• Әдебиет әлемі
  • 05 Маусым, 2023

Уысқа жиып қыр гүлін, у ұрттап сені ойладым

АҢСАР
        
Қанатын қанға малып күн құлады,
Іңір ғой шұрқыратқан мың құланы.
Белдеуін берекемнің ырғап-ырғап,
Шақша баста шұбар ой шыңғарады.

Қына оранған құз-жартас үн қосады,
Жолыма Тәңір тартқан шың-қашаны.
Балалық – жібек шылбыр сүйретіп ап
теріп жүр теріскейде күн масағын.

Сай-сайда қолтықтасқан бұлақ-жастар,
Өзенге ентелейді бір ән бастап.
Ақ уыз сезімдері ақтарылған,
Ағыстар барады әне ұран тастап.

Күліп тұрып күрсініп күн құлады,
Аңсар-ой,
Алыс күнді мұң қылады.
Кештің қызыл арайы аймалаған,
көл бетінен кешегім бұлдырады.

...не сиқыр бар ымырттың кеудесінде 
Қоңыр кеште мұңданам мен несіне?
Балғын жылдар еңсерген 
Тұлпар жаным
таң асып тұр ғасырдың кермесінде.
Көкжиектен қансырап күн құлаған,
Ымырт дәуір кеудесін ұңғылаған.
Ай құлағын қайшылап, осқырынып
Менше шіңгір ете ме-ей, мұңды ғалам?

***
Сен – шам нұры, 
мен – көбелек,
Күйер болдым
о, не керек?
Пәруәнамын ырқы кеткен,
Ықырармын – 
о, керемет.

Ділбарымсың түн ұрлаған,
Сенсіз қараң жұмыр ғалам.
Нұр аңсаған көкірегімдей,
Іле сұлу сыбырлаған.

Ол Балқашын сүйіп тынар, 
Таттым үнсіз күйікті бар. 
Толқын атып тебіренгенде,
Мендік аңсар биік шығар.

Махаббатым, мәхбүбімсің,
Жан балқытқан нақ күнімсің.
Өбе алмасам от ерінді,
Жұмыр жүрек қақ тілінсін.

 Телегей теңіз толқыны жауып,
Тәнімді тұтас жасырса.
Күмістен таққан шолпысы жарық,
Мойныма мәһшүқ асылса.

Түпсізге терең шым бата берсек,
Тебірене құшып, толықсып.
Жағаға барқыт күн бата келсек,
Жан шарпылысынан талықсып.

Желегі манат құрақта жатып,
Қоңырқай сырды қотарсақ.
Тағанын кеше сұлатқан уақыт,
Ой ошағына от алсақ.
Әттең-ай, қиял қияндап кетті,
Мен тұрмын жалқы жағада.
Жанымды нендей күй арбап кетті,
бақыт та тұтам ғана ма?

Арманның уын сезіп ем, жұтып,
Көңілдің көлін мұз алды.
«Жалғыздығымды» көзіме шұқып,
іңірде сүлдем ұзарды.

ҚЫР ГҮЛІ

Жонынан жұпар аңқыған,
Бөктердің кештім шалғынын.
Жауыннан жаны балқыған,
Белдердің құштым балғынын.

Уысқа жиып қыр гүлін,
У ұрттап сені ойладым.
Құздарға қарап қырмұрын,
Өткен бір күнге бойладым.

Текшенің қуаң жамалы
тағдырым сынды тап-тақыр.
Жарқ етті жайдың жанары,
Қарағай дел-cал сапта тұр.
Тіршілік біткен балбырап,
Нөсерін таудың сімірген.
Бұлттың жасы саудырап,
Әуеде әнтек жүгірген.

Құздарға қарап қырмұрын,
Серілік шақты аңсадым.
Сен жоқсың, әттең, қыр гүлін
шашына тақтым аршаның.

***

Қабырғасы – хан орданың уығындай күлікпен,
кұба жонда қалқыдым.
Қара да қайыс қаталдығымды жібіткен,
жамалы сүттей алтыным.

Дүниенің шәрбатына у қоссаң да татар ем,
Сезсем де үнсіз қылғытам.
Ақ найзасын толғай тартқан нарт намысты 
шақар ем,
                                             жымияды нұрлы таң.

Кәрісүйек – шыңнан биік, таудан алып
 талаппен,
саған сәтте ынтықтым.
Жанарыңнан бір жалының ыршып түсті, 
әні әттең,
дүр оянды бүртік-мұң...

Тағы тірлік, тарпаңдықты құшағыңда 
бусандыр,
жатсын жайнап жанарым.
Жыртқыш соққан көңілімдей толқысыншы 
жусан қыр,
Жауын сүйсін танабын.

Қабырғасы – хан орданың уығындай күлікпен,
кұба жонда қалқыдым.
Қара да қайыс қаталдығымды жібіткен,
жамалы сүттей алтыным.

***
Ой жылғасын жаңартып қиял ақты өзгеше;
жүрек, сірә, қатаймас қиянатты сезбесе.
Сүре-сүре өмірді сүрленеді ет-мүше,
Көре-көре қызықты толғанасың ескіше.

Татып алып аңдаусыз уқорғасын – заһарды,
Үндемейсің амалсыз, жоғалтасың қаһарды.
Көрер көздің шындығы айтар шақта түрленіп,
Сөйлер сөздің екпіні мінезіңмен бірге өліп:

аңқаусисың біреудің алдағанын білсең де,
жаның жалын атса да жорғалайсың бүрсеңдеп.

Толарсақтан саз кешіп масайрайсың манаптай,
Тобығыңнан қан кешіп тайраңдайсың 
Ары ақтай.
 Ой жылғасы осыны безбендесе лайланар,
Жылы жүрек ақыры кесек етке айналар.
Міне, осылай ақиқат өліп жатыр жерде көп,
Адам болып туам да, кетем үнсіз пенде боп.
***
Мен сені шын аңсадым,
көктем күткен құстардай күзде кетіп,
Бақытты жат құшақтан іздеме түк.
Жамалын жат мекенге бұра тартқан,
жылдардың көз алдымда тізбегі өтіп;
барады,
ағады ойлар бас-бұлақтан,
сағынып шарасынан жас құлатқан.
Көңілім байыз таппай ыңыранар,
құрбандай қапылыста қасқыр тартқан.
Зіл аспан!
Кіл көкала күпі киген,
күн мұрты бұлт астынан тікірейген.
Шатырлап нажағай жүр ауық-ауық
Әжемдей байбалам сап сүті күйген.
Жауын ғой,
жауын сені салған еске,
тау маңғаз, өн бойынан арман ескен.
Қараймын кемпірқосақ белдеуіне,
күлімдеп сен келердей алуан көшпен...

ЖАНАЙҚАЙ

І

Табыттың түбі – тәтті ұйқы,
Ажалдан адал жолдас кім?
Сүйінген, сүйген сәт күйкі –
Сағымды қуып жар бастым.

Жүректің отын үрлеген,
Құйқылжып шыққан дем ізгі.
Қаша алмай өмір-түрмеден,
Аңсаймын шалқар теңізді.

Толқыны тентек, беті су,
Бауыры маржан – ар-бағым.
Теңізбен туса кетісу,
Ардыра қалар алдағым.
Тиянақ емес жалғаның,
Титықтап біткен сүлдемін.
Болған жоқ, сірә, арманым,
Өмірді тіпті, сүрмедім.

Көрмедім ару құшағын,
Ішпедім ана сүтін де.
Тосабы сынды құсаның,
Қоспасы сынды түтіннің;

бір жанмын, сірә, бүрлеген –
демінен хақтың толықсып.
Қаша алмай өмір-түрмеден,
Жатырмын тәнде талықсып...

    ІІ

Ақиқат-шөпке тойынған,
Арғымақ болғым келеді.
Тағдыры тайқып мойыннан,
Күні ертең ол да өледі.

Бауыры манат тау емген,
Арқар мен бұғы, жезкиік,
Дәруін таппас әуеннен,
Сүйсіне алмас сөзге ұйып.

Адам ба асқақ өмірден?
Жанторсығы  – сары су.
Төзімін соғып темірден,
соғысу, арбау, алысу;

сатысу, жалған айыптау,
сүйіп те тұрып жек көру –
адамға осы лайық па-ау
Аңсап та тұрып кектену?

Теңізден тыныш мекен жоқ,
Болар ем балық, адаммын.
Таулардан маған бөтен жоқ,
Құс болып ойша тарандым.
Күні ертең семер сүлдемін,
Солатын гүлмін күздегі.
Ажал-дос сенімен біргемін,
Ажарың қандай ізгі еді!

ІІІ

Қарашық сенде бір мін бар,
Дидарын көрмес ғайыптың.
Қара сөз сенде бір мін бар,
Түбінде жатқан байыптың.

Ізгілік сенде бір мін бар,
Іздегенге оңай таптырмас,
Ізгі үміт сенде бір мін бар,
Мекенге ауған бақ тұрмас.

Арман-ау, сенде бір мін бар,
Жабағы бұлттай тұрақсыз.
Жалған-ау, сенде бір мін бар,
Жөңкіткен көпті мұратсыз.

Халқымның анау көзінен,
Маржандай мөлт-мөлт тамар ем.
Аса алмай жүрмін өзімнен,
Қарашық бітеу жанар ем.
Қажытты мені қара өлең,
Мұрат пен арман кімге асыл?
Көк аспан саған барар ем,
Көгендеп қойды бұл ғасыр...

ІV

Табыттың түбі – тәтті ұйық,
Күңіреніп кеткен Қорқытпын.
Қасірет қанда жатты ұйып,
Асанмын иһсан жол күткен.

Жалғанның көші – шұбалаң,
Дүниенің ділі – адалдық!
Жан үнін өстіп шығарам,
Қасиет таппай адамдық.

...Адаммын рас, асқақпын,
Асқақ та болсам құлармын.
Кеудемнен шықпай қасқақты үн,
Түбінде тілсіз тынармын.

Шындыққа ғана құмармын,
Сол үшін қара мұнармын.
Сол үшін биік шынармын,
Ажалдан асқан жолдас кім?
Алдына барып құлармын.
...
Ұлысын сонда ұлар күн!
Тірліктен тартып қиянат, 
Таба алмай тіпті, тиянақ
Тынармын түбі, тынармын...

        ***
Қайырымға келмеген қайран, бес күн,
сусисың уысымнан!
Бал ұсынған кесемен у ұсынған
көз жазармын қасымнан, 
туысымнан.
Алдаспан ем қапыда қыны сынған,
не мін таптың қасқайған тұрысымнан?
Мен Отанды сүйемін, 
қазағымды,
қарашаны, 
сезбедің тынысымнан.
От демім мен жүрегім
– тұр ысынған!
Түртіп қалсаң шоқ жауар шырышымнан,
Шырышымнан, 
батыс пен шығысымнан –
төрт құбылам – лаулаған төрт мүшемдей,
Қаражүрек емеспін кекті ішердей.
Боз далада мүлгіген бабалардың
құлағыма дауысы жетті шердей.
Қайырымға келмеген қайран, бес күн,
сусисың уысымнан!
Ынсап биік – мың күнгі ырысымнан,
Арым заңғар – жүз жылғы тынысымнан!
Ұлпа қардай жастықты жастанбаспын,
Ұлтарақтай бақ тайса ұлысымнан.
Жорғалаған дүниенің сауырында,
Қаңбақтаймын құйын мен жын ұшырған,
Сөйтіп жүріп халқыма жыр ұсынғам
Жыр ұсынғам,
...татып көр таңдайыңа,
Өмірдің кез келіппін қандайына?!
Жарық күнді сүйгенмен шексіз,
бірақ,
сыймаймын-ау, ажалдың маңдайына.

Асыл Сұлтанғазы

5835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы