• Әдебиет әлемі
  • 26 Сәуір, 2023

Әр тамшыдан жаным мұздап, дір еткен

«Жаратушы  жарылқады: шарапхана ашылды!
Ол жабықта тау мен тасқа ұрып едім басымды»
                                    Мұхаммед  Хафиз

Әсел Оспан, ақын. 

Біздің  дәуір дәруіштің дәуренінен әрірек,
Шарап ішкен Хафиздің де ғазалынан ауыр ед(і).

Шырағданы шайырдың түн жамылса жанады,
Қылқаламы айқыш-ұйқыш оятады сананы.

Қызыл шарап бойға енсе, балқытады жаныңды,
Иітеді алпыс екі тамырыңды, қаныңды.

Шарап ішіп ғазал жазсам, ғаріп деме жазғырып,
Тас үгітер кеудем толы бір беймәлім жаңғырық.

Бас тартпаған біз түгіл сонау көне ғасырың,
Дейін бе енді: «Құдайым, бере гөр деп, ақырын».

Майқорды да жаратқан, ол да пенде зары көп,
Қайдан болсын Сахидай, ашуланба, сабыр ет.

Тыңдар құлақ қалқайса, тегін құяр ақылын,
Ашар ма еді қос көзін, мына әлемнен мақұрым.

Мұңлық еді бұл Хафиз, шері қалың дәл мендей,
Түн-түнекті жарып шыққан бәйіттері сәулемдей.

«Қоңыраулатқан өмір-керуен» өтіп тағы барады,
Дәл  Хафиздей албырадым, бойға шарап тарады.

Хас сұлудың меңіне бере салған сыйлығын,
Бұқара мен Самарқандты онан өзге қиды кім?!

Бәрін тастап Ширазыма, кетсем бе екен Хафизге,
Жарылқай ма мына дүние, түсіп кетсем софы ізге.

Майқор емен, түсердей жолдан өзге соқпаққа,
Ақымағың мың алжыр, ақыныңды тоқтатпа.

Хауаз толы жүректен сыйқыр сөздер төгілер,
Қолаң шаштың бұрымы ғазал болып өрілер.

Айыптай бер қайтейін,  жаман ат қып асылын,
Миымызда әйтеуір, араласқан  лас ұғым...

* * *


«Шүкір еттік болғанына бір Алла,
«Жоқ» біздерді «бар» еткен соң көз жетті.
Шындығында біздер жалған, шын-Алла,
Мал-дүниеге қол созып, не  көздепті?»
                                      Жүніс  Әміре

Біссіміллә деп бастайын сөз басын,
Балқып жатты миымда ой-қорғасын.
Хақ жолынан бақ іздеген ер шайыр,
Жаратқаным, оған  дағы бер қайыр.

Қожа Ахмет Яссауидің жолымен,
Ислам болып қағидасы-жанына ем.
Дәруіш боп кезді өлеңмен ел ішін,
Ғибадат қып Хақтың жолын сонымен.

Ерін кепсе қияметте тамшы зар,
Қысып кеуде, күнәлармен жаншылар.
Мүңкір-Нәңкір екі жақтан келгенде,
Ізгі амалым, бір сауабым бар шығар?!

Сырқатыма шипа болмас көз жасым,
Тұрпатыма бөз көйлек те жарасар.
Әй, Әміре, 
           хикмет-жырың тозбасын,
Тәухид еткен тілегіңмен пара-пар.

Бұлбұл гүлге ғашық еді бақтағы,
Құс тілінде шайыр талай үн қатты.
Тамып түсті көз айнамнан жас тағы,
Құдай сүйген құлдарына қымбатты.

Тірлігімнің өңі түгіл, түсі алаң,
Ұшса деймін көктерімнің құсы аман.
Әй, Әміре, 
        Махшар барсам не деймін?
Ақындығым-татып алған күшәлам.

Ажал-Әмір қаша алмаймыз бәріміз,
Ақ шүберек  жабатұғын тәніміз.
«Аузын ашса ақым болып қара жер»,
Жетсін  тілдер, кәлимаға халіміз.
Толтыр дейсің иманыңның кетігін,
Қара құрттай шайнай берсе жегі мұң,
«Хақтан нәсіп болса жанға мәртебе»,
Бес парызың-екі дүние шешімің.

Тәухид ету-жүзіңді жарық қылар,
Бұл жалғанда демегін ғаріп жылар.
Атағың, жиған-терген байлығың да,
О дүниеде сауапсыз тарықтырар.

Шемен  жүрек қара тастай үгілді,
Гүл-хауыздай ауыр ойлар бүгілді.
Аманат қып тастап кеткен біздерге,
Шайырлықтан шариғаттық жүгіңді.

Жалғанымның жалтақ шігі, бүгісі,
Тағдырлардың жолы қисық, жүрісі.
Бір өзіңе сансыз алғыс, Жаратқан!
Әулиесің, Әміренің  Жүнісі!...


                           * * *

«Мекен еткен қара таудың тұмсығын,
Әли елі, Иса жері бұл шыным,
Аспан асты, жердің үсті, қыршыным-
Менің сахыпжамалымды көрдің бе?»
                      Мақтымқұлы Пырағы

Ай нұрындай жарық па екен сол арудың дидары,
Жәннат гүлін тағдырына шарасыздық  қимады.
Күн астының Күнекейі, гөзелі оның жыр бағы,
Гүлзарына Мақтымқұлы тіптен су да құймады.

Сенің сахыпжамалыңды мен көрдім деп кім айтар?!
Шырғалаңға түскен жүрек, халің мені мұңайтар.
Махаббаттың жолына түс, машахатын көр дағы,
Пақырыңа болысқын, мәрт көңілмен Құдай жар.

Меңлі ару есіміне қанық болдым, сырға түп,
Мақтымқұлы жүрегі мен ықыласын құлатып.
Шер-шеменді бордай үгіп, дәруіштей ел кезді,
Кетті басы ауған жаққа Түркменнен дүр асып.
Жеті түннің қараңғысы айтады ма көрдім деп?
Құлаш жайған дала құсы айтады ма көрдім деп?
Нәзік тәнін жер жасырса айтады ма көмдім деп?
Бұлтсыз күнде Көк-Тәңірі айтады ма көрдім деп?

Шұғылалы күн сәулесі айтады ма өптім деп?
Бір хабары жететіндей, жылы желден тостың леп
Қуаңқырап, жаны құрғап жат елде ол жүрсе егер,
Жүзін шаяр жаңбыр суын айтады ма төктім деп?

Жанарында қалып қойған Меңлі арудың бейнесі,
«Махаббатым мені күл ғып өртейтіндей» кейде осы.
«Кім тіл қатар жар іздеген сұрағына» бір жауап,
Пырағымның іздей-іздей тозып кетті-ау жейдесі.

Тауларға да үн тастады, сахара асты, құм кешті,
Қағба тұсы, Шам шаһары, Үріммен де тілдесті.
Босқа аңырап, жайылады боз далаға зарлы үні,
Буырқанып Қызыл теңіз, Жейхуны да бірге есті.

Үшкіл үміт тағы алдар, жеті рет Қағбаны айналса,
Соққылады-ау миыңды күн-түн демей ой-балта.
«Құрбандығына зекет боп өтелсем бе» әлде деп,
«Гүлзарыңды көрдік» деп сосын біреу айта ма...

Сенің сахыпжамалыңды көрдім деген жан болса,
Сәулесімен нұрын төгіп, өптім деген таң болса.
Қандай едің, Меңлі қыз, мен де ынтығып барамын,
Мақтымқұлы, дәл өзіңдей мені сүйер жар болса...

* * *

Сәуірдің жаңбыры...

Ақ жауынменен ұласып көктем,
Таңдарын сүйдім сәуірдің.
Жаныма тағдыр
              жүк артып кеткен,
Тәтті едің неткен ауыр мұң.

Кіреукеленіп көзімнің алды,
Аспаным бүгін де қара ала.
Үстінен жылжи
        Бұлттардың қалқып,
Армандар ұшып бара ма?

Қытымыр күннен қыл үздім,
Кешегі бұла шақ бәрі аңыз.
Жетеді бір дауыс шыңылтым,
Сірі ме еді жаным тарамыс?

Тиылар емес Көк-Тәңір жасы,
Пендеде болса сормаңдай.
Уақытқа бұршы
               ноқтаның басын,
Тұманнан аршып,
                       жол салғай.

Жыладым, 
              күлдім,
                   еліттім бір әнге,
Жаныма сіңді
              Ауыр мұң тұнбасы.
Көзімнің алды
            шытынап бір әйнек,
Тамшылап жатыр
                сәуірдің жасы...

Вивальдидің «Мезгілдері»

Құйқылжыта  ойнайды бір ізгі әуен,
«Мезгілдері» Вивальдидің нұрлы әлем.
Тәбәрікпін селт етпейтін дүниеге,
Ессіз сүйер мына өмірдің құрбаны ем.

Жазды сүйіп, 
           қысты құшып, 
                              күзді өпкем,
Қолын бұлғап шақырады бір көктем.
Сарғайғаны жүрегімнің керек пе?!
Әр тамшыдан жаным мұздап, дір еткен.

Ойна әуен, 
             о Вивальди, 
                              сазды төк,
Көктем жылап қалмау үшін, жан жүдеп.
Жасыны ойнар жалт еткен жас ғұмырша,
Біз екеуміз сәл ұқсастау тағдыр ек.
Бар азабым ұмытылсын, 
                                    басылсын,
Ей тағдырым, 
               қатыгезсің, 
                              тасырсың.
Жапырақтай сабағынан үзілген,
Топыраққа тағдыр біткен бас ұрсын!

Бірде ылдиға құлдилайсың, 
                                      бірде өрге,
Сенің жолың тұнып тұрмас гүлдерге.
Дала даусы, өзеннің өр үні бар,
Арманыңды айта аласың кімдерге?

«Мезгілдерің» осылай үн қатады,
Түстік-ау сен де, мен де мұңға қалың.
О Вивальди, бәріміз де уақыттардың,
Түбінде бір жыртармыз күнпарағын.
 

3430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы