• Әдебиет әлемі
  • 28 Қыркүйек, 2023

Өкінішім – түс секілді өмір бұл, От сезімнің орнында жоқ аралы...

Қайрат  Әлдибек
 

***
Кеше ғана көктем кеп түрлеп еді,
Жазым келіп жайдары күндер еді,
Жарқыраған жанымның жапырағын
Үзіп алып, қалқам-ау, күз де келді.

Көрдің бе сен, құстардың тізбектерін,
Хабар айтып ұшуда күз жеткенін.
Қанатымен жыр жазып барады, әне,
Ашып қойып көгімнің көк дәптерін.

Жарқыратсын алтын күз бағымызды,
Жарқыратсын алтын қыз жанымызды.
Бақ дегенім алтын күз болса егер,
Қарсы алайық келгенде тағы күзді.

***

Қолдасын бір өзіңді Хақ Тәңірім,
Сыйлаған сол тәңірдің барша жүгін.
Көтересің,көресің,көре бергін,
Қарсы алсын,алаулаған ақша жүзің.

Өміріме сен келген жансың бөлек,
Өміріме сен келген әнсің бөлек.
Әнім болып, шабыт боп шарықтай бер,
Қосатын тағдырыма тамшың керек.

Гүлденсін, құлпырсыншы әр көктемің,
Шын тілеймін өмірден мән кетпеуін.
Бұл-бұл жүрек ұшырып сала берді,
Көңілдің қондырып-ап ән кептерін.

 ***   

Қылышын сүйреп өтті қыс та мынау,
Келе жатыр қай маңда құстарым-ау?
Жер Ана тебіреніп,теңселуде
Біздерде емес,сәл алыс -тысқарылау.

Босағадан қол созды мынау көктем,
Қысыңа да өкпем жоқ анау кеткен.
Ал көктемім  жадырап ,жарқырашы,
Баяғы әніңді сал,жадау көктем.

Қарсы аламыз осылай сазыңды да,
Сені өткеріп,қарсы алам жазыңды да.
Сені күтем,күтемін, күте берем,
Кеп қалардай күтемін қазір құда...

Ғажапсың сен көктемім әдемісің,
Керексің сен керексің әлем үшін.
Тынысыңмен тіршілік оятатын,
Құдайдың бізге берген әлемісің!

Ескірмеген естелік

24-і қаңтарымның кешегі,
Бір арманның орындалған кеші еді.
Сол арманға он жыл бұрын үміт қып,
Махаббаттың  атып еді – шешегі.

Сол кездері балғын едім, бала едім,
Шеккен едім махаббаттың әлегін.
Бар сезімді,бар сөзімді айта алмай,
Жүрегіме жасырып ап-қап едім.

Құпиямның кілтін ғана ұсынғам,
Ашпай қойды,болған шығар қысылған.
Білегіне  мен қолымды  созып ем,
Жүрегімді  лүпілдетті ұсынған.

Сондадағы үзілмеді  бір үміт,
Жүрегіме жүрдім ылғи жүгініп.
Сезімдер мен сенімдерім түбінде,
Келетінін білетінмін бірігіп.

24-і қаңтарымның кешегі,
Бір арманның орындалған кеші еді.
Сол арманға он жыл бұрын үміт қып,
Махаббаттың  атып еді – шешегі.

Оның үйі тысқарылау,шетте еді,
Сонда бір күн бір думанға беттедім.
Есігін кеп қаққан кезде үйінің,
Қарсы алғандай жылы жүзбен тек мені.

Сәл жымиып: «Кіре ғой» -деп тіл қатты,
Білетіндей мендегі бар жұмбақты.
– Төрлет, – деді қалың ел де шуылдап:
– Сен қонақсың,бәрімізден қымбатты.

Аяғымды тарта-тарта жәй бастым,
Қысылғандай болып төрге жайғастым.
Көз қиығын салуға сәл қысылып,
Қиялыммен бір-ақ сәтте айға ұштым.

Күбір-күбір, үбір-шүбір әңгіме,
Арасында әуелетем әнді мен.
Аптығымды басу үшін әуелгі ,
Тартып қойып,мен де отырмын «әлгіден».

Өн бойында Құдай берген бар қылық,
Қылығымен, бара жатыр жандырып,
Шәй құяды, саусақтары сүйріктей,
Тамсап қоям шәйін оның бал қылып!..

Бәрі кетті түн ауғанда жайланып,
Жүрек сөйлеп, тілдер қалды байланып.
Үнсіз ғана жақындадым жанына,
Көрген түсім, шын өмірге айналып…
Содан  бастап көрінгендей ай-жарық!..

24-і – сәні болған сол кештің,
24-і – әні болған сол кештің,
10 жыл бұрын армандаған арумен,
Оңашада өз үйінде сөйлестім.

Күндер зулап,  айлар өтті арада,
Шат күнімнің судырлайды парағы.
Өкінішім – түс секілді өмір бұл,
От сезімнің орнында жоқ аралы…
 

5369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы