- Қоғам
- 28 Қыркүйек, 2023
ПАРЫЗ ЖӘНЕ ҚАРЫЗ

Апырай, сексеннің сеңгіріне шыққан шешесін араққа тойып алған туған баласы қыстың қақаған аязына қарамастан түн ортасында көшеге қуып жіберген... Қайта-қайта қатты сырқаттанып, басқаның көмегінсіз жүріп-тұруы қиын қарт ананы бағып-қағудан қашқақтаған баласы мен келіні үш қабатты келісті коттеджі бола тұра қарттар үйіне тапсырып, жандары жай тапқан... Он құрсақ көтерген кейуана қартайған шағында жалғыз қалып, күнкөрісіне тиын-тебен өндіріп алу үшін балаларымен соттасып жатыр...
Осындай төбе шашың тік тұратын оқиғаларды қазір жиі еститін болдық. Басқа емес, өз балаларының қанды қолынан қаза болып жатқан кейбір әке-шеше ұрпақ өсіріп, олардың шапағатын көрудің орнына жер жастанып жатыр. Бұл қайдан шыққан қатігездік?! Туған анасын қартайған шағында, бойынан әл-дәрмен кеткен уақытта қаңғыртып қоятындай не күн туды соншама?!. Жарық дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген анасының төрінен көрі жақын болып тұрған шақта балаларының қатыгездік жасауына қандай жағдай итермеледі десеңізші?!.
«Заман солай, өмір сүру қиындап барады, балаларымыздың тамағын тауып бере алмаймыз» деп уәж айтатындардың да табылатынына таласымыз жоқ. Бұл – сыныққа сылтау. Қазақтың басынан небір зұлмат, қиын-қыстау күндер өткен жоқ па? Аш та болды, жалаңаш та болды, қуғын-сүргінді де көрді, атажұрттан алыстап, бас сауғалап кетті... Бірақ азапты күндер мен түндерді бастан өткерсе де туған ата-анасын тағдырдың тәлкегіне тастап кеткен жоқ еді ғой. Оны айтасыз, солақай саясаттың салдарынан жер ауып, ел асып келген тілі басқа, түрі бөлек ұлттар мен ұлыстарды да жатсынбай, бауырына басып, айналып жүре алмайтын екі бөлмелі тоқал тамның бір бөлмесін соларға беріп, жарты нанды бөліп жеген қазақ емес пе едік? Енді не болды? Бұл тәрбиесіздік пе, көргенсіздік пе? Перзенттік парыз қайда қалды сонда? Тіпті перзенттік қарыз десек те дұрыс болар, сірә. Өйткені, бәріміз де жарық дүние сыйлаған ата-анамызға өмір бойы қарыздармыз. Оны өтеу мүмкін емес. Сонда осындай түсініктен қазір титімдей де жұрнақ қалмағаны ма?
Перзенттік парызын, перзенттік қарызын өтемесе өтемей-ақ қойсын, бірақ ата-анасын құса қылып қоюға қалай дәті барады балаларының? Аялаудың орнына айуандық жасайтыны қалай? Мұндай қаныпезер ұрпақ елдің ертеңін, кемел келешекті ойлайды дейсіз бе? Ойламайды. Олар жамандыққа жақын тұрады. Ата-анасын аямағандар елін де, жерін де сатып жібереді. Олар ештеңеден тартынбайды. Жасқанбайды.
Перзент парызы – қастерлі, қасиетті ұғым. Осыны бір сәтке де ұмытпағанымыз абзал.
Әке-шешесін қарттар үйіне тапсыратындарға «тәйт» деп жатқанда, енді қарттар балабақшасы деген шықты. Ниет дұрыс, зейнет жасына жеткен аталарымыз бен әжелерімізді қамқорлыққа алып, олардың уақтылы ас-су ішіп, бір-бірімен шүйіркелесіп, уақыттарын мәнді өткізу мақсатындағы талпыныс екені анық. Бірақ, атауы дұрыс емес. Балабақша - аты айтып тұрғандай, балалар үшін. Сондықтан қарттар орталығы немесе қарттардың демалыс орталығы деген дұрыс шығар. Немере-шөберелері «Ата-әже бізбен бірге балабақшаға бара ма?» деп тұрса қалай болады? Күлкілі емес пе?
Тағы бір ақиқат – біздің ұлт перзенттері әке-шешесін қарттар балабақшасына жапатармағай бере қоюы екіталай. Өйткені, бұл біздің ұлттық менталитетімізбен үйлесе қоймайды. Ата-анамыздың немере-шөбересінің қасында қарайып отырғанын қалаймыз ғой. Келісесіз бе, ағайын?
Үйлену оңай,
үй болу қиын
Бір ағайын ағамыз жұмысқа келді. Үлкен ұлының үйлену тойының қам-қарекеті бойынша ақылдаспақ ниетпен келген болып шықты.
Тойдан кейінгі әңгіме
– Еркежан бауырың табан астында үйленемін деп қиғылықты салып жатыр.
– Оу, қайта қуанбайсыз ба?!. Ұзағынан болсын қуанышыңыз.
– Қарсы емеспіз ғой үйленгеніне. Бірақ бір шетінен қаражаттың жоқтығы қинап, екінші жағынан той өткізетін мейрамхана табудың өзі қиямет екен ғой Астанада. Осыны ақылдасайын деп келдім өзіңмен.
– Астанада аттап бассаң мейрамхана емес пе? Соны да сөз етіп...
– Сол қаптаған мейрамханаларыңның көбі тамыз айының сенбі күндерінде бос болмай тұрған жоқ па?
Иә, ағамыздың сөзінің жаны бар. Тамыз – той-думан айы. Жұрттың көбі жадыраған жаз айларында той жасағанды жөн көреді. Сол себепті ерте бастан қамданатыны анық. Тіпті мейрамхананың төлемін алдын-ала жүз пайыз төлеп қоюға да кейбір ата-ана пейілді. Өйткені, қуаныштарын жақсы мейрамханада дүркіретіп өткізгенді қош көреді емес пе? Бұл кез келген отбасыға тән жағдай.
Не керек, ағамыз табанынан таусылып жүріп той өткізетін мейрамхананы да тапты-ау. Несие алып, 250 адамға ақшасын алдын ала төлеп те тастады. Онымен де тыныш тапқан жоқ, сырға салу мен құдалыққа, беташарға керек-жарақтарын іздеп, Алматы барды, Бішкек барды. Оған біраз шашылды. Алғашқы үлкен тойы болған соң аянып қалған жоқ, тапқан-таянғанының барлығын осы қызық-қуанышы үшін төкті.
Тойдан кейінгі әңгіме
– «Тойдың болғанынан болады қызық» деген рас екен-ау. Алты ай бойы алашапқын болып, ұйқы-күлкі көрмей дайындалған тойымыз әп-сәтте, төрт-бес сағаттың ішінде өте шықты ғой.
– Иә, күні бұрын тиянақты әзірленгендіктен болар, той жақсы өтті.
– Балалардың бақыты үшін жасап жатырмыз ғой бәрін.
Той өтер-өтпес ағамыз тағы да бір хабарласып, жастарды бөлек шығармақ болып жатқанын айтты. Өздерінің қалауы осы болса, ешкім қарсы келе қоймас. «Екеуі бірдей жұмыс істейді, тапқан табыстары жалдық пәтер мен күнкөрісіне жететін шығар. Біз де қарап қалмаспыз, көмектесеміз ғой», деді ағамыз. «Е-е, жөн екен» дедік.
Үш айдан кейінгі әңгіме
– Той үстінде айтылған ақ тілектердің бәрі әдіре қалды ғой... Ай сайын бала-шағаның аузынан жырып төлейтін 120 мың теңге несие де қалтамызды қағып барады.
– Не болды, ағасы?
– Ана Еркежан мен келін ажырасамыз деп жатыр.
– Неге? Себеп бар ма?
– Мінездеріміз жараспайды, кішкентайымыз болмай тұрғанда ажырасқанымыз дұрыс деп шешіпті.
– ?!.
Соңғы уақытта жас отбасылардың үйленбей жатып ажырасуы жиілеп бара жатқандай. Әсіресе қалалық жас жұптар некесінің бұзылуы көп. Тіпті тойлары өтер-өтпес, қуаныштары басылар-басылмас уақытта жас жұбайлардың некесі бұзылуы ойландырмай қоймайды. Сонда ажырасулардың көп болуының түп-төркіні неде? Отбасылық өмірге дайын болмағаны ма? Әлде, бірін-бірі толық тани білмегені ме? Жоқ әлде, басқадай себеп-салдары бар ма? Көбінің айтатыны: «Мінезіміз үйлеспеді,сәйкес келмеді». Сонда олар отбасын құрар алдында бір-бірін «барынша зерттеп» алуға болмас па еді? Әбден танып-біліп болған соң ғана шаңырақ көтеруге бел байласа қайтер еді?
«Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді атам қазақ. Өмірден алынған қағида. Бірақ қазір үйлену де оңай емес. Жастар үшін түк емес шығар, бірақ ата-ана үшін өте қиын. Басқасын айтпағанда, той жасаймын деп көптеген ата-ана қарызға белшесінен батады. Ал жастар «Ағаттық жібердік-ау» деп қысылуды да білмейді, есесіне әке-шешесінің ағайынға қарауға беті болмай, ұяттан өртеніп, қордаланған берешектерін қайтару .үшін күндіз-түні бел жазбай жұмыс жасауына тура келеді. Балаларының көрсеткен «рахаты» осындай.
Ойланғандарыңыз жөн, жас жұбайлар! Отбасылық өмірге жүрдім-бардым, селсоқ қарауға әсте болмайды. Отан отбасыдан құралады.
Ғалым Орынбасар

3761 рет
көрсетілді0
пікір