қар қызы» повесіндегі үш дос жігіттің өлместің қамын барынша жасағанымен салыстырсақ, Аспанның өлімді қабылдаған кейпі одан гөрі ашыла түседі.
Аспан рухының мықтылығы бар қиындықты кеудесін кере тосуында емес, қайта жағдайды бар қалпында қабылдай отырып, төзе білуінде. Екі аяғын кескеннен кейін де, біраз уақыт көндіге алмай, «Қара да тұр, қас қылғандай көп жасап, қор боламын. Құдайға енді менің керегім жоқ!» деп Айғайлайтыны да бар. Бөлімше басқарушысы жем-шөбі аз Алатайға жұмсамақ болған кезде жалған ақпаратты әшкерелеп, әділдікті іздегенде де Жан Айқайы шыққан. Автордың «Айқаулау дегеніміз – өмір сүру» дегенін ескерсек, бұл да өмірдің заңды бір бөлшегі. Шындығында өлімге бара жатқанын Аспан сол кезде-ақ сезді. Бұнда екі бірдей күнә бар. Бірінші, өз басын арашалау үшін берілген жалған ақпарат пен адамды қауіп-қатерге толы жолға жалғыз аттануына бұйрық беріп, қар көшкіні жүруі үшін Айқайлау. Анау абстрактілі бейне арқылы Аспан да кімнің қазған оры екенін ұғады, Еріктің: «Сонда елу тұяқ жабағы-тай қайда апарса да бәрібір арам қатпай ма. Одан да көшкінге кетіп өлсе – табиғат апаты үшін ешкімді де жазаға тартпайды» деген сөзінен күнә иелері тікелей аталады.
Айқай иесі Тоқылдақ кемпірден тараған, қоғамға пайдасынан зияны көп тиетін Анау. Күнә концептісін осы арадан да көреміз.
«Ел басына күн туып, ер-азамат майданға аттанғанда, қаралы ауылдың қазанына ас тұрғызбай ұрлай береді. Айран, сүтінен бастап суыртпақ жібіне дейін қас пен көздің арасында қағып кетеді екен». Ұрлық деген кісі ақысынан шығады. Біреудің талғажау ететін соңғы түйір асын әкетіп, өз қамын ойлаған кемпір Гитлерден кейін екінші болып ауылдағы бар тұрғынның қарғысын алады. Қарғыс деген – зәбір көріп, азапқа ұшыраған адамның жәбірлеушіге айтқан кейіс сөзі, лағнеті; парапсихологияда адам баласының залымға қарсы кері әсерлі қуат күші. Жападан жалғыз қалған кемпірді жазалауға, түрмеге отырғызуға дәті бармаған, яғни іспен атқармағанды сөзге іліктірген халық сөз құдыретін көзбен көрді. Соғыс бітіп, елге тыныштық орнаған уақытта кемпірдің керісінше тыныштығы қашады. Демек, бұның да үлкен мәні бар. Кеш батысымен үйінің асты тоқылдай бастайды, оны өзінен басқа тірі жан естімейді. Еденді, тіпті үйді ауыстырса да, басылмайды. «Қарғыстан адам өлмейді» десе де, қарғыс өлімге жеткізеті осы аңызнамадан көрінеді.
Аспан қар құрсауында жатқандағы өлімге әрекетін талдап көрейік. Құранда өз-өзін өлтіру тікелей айтылып, талданбаса да, «...Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар» (Ниса сүресі, 29-аят) деген аятты кей ғалымдар сиуцидке қатысты айтылған дейді. Жанын аттандыру тұрмақ, адамның тәніне әдейілеп зақым келтіруіне де тыйым салынған. Бақара сүресінің 195-аятында: «Өз қолыңмен өзіңе қауіп төндірме» деген. Христиан діні де бұндай әрекетке түбегейлі қарсы. Аристотель суицидті мемлекетке қарсы жасалған азаматтық қылмыс деп санаған. Платон принцип етіп қарамаса да, еріксіз мәжбүрлеу сияқты ерекше жағдайларын пайымдаған. Аспан мен Тоқылдақ кемпірдің жағдайы да еріксіздіктен туған. Бірақ «қолын періште қаққан» Аспан алған бетінен тез тайып, табиғи келер өлімді күтеді, ал кемпір нақты амалға бекінген. Исламда Алла бірінші рет күнә істеген адамның айыбын жабады дегенін ескерсек, осы пайымдау бекітіле түседі.
Соңында Аспан шалдың екі аяғы көпірді тірі адамдай басып, арғы бетке өтіп бара жатқан сәті биік романтикалық пафоспен бейнеленген. Бірақ бұның астарлы мәні бар. Аманның бала күнінде әкесімен шөп оруға шыққанда арадағы диалог мәнісін ашады. Әке мүгедектігі жаныңды жараламасын деп өмір, мықтылық жайында пайымдауларынан соң: «Біле білсең сен, менің өтіп кеткен дәурен, өліп қалған арманымсың, екі АЯҒЫМСЫҢ! Ал менің АЯҒЫМ сіңірі босап, сүрінуді білмейтін жілікті болатын!» деген. Мистикалық мәнін алға шығарсақ, Аспан шалдың боранға қарамастан, екі аяғы көмілген жерге барып, Құран оқытуында жатыр. Ата-баба аруағы жебесін деп тілейтін қазақы түсінікті негізге алсақ, отыз жыл бұрын қара жерге тапсырылған аяқ рух әлеміне өткендей. Жазушының бүтін иманмен дегені бүтін тәнмен мінәжат ету дегенмен бірдей. Сонда әкесінің дауысы елес қана емес, әлдеқашан өліп кеткен Аспан шалдың аруағының қолдауы. Сау басына зауал тілеу, Құдайдан өлім сұрау да күнәлі іс. Әкесінің басына түскен қасіретті оқиға Аманның да тағдырына жазылыпты. Сайтан көпірге жақындап қалғанда, Айқайды естіп, құлайды. Бұл жалғыз өзі табиғатпен бетпе-бет келгендегі үрей мен белгісіздік алдындағы қорқыныш. Аспан мен баласының өмірге жанталаспай, өлімді аңсауы сол үрейден туған, ақылдан адасып өлгенше, бірден жан тапсыра салуды артық көруінен. Сонда Аманға өзінің бала бейнесі келеді. Автор балалық бейнесін бойындағы ізгі қасиеттердің жиынтығы етіп алған. Жылқыларды қарауылдап, жалғыз қалған Еріктің де көз алдына ағаштар үйір қасқыр болып, алдында жүгіріп келе жатқан алты қыз, солардың бәрі сүйгені Мәликедей елестейді.
Жалпы, Аман әке тәрбиесін бойына сіңірген, адамгершілік пен әділдікті бойтұмар еткен адам. Анаулар сияқты өлімге біреуді айдамай, өзі бастап шығуы ерлігінің, әділдіктің көрінісі. Жазушы оны тым идеалдап жібермес үшін Ерікпен арадағы кішігірім кикілжің арқылы пенделік ағаттықтарын да көрсетеді. Ал Ерік қоғамдағы Айқайға қарсы әділдіктің символындай. Әкесінен қаталдықты көрген Аспан шал ұлына мейіріммен қарай тұрып, қайсарлыққа тәрбиеледі, ал бастық болғаннан бері асқан қаталдықпен сөйлеп, повесть басында ықтырғанын көреміз. Бұл ісі тәкаппарлықтан сақтансын, бүкіл ауылға басшы болғанда, оның да жасқанатын Біреу барын абзал санағандықтан туған. Тәкаппар кейпімен деген сөзді автор екі кейіпкерге де көп қолданғанымен, менмендік, кісіге асқақтап қарайтын ісі еш суреттелмейді. Бұны мінездегі кемшілік ретінде емес, сынақ, өлім алдындағы батылдық сипатында алды.
Әсем ЖҰМАҚАН

6942 рет
көрсетілді0
пікір