- Айтарым бар...
- 28 Қыркүйек, 2023
Жиырма бес үй Қожеке
Жетісудың дүлдүл күйшісі Қожеке Назарұлы туралы әңгімені өткен ғасырдың 70- жылдардың аяғында естідім. Қожекенің баласы Рақыштың қызы Зияханның үйінде болғанымда атасы Мамытхан Сағынбеков күйшінің күйлерін тартып, әңгімесін айтқан. Бұдан кейін күйші туралы білетіндермен кездесіп, әңгімелескен едім. Соның бірі Алматы болысы Шелек ауылының жанындағы Қаражотадағы Рақыштың тағы бір қызы Отарханмен жолығуым. Әңгімені Отархан бастаса, күйеуі Елақын да ел ауызында жүрген «25 үй Қожекені» туралы сөз еткен.
– 25 үй Қожекенің екеуі қырғыз, алты үй Айттың ішіндегі Ауылай атаның балалары, қалағаны өзінің жақындары. Атақонысы Кегеннің Қарқарасынан көшіп, Шығыс Түркістан жеріне барған. Екі-үш жылда 25 үй Қожеке 400 үйге жетіпті. Кейін 400 үйге Қожеке ақалақшы болады. Сөзге шешен, ер мінезді, әрі күйші атамыздың соңғы тағдыры аянышпен аяқталған. Әкеміз қайтыс болғанда атамызды дауысқа қосқан екен. Дауысты Қожахмет деген кісі үйретіпті. Мен онда кішкентаймын. Нарынқолдың Қақпағында тұратын үлкен әпкем Алтынхан және басқалар айтқан. Әсіресе, Алтынхан әпкем оны көтеріп айтқаны есімде. Оны күні бүгінге дейін айтады, – деді Отархан әңгіме басында.
– Қожеке елден қай жылдары кеткен?
– Менің есебім бойынша, 1864 жылы кеткен болуы керек. Оны Тауфиқ Жексенбиев деген ағамыз жазғанынан білем. Тауфиқ та сол жылдары Қожекенің Қытайға қай жылы өткенін іздеп жүрді. Кейін Қожеке туралы «Достық дауысы» деген дастан жазды. Жазғаны дұрыс, дәлелдері бар. Шындыққа жанасады. Үлкен атамыз 1864 жылы Қытайға өтіпті, – деді Елақын.
– Атақонысынан кеткен Қожеке қай жерге барған?
– Үш Құштайға, кейін Көксуға барған. Ол қазіргі Іле қазақ облысының Қызылкүре ауданы, кейінгі жылдары Текес ауданы деп аталыпты. Менің бауырым солай айтады, – деді Отархан.
– Қожеке көшіп, Моңғолкүре ауданын-дағы Көктөбе, Ерменді деген жерді бір жыл қыстаған екен. Көктем шыққаннан кейін біраз жерді аралап көріпті. Үш Құштайдан бастап, Қаражон, Қапсалаң мен Кіші Құштайды тегіс аралайды. Қарқарадан көшкен Қожеке Ерменді мен Көктөбеге барып, бір қыстағаннан кейін Құштайға көшкен. Осыдан кейін ел жиналыпты. Бұрын сыртта отырған албанның біразы Қожекенің төңірегіне қоныстанған. Мен бала кезімде Қожеке мен Рақыштың ауылында өстім. Ал Рақыш атамды тоғыз жасымда көрдім. Оған дейін ол кісі біздің үйге келіп-кетіп жүрді. Атамыз аласа бойлы, толықтау, төртбақ, иықты, аққуаша келген, басы үлкендеу, маңдайы жазық кісі екені есімде. 1950 жылы 74 жасында қайтыс болды. Атам керемет күйші- домбырашы болғанын көріп өстік. Бірақ қанша күй тартатын білмеймін. Күйді де қандай жағдайда шығарғанын көп айтпайтын. Тек үлкен қариялар «Нұрғазар» деген күйін қалай шығарғанын айтып отыратын. Бір жылы атамыз біраз жолдастарымен аңға шығып, кешке қарай үлкен бәйтеректің түбіне қонады. Түн жарымында бір құстың бұлбұлша сайрағанын естіп, бәрі таңқалған. Түн болса қараңғы. Түнде сайраған қандай құс болды екен деп, от жағыпты. Құс болса сайрағанын қойып, тынышталған. Сайраған құстың дауысына бәрі қызығып, бұлбұлша түрленіп сайрауына таңданып, «Апырай-а мына кішкентай құстың сайрауы қандай ғажап. Күй шығаруға болады екен» деген де, әкемнің қырғыз құдасы: «Сен сөзіңде тұр. Торғайдың дауысын күй етіп түсірсең, мен домбыра шабамын» дейді. Ол ағаштан түйме түйгенін осы жолы көрсетіп, қураған сары қарағайдан екі-үш күнде домбыра шауып, өздері атқан тауешкінің ішегінен ішек есіп, айналасы төрт-бес күнде домбыра жасайды. Әкеміз торғай қонған ағашты іздеп жүріп, соңына түседі. Торғай таңға жақын сайрағанда дауысын тартады. Әкем «бұл күйді үлкен ағам Нұрқаның құрметіне арнаймын. Әкем екеуі түрменің азабын көріп өлді. Ағам тым жас кетті. Күйдің аты Нұрғазар болсын» депті. Бұл әкемнің сөзі. Домбырасын тартқанда осылай деген. Ал кейбір домбырашылар бұл күй Қожекені дейді. Ол дұрыс емес. «Нұрғазар» әкемнің күйі. Күй тауда дүниеге келген, – деді Отархан.
– Елақын аға, сіз Қожеке Құштайға көшіп келгеннен кейін ел жинады дедіңіз ғой...
– Ол рас. Қожеке Құштайға келіп, ел жинайды. Атамыз Санбай Қапсалаң деген жерде қыстапты. Қожеке өзі көшіп барған жерге бір қыстаған. Көктемде атамыз Санбайға келеді де: «Санбай, осы Құштайдан бастап, шоң Құштайға дейін, мына жағы Көксу, мына жағы Қордайға бір арал сияқты жер екен. Бұл жерге бір рулы ел сияды. Мұндағы албанның бар баласы қоныстануына тұралық мекен. Өзі оңаша жер, оңтүстік жағы ұлы тау. Осыған біз мекендейік. Саған мына жер қол болмайды. Қапсалаңнан көш», – деп көктемде келеді де, жазда Құштайдың жотасындағы Ақтықұлға қондырыпты. Сонымен Көксу мен Қордайдың ортасына қаншама ел сыйып, бәрі жиналған.
– Қожекенің көшуіне не себеп болған?
– Менің үлкен шалдардан естігенім, Қожеке болыстық сайлауға түскен. Ел Қожекені сайлаймыз деген. Нарынқол, Кеген және Жаркент ол жылдары қырғыздағы Қарақолға қараған екен. Ояз да сонда тұрыпты. Қожекені болыстыққа сайлаймыз дегенге біраз адамдар қарсы болған көрінеді. Оның себебі Қожеке болыс болып кетсе, бізге күш те, билік те бермейді деген әңгіме шығып, артынан шатақ туған деседі.
– Қандай шатақ?
– Себебі Қожекенің бойында батырға тән мінезі бар, көп ешкімге бағынбайтын жан және ерекше еркіндікті жақсы көрген. Біреуге тәуелді болуды ұнатпаған. Бұл мәселе алыстан емес, жақын туыстының арасынан шыққан көрінеді. Яғни оның мінезі туыстарына да ұнамағандықтан болыстыққа сайланбай қалады. Негізінде бүкіл халық Қожекені қолдап, Қарақолға барған. Қожеке мен туысқандар арасында аз салқындықты ақ патшаның биліктегі адамдары да пайдаланып, ағайын арасына от жаққан. Осыған Қожеке ренжіп көшкен. Қожеке көшер алдында біраз дайындықта болған дейді. Осы жақтан бір қырғызды ертіп, біраз ел мен жерді аралап қайтады. Ол қырғыздың атын білуші едім, ұмытып қалыпын. Кейін біз тұрған жақта Бақаш, Әлімқұл деген қырғыздар болды. Солардың балаларымен бірге жүрдік. Ал Қожекемен ілесіп барған қырғыздардың кейбірінің аты- жөні есімде қалмапты. Аттарын білетін едім. Еріп барған қырғыз өте шебер ұста болған деседі. Оның балалары қолдан керемет ыдыс жасап жүретін. Жасаған тегенелері зауытыкіндей әдемі болатын.
– Қожеке Қытай жерінде істі болып, түрмеге түскен. Ол туралы не айтасыз?
– Қожекенің істі болғаны жалған жаладан туған. Қашқардан Құлжаға келе жатқан керуенді Текестің өзенінен өткенде біреулер тонайды. Оны Қожекеге жапқан. Осыдан кейін өкіметтің шабарманы келіп, бір емес, екі-үш рет шақыртады. Шақырғанда бармайды. Себебі кінәм жоқ деп кесіп айтқан. Қожекенің келмейтін білген соң, олар айла жасап, мектепте оқитын Нұрқа деген баласын Құлжаға оқытамыз деп алдырады. Баласының атынан өтірік хат жазып, «Әке, жағдайым болмай жүр, келіп кет» деп. Осыдан кейін Қожеке ақ боз атын мініп, баласын іздеп Құлжа қаласына жалғыз барған. Ауылдағылар: «Сіз жалғыз бармаңыз, қасыңызға төрт-бес жігіт ертіңіз» деген. Бұған ол кісі көнбей, «Керегі жоқ, мен ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын, ішіп-жеп қойған емеспін. Қытай маған не қылады, ақ, адал адаммын» деп жалғыз кеткен.
Баласының оқитын жерін тауып, дарбаза сыртынан айғай салғанда, іштен біреу шығып, «сіз кімсіз?» депті. «Мен пәленше деген адаммын, осында баламды алып кетейін деп келдім» – дейді. Әлгі адам ішке кіріп, бастығына «бір ақ боз атты кісі келді. Осындағы баласын алып кетуге келдім дейді, атынан түспей тұр,- дейді. Бастығы кім деп қайталап сұратқан да «Қожеке» деген. «Ойбай, онда аттан түсіріңдер, аулаға кірсін». Қожеке болса аттан түспей қояды да, «балам келсін» деп тұрып алады. «Балаңыз жұмысқа кеткен. Кешке қарай бірақ келеді» дейді. Қожеке сонда да аттан түспейді. Ақыры ол кісіні алдап-сулап аттан түсіреді. Ақ боз атты басқа жаққа алып кетіп, «балаңыз кешке жақын келеді» деп, басқа үйге кіргізіп қолға түсіреді. Сонда Қожеке алданғанын біліпті. Мұндағылар
«сен керуен тонағансың» деп тергейді.Сұраққа алып, қинайды. Қожеке болса, бұл жалған жала екенін айтады. Қайсарлық көрсетеді, айтқанынан қайтпайды. Бұдан кейін Қожекеге тағы бір айып тағып: «Еркебай сайының ішіне әскер толтырып, бір ұстамен мылтық жасап, өкіметке қарсы шықпақшы ойың бар көрінеді. Сенің бес мергенің – Ақбура, Қырбас, Шалбар, Шал, Ыбырайымолда дегендер кімдер»? – деп қайта тергейді.
– Ақбура деп түйені айтамыз. Қырбас деген ана қырдың үстін айтамыз. Ал Шалбар деп бұтымызға киетін шалбарды айтамыз, Шал деген үйдегі үлкен сақалы бар шалды, Молда деп құран оқитын молданы айтамыз, – депті. Расында Қожекенің бұлар жақын туыстары болған. Оны жала жапқан адам бес мерген деп аттарын айтқан. Осыдан кейін Қожекенің ауылына өкімет отыз әскер жіберіпті. Қожеке ауылынан аттанарда «Бейқам жатпаңдар, сақ болыңдар. Мына жаланың арты жаман. Күзетке тұрыңдар» деп айтып кеткенімен ел қамсыз отырыпты. Әскер түн ішінде ауылды басып қалып, Ақбура, Қырбас, Шалбарды ұстайды. Ауылға тіну жасағанда мылтық табылады. Бұдан кейін Қожекені ісі қайта тергеліп, жағдайы қиындайды. Азаптау, қинау, сұраққа алу- үдей түседі Сонда да Қожеке мұны да мойындамай қояды. Қожеке ұсталып, түрмеде екені елге жайылғанда өзінің жақын бір досы естіп, арашаға түскен. Бірақ қолынан еш нәрсе келмегеннен кейін баласы екеуіне кепіл болып, үш күнге сұрап алады. Бала-шағасымен қауыштырып, үш күн домбыра тартады. Досы болса, көп нәрсе айтпайды. Тек домбыра тартып, күймен көп нәрсені жеткізеді. Мұны Қожеке түсініп, «Қожеке қашып кетті десе, айыпты екен деп ел айтады. Менің еш кінәм жоқ. Бәрі жалған, жала. Қашпаймын, адалдығым Аллаға аян. Өлтіретін болса, ақ өліммен өлемін» депті. Кепілдіктің уақыты бітіп, қайта түрмеге алып келе жатқанда күзетшілер оған бір бөтелке ұсынып, «мынаны ішіңіз, шөлдеп келе жатқан шығарсыз» деген. Оның у екенін біліп, өздерін ұрып, қарсылық көрсетіп, қашады. Алайда ұстап алып, қайта қамайды. Арқасына тас көмірдің шоғын қыздырып басып қинаған. Жаны қиналса да өлмеген. Соңында у беріп өлтірген.
– Қожекеге не үшін жала жабылған?
– Бұл жаланың бірінші себебі, бір қырғыз баланың өлімі. Оны қырғыздар Қожекеден көреді. Осыдан кейін Қашқар мен Құлжа керуенінің тоналуы сыныққа сылтау болып табылады. Оны Дадай деген ақалақшы Қожекеге жабады. Ақыры сол жала үлкен іске ұласып, Қожеке түрмеге қамалады. Сондай-ақ Қожеке мен Дадайдың арасында бұған дейін де араздық болған екен.
Ал қырғыз баланың өлімі бұлай болыпты. Қожекенің ауылына бір қырғыз бала келіп, бірер күн аялдаса керек. Бала ол ауылға жекжат па, әлде жиен бе, әйтеуір жақындығы бар. Екі-үш күн Қожекенің ауылында болып, келген жағымен қайтады. Көксудың кезеңіне шығады. Құштайға асады. Ол аш кезең. Кезеңге шыққанда алдынан екі атты кісі кезіккен. «Кімнің баласың, қырғызсың ба? Қайдан келесің?» деп сұраса керек. «Қожекенің ауылынан келе жатырмын» дейді. «Неге келдің, қанша күн болдың?» деп тағы сұрайды да, «жауыздың ауылынан келе жатыр екенсің ғой» деген. Сонда бала тұра келіп қашқан. Қашқан бала Көксудағы «Жылқы өткел» деген жерден өтпек болғанда атымен суға ағып кетеді. Оны беткейде қой бағып отырған қойшы көреді. Үйінен кеткен бала оралмаған соң әкесі іздеп, Қожеке ауылына келіп сұрағанда, баланың ауылға келіп кеткеніне 4-5 күн болғанын, аман-есен кеткенін жеткізген. Баланың әкесі оның үйден шыққанына 10 күн болғанын айтып, елден сұрастыра бастайды. Ақыры бір қойшы көргенін айтады. Балаға екі атты кісі жолыққанын, содан кейін ол бала тұра қашып, Көксудың суына атымен ағып кеткенін әңгіме етеді. «Ол кезде мен қой жайып бетте отырған едім. Екі атты кісі бұдан кейін қайтып шығып кетті», - дейді. Өлген баланың әкесі іздестіргенде, балаға жолыққан Дадайдың адамдары болып шығады. Оның анық-қанығына көзі жетеді. Екі атты адам баланы қуғаны рас болған. Мұның бәрін қойшы көргені дәлел болып шығып, өлген балаға құн даулау басталыпты. Ол жылдары мұндай іс тек атыс-шабыспен аяқталатын уақыт екен. Қырғыз жағы Дадайдың ауылын шаппақ болып, Медидим деген көпірге келгенде алдарынан бір адам шығып:
– Өліммен ештеңе бітпейді, қойыңдар. Екі жақ келісіңдер. Бір бала өлді деп, сендер мына ауылмен шабысып, тағы да араларыңда адам шығыны болады. Бұдан еш нәрсе шықпайды,- деп қырғыздарды тоқтатыпты. Сонда баласы өлген қырғыз: «Тоқтатсақ тоқтатайық, мен жаралы аю сияқты адаммын. Адамымды өлтіріп отыр. Дадай маған келсін. Сонда бітім бітеді», – деген. Осыдан кейін екі жақ келісіп, бітім жасаудың күнін белгілеп тарасады. Бітімге Дадай жағы бірмұнша адаммен құн төлеп, бітім жасауға келген. Қырғыздар жағы бие байлатып, ат байлайтын керме жасатып қарсы алады. Дадайдың ең жақындарын оңаша үйге түсіріп, қалғандарын бөлек үйге кіргізеді. Сыртта ешкім қалмайды. Дадай жақындарымен және баласымен бөлек үйге кіргенде мылтық атылады. Дадайды баласымен өлтіреді. Мылтықтың дауысынан үйге кіргендер сыртқа шығып, кермедегі аттарына жүгіргенде қырғыздар керменің жібін үзіп жібереді. Дадайдың адамдары не істерлерін білмей қалғанда қырғыздар сыртқа шыққандарды ата бастайды. Келгендер жан сауғалап, тірі қалғандар әрең құтылады. Атыста Дадай баласымен, бірталай адамдар оққа ұшады. Қырғыз баласының өлімі осылай аяқталады. Міне, бұл әңгіменің шындығы. Кімнен сұрасаңда осыны айтады.
– Ал Қожеке қанша жасында қайтыс болған?
– Атам жас кеткен дейді. Шамамен қырықтан асқанда. Үлкен баласы Нұрқа атаммен бірге 18 жасында қайтыпты. Ал атамызға жала жапқан Дадай мен баласын Апы деген қырғыз өлтірген.
– Түрмеге Қожекенің әйелі Торғынды да қамапты деген әңгіме бар еді.
– Ол рас. Атам түрмеге түскенде әйелі Торғынды емшектегі баласымен қамаған. Шешеміз етжеңді болса керек. Екі емшегінен тесіп, қос бас бармағынан байлап, дарға асқандай жоғарыға іліп, сұрапты. Зор денелі болса да азаптауға шыдаған. Қожекенің еш кінәсі жоқ екенін айтып, керуенді тонаған Қожеке де, біздің ауылдың адамдары да емес депті. Қожеке өлгеннен кейін үш күн өткенде керуенді тонағандар табылған. Егер керуенді тонағандар үш күн бұрын табылғанда атам тірі қалғандай екен. Осыдан кейін шешемізді қинауды қойыпты.
– Ал Қожеке қай жерге жерленген?
– Атамыздың сүйегі Құлжаға жақын жерде дейді. 1992 жылы Қытайға туысқаншылып барғанымда сондағылар осылай айтты. 1991 жылы үлкен ағам да осы сөзді айтқан. Ол кісі: «атамыз Құлжа қаласына бері шыға бергенде жолдың бойында, екі үлкен бәйтеректің алдындағы бейітте» деген. Мен ол жаққа автобуспен ардым. Жеңіл көлік болғанда барар едім. Қайтарымда ауырып келдім.
– 1979 жылдары Шаймұрат ағамыз Қожекенің 25 күйін нотасымен Қазақстанға алып келіпті деп естіп едік. Соны білесіз бе?
– Күйді мен алып келдім.
– Ол қайда?
– Күй менде, оны ешкімге бермедім. Кейін бір інім әдейі келіп, «әпке, сыртқа да шығармаймын, ешкімге бермейін» деп, мен жазып әкелген күйлерді уәде беріп алған. Аты Әбілқайыр деген бала. Өзіміздің қолда өскен бала... Бұған дейін де ол күйлерді сұрағандар көп болды, бірақ бермедім. Өйткені үлкен бауырым «ешкімге берме, Қазақстанға барғанда бір ыңғайын тауып, жарыққа шығарамыз» деп тапсырған еді.
– Күйді алған жігіт былтыр іздеп келіп әңгімелескен, фамилиясы Сыдықов, – деді біздің әңгімемізге араласқан Елақын аға.
– Атамыздың күйіне қызығушылар көп болды, бермедім. Үлкен бауырымның тапсыруы солай. Қазақстанға барғанда өзім шығарамын деді. Ол жақта екі-үш күн болғаннан кейін қайттым. Сонда атамыз туралы Құлжанның теледидары өмірбаянын айтып, жүрген жерлерді көрсеткен екен. Мен оны көре алмадым.
– Ол жақта бауырларыңыз бар ғой.
– Бар. Тұрсынғазы деген үлкен бауырым домбыраны жақсы тартады. Соның тартқандарын магнитофонға түсіріп әкелдім.
– Тұрсынғазы бізге жиен болып келеді. Әке-шешелеріміз бірге жүрген. Мен де сол күйдің соңына түсіп, 15-20 жылдай жүрдім. Кассетадағы күйлерді де тыңдағанмын. Оны алған адам жарыққа шығармады. Бір кәдеге де жаратпады. Онда 24 күй бар. Бәрі де жоғалды.
Кейбір күйлерді радиодан естіп, пәленшенің күйі деп те орындалғанын естідік. Бірде Зияханның атасы Мамытқан қарияны, Жексенбиев Тауфиқ деген ағамызды белгілі бір күнге белгілеп шақырдым. Мамытқан қария келетін болды. Екеуін кездестіріп, біраз күйді магнитофонға түсіргенбіз. Оны орындаған Мамытқан қария. Жазылған күйлерді Тауфиққа бердім. Кейін ол кісіден сұрағанымда «кассетаны ұрлатып алдым» деді. Бұл ертеде, 1974 жылдар еді, – деді Елақын аға.
– Атаңыздың күйлері Қытай жерінде тартылатын шығар?
– Атам жазықсыз жаламен кеткенін кейін сол жақтағылар білді. Кейін ел арасында, әсіресе Іле қазақ облысында күйлері тартылып келген. Соңғы 80 –жылдары атамның күйлері үш аймаққа кең тарап, кассетаға түсіріпті. Дүкендерде бір касета 500 теңгеден сатылып жатқанын естідім. Мұны 1981 жылы балам екеуміз сол жаққа үш ай жүргенде елден естідім.
– Рақыш әкесінің мұрагері ғой?
– Иә. Әкеміз 1949 жылы Құлжа қаласында өткен мұсылман ұлттар арасындағы өткен домбырашылар сайысына түсіп, бірінші орын алыпты. Өкіметтің мақтау қағазымен, күй зәңгісі деген атақ алған.
– Атам көп күй шығарған екен. Ел ішінде домбыра тартатындар тартатын. Осында Мұсабай деген кісі болды. Сол кісі де атаң мен әкеңнің күйлері деп тартушы еді. Бірақ қайсы атамдыкі, қайсы әкемдікі екеніне жете мән бермедік. Атам мен әкемнің күйлерін 1960- жылдары Қытайдан атамекенге оралған үлкендер жақсы білуші еді. Бірақ зерттеушілер болмады. Және де шекарының арғы жағы болған соң ешкім қызықпады.
– Әңгімелеріңізге рақмет.
Әңгімелескен Жексен АлпартегІ
2712 рет
көрсетілді0
пікір