• Қоғам
  • 28 Қыркүйек, 2023

Өнерін өнеркәсіпке салып жүр

Бүгінде жеңіл өнеркәсіпті дамытуды қолға алып, өз ісін дөңгелентіп отырған жас кәсіпкерлер аз емес. Тіпті ерекше өнімдерімен елге танылып жатыр. Алтайдың баурайында өскен кейіпкеріміз катонқарағайлық Саят Бауыржанұлы туған жерінің табиғатымен ұластырып, «ALTAY OUT WEAR» деген брендтік киімдер тігіп жатыр. Шетелдің қаңсығын таңсық көріп, ел ішіндегі базарды жайлаған сапасыз тауардан өзіміздің брендттік өнімдеріміз әлдеқайда артық. 
Тігінші, дизайнер Саят Бауыржанұлы тау-тасқа, саяхатқа арналған күртешелер тігуді қолға алған. Айтуынша, бұл істі Кореяда жұмыс істеп жүргенде ойға түйген көрінеді. Ол жақта брендттік өнімдер де көп. 
– Біраз жыл бұрын Кореяда жұмыс істеп қайттым. Кореядан бір байқағаным өздерінің брендтері көп екен. Неше түрлі дүниелерді, киімдерді өздері тігіп бренд ретінде сатып жатыр. Сол жолы маған неге өзіміздің брендті жасамасқа деген ой туды. Сол ойдың жетегімен осы іске кірістім десем болады, – дейді Саят Бауыржанұлы. 
Кейіпкеріміз тігіншілікпен бала күнінен айналысыпты. Анасы ісімер, әкесі етікші. Өзгелердей анау ердің ісі, мынау әйелдің ісі деп бөлмейді. Қолдан келсе бәрін істейді. 
– Бұл тігіншілік менің бала күннен қызығушылығымды арттырған өнер болатын. Бойдағы бар өнер мен арман-мақсат ұштасты десек болатын шығар. Өйткені мен бала күннен өзіме киім тігіп киетінмін. Қазір де киімдерімді тігіп киемін. Тіпті, кейде достарыма да куртка тігіп беріп жүретінмін. Бұл бойда бала күннен қалыптасқан әдет еді. Әкем етік тігетін, шешем киім тігетін. Сондықтан біржағы бұл маған отбасынан берілген тәрбиенің нәтижесі деуге болады, – дейді тігінші Саят Бауыржанұлы. 
Жоғарыда айтқанымыздай кәсіпкеріміз Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Ал ол өлке еліміздегі табиғаты көркем, жердің жәннаты екені айтпасада түсінікті. Сондықтан болар дизайнер кәсібіне туризмді тетік етіпті. Мақсаты – Алтайдың таулы өлкесі мен тамаша табиғатын өз брендінің атауына арқау еткен. 
Айта кетейік, Саят Бауыржанұлының тіккен  киімдері көбі тау тасты аралап, орман көлді жағалап жүріп қайтам деген туристерге, табиғат тамашалаушыларға арналған. Тек дала үшін емес, қала үшін үшін де қолайлы киімдер мен сумкалар тігіп береді екен. 
– Жаз айында 80-90 шамасында шалбар және өзге де тігілген киімдер, рюкзактар сатылды. Алматыда бір дүкенмен сауда-саттық келісім жасағанбыз. Сонда жіберіп тұрамыз. Шымкент жақтан көбірек тапсырыс аламыз. Инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, алушыға жіберіп береміз. Мысалы, жуықта Грузиядан екі альпинист мен тіккен рюкзакқа тапсырыс берді. Алған соң кері байланысқа шығып, тағы да тапсырыс беретіндерін айтты. Олар біздің брендті бірнеше альпинист отырып талқылап, ұнатқандарын және қандай өзгерістер жасап, тігіп беру керектігін де ұсынды. Осылай басқа адамдардыңу да иядеяларын қабылдайтын кез болады. Бренд қалыптастырамын деп қолға алғандықтан барынша сапа мен әдемілікке, қолайлылыққа мән беремін, – дейді кәсіпкер. 
Ел Президенті жуықтағы жолдауында ішкі-сыртқы туризмді де, шағын кәсіпті де дамыту керектігін айтқанын ескерсек, алдағы уақытта «ALTAY OUT WEAR» бренді де алға озар деген үміт бар. 
Саяттың аядай ғана киім тігетін цехында үш түрлі іс машинасы тұр. Оларды жаз бойы тігінші студент қыз іске жаратып, біраз киім тігіпті. Енді Саят бірлі-екілі жұмысшы алуға ниетті. Бірақ ниет пен мақсатты іске асыруға келгенде қаржы қолбайлау болатын көрінеді. Жуықта ғана кепілге үй қойып жүріп алған 5 миллион кредит мата мен жіптен ары аспапты. Оның әуресі де көп екенін айтып қынжылды.
– Бұл кәсіпті әуелі өз ақшаммен кредит алып бастадым. Ал осы жылы жастарға жеңілдікпен беріліп жатқан 2,5 пайыздық кредитті алдым. Ол несие де оңайылқпен қолға тимеді. Десе де, кәсібімді дөңгелентіп әкетемін деген сенім басым болды.  Біржағы өзіміздің облыстың бір бренді болсын деген мақсатым, арманым бар ғой, – дейді Саят Бауыржанұлы.
Кәсіпкердің сөзінше киімдерінің бағасы әдеттегі брендтерден әлдеқайда арзан, сапасы шамалас. Кәсіпкер өз ісі бойынша үйретерім де, үйренерім де алда дегенді айтты. Мүмкіндік болса рюкзак тігуге арналған курс ашып, үйренем деген жастарға бағыт беруді жоспарлап жүргенін айтты.

Мерей Қайнарұлы
 

2429 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы