- Айтарым бар...
- 05 Маусым, 2023
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ МЕН ҚҰНАРЫН АША ТҮСЕЙІК

Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Лексикология бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты
Қоғам дамыған сайын қазақ тілінің сөздік қоры да толыға түсуде. Бірақ қазақ тілінде ме? Оны нақтылау үшін қазақ тілінде тезаурустық сөздіктер барынша көп болуы аса маңызды. Себебі сөздің байлығын танытатын тезаурустық қор (бейнелі сөздер сөздігі, тұрақты теңеулер сөздігі, тұрақты тіркестер сөздігі, идиомалар сөздігі, көпмағыналы сөздер сөздігі, омонимдер сөздігі, паронимдер сөздігі, перифраздар сөздігі, синонимдер сөздігі, антонимдер сөздігі, т.б.) қазақ әдеби тілдің сөздігінің құрамдас бөлігі болып саналады. Тілдің өміршеңдігі сөз мағынасының функционалды дамуына тікелей байланысты. Қазіргі қазақ тіліндегі өзекті мәселенің бірі – мағына мен ұғым көп те, оған жаңа атау беру үдерісінің тым баяу болуында. Мағынаның жұмсалымдық (функционалдық) қызметін жіті зерттеп, қазақ тілінің мағыналық нормаларын жүйелеу, біріздендіру қажеттігі туындап отыр. Мысалы, «құрықтау» жылқыны құрықтау ғана емес, қылмыскерді құрықтау мағынасында да қолданылады. Демек, құрықтау сөзі – әрі этномәдени, әрі терминдік мағынасы бар сөз. Сондай-ақ «кілт» сөзі барлық салада қолданылатын әмбебап атау болды. Демек, кеңмағыналыққа ие гипонимдер көбейіп келе жатыр. Сонымен қатар, керісінше, мағыналас әрі жарыспа сөздердің мағыналары ажырап, жеке лексикалану құбылыстары да кездесіп жатады. Мысалы, «шағымдану (заң) // арыздану (ісқағаз)» синоним болғанымен, жұмсалымдық мағынасын орынды қолдану қажет. Тіліміздегі «шәрбат (коктейль) /шербет (шығыс тәттісі)» қазір вариант сөздер емес, жеке лексикалық мағынаға ие болды. Мағыналық ережелену үдерісінде ескеріле бермейтін жайт – қосымшалардың мағынасына қарай талғап жалғану заңдылығы. Мысалы, «-гер, -кер» – адам жасаушы жұрнақтар (кәсіпкер, дәрігер, бірақ Құлагер, Маңмаңгердегі «гер» жұрнақ емес). Ал «қор» жұрнағы – адамның жағымсыз қасиетін жасаушы жұрнақ (жемқор, бәлеқор, парақор). Қазақтың кең мағыналы, көп мағыналы, тең мағыналы, ұқсас мағыналы, тар мағыналы, дара мағыналы сөздерінің аражігін ажырататын мағына заңдылықтарына қатысты зерттеу жүргізіліп жатыр. Бұл қажеттіліктер тілдің қолданбалы тәжірибесіндегі қателерді түзету сұранысынан туындап отыр.
Қазақ тілінде лексикалық жарыспалық бар ма? Мысалы: тұрақ/ автотұрақ; паркинг//айыптұрақ; қораз // әтеш; шылым //темекі. Бұлар жарыспа сөздер ме, әлде теңмағыналастар ма? Әлде бір-бірінен мағыналық реңкімен болса да ажыратылатын лексикалық мағынасы мен жұмсалымдық қызметі бар жеке сөздер ме? Қайсысы мағыналық әдеби норма болады? Осы мәселелерді зерттеу жүйелі жүргізіліп жатыр. Мысалы: іскер/ісмер сияқты фонетикалық жарыспаны дара мағыналы сөздер ретінде ажыратуға болады: «іскер – кәсіпкер, ісмер – қолөнер шебері» мағынасында. Демек, қазақ тілінің мағыналық ережесін жасау тіл мұқтаждығынан туындап отыр.
Қазіргі сөйленісте мағыналас сөздерді орнымен қолдану жүйесі әлсіреп бара жатқаны байқалады. Мәселен, Қытайдан келген қандастарымыздың тілінде қытай тілінен калькаланған сөзқолданыстар бар: соғысып қалу (сөзге келіп қалу); қызметтен түсу (жұмыстан қайту); артқы есікпен жүру (пара беру). Қытай тіліндегі тұрақты тіркестердің тура аудармасымен қазақ тілінің тіпті әдеби сөзқолданысына еніп жатыр. Сол сияқты «аяқ-қолы балғадай» (әйел затына айтылады) немесе «қыз мінез» (жігітке айтылады) орнымен қолданылмайтыны байқалады. Жала/пәле. «Жала жабу» (нақақ кінә табу), бірақ «пәле жабу» болмайды. Себебі пәлеге адам өздігінен, өз себептерінен ұшырайды. Дәрігер/шипагер/емші. Дәрігер – медициналық жолмен, шипагер – медициналық және халықтық жолмен, емші – халықтық жолмен емдеушілер. Демек, әр сөзді орнымен қолдануға бағыт беретін тілтанымдық құрал аса қажет екенін байқайсыздар. Сол қажетті сөздіктер А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әзірленіп жатыр.
Қазақ тіліміздің ұлттық құнарын – төл мағыналарын сақтау, насихаттау, тарату ісінен көрінеді. Институтта «Қазақ тілінің тіркесімдер сөздігі» құрастырылды. Қазақ сөздерінің мағыналық тіркесу әлеуеті анықталды. Тіліміздегі синоним сөздердің мағыналары бір-біріне қаншама жуық болғанмен, олардың бәрі бірдей бір сөзбен тіркесе бермейді, мысалы: бет-әлпеті келіскен, келбеті келіскен дегенімізбен, жүзі келіскен деуге болмайды, оның орнына жүзі жылы дейміз, сол сияқты бет-әлпеті жылы деп айтпаймыз; барып-келіп отыр деуге болғанмен, барып-кетіп отыр деу дұрыс емес.
Лексикалық қабаттағы тіркесімділік заңдылығы арнайы зерттелу үстінде. Мәселен, «зіңгіттей» сөзі бейнелі теңеу болғандықтан өзінен кейінгі сөзді таңдап тіркеседі. Себебі бұл сөз о баста жігітке, алып денелі ұл балаға қатысты қолданыстан туған. Демек, зіңгіттей қыз, зіңгіттей әйел деп тіркестіруге болмайды. Сол сияқты ит те, қасқыр да ұлиды. Бірақ екі жануардың қызметтері әрдайым бірдей емес. Ит үргенмен қасқыр үрмейді. Демек, қасқыр үрді деген тіркес болмайды.
Сондай-ақ аударма ісінде өзге тілде эквиваленті жоқ сөздерге балама табуда қателік туындамас үшін мағыналық тіркесімділігіне ерекше мән беру қажет. Мысалы, «қара» сөзімен тіркесетін атаулар қазақ тілінде де, орыс тілінде де белсенді қолданылады. Қара қағаз – Ұлы отан соғысында қаза тапқан жауынгер туралы қайғылы хабарды жеткізетін хат. Бұл атаулы тіркес – қазақтың этнотанымдық ұғымы. Орыс тілінде бұл ұғым «похоронка» деп аталады. Демек, «черное письмо» деп аударылмайды, себебі орыс тілінде аталмыш тіркес «похоронка» мағынасын бере алмайды. Сондай-ақ қазақтың танымындағы қара қыз «черная девушка» емес, «смуглая девушка» аударылатыны, орыс тіліндегі «ржаной хлеб» қазақ тілінде «қара нан» деп аталатыны, орыс танымындағы «черный ход» қазақ түсінігінде «жасырын жол» деп ұғынылатыны «қара-черный» аудармасының үнемі пара-пар бола бермейтініне көз жеткізеді.
Морфологиялық тіркесімділік қағида-лары да ұлттық тілдің заңдылығын сақтауда аса маңызды. Әсіресе анықтауыштық қатынас тудыратын -ған, -ген, -қан, -кен, - гіш, -ғыш, -гі, -ғы, - дік, -дық , - и қосымшаларын жалғау арқылы тіркес жасауда мағыналық тіркесу заңдылығы ескерілуі керек деп ойлаймыз. Мәселен, сүзеген сиыр (сүзгіш сиыр емес), қабаған ит (қапқыш ит емес), түнгі жаңбыр (түндік жаңбыр емес), тарихи құбылыс (тарихтық құбылыс емес), әйелдік мейірім (әйели мейірім емес).
Сондай-ақ талғамай жалғана беретін морфологиялық тіркесімділік тәсілдері да болады. Мысалы, күзгі жапырақ, күздік киім; өлшегіш циркуль, қысымөлшеуіш құрал; астарлы ақиқат, астарлық мата. Дегенмен, мысалда берілген синоним жұрнақтардың да үнемі мағыналас сөздер тудырмайтынын, яғни мағына ажыратушы қызмет атқаратынын дәйектей түседі. Мәселен, күзгі сөзіндегі -гі жұрнағының мағынасы табиғи құбылысты сипаттауда басымдыққа ие болса, күздік сөзіндегі -дік жұрнағы мезгілге (сезонға), жылдық ауысым мағынасын білдіруге бағытталғаны байқалады. Өлшегіш пен өлшеуіш сөзіндегі -гіш пен -уіш қосымшалары да мағына ажыратушылық қызмет атқарып тұр: -гіш сындық мағына білдірсе, -уіш атауыштық мағынада қолданылып тұр. Астарлы, астарлық атауларындағы -лы, -лық жұрнақтары да мағына ажырату қасиетіне қарай таңдап, талғап жалғанады.
Қорыта айтқанда, қазақ тілінің әрбір сөзіне жан-жақты зерттеу жасау арқылы (мағыналастарын анықтау, тіркесімділік әлеуетін анықтау, қанша мағына жасай алатынын айқындау) – қазақ тілінің құнарын аша түсеміз.

3125 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *