• Әдебиет әлемі
  • 05 Маусым, 2023

Толстойлық тоқтам

Ол – әлем әдебиетіндегі ең ірі жазушысы ғана емес, ойшыл.
Оның өмір мен өлім, әдебиет пен өнер туралы толғаныстары шығармашылық адамдарының оқуы тиіс дүниелердің қатарына енген.
82 жыл ғұмыр кешіп, өмір мен адам мәнін іздеп өткен жазушы өз байламдарымен кейінгі толқын қаламгерлердің бәрін ойландырып кетті.
Ол – шіркеудің Құдай мен күнәға қатысты қағидасына қарсы шықты. Сол үшін де шіркеуден қуылды.
Толстой отбасында бес бала еді. 4 ұл және бір қыз. Өзі ұлдардың кенжесі болатын. Шешесі қарындасын босану кезінде қайтыс болған. Ол кезде Лев бір жарым жаста еді, шешесінің есінде қалмағанын жазады. Әкесі кейін қайта үйленбеген. Әкесінің қарындасы және  алыстан туысатын апайы Толстойлардың үйінде тұрып, жетім балаларға анасының орнын басқан. Әкесі анасынан кейін 7 жыл өмір сүріп, Левтің 9 жасында дүниеден озады. Өзі ата-анасы туралы: «Әкем мен шешем дәулетті, ақсүйек адамдар еді және дәулетті, ақсүйек жандар дәрежесіне сай білімдері болған. Әкемнің тегі граф Толстой еді. Ол дәулетті граф Илья Андреевичтің жалғыз ұлы екен. Әке-шешесі оған жақсы тәрбие берген. Неміс, ағылшын және бірнеше француз мұғалімдері болған. Ол кісі ұзақ қызмет етпеген. Француздармен соғыс аяқталған тұста атамыздың шаруасы шатқаяқтап, әкем қызметтен шыққан екен. Көп ұзамай, дәулетті қалыңдық княжна Волконскаяға үйленеді. Шешем де бай адамның жалғыз қызы болыпты. Мүмкіндігінше жақсы тәрбиеленген. Әкем оған үйленісімен, оның ақшасына атамның қонысын қайтадан сатып алады. Содан кейін ешқайда ұзамай, Ясная Поляна деревнясында өмір сүріп, сонда қайтыс болған, мен де осында туып, өмір сүріп жатырмын. Елден естуімше, әке-шешемнің екеуі де қайырымды, адал жандар болған екен» деп жазады.
Дәулетті отбасынан шығып, жоғары білім алған, Кавказдағы соғысқа қатысқан Лев Толстойдың жазуға деген ынтасы жас кезінен қалыптасады. Үлкен потенциалдың иесі  26 жасында соғыстан оралып, Петерборға келісімен әдеби ортаны мойындатады. Бала оқытумен, мұжықтар шаруасымен де айналысады. 
1870 жылдардың соңында Толстой өмірінің терең рухани кезеңі басталды. Ол өмірдің мәні мен мақсаты туралы ойланып қана қойған жоқ, бар ынта-шынтасымен беріліп, әр кітаптан, әр әңгімеден, тіпті, өзі тілдесе қалған әр адамның сөзінен іздей бастады. 1879 жылы ұзақ толғаныстан кейін ақыры өзінің діни көзқарасын, православ дініне қатысты сыни ойларын жазуға бекінді. Алғашында жариялауды ойламай, өз пайымы мен өткір сынын тек өзі үшін қағазға түсіре бастайды. Сол уақыттарда Николай Страховқа жазған хатында: «Менің қазір бос уақытым жоқ. Жаңа шығармамды үлкен толқыныспен жазып жатырмын. Көркем шығарма емес және жариялауға да арналмаған. Қарбаласпын әрі мазам да жоқ» деп, жаңа шығармасына аса қатты мән бергенін сездіреді. 
Алайда 1882 жылы «Русская мысль» журналының №5 санында «Арылу» алғаш рет «Жарияланбаған шығармаға кіріспе» деген атпен басылады. Бірақ шіркеудің цензурасы оған тыйым салып, журналдың барлық санын жойып жібереді. Тек 1884 жылы бөлек шығарылым болып, шетелде – Женевада Михаил Элпидиннің баспасынан жарыққа шығады. «Арылуды» қазақ тіліне аудармашы Кенжебай Ахметов тәржімалап, «Қасым кітапханасы» сериясымен басылып, қазақ оқырмандарына тарай бастады.
Шіркеудегі христиан діні бойынша арылу тәубә етудің бір «құпиясы». Адамдар шіркеуге барып, поптар мен иконалардың алдында бар күнәларын айтып, «тәубе» етеді. Солар арқылы жаратушыға таза боп жеткісі келеді. Адамдардың күнәларын жасырмай айтуы арылудың шарты болса, мағынасы – «тәубе ету», мақсаты – күнәні жуып шаю еді.
 Шіркеуліктер Толстойдың «Арылуын» шынайы, христиандық арылу деп есептемейді. Өйткені жазушы поптың алдына барған жоқ. Әулие Августин мен Жан-Жак Руссоның «Арылулары» сияқты Толстойдың да шығармасы діни-рухани әдебиеттердің қатарына енбейді.
 Толстойдың «Арылуы» – Құдайға барар жол іздеп, христиан діні мен өзге де діни көзқарастарды зерттеумен өткен ғұмырының баяны.
Жазушының бұл шығармасын отбасында ешкім қолдаған жоқ. Православ шіркеуінің жақтаушысы болған Толстойдың әйелі Софья Андреевна ешкімге пайдасы жоқ, ешкім түсінбейтін «қайдағы бір діни көзқарасын жазып жатыр» дейтін. Әрі күйеуінің бұл шабыты ұлғаймай, бір дерт сияқты тезірек өтіп кетсе екен деп тілейді.
Толстой діни көзқарасы жазылған алғашқы шығармасын: «Ер жетіп, қартайдым да бұрылып өткеніме қарадым» деп бастайды. Жазуын аяқтай сала, үстінен тағы бір қайта жазып шығады. Бірінші бөлімінен «Арылу» деген шығармасы пайда болады. Толстойдың қолжазбаларында бұндай тақырып қойылмаған еді. Тек Софья Андреевнаның күнделіктері мен хаттарында ғана осы ат кездеседі. Толстой өзі ақыры осы тақырыпқа тоқтап, жариялар алдында бекіткен.
 «Арылу»: «Мен православ христиан сенімінде шоқындырылып, тәрбиелендім. Бала кезімнен бастап, жеткіншек және бозбала кездерімнің бәрінде маған соны оқытты. Алайда 18 жасымда университеттің екінші курсынан шыққан кезімде, өзіме оқытқандардың ешқайсына да сенбейтін едім» деп басталады. 
Бала кезінен Толстойдың бойында жақсылық істеуге ынтызарлық, рухани кемелденуге деген құштарлық болған. «Мен жақсы болуды жан-тәніммен қаладым; бірақ бойым құштарлыққа толы жас едім, жақсыны іздеген кезімде жалғыз едім, мүлдем жалғыз едім. Жан дүнием барынша қалаған ниеттерімді, адамгершілігі жоғары адам болғым келетінін аңғартқан сәттердің бәрінде жеккөру мен әжуаға ұрындым» деп жазады.
Жазушылыққа бет бұрғанында айналасындағы ақындар мен суретшілер сияқты Толстой да өздерінің мақсаты халықты оқыту деп түсінді. Әрі атақты болып, мақтану үшін шығармалар жаза бастайды. Өзінің ауылда бала оқытумен айналысқанын, шетелге сапарларын, үйленгеннен кейінгі 15 жыл өмірінің бақытқа толы болғанын айтады.
«Осынау он бес жыл аралығында жазушылықты бос тірлікке балағаныма қарамастан, бәрібір жазуымды жалғастыра бердім. Бұл тұста мен жазушылықтың бас айналдырар дәмін татып, түкке тұрғысыз еңбектің қошеметі мен қыруар ақшалай келетін өтеуіне дәнігіп, оған өзімнің материалдық жағдайымды жақсарту амалы ретінде және өз өмірім мен жалпы өмірдің мәні жайындағы көңіл түпкіріндегі сан қилы сұрақтарды тұншықтыру құралы ретінде қарап, еліге берілген едім» деп жазады.
«Өмірдің мәнін бәрібір іздеп таппайсың, ойланбай өмір сүр» деген қағдидамен осы уақытқа дейін ғұмыр кешіп келген жазушы енді, тіпті, олай өмір сүре алмайтынын баяндайды. Ендігі жасында өмірмен қатар өлімді де ойлайтын хәлге душар болып, ойын сарсаңға салған уайымын жыртқышқа тап болған жолаушы туралы шығыс тәмсілімен астастырып жеткізеді.
«Айдалада ашқұрсақ жыртқышқа жолығып қалған жолаушы туралы әңгімелейтін шығыстың көне мысалы бар еді. Жыртқыштан қашқан жолаушы суы құрғап қалған құдыққа секіре ұмтылса, құдық түбінен өзін жемекке аузын арандай ашып тұрған айдаһарды көреді. Ызалы жыртқышқа жем болудан қорыққандықтан, кері шыға алмай, айдаһар жұтып қоятындықтан, құдық түбіне секіріп түсуге де батылы жетпей, әлгі байғұс құдықтың әр тұсынан өсіп шыққан жабайы бұталарға жармаса, салбырап қалады. Қолы талған ол өзін екі жақтан бірдей күтіп тұрған ажалға әне-міне берілуге мәжбүр боларын сезінеді, алайда беріле қоймай, бұтаға жармасқан күйі жан-жағына қараған кезінде бірі қара, бірі ақ, екі тышқанның өзі жармасып тұрған бұтаққа қатар жақындап, кеміруге кіріскенін көреді. Бұтақ өзінен-өзі әне-міне шырт сынып, жолаушы айдаһардың аранына құлап түсердей сәт туады. Бәрін байқап тұрған жолаушы да ажалдан құтылмасын түсінеді; әйткенмен салбырай ілінген күйі жан-жағын қармана тұрып, бұтақ жапырағынан бір тамшы бал тауып алады да, оны тіл ұшымен іліп алып, тамсай бастайды. Мен де өзімді пәршелеп тастауға әзір ажал айдаһары күтіп тұрғанын шүбәсіз білсем де, өмір бұтағына жармасудамын, сөйте тұра, осынау азапқа не үшін түскенімді еш түсіне алмаймын», - дейді жазушы. Айқын аллегория.
Өмірдің мәні туралы өзіне сұрақ қойып, оның жауабын ешқай жерден таба алмайды. Ақыры өмір мәнсіз деген тұжырымға келеді. Тіпті, Шопенгауэр, Сакиа-Муни, Соломон де оның сұрағына жауап бермепті.
«Бос әуре бәрі, бос әуре, бос әуре бәрі!» – дейді Соломон. Шығыстың да, батыстың да, үндінің де тәмсілдерін айта келіп: «Мен өз ортамдағы адамдар үшін біздің бәріміздің басымызда тұрған жан шошырлық жағдайдан шығудың төрт жолы бар екенін таптым», - дейді.
Бірінші жол – бейхабарлық жолы. Мұның мәні өмірдің жамандық пен мәнсіздік екенін білмеуден, түсінбеуден тұрады. Бұл топтағы адамдар – негізінен, әйелдер, немесе Шопенгауэр, Соломон, Буддаларды мазалаған өмір туралы мәселені әлі түсінбеген өте жас адамдар немесе мейлінше ақымақ жандар. Бұларда мен үйренетін ештеңе жоқ, өзің білетіңді қайта үйрену керек емес.
Екінші жол – эпикурейшілдік. Мұның мәнісі өмірден үміттенудің керексіздігін біліп, арыстанға да, тышқандарға да қарамай, бұтақта қанша бал болса, соның бәрін жалап қоярдай болып, кәдеге жарайтын игіліктің бәрін пайдалана беру болып шығады. 
Біздің ортамыздағы адамдардың көбісі осы екінші тұжырымды ұстанады. 
Үшінші жол – күш пен энергия жолы. Мұның мәні өмірдің жамандық пен мәнсіздік екенін түсініп, оны жойып жіберуден тұрады. Бұлай істейтіндер өте сирек кездесетін күшті және шешімтал жандар ғана. 
Төртінші жол – әлсіздік жолы. Оның мәнісі – өмірдің жамандығы мен мәнсіздігін түсіне тұрып, одан бірдеңе шығуы мүмкін еместігін алдын-ала біле тұрып, оны соза беруден жаңылмау. Бұл топтағы адамдар өлімнің өмірден жақсы екенін біледі, бірақ ақылға қонымды әрекет жасауға – өзін-өзі алдаудан тездете құтылып, өзін өлтіруге бойынан күш таппай, бірдеңені күткендей жүре береді. ..Мен осы топта болдым.
Сенімді діннен, тәмсілдерден, философтардың кітаптарынан, айналасындағы адамдардан іздеген соң Толстой ақыры қарапайым халықтың сеніміне тоқтайды. Қарапайым халық үшін Құдайшылықпен өмір сүру деген – «еңбектену, көну, сабыр ету және қайырымды болу».
Қарапайым халықтың өмір салты Толстойдың рухани ізденісінің нәтижесі болды. Себебі қарапайым халық қана өмір мен өлімнің мағынасын түсінді. Олардың «..бүкіл өмірі ауыр еңбекпен өтеді және байларға қарағанда, олардың өмірге реніші аздау болады».
«Арылу» Толстойдың діни-философиялық бағыттағы шығармаларының бірінші бөлігі болып шықты. Билік пен поптардың жандайшаптары оның таралуына тосқауыл қойды. Баспадан шыққан журналдан жойылды. Бірақ Толстойдың кей замандастарына сөзі бәрібір жетті.
1882 жылдың 11 қазанында «Арылуды» аяқтаған соң Николай Страховқа былай деп хат жазады. «Өзгергенде мен қатты өзгере қойған жоқпын. Бірақ менің былтырғы мен биылғы жағдайымды салыстырғанда, қалыптасып жатқан адам мен қалыптасып қойған адам секілді. Бақша тауып, үйдің айналасын тазартып, алаңсыз, көрінбей өмір сүрем деп үміттенімін».
Бірақ бұл жазушы өміріндегі ақиқатты  іздеудің бір кезеңі болатын. Осының өзінде елу жасына дейінгі істеген бар ісін жасырмай айтып кеткен батылдығы кімге үлгі болды екен. ең бастысы, қарапайым халықтан ажырамай, бар іздегенін елдің өз бойынан тапқаны бізге жұбаныш болмақ.
 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

2991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы