• Қоғам
  • 01 Наурыз, 2023

ПРЕЗИДЕНТ ӨЗ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРСА…

Динара  МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Парламент президент өкілеттілігін жеті жылға ұзарту нормасын қабылдап, Конституцияға президенттің жеті жылдық мерзімі қайтадан енгізді.

. Әлем бойынша президентті жеті жылға сайлайтын мемлекеттер көп емес. Басым бөлігі бес жылға және екінші мерзімге сайлануға мүмкіндік береді. Қазақстанның қазіргі Конституциясында тура сондай норма бекітілген. Ал жеті жылдық өкілеттілік Әзербайжан, Ирландия, Италия, Тәжікстан мен Түрікменстанда бар. Бірақ президентке қайта сайлануға тыйым салынбайды. Израиль мен Арменияда мемлекет басшысын жеті жылға сайлайды. Алайда одан артық отыруға рұқсат жоқ.

Бұдан бөлек, бір реттік мерзім Албания (5 жыл), Мексика (6 жыл), Моңғолия (6 жыл), Оңтүстік Корея (5 жыл) және тағы бірнеше елде бар. Кореяда 80-жылдарға дейін мемлекет басшысын жеті жылға сайлайтын. Бірақ елде демократияландыру басталғаннан кейін өкілеттілігін бес жылға қысқартты. Франция 2002 жылдан бастап президенттің жеті жылдық мерзімінен бас тартты. Көрші Өзбекстан мен Қырғызстан да ел басшысын жеті жылға сайлап көрген.

Бүгінде Франция дамыған ядролық әрі ғарыштық держава болып саналады. 1873 жылы осы елдің президентін жеті жылға сайлау нормасы енгізілген болатын. Содан бері екінші рет сайлануға шектеу қойылмаса да, Шарль де Голль, Франсуа Миттеран мен Жак Ширактан басқасының бәрі бір мерзімнен артық отырған жоқ. Миттеран елді 14 жыл бойы басқарды. Сол кезде президент мерзіміне қатысты сын күшейіп кетті. Өйткені парламент пен президенттің өкілеттілік мерзімі екі түрлі, президент жеті жылға сайланса, парламент бес жылда жаңарып тұрды.

Сонда бас кезінде мемлекет басшысының барлық бастамалары еш кедергісіз іске асырылса, бес жылдан кейін сайлаушылардың сенімі төмендеген соң, парламентке президенттің оппоненттері келе бастайды. Ал мемлекет басшысымен келіспейтін адамдар көбейгесін қажетті заңдарды қабылдау қиынға түседі, тоқырау басталады, саяси дағдарыс басталуы әбден мүмкін. Францияның 22-ші президенті Жак Ширактың тұсында мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімін бес жылға дейін қысқарту бойынша референдум ұйымдастырылды. Халық қолдады, бірақ 30 пайызы ғана дауыс беруге келді.

2002 жылдан бастап Франция президенті бес жылға сайланады. Одан кейін тағы бір рет өз кандидатурасын ұсына алады. Былтыр Эмманюэль Макрон екінші мерзімге сайланды. Ал сайлауалды науқан кезінде қарсыласы Марин Ле Пеннің президент өкілеттілігін қайтадан жеті жылға ұзартуға қатысты ұсынысын қолдады. Бірақ бұрынғы жүйе қайтадан енгізіле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Қазақстан да президентті жеті жылға сайланды. Қазақстанда президенттің жеті жылдық мерзімі болған. 1998 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімі жеті жылға ұзартылды. Бұдан бөлек, бір адамның осы қызметті атқаруына қатысты шектеуді алып тастады. Келесі жылы кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев тағы жеңіске жетті. 2000 жылы Конституциялық кеңес «Назарбаевтың бірінші президенттік мерзімі басталды» деген шешім шығарды. Өйткені бұған дейінгі сайлаулар ескі Конституциялар бойынша ұйымдастырылып келген. Бес жылдан кейін кезектен тыс президент сайлауы өтті.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтың айтуынша, президенттің осы жолғы бастамасы бұған дейінгі саяси реформалардың жалғасы әрі «суперпрезиденттік биліктен» бас тартудың айқын көрінісі. Себебі жеті жылдан кейін президент болған адам қайтадан сайлауға қатыса алмайды.

«Бір мерзімге жеті жылдық президент өкілеттілігінің енгізілуі суперпрезиденттік билікке қайта оралуға тосқауыл болады, яғни, биліктің узурпациясына жол берілмейді. Қазір қоғамда кейінгі президенттер оны өз ыңғайына өзгертіп алады деген сияқты әңгімелер тарап жатыр. Бірақ Конституцияға тағы бір тармақ енгізіледі. Оған сәйкес, президент өкілеттілігіне қатысты нормалар өзгеріссіз қалатындай кепілдік беріліп отыр. Бұл посткеңестік елдер үшін де жаңа саяси тренд болады. Себебі көрші елдер ондай қадамға бармаған. Қазақстан жаңа саяси модельді құрып отыр», – деді Қазбек Майгелдиев.

 

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» ҚҰРУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ НЕДЕ?

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, президент Қ.Тоқаевтың былтыр екі рет жасаған Жолдауының жөні бөлек. Бұл – Жаңа Қазақстанға бет бұрған, өзгеріс пен жаңашылдықты көздеген мемлекеттің жолдауы. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталуының да мәні осында жатқан сияқты.

Бірінші – ұлт денсаулығы. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», – деген президент медицинадағы олқылықтар туралы былай деді: «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі».

Президент айтқандай, бұл салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.

«Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», – деп түйіндеді Президент.

Айтпақшы, президент биыл ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырғанын жеткізді. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі.

Ұзақ, сапалы өмір сүру адамның денсаулығына байланысты. Сондықтан денсаулық саласына ерекше мән беру керек. Ұлттың денсаулығы, ұлттың ұлт болып қалыптасу мәселесі мемлекет үшін маңызды түйткіл екені анық. Президент мәселені дер кезінде қолға алды. Әрине, медицина саласында шешімін таппаған жайт көп. Әсіресе, медициналық сақтандыруды жетілдіру керектігіне тоқталғанын жалпы жұрт жақсылыққа балады.

 

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРАДЫ

Көптің көңіліндегі екінші мәселе – әйелдердің зейнет жасы мен балаға берілетін жәрдемақы. «Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді», – деп тәптіштеді Мемлекет басшысы.

«Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз». Осылайша талайдан жыр болған мәселеге нүкте қойылды. 

Тағы бір мәселе – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырып, ең төменгі жалақыны 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтеру туралы айтты. Бұл арқылы 1,8 млн азаматтың табысы көтерілмек.

Бұдан кейінге көңілге қонғаны – Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аудару.  «Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керек» деген президент: «2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз», – деп бала тууға қабілетті аналарды қуантып қойды.

«Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді», – деді.

Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.

 

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ:2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 840 МЫҢ ОРЫН МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Былтыр оқу жылында еліміз бойынша 7600 мектеп  3 миллион 700 мыңдай балаға білім беруге кірісіп кетті. Алайда бұған дейін қаншама бағдарлама қабылданып, мектеп пен балабақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге атсалысса да, түйткіл әлі де өзекті. 

Cоңғы жылдары ел үкіметі білім саласына шындап көңіл бөле бастаған. Себебі, елімізде әлі күнге үш ауысымды мектептердің саны азаймай тұр. Бұл тұрғыда президент арнайы тапсырма беріп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді жүктеді. Сәтін салса, жоба бойынша 2025 жылға дейін 840 мың бала жаңа әрі соңғы үлгіде жабдықталған мектепте білім алады. Мұндай білім беру ұялары қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайтуына әкеледі деген үміт бар.

Айтпақшы, қала мен ауыл мектептерінің оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, орын жетіспеушілін түпкілікті жою, қауіпсіз, жайлы білім беру мәселесі «Білімді ұлт» сапалы білім беру жобасында да көтерілген. Бірақ бір емес, екі жобаның арқалар жүгіне айналған мәселе қалай шешімін таппақ? Бұл тұрғыда мемлекет басшысы мынадай ұсыныс айтты. Егер жемқорлық дерегі бойынша сотталған шенеуніктердің заңсыз ақшасы мемлекетке өтсе, бұл қаражат толықтай мектеп құрылысына көзделуі тиіс.

«Жайлы мектеп» – бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, жобаның мақсаты жас ұрпақтың сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Яғни, балабақша, мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесі туындамауы үшін қолға алынған жобаның аясында бірталай білім беру мекемесі салынуы тиіс.

Айта кету керек, 2021 жылдан бері елімізде 674 балабақша есігін айқара ашса, 326 мектеп қолдынасқа берілді. Одан басқа 1436 білім ұясына қайта жөндеу жүргізілген. Ал «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 840 мың орын болатын мектеп салу жоспарланып отыр.

Президент Қ.Тоқаев былтыр еліміздің үш өңіріне барған сапарында бұл түйткілді назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, Шымкент қаласының білім саласы өкілдерімен кездесуінде қаланың демографиялық өсімін айта келе, 2025 жылға дейін шаһарда тағы бір Оқушылар сарайы мен Балалар шығармашылық орталығының пайдалануға берілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, президент Шымкентте бизнес өкілдерінің демеушілігімен бес жылда 101 мектеп салынатынын да еске салды. Бір айта кетерлігі, қалада соңғы екі жылда ашылған 50 жекеменшік мектеп жергілікті кәсіпкерлердің қаржысымен бой көтерген.

Абай облысына барғанда да өңірдегі білім беру сапасына назар аударды. Бүгінде Абай облысына қарасты аудан, елді мекендерде 9 мың балаға мектеп пен балабақшада орын жетіспейді екен. Осы түйткілді шешу үшін алдағы жылдары 11 мектеп пен 14 балабақша салу көзделген. Алайда президент бұл да мәселені шешпейтінін қаперге салып, үкімет пен жергілікті әкімдік бірлесіп шешу керектігін айтты.  

Ал Павлодар облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 10 мектеп салу жоспарланған. «Білім мен ғылым саласы мемлекеттің назарынан қыс қалған емес. Біз жас буынның сапалы білім алуына барлық жағдайды жасаймыз. Сондықтан құрылысы басталған білім беру мекемелері уақытында пайдалануға берілуі тиіс», – деген президент білімнен ештеңені аямау керектігіне екпін түсірген болатын.

Қазақстан президенті Қ.Тоқаев 1-қыркүйектегі жолдауында білім беру мәселесіне кеңірек тоқталды. Ұлттың сапалы болуы әуелі денсаулығы мен біліміне байланысты екенін айтқан президент бұл істі мектепке дейінгі тәрбие жұмысынан бастау керектігін жеткізді.  

2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың көбі балабақшаға барады. Алайда, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі толыққанды шешілмей келеді. Тіпті, балабақша тәрбишелерінің жалақысы да өзгеріссіз қалып жүр. Президент балалардың тәрбиесі отбасы мен балабақшада қалыптасатынын ескеріп, тәрбиешілердің де мәртебесі мен еңбекақысын көтеру керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда тәрбиешілердің жүктемесін азайтып, аттестациядан өткізу қажеттігін ұсынды. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептерде орын тапшылығы үлкен мәселеге айналғалы біраз жыл. «2021 жылы 277 мектеп пайдалануға берілді. Былтыр 260 мектепті салу қолға алынды. Бізге 2025 жылға дейін мың мектеп салу тапсырмасы жүктелген. Алайда бұл жоспар ойдағыдан да жылдам жүзеге асып жатыр. 1 мың мектеп салынса, миллион бала оқып, үш ауысым толық жойылады» деген болатын. Демек, үш ауысымды мектеп мәселесі шешілетін уақыт та алыс емес. Бастысы, мектеп пен балабақша салу – үкімет пен жергілікті әкімдіктің назарында болуы тиіс.

Еліміздің қай саласы болсын, «Жаңа Қазақстанға» тән реформалар енгізіп жатыр. Егер президент сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауында айтылған жоспарларды жүзеге асыруға жұмылдырса, біз аңсаған әділетті Қазақстанды көретін күн де туатыны сөзсіз. 

5300 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы