• Әдебиет әлемі
  • 05 Маусым, 2023

ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ УӘЛИІ

 Бұла кезеңнің бір күнінде, отқа оранған он сегіздің ар жақ, бер жағында Мұқағали Мақатаевтың «Жырлайды жүрек» деген кітабын біреу сыйлады. Ауылда жүргенде ауыл кітапханасында көп ақындардың кітаптары бар болатын, бірақ Мұқағали жоқ еді. Кітапханашы әлдекімдер алып, бермей кетті дейтін. Ауданға, қалаға баруға қол қысқа кез. Ақынның жекелеген өлеңдерін, кейіннен елден сұрап жүріп «Дариға-жүрек» деген шағын кітабын оқығанбыз. Болды. Жас уақытта махаббаттың шалығы тиіп, жүректің солығы басылмай тұрған кездерде де шайырдың сезім ғазалдарын көшіріп алып, жан қалтамызға салып жүретін едік. Кейіннен сол «Жырлайды жүрек» тылсымына тарта берді, жанымыздан жас моншақтаған, көңілімізден сезім тамшылаған күндер де аз болмапты. Өмірдегі өкініштер, енді түзелмейтін әттеген-айлар, қол жетпеген арман, бәрі де тағдырдың жазуы. Пенде болған соң мұның бәрі де болмай тұрмайды. Бірақ, бұл ештеңе емес, адам Алланың бұйрығымен, тағдырдың жазуымен ақын болады екен. Бұл кез көп өлеңшінің бірі емес, нағыз ақын басқа болады екен деген ойдың қылаң беріп қалған кезі еді. Шын ақынның көңіл көзі көре алатын барлық жағдай жай пендеге жұмбақ. Мұқағалидың өлеңдеріндегі мұң да, сыр да бізге сондай жұмбақ еді. Қарапайым болғанымен қарабайыр емес, керісінше құдіретті жырлар өз өрнегімен тамырымызға түсіп, өлең тағдырымызға айнала бастаған кезден бастап өзгеше өрісін ашты.
  Мұқағали әр қазақтың жүрегіне қара өлеңнің уәлиі ретінде жол тапты. Ақынның уәлилігінің бірнеше белгісін оның шығармашылық болмысынан көруге болады. Тағдырынан да. Әлбетте, уәли әулие деген ұғым, бірақ ол әлдебір емші-көріпкелдердің ғана емес, ақынның болмысында да болады. Тәңірдің өзі маңдайын жарқыратып қойған ақын, өзінің тағдырын өлең мен сөзге сіңіріп кеткен екен. 
Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге.
Ұмыт болып есебің, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде...
  Ақын-тағдырдың, өлең-өмірдің жалғанның жарығында қанша жүретінін ақынның өзі кесіп айтып тұр ғой. Бұл шайырдың шері, бірақ ғарышта, біз білмейтін тылсым әлемде жазылып қойған ақын тағдыры мен ақынның жүрекжарды өлеңінің сәйкес келуі таңдандырады. Қазақ әдебиетіндегі қара дауыл шынында да қара өлеңнің қанатын мезгілсіз қиып кетті. Біздің ойымызша, шайыр болмысындағы уәлиліктің бірі осыдан көрінеді. Әлемде өз тағдырын өзі болжаған уәли-сөз иелері бар, әлбетте қазақтан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлын айтар едік. Қайтарынан бір жыл бұрын елді жинап, ас берген адам. Ал, Мұқағали ақынның бұл кесімі сәуегейлік емес, уәлилік еді. 
  Қырық бес жыл ғана ғұмыр кешкен Мұқағали Мақатаевтың өзегін жарып шыққан шығармалары бір бөлек те, Дантеден аударған «Құдіретті комедияның» сорабы бір бөлек. Кеңестік кезеңде, Құдай туралы айтпақ түгілі ойлаудың өзі қылмыс-күнә саналатын шақта бұл қадамға оны қандай тылсым күш апарды деп ойланатынымыз рас. Әлбетте, ақындық таланты дерміз, бірақ бір құдіретті күштің, жаратылысында бар уәлиліктің ақынды осы арнаға түсіріп жібергенін көреміз. Айналып келгенде Жаратқанның өзі жетелеген деген пайым туады. Құдайды тану үшін діндар болу шарт емес шығар, бірақ санаға ғайыптан сәуле түсіп тұруы ақиқат. Жанның нұрға шомылмағы ләзім. Ақынның жары Лашын Әзімжанқызы өзінің естелігінде «Мұқағали кейде «бір Жаратушы бар» деп отыратын. Өмірде дүние орнына келген бе, кейбір кездерде ашуланасың, әсіресе, соның бәрін істеп жатқандай Мұқаңа да тиісіп кетемін, Құдайын да жақсы демеймін, оған да сыбаға дайын. Сол кездерде «Ей, асыра сілтеме, о жақта нең бар, мені ғана ірей берсеңші» деп шырылдайтын», деп жазады. Сонымен қатар, Лашын Әзімжанқызы «Мұқағалиға өте ауыр тиген, денсаулығына да көп әсерін тигізген қиын аударма – әлем әдебиетінің жарық жұлдызы, Италия перзенті Дантенің «Құдіретті комедия» дастанының «Тамұқ» бөлімін аудару болды. Бұл дастанды 1965 жылы бастап 1966 жылы түнімен отырып аударып жүріп екі жылда әрең аяқтады. Осы аудармада қатты қалжырап кетті», дейді тағы. Мұхаммедқали деген азан шақырып қойылған қасиетті есімі бар Мұқағали ақынның Тәңірді тануға деген құштарлығы, құдіретті болмысқа деген сүйіспеншілігі Данте әлеміне алып барса керек. Мұхтар Мағауин де «Жұлдыз» журналында жарияланған «Естеліктер кітабында» «Мұқағалидың жүзін алғаш рет кездейсоқ, трамбайда көрдім», деп келіп «Құдіретті комедияның» «Тамұқ» бөлімінің тағдыры турасында баяндайды. Ақынның оны басында «Тәңірінің тәлкегі» деп аударғанын, кейін Мұхтар Мағауин өзінің ұсынысымен «Құдіретті комедия» деп өзгерткенін жазады. Мұның бәрі ақын көкірегіндегі құдіреттің кең әлемге қалықтап шығуы еді. Құдай – адам санасындағы нұрлы құдірет, көңіліндегі кие. Тірлікте ақынның жан әлемі пендеден емес, Құдайдан жұбаныш табады. Данте-Мұқағали болмысының бір арнаға тоғысып, сөз, ой мен рух арқылы Аллаға қарай баруы сондықтан.
Сезбейсің ғой, сезбейсің ғой сен мені...
Көрмейсің ғой кереметті мендегі.
Түсінсеңші сарсаң болған пендені,
Түсінсеңші!
Ақыл-ойым кем бе еді?! 
Ақынның жан бұлқынысы еді бұл. Маңдайына бұйырған бақ пен сор, өмірдің сабақтары көрсеткен ақ пен қараның айқасы, болмысына жаратылыстан берілген уәлилік оған өзінің кім екенін өлеңдері арқылы білдірген дегіміз келеді. Ақынның өзін оқысақ: «Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер, нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным», дейді күнделігінде. Мұны 1976 жылғы 14 ақпан күні жазыпты. Бұл өлең де, күнделіктегі сөз де аманат. «Бір ғана бүтін поэма» – өзі айтқан қырық бес жылдық ғұмырдың мәңгі өшпейтін шырағы екен. Тірліктің түрлі иірімдері, берісі жанының жазирасын жайлаған өкініш, арысы өлеңнің дерті шыңырауда тұнған шайыр шындығын жеті қат көкке көтерді. Құдайды іздеу, тану, құдіретіне илану бекзаттықтың көрінісі. Мұқағали ақынның «Моцарт. Жан азасы» реквиемі де Құдайды іздеген, ақыры таныған жанның сөзі. Шайырдың өмір мен өлім арасындағы арпалысы. Сол арқылы өзін-өзі жоқтаған қаралы күй. Шолақ ғұмыр, келте тағдырға базына. Әйтпесе ақын «Мен сені сүйгем, жаныммен сүйгем, Жарық Күн, жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың. Ақ сәулең сенің аймалап мені, Жарық Күн, тұрған да болар үстінде мынау табыттың» демейтін еді. Тағы да сол, ақын жан-жүрегімен іздеген Құдай, бірақ қашанда Құдайдың дегені болады.   
  Мұқағали ақын өлең жазарда «Бір тылсым күш құлағыма сыбырлап тұрады» дейді екен. Ұлы Құдірет кейбір сөз иелерінің болмысына осындай сирек кие дарытып қоятын болса керек. Ақын пайғамбар болмаса да, оған түскен өлең Құдайдың уаһиы секілді. Адам өмірге келгенде кім екенін білсе де, кім болып ғұмыр кешіп жүргенін білсе де, жалғанның жарығынан қайтатын күнін білмейді. Мұқағали ақынның «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде» деген тылсым өлеңі өзінің болмысында жасырылған уәлилік қасиетті өмірінде сездірсе керек. Ақынның анасы Нағиман Батанқызы перзенті туралы естелігінде «Айналдырған ауру алмай қоймайды» дегендей, арыстай азаматымыздан айырылдық та тындық. Бұл – 1976 жылдың 27 наурызы болатын», дейді. Біз Мұқағалидың жүзін көргеніміз жоқ, бірақ ақын туралы ақиқат пен аңыз қатар өрілген естеліктерді оқыдық, естідік. Ақын қайтыс болатын жылы жарық көрген «Өмірдастан» жинағын қолтаңба жазып, өлеңсүйер қауымға ұсынғанда да соңына «1976 жыл, 27 наурыз» деп жазыпты дегенді талай естігенбіз. Кейін ақынның жары Лашын апамыздың естелігінен «Осы таңдамалысын өз қолымен жақсы көретін адамдарына автограф жазып қойды. Сонда бәріне «27 наурыз 1976 жыл» деп жазыпты. Сол тура өлген күні болды. «Өмірдастанды» алған соң екі күннен кейін қатты приступ болып, ауруханаға түсті де, соңғы күндері қиналып жатып, қайтыс болды» деген ауыр жолдарды оқыдық. Адамның тағдырын әуелде Құдай Тағала белгілейді десек те, сол Құдіреттің өзі сүйген жаратылысына уәлилік қасиет дарыту арқылы бәрін сездіреді екен. Жар естелігіне тағы да қайырылсақ, «Ол дүниеден ерте кететінін білетін. Кейде: «Мен елу жылдық тойымды көре алмаймын, балаларыңа бас бол, мені жоқтатпа, сен өзің кеткенше азық болатын дүние жазып кеттім. Соған ие бол! Қысылмассың. Өз-өзіңе мықты бол!» – деп отыратын», деген қасіретті жолдарды оқимыз. Мұның бәрі де Жаратушының өзі сездірген тылсым сырлар екенінде дау жоқ. Құдайдың құзырына жасырылған ұлы құпиялар адамзат баласының бәріне бірдей мағлұм болмаған.  
  Тәңірдің тылсымына бойлау мүмкін емес. Өлең де, сөз де ғарыштан түсірілген Құдайдың құбылысы. Ол таланттарға қонады, бірақ сөздің өзі жанның терең түкпірінде болмысқа айналып, кім көрінгенге Алланың алқауымен аян бере бермейді. Ешкім де қай күні өлетінін білмейді. Ал, Құдайдың құзырына байланған жүрек, Құдайлық қара өлеңнің киесі қонған сөз иесі бәлкім тағдырын болжай алады. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы Алланың дәргейіне самғаған парасатты рух. Құдіретті сағынған аспани аңсардың ізгі көрінісі. 
Жапырақ-жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?! 
Ақын өзі жазған өлеңінде айтқан жасында, қалдырған қолтаңбасында жазылған күнінде жерден көкке көтерілді. Мына өлеңінде айтылғандай, жыр тұнған жүрек ақ қайыңға айналып қайта соқты. Қайта жаратылды. Иә, өлеңді түсіндірудің, қай өлеңде не айтылғанын тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Қадыр Мырза-Әли «Не құдірет барын білмеймін, осы өлеңді өлердей жақсы көрем! Неге? Неге? Түсіндіріп көруге болады, әрине. Бірақ соның бәрі, өлеңнің өзімен салыстырғанда жай сөз болып қана шығады. Өлеңнің қадірін кетіріп, бағасын түсіресің. Тіпті обалына қаласың», дейді «Иірім» кітабында. Осы сөзге тоқтаған дұрыс.
  Айтылып жүрген сөз болса да айтайық, Мұқағали өлеңдерінен өмірге құштарлықты, табиғатқа сүйіспеншілікті көруге болады. Құдай жаратқан қара өлеңнің уәлиі дүние кешкелі қырық жылдан асты, бірақ қазір әр қазақтың аузында Мұқағали. Кейбір жұрт өлеңдерін оқымаса да «Талант еді» дейді, авторын білмейтін әлдебір өлеңдерді де «Мұқағали жазыпты» дейді. Үлкен ағаларымыз Мұқағалидың классик екенін айтады. Әдебиетке енді қадам басқан жас ақындардың да құрметі алабөтен. Өтежан Нұрғалиевтің сөзімен айтсақ, «Кімнің Мақатаев болғысы келмейді?» Бұл да қара өлеңнің уәлиіне деген құрмет. Бәлкім сағыныш. Шайырдың рухы бүгінде аспанды айнала ұшып жүр. Қара өлеңді құдірет тұтқан қараорман қазақ ақынның асқақ бейнесін табиғаттың тылсымынан қайта көрді. Ақиық Алатаудың сілеміндерінде табиғи Мұқағали мүсіні пайда болды. Он шақты жыл бұрын. Бұл адамның емес, Құдайдың орнатқан мүсіні болатын. Алматы облысының Бақай мен Сар тауының ұштасып жатқан жеріндегі Құдайдың құдіретімен сомдалған кесек мүсін Мұқағалидың қара өлеңнің уәлиі екендігінің тағы бір ұлы айғағы еді.
 

 

Хамит ЕСАМАН

5759 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы