• Білім-ғылым
  • 01 Наурыз, 2023

БІЛІМДІ ҰЛТ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Тоғжан Тұрғанбай,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің студенті

Тәуелсіз елдің негізгі тірегі – білімді ұрпақ. Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы туды. Мемлекет болашағының кепілі – жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», – деген.

Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар игі ісіміздің бірі – ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі білімді, саналы ұрпақ. Білімсіздің күні қараң. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген білімді ұрпақ өз Отаны даму жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі заман   бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта  ел болашағы үшін білімді болу, еңбек ету әркімнің міндеті. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, оқу мен білімнің тізгінін ұстату әр ұстаздың, мемлекетіміздің, қоғамның міндеті. Білім нәрімен сусындалып, тәрбие көріп өскен әрбір оқушы  болашақта мықты маман иесі болуы анық. Оқушыларды әрбір мағыналы іс-шараларға қатыстыру, алған, тоқыған білімдерін ортаға салып, нәтижесінің жемісін көру –ұстаз алдындағы міндет. Бұл міндет – жаңа мақсаттар қоя отырып, оқушының білім сапасын көтеру мен бәсекеге қабілетті тұлға дайындау.

Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте, кәсіби білікті болуы тиіс.

Инновациялық оқыту нәтижелері оқушының өз бетінше әрекет етуі арқылы білімді меңгеруіне ықпал етуі тиіс. Оқушының ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарастары мен танымдық белсенділігін арттыруда, зерттеушілігі арқылы шығармашылық икемділігін дамытуда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұлғаны жан-жақты дамытуды жүзеге асыруда оқу үдерісіне инновациялық технолгияларды енгізу шешуші рөл атқарады, оң нәтиже береді.

Иә, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде бірқатар пәндер бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде.

Жаңартылған  білім  беру бағдарлама-сының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған.

«Білімді ұлт» ұлттық жобасы өзінің жүйесімен іске асырылатын болса, оқу-ағарту  саласындағы көптеген түйткілді мәселелер орайымен шешіле бермек. Ендігі гәп білім саласының тізгінін ұстаған шенділердің жауапкершілігі мен әбжіл әрекетінде қалса керек.

Тіл қай елде, қай ұлтта болмасын қадірлі де, құдіретті. Ұлттың болмысын, ұлылығын, кісілік келбетін, биік парасатын танытуда тілден артық күш жоқ. ҚР «Тілдер туралы» Заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген.

Тіл – ойдың тікелей шындығы, тіл – барша білімдердің қазынасы. Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткен тарихымызды саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгереміз, өзіміз танып қоймай, сол асыл қазыналарымызды әлемге танытамыз. Әлемді танимыз. Сондықтан да адам баласының байлығының бірі – сөз өнері.

«Өнер алды – қызыл тіл» деген аталы сөздің астарында қаншама сыр бар?! Әрбір елдің қуатты күші, байлық – бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тәуелді екені белгілі. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең, күшті, кең тіл – ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған. Себебі, тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз, тіл – әдебиетіміз. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым ел тоқтаған. Бұл – халықтың тіл өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігінің белгісі. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған.

Тіліміздің қадір-қасиетіне үлкен мән береген ғұлама адамдар пікіріне тоқталсақ: «Тілімізді жаман сөзден сақта, жақсы сөзге үйрет», – деп ежелгі дәуірде өмір сүрген М.Қашғари айтса, ал Ж.Баласағұни:

 «Ақыл, білім тілмашы – тіл, бұл кепіл,

  Жарық төгіп елжіретер тіл деп біл,

  Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,

  Қор қылар тіл, кететұғын бас болар,» - дейді. («Құтты білік».32-бет).

Сол өткен ғасырдың өзінде француз ғалымы Жорри де Манси: «Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің бірі» деп тамсанса, орыстың әйгілі ғалымы В.В.Радлов: «Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергендігі сондай, ондайды біз Еуропада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз. Егер олар әңгіме айта қалса, сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір, әрі майда, шешен де тапқыр» деп әділ бағасын беріпті. Ал, А.Байтұрсынов «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді. «Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деген Ж.Баласағұнидың сөзін қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін - ұлы» деген сөздерімен толықтыруға болады. Бұл мысалдан біз тіл мәселесінің қай кезеңде де келелі мәселе болғандығын, әлі де бола беретінін түсінгендейміз.

ҚР Білім Туралы заңында: «Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңнамасына сәйкес «Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етуге тиіс» – делінген.

Тәуелсіз еліміздің керегесі кең, шаңырағы биік болып, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдеріне қосылу үшін білімді, ғылымды дамытуымыз қажет. Болашақ ұрпақтарымыз әлемдік білім деңгейінде де өзге елдермен терезесі тең, бәсекелестік дәрежеге жетуі керек. Бұл тұрғыдан зерделер болсақ, көреген А.Байтұрсынов «Білімсіз халық қанша бай болса да, байлығы басқа халықтың қолына көшеді» деп біліктілікпен айтып кеткен.

Білім арқылы адам өзінің дүниетанымдық ауқымын кеңейтіп толықтырады. Оның үстіне білімді күнделікті қолдана білмесе, ол ештеңеге жарамсыз бос дүние болып шығады. Нағыз шынайы білім әр адамның еңбегін жеңілдетеді, өміріне пайда келтіреді. Ал білімнің пайдасы күнделікті өмірде қолданылып, тәжірибеде сыналып, өмірде іске асқанда ғана оның пайдалы екендігіне әркімнің декөзі жетіп, көңілі тояды. Сондықтан әрбір баланың бүгінгі мектеп қабырғасында алған білім оның ертеңгі өмірінің азығы, рухани және материалдық байлығының негізгі көзі екендігіне сендіре білу – мұғалімнің басты міндеті.

«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы»,-делінген.  Міндет сол тілді тек меңгеріп қана қою емес, оны бүгінгісінен де әрі қарай жетілдіріп, ұрпақ санасына сіңіре беру, әр адамның өз ана тіліне деген жауапкершілік сезімін оятып, ана тілі үшін күресе білуіне қол жеткізу деп түсіну керек. Білім беру ұйымдарындағы, әсіресе мектепте Тіл саясатын жүзеге асыру ұстаздар қауымының, соның ішінде тіл мамандарының ең басты парызы, міндеті.

ҚР 2030 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасында «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпағы, өйткені, олар – біздің ұлтымыздың болашақ айнасы» делінген. Олай болса, бүгінгі білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға даярлау.

Онере де Бальзак: «Сөз – өнер атаулының ең қиыны мен күрделісі» деген екен. Ендеше ұрпақ тәрбиелеуде тілдің орнының ерекше екенін түсінетін ұстаздар қауымына жүктелер міндет те маңызды болмақ. Тәрбие – жан-жақты ұғым десек, сол тәрбиенің бастауы тілдің шұрайлысын баланың бойына халқымыздың сөз асылы – ауыз әдебиетінің бай үлгілерін: ертегі, мақал-мәтел, шешендік сөздерді дарыту арқылы сіңіре аламыз. Бұл тәрбие бала бесікте жатқанда айтылатын «Бесік жырынан» бастау алып, одан тәрбиеші, ұстаздар берген тәрбиемен, білімімен ұштасып жатаса, әрине құба-құп. Бала тәрбиесінде оңай еш нәрсе де болмайды, соның ішінде ұлттық салт-сана, адами болмысы мен жеке басын қалыптастыруда тілдің орны ерекше. Адам ойы сөзбен берілетін болса, сөз тіл арқылы ғана жарыққа шығады.

«Ақынның көзі – аталы сөз» деп ұққан халқымыз сөйлей білуді үлкен өнер деп санаған. Оның айғағын «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Сөз сүйектен өтеді» т.с.с. даналық сөздерден байқауға болады.

Әйгілі өнер майталманы С. Қожамқұлов: «Жастарымыздың үлкен бір кемшілігі бар, ол мынау: сөйлесе кетсең, көпшілігі-ақ мүдіріп, аузына сөз түспей, білген сөзінің өзін бұзып айтып қиналады да қалады. Ана тілінде таза сөйлей алмайтын, сөйлемдерінің басы мен аяғы араласып, сөздері шұбар ала келетіні бірден байқалады. Бұның өзі, әрине тілін ұстартуға зер салмағандықтың салдары» деген екен. Өкінішке қарай, жоғарыдағы кемшілікті бүгінгі таңда да көптеп кездестіруге болады. Ана тілін құрметтеуге, тіл тазалығы үшін күресуге, ұтымды да ұтқыр сөйлей білуге,  сөз мәдениетіне тәрбиелеуге  тек тіл мамандары  ғана жауапты деп санамай, не сыныпта өткізілетін тіл мерекесіндегі бірлі-жарымды шаралармен шектелмей, әр ұстаз мұғалім ретінде ғана емес, тәрбиеші ретінде оқушының дұрыс сөйлей білуіне, сөз әдебіне зер салып, назар аударып, бұрысын түзеп, тіл шұбарлауына жол бермей, иісі қазақ, ұлт жанашыры ретінде күресе білсе, нұр үстіне нұр емес пе? Біз тек сөзбен емес, ісімізбен де үлгі бола білуіміз керек.

Ж.Баласағұни: «Ақылдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деп тауып айтқан. Тіл  – сөйлеу, ойлау құралы, оның ежелден бері жеке адамның да, бүкіл қоғамның, қоғамдық ой-сананың дамып жетілуінде рөлі ұшан –теңіз. Қарым-қатынас құралы ретінде көрінуі де оның негізгі қызметі екендігі баланың санасында мектеп қабырғасында қалыптасып дамиды. Бұл бағытты белгілі бір көркем шығарманың ең қызықты эпизодтарынан, шиеленісті оқиғаларынан мысал келтіруді тиімді әдіс. Аяқталмай қалған әңгіменің немен бітетіні әрине оқушыны қызықтырады. Ондай жағдайда оқушының өз қиялымен оқиғаны әрі қарай өзінше аяқтап келуге тапсырма берілуі де баланың шығармашылық қабілетін, тілін дамытуға игі ықпалын тигізеді. Мысалы, С.Мұқановтың «Есіл бойында» әңгімесіндегі екі жастың хикаясын аяқтау, Ғ.Мүсіреповтің «Боранды түнде» әңгімесінен соң, «Сен қайсар болсаң...» оқиғаны әрі қарай өзінше өрбіту т.б.

Сабақтағы шығармашылық тапсырмалар, ауызша, жазбаша тіл ұстарту, ой толғау, сыр толғау жазу, әр тақырыптан соң шағын шығармалар жазуды ұсыну, 1-2 шумақ өлеңдер құрастыру, мінездеме, портреттер жасату тиімді тәсіл.

Баланың қиялын дамытып, ойын ұштауда теледидар да бүгінгі таңдағы тәрбие құралы. «Азамат», «Тіл», «Көкпар» бағдарламаларын тыңдаған оқушы сөз мәдениетіне, тіл мәдениетіне үйренері сөзсіз. Бұл бағытта әсіресе, ашық әңгіме, пікір алысу, пікірсайыстардың оқушының сөйлеу дағдысын қалыптастыруда көмегі зор. Бабалардан қалған асыл қазыналардың бірі – тіліміздің жоғын жоқтап, талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешірген аталарымыздың жолын қуар, тіл болашағына жарқын жол іздер бүгінгі жалындаған жастар екеніне сенімдіміз.

«Өткірдің жүзі,

  Кестенің ізі,

  Өрнегін сендей сала алмас», – деп дана Абай айтқандай, кестелеп өріп, өрнектеп, өлмейтін, өшпейтін ғажайыптар тудырған сұлу да бай, қонымды да толымды тілімізді тәрбие құралы ретінде де, сөйлеу құралы ретінде де орнымен қолданып, оны дамытуға, шәкірт бойына сіңіруге баршамыз өз үлесімізді қосайық!

 

8071 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы