• Руханият
  • 01 Наурыз, 2023

ҚАЗАҚСТАН-ҚЫРҒЫЗСТАН: ТҮРІМІЗ БІР, ТАРИХЫМЫЗ ОРТАҚ, ТАҒДЫРЫМЫЗ ҰҚСАС

Әсілі, бауырлас Қазақстан мен Қырғызстан арасында ешқашан кикілжің болған емес. Сондықтан да, Қазақстан парламентшілері Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен Қырғызстанға ресми сапар аясында осы елдің президенті Садыр Жапаровпен кездесті.

Кездесу барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев біздің еліміздің Қырғызстан-мен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айтты. Әрі бұған барлық деңгейдегі, ең алдымен екі ел басшылары арасындағы белсенді және сенімді саяси диалог ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың түрлі салалардағы жоғары деңгейіне тоқталды. Осыған орай, ынтымақтастықты, оның ішінде екі елдің парламенттері арқылы сақтау мен тереңдетудің маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар, қазақстандық парламентшілер Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған VII қазақ-қырғыз форумының жұмысына қатысты. Оған қатысушылардың арасында Қазақстан мен Қырғызстанның ақындары, жазушылары, тарихшылары, сондай-ақ Шыңғыс Айтматов шығармашылығын зерттеушілер бар.

Форум барысында сөйлеген сөзінде Мәулен Әшімбаев бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды сақтау мен дамытуда екі елдің зиялы қауым өкілдерінің рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының тарихы тереңде жатыр. Біз ғасырлар бойы іргелес өмір сүрген, ортақ тарихы мен дәстүрі бар бауырлас халықпыз. Мәдениетіміз, тіліміз, дініміз ортақ. Шындығында бізге бұдан жақын ұлт жоқ. Достық пен бауырластықты сақтау, нығайту маңызды. Екі елдің президенттері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда ынтымақтастықты дамыту үшін тиімді шаралар қабылдануда. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалар негізге алынуда», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен  Әшімбаев  заңғар   жазушы   Шың-ғыс Айтматовтың шығармашылығы қырғыздар үшін де, қазақтар үшін де бірдей қастерлі екенін атап өтті. Жазушыға «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді, көшелерге есімі беріліп, ауқымды мәдени шаралар мен шығармашылық кештер өткізілуде. «Шыңғыс Айтматов шығармаларында қазақтың жүрекке жақын мотивтері: дала кеңістігі мен сол кездегі тарихи оқиғаларды кездестіруге болады. «Ақ кеме», «Жанпида» сынды шығармалары, «Ғасырдан да ұзақ күн» туындысы адамзаттың баға жетпес байлығы және әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Оның шығармаларында шынайы адами құндылықтар дәріптелді. Сонымен қатар, жазушының тұлғасы мен шығармашылығы қазақ-қырғыз достығының рухани көпірі», – деді сенат төрағасы.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың мұражай-үйіне де барды.

Мәртебелі қонақтарды жазушының ұлы Эльдар Айтматов күтіп алып, мәдениет ошағымен  таныстырды.  Атап өтсек,  Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мағлұмат беріп, пайдаланған заттары, алған марапаттары мен сыйлықтары туралы айтты.

Расында, қазақ пен қырғыз бір туған; салтанатты киіз үйлері қаз-қатар тігілген, ақтылы қойлары қоралас, желден жүйрік тұлпарлары аралас. Тарихымыз ортақ, тағдырымыз ұқсас. 

Ш.Уәлиханов Ыстықкөл сапары туралы былай деп жазады: «Менің қырғыз жұртшылығымен таныса бастағаным 1856 жылдан бері қарай. 1855 жылы қырғыздың атақты манабы Боранбай өзіне бағынатын руларымен орыс патшалығына қарады. Қырғыз халқының сұрауы бойынша 1856 жылы полковник Хоментовский бастаған бірінші экспедиция шықты. Оның мақсаты қырғыз халқымен жақынырақ танысып, олардың жерін картаға түсіру еді. Мен осы экспедицияға қатынасып, Боранбайдың ауылында болдым. Қырғыз халқының бірнеше тамаша қария сөздерін жинап, олар туралы бір очерк жаздым». (Уәлиханов Ш. Жоңғария очерктері). 1856 жылдың 24 мамырында Шоқан Қарқарада өткен Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың жиынына қатысып, қырғыздың манаптары Боранбай, Мұраталы, Шоң-Қараш, Качибекпен кездеседі. Осы жиында Ш.Уәлиханов «Манасты» білетін жыршыны сұрастырса керек. Екі күннен соң, яғни 26 мамырда қырғыз жыршысы Шоқанға келіп, «Манас» эпосының «Көкетай ханның асы» деген тарауын айтып береді. Өкінішке қарай, Шоқан манасшының есімін жазбаларында көрсетпеген.

«Шоқан «Манас» жыры туралы ең алғаш Омбыдағы кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкийдің лекциясынан естіген болатын. Себебі Н.Ф.Костылецкий қазақтар арасынан шәкірттері арқылы жинаған жыр- аңыздарды, ертегілерді дәріс барысында пайдаланатын. Жиналған мәліметтердің арасында «Манас» жырының сюжеттерінен алынынып, ертегі түрінде жазылған «Қоңырбай» («Ер Нұра») және «Қарабас ұлы Манас» та бар еді. [Марғүлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар».

Ыстықкөлге бет түзеген сапарында Шоқан Манас туралы аңыздарды, ертегілерді, шежіре-аңыздарды Жетісу өңіріндегі Ұлы жүз қазақтарынан ести бастайды. Манасқа қатысты естіп-білгендерін дәптерлеріне жазып алады.

Шоқан қырғыздардың сарыбағыш, солты, саяқ, шерік руларына тиесілі Орман, Жантай, Төрекелді ауылдарын аралайды. Мұндағы мақсаты – географиялық атаулардан бөлек, көнекөз қариялардан жеткен мифтерді, аңыз-жомоқтарды (ертегілерді) жинау, олардың «Манас» жырымен қатынасын, байланысын анықтау, ескіден жеткен есті сөздер негізінде қырғыз тілінің дамуын танып-білу. Жиналған материалдар негізінде Ш.Уәлиханов «Жоңғария очерктерінде»: «Манас» – қырғыз мифтерінің, жомоқтарының, аңыздарының энциклопедиялық жинағы. Бұлардың барлығы бір ғана дәуірге және бір ғана Манас батырдың төңірегіне топталган», – деп жазады.

Бір ғажабы – қырғыздар Манасты ноғайлы дәуірінің батыры ретінде жырлаған. Тіпті, өзге де аңыздары мен жомоқтарын ноғайлы кезеңімен байланыстырады. Шоқанның өзі: «Ноғайлы дәуірінде айтылған көп аңыздар, ертегі-жырлар қырда осы кезге дейін жеткен. Ол жырларды ерекше қадірлеп, көзінің қарашығындай сақтаған, әсіресе қазақ, қарақалпақ, қырғыз жұрттары. Жалпы айтқанда Алатау қырғыздары ноғайлының ертегі-жырына, қария сөздеріне өте қанық», – дей келіп, «Жырдың алыбы ноғайлының батыры Манас, қорқуды білмейтін ер: бар өмірін сұлу әйел үшін соғысумен өткізген», – деп, жыр кейіпкерін ноғайлының батыры деп көрсетеді.

Шоқаннан кейін Жетісу мен Алатауды аралаған түрколог-ғалым В.В.Радлов «Манас» жырының бір нұсқасын 1862 жылы хатқа түсіреді. Бірақ 80 беттік бұл нұсқаның көркемдігі Шоқанның жазып алған нұсқасынан әлдеқайда солғын шығады. 1869 жылғы екінші сапарында В.В.Радлов «Манас» эпосының көлемді нұсқасын, сонымен қатар «Алмамбет», «Жолай» жырларын жазып алады. Өкініштісі сол, В.В.Радлов та Шоқан секілді «Манасты» жеткізушінің аты-жөнін жазып алмайды.

Туысқан қырғыз халқының Манас жырын зертеуге Мұхтар Әуезов ұзын ырғасы отыз жылға таяу өмірін арнаған. Көрнекті тарихшы Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, 1930 жылдың 8 маусымында Ташкенттегі Орта Азия университетінің шығыстану факультетінің аспиранты М.Әуезовті университет басшылығы Бішкекке – қырғыз эпостарымен танысу үшін ғылыми іссапарға аттандырады. Мұхтар Әуезов межеленген мезгілінде Бішкекке келіп, материалдармен танысады. Араға жарты ай салып, 23 маусым күні Қырғыз Ғылыми-зерттеу институтының уақытша директоры Саул Матвеевич Абрамзонмен Манас туралы тарихи-әдеби очерк жазып беру туралы шартқа отырады. Онда автордың сегіз баспа табақ көлемде орыс тілінде жазылатын еңбегі 1930 жылдың 1 қарашасында бітуге тиіс деп көрсетілген. Бірақ Мұхтар Әуезовті сол кездегі Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) қызметкерлері 17 қыркүйек күні түрмеге қамайды да, ғалым екі жыл бойы тұтқында болады. Соның салдарынан көрсетілген уақытында аяқталуға тиіс ғылыми жұмыс біраз кешігеді. Әйтсе де, «ойға алған ісін қашан бітіруді мақсатым» деп білетін қаламгер 1934 жылы «Литературный Казахстан» газетінде алғашқы мақаласын жариялайды. Бұл – 1934 жылы аяқталған «Манас – кигизская народная героическая поэма» деп аталатын монографиялық еңбектің бірінші нұсқасының қысқартылған жарияланымы болатын-ды. Автор мұнан кейін бұл еңбегіне 1937, 1940, 1948, 1954 жылдары қайтадан оралып, ғылыми мәні мен мазмұнын тереңдетумен болған.

Әсіресе, автордың әдебиеттану ғылымы терминмен айтқанда, шығарманың тарихилық мәселесіне ерекше мән беріп, сол арқылы шығарманың өмірге келу мезгілін анықтауға сіңірген еңбегі айырықша назар аударуды талап етеді. Бұл мәселені ол өз басы істі болып жүргендігіне қарамастан 1952 жылдың 6-10 маусымы арасында Фрунзе қаласында өткен (қазіргі Бішкекте) Манас эпосын зерттеуге арналған Бүкілодақтық ғылыми форумның өзінде де жасқанбастан алға тартқаны мәлім. Ал бұл атақты симпозиум бір қарағанда Манас эпосының халықтығын айқындап, манастану ғылымының сан қилы мәселелерін түбегейлі шешуге арналған келелі кеңес сияқты көрінгенмен, шын мәнісінде, соның алдындағы Жәңгір, Едіге жырларын ел санасын улайтын зиянды мұралар деп тапқан қатал саясаттың қазымыр мінезінен танбайтын, ұлы жырдың басында күн туғызған құйтырқы жиын болатын.

Ал, М.Әуезов жарыссөзге осындай қызу тартыс үстінде, жоғарыда айтылған Ж.Смағанов, т.т. кертартпа пікірлерінен кейін шыққан еді. Ол өз сөзін Ұлы Октябрьден басталатын, Ленин партиясының белгіленген бағыт-бағдарымен қарышты өмір сүріп жатқан социалистік қырғыз ұлтының Манасына тек Қырғызстанда ғана емес, Москва тарапынан, ондағы СССР Ғылым академиясы мен СССР Жазушылары басшылығы жағынан көңіл бөлінуі, бұл – Манастың біздің халықтарымыздың фольклоры мен эпостық мұрасы санатындағы қатардағы көп шығарманың бірі еместігінен туындайды деп бастай келіп, өзінің негізгі айтпақ пікірін төмендегідей үш бағытта өрбітті.

Мұның бәрі 1952 жылы болды. 1961 жылы Мұхтар Әуезов дүниеден озды да, «Қилы заманға» әлі де тыйым салынған болатын. Ал 1972 жылы, тура 20 жыл өткен соң, «Новый мир» журналының алтыншы санында Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың арқасында «Қилы заман» повесі орыс тілінде арық көрді. Шыңғыс Айтматов – қырғыз халқының ұлы. Бірақ ол «Қилы заман» үшін әдеттен тыс шабыттандыратын алғы сөз жазды.

Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының алтын арқауы сонау тереңнен бері жалғасып келеді. Шыңғыс Айтматов қырғыз киносын көтерді, ол қырғыз киногерлерінің Мұхтар Әуезов шығармашылығы негізінде кино түсірілуіне түрткі болды. Міне, осындай жақындық түркі халықтарының, бұл ретте қырғыз бен қазақтың таңдаулы ұлдарының достығының ерекше көрінісі.

Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына қараңыз – олардың көпшілігінде оқиға Ыстықкөл жағасында, тауда ғана емес, қазақ даласында да өтеді. Ол шығармадағы кез келген оқиға орнына тереңдеп қарасаңыз – үнемі қазақ даласы бар екенін аңдайсыз.

Фарида РАШИТ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің студенті

7540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы