• Айтарым бар...
  • 28 Мамыр, 2023

ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Құрметті, «Үркер» журналының редакциясы! Менің сіздерге хат жазу себебім, өзімді көптен бері толғандырып жүрген арманыммен бөліскім келеді. Менің бала кезден бергі арманым, бұл – журналист болу. Журналистика мамандығын таңдаған себебім – осы мамандықтың қыр-сырын игеру арқылы жұртшылықтың әлеуметтік мәселелерін, толғандырған сұрақтарын көтергім келеді.
Журналистерді әдетте «төртінші билік» деп атайды. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болып жүрген журналистер елдің мұң-мұқтажын, халықтың жан айқайын, айтар датын жоғары жаққа жеткізіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді. Яғни, журналистика мамандығы арқылы қоғамның дамуына, мемлекетімнің көркеюіне өз пайдамды тигізсем, мен үшін одан артық мақсат болмас еді. 
Қазақ журналистері – қашанда ұлттық бағытта қызмет етіп келе жатқан тұлғалар деп білемін. Олардың өмір деректерімен танысу барысында қандай өзекті мәселелерді қозғағанын көріп, қызығатынмын. Қазақ журналистикасы мен әдебиетінің көрнекті өкілі – Шерхан Мұртаза атамыздың халыққа қандай сыйлы, құрметті болғаны өз кәсібіне деген адалдықтың белгісі деп ойлаймын. Егер де мен де сол кісілердей таңдаған кәсібіме адал болып, халықтың сөзін сөйлей, жаза білсем, талай белесті бағындырарыма сенемін. Ол үшін, әрине, көп оқып, терең білім алып, өзімнің бойымдағы қабілет-қарымымды шыңдауым қажет. 
Журналистер болмаса, қоғам, ел, күллі әлем қандай күйге душар боларын елестетудің өзі қиын. Сондықтан олардың атқарып жатқан тынымсыз еңбегі арқылы әлемде, республикамызда көптеген қордаланған мәселелер шешімін табуда. Бүгінгі таңда масс-медиа саласы дамып келеді. Қолымыздағы смартфон арқылы, жаңа заман технологиялардың көмегімен сурет те түсіре аламыз, видео да жасай аламыз. Алайда, мен журналистикадағы сенімді құрал болып саналатын – қаламмен жазудың шеберлігін жетілдіргім келеді. 
Қазіргі көптеген адамдар жазуда компьютерді пайдаланады. Ол да керек. Бірақ, менің ойымша, қаламмен жазудың өз артықшылығы бар деп санаймын. Өйткені, қалам ұстағанда жан-дүниең басқаша әсерге бөленеді. Ойың орнығып, санаңда бір серпіліс пайда болады. Өзіңді нағыз ақын-жазушы, қаламгер ретінде сезінесің. Журналист жан-жақты болу керек деген сөзді көп естимін. Мәселен, ол ғарышкермен де, дәрігермен де, фермермен де емін-еркін сөйлесіп, әңгіме өрбіте алуы керек. Демек,  әр саладан хабардар болып, өзіне қажетті ақпараттарды игере білуі тиіс. 
Бір сөзбен айтқанда, журналистика мен үшін – мәртебесі биік мамандық. Елімізге танымал, жазуының салмағы бар, ойы ұшқыр, қаламы жүйрік ағалар мен апайлардың сара жолын әрі қарай жалғағым келеді. Олай болса, мен өз мақсатыма жету бағытында еселі еңбек етіп, қажыр-қайратымды осы арнаға сарп етуім керек. Сонда ғана нәтиже шығады деп ойлаймын. 
Биыл мектебімді аяқтап, құжаттарым-ды журналистика мамандығына тапсырып, бағымды сынап көрмекпін. 

Айша ТӨРЕМҰРАТҚЫЗЫ
 

2964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы