• Қоғам
  • 27 Ақпан, 2023

Еңбек адамы

Фариза ЖОЛДАС,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университеті

Журналистика факультетінің

4 курс студенті

Мына дөңгеленген дүниеде әрбір адам өз тіршілігімен әлек болып жүреді. Біреуі мектеп қабырғасын әлі бітірмесе, ал біреуі жоғары білім алып, өзі қалаған мамандық иесі атанып жатыр. Иә, расында, бұның қайсы бірін алып қарасаңыз да, мұның соңы тек еңбек пен ізденімпаздық, табандылыққа тірелері сөзсіз.

Еңбек адамның табиғи жетістігі болып табылады. «Маймылды адам еткен – еңбек» деген пікірлер де бекер емес. Сонымен қатар, еңбек адамның өмір сүруінің маңызды жағдайы болып табылады, себебі: ол адамның өмір сүруінің материалдық және рухани қажеттіліктерін, басқаша айтқанда, тамақтануға, баспана иеленуге, киінуге, адамдармен араласуға, білімге, өнерге және тағы басқа өмір сүру қажеттілік-терін қанағаттандырады. Кең мағынада еңбек тек адамның ғана емес, сонымен қатар да табиғи қажеттігі болып табылады, себебі, қоғамның материалдық негіздерін қалыптастырады.

Өзінің саналы, тіпті санасыз ғұмырында да адам әйтеуір бір нәрсені жасап, дайындап,  өндіріп жатады. Басқаша айтар болсақ, адам 5-6 жасынан бастап еңбек ете бастайды: ата-анасының өтініші бойынша бір нәрсені әкеліп береді, апарады, жылжытады және т.б. Адамның қолынан жасалған заттардың барлығы – инеден бастап ұлы жаңалықтарға дейін  еңбектің  нәтижесінде  дүниеге келген. Сонымен кез келген адамның өмірі  еңбексіз мүмкін емес, еңбек  барлығын жасайды, адамның материалдық және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, ал бұлар, өз кезегінде, қоғамның материалдық негіздерін құрайды.

«Еңбек – бәрін де жеңбек», – деген аталы сөз бар ел ішінде. Еңбек адамы бір кездері, яғни Кеңестер кезеңінде ең жоғарғы тап дейміз бе, топ дейміз бе, әлде бір ұжымның жиынтығы дейміз бе, қалай дегенде де, ең басты назардағы адамдар болған. Еңбек адамы Ыбырай Жақаевтан бастап, кешегі Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөненбаеваның Кеңес кезеңінде еңбектерінің көрінуі. Олардың еңбектерінің бағаланғандығы. Социалистік Еңбек Ері деген атақты бір рет қана алып қоймай, оның екеуін, үшеуін қатар алып жатуы, сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсеткен еді. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін». «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет». Қазіргі құрмет кімдерге көрсетіліп жатыр, бір қара жұмысшы, не тракторшы, не қойшы сыйлық алып, марапатталыпты дегенді көп естідіңіз бе? Жоқ емес, бірақ тым аз.

Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтуға болады. Ол – дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер т.б. Қазір еңбек адамын, адал кәсіп, адал нәсіп тауып жүрген жандарды кеңінен насихаттау туралы орынды сөз қозғалып жүр. Мәселен, белгілі бір пәнді жетік білетін, тәжірибесі мол, еңбегі зор ұстаздар қауымын ардақтау үшін біздің Олимпиадада алтын, күміс медаль алып келген спортшыларға беретін сый-сияпат секілді қомақты қаржы белгілеу керек. Шәкірттері әлемдік олимпиадаларда жүлде алып жүрген, талай жыл мұғалім болған ұстаздарға 250 мың долларға дейін сыйлық белгілеу қажет деген ұсыныс болған. Қазақстан бойынша ең үздік 48 мұғалімге 10 000 доллардың үстінде ақша берілді. Енді осы тәрізді жүздеген операция жасап, науқастардың бәрі аман қалған хирургтерге, ана мен бала өмірін сақтап қалған дәрігерлерге де қаржылай құрмет көрсетілуі тиіс. Сол сияқты баланы үлкен білімге бағыттап, білім беретін бастауыш сынып мұғалімдеріне де көңіл бөлінуі қажет. Еңбек адамының еңбегі нәтижесіне қарай әділетті бағаланатын болса, қоғамда үлкен серпіліс болады. Мемлекеттік қызметкерлерге де солай жасау керек. Ұрлықсыз-қарлықсыз, пара мен жемқорлықсыз Қазақстан мемлекеті үшін адал еңбек еткен мемлекет қызметкерлеріне еліміздің шұрайлы жерлерінен арнайы мүкаммал, яғни үй-жайымен, қора-қопсысымен тұратын қоныс беру керек. Өз ісіне адалдық танытқан мемлекеттік қызметкерлердің ұрпақтарына мемлекет тарапынан оқуға түсуде, басқа да салаларда әлеуметтік жеңілдіктер жасалуы тиіс. Сонда адамдарда ертеңгі күнге деген сенімділік болады. Жемқорлықтың жолы кесіледі. Қазақстан өзге де өркениетті мемлекеттер тәрізді дамудың дұрыс жолына түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 5 мамырда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз», – деген болатын.

Әлеуметтік өмірді еңбек идеясы аясында ұйымдастыруды мемлекет дамуының алғышарты ретінде қарау орынды. Қоғамдық қатынастарда жұмыс істегісі келмейтін жастардың болуы, ауадан ақша жасап, тез табысқа кенелгісі келетін ойлардың таралуы, жеңіл жұмысты місе тұтатын адамдар қатарының көбеюі жалпы қоғамдық сананың прогрессивтілігіне қарсы салмақ тудыруы мүмкін.

Еңбек адамының дәрежесі мен қоғамдағы орнын айқындау бірнеше мәселелерге байланысты қажет етіледі. Біріншіден, әлеуметтік саладағы өзгерістер Қазақстан экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкесе бермейді. Екіншіден, әсіре саясиланған топтар мен популистік ұрандардың көбеюі мемлекет деңгейінде еңбек адамының рөлін өсіруді қажет етеді. Үшіншіден, қайтымды әлеуметтік саясат. Қоғамның әлжуаз топтарына бағытталған әлеуметтік пакеттер жұртшылықтың еңбекке құлшынысына көлеңке түсірмеуі тиіс. Төртіншіден, жастарға тәрбие берудің басты құралы ретінде еңбек идеясын ілгерілету қажет. Бесіншіден, әлеуметтік жауапкершілікті көтеріп, өз тағдырын қолына алатын жетілген тұлғаларды қалыптастыру.

Әр салада еңбек адамы үшін көрсетілетін қызмет пен әлеуметтік көтермелеулерде жеңілдіктер қарастырудың идеологиялық мәні бар. Өзбекстан тәжірибесінде көше сыпырушысына үй кезегін аларда басымдық белгіленген. Ал ағылшындарда әлеуметтік стимул көзделген. Виктория кресінің лауреаты қатардағы жауынгер шеру уақытында генерал шенділердің алдында келуге толық құқылы.

«Еңбек – бәрін жеңбек» қоғамның ұранына айналу үшін де көзқарастық, ақпараттық ықпал ету құралдары арқылы үздіксіз жұмыс жүргізілуі керек. Әсіресе, еңбекті бағалау, өз саласының маманы болу, адал қызмет ету тағы басқа құндылықтар басты назарда болғаны шарт.

Еңбек адамы идеясы әлеуметтік тұрлаулы күшке айналуы үшін еңбек адамының бейнелік үлгідегі әлеуметтік портретін қалыптастырған орынды секілді. Ол мұғалім, дәрігер, машинист, аспазшы болуы да мүмкін. Кәсібі мен қызметі оң бағаланған саланың еңбек адамының портреті мен түсі, формасы әлеуметтік үлгілерде (төсбелгі, мектеп формасы секілді) бейнеленіп, қоғамда адал еңбекке деген оңды резонанстық күй тудыруға бағытталуы тиіс. Бұл ретте, еңбекке ынталандырудың басқа да ойластырылған әдіс-тәсілдерінің жүйесін әзірлеуге болады.

Қорыта келгенде, еңбек адамы идеясы жалпы халықты еңбекке жұмылдырып, еңбек адамына деген құрметті арттыруы тиіс. Жалпы еңбек адамы идеясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы  мен  өркендеуінің негізі»  атты  Жолдауында қойылған мақсаттар мен міндеттерге сай келеді. Онда кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылтуға мүмкіндік беретіндігі айқындалған. Еңбек адамына мемлекет тарапынан мәртебе белгілеп, көтермелеу маңызды. Бұл адамдарды сенімділікке, жеке белсенділікке, мақсаттар мен ойлардың бірлігі арқылы тұрақтылық пен үйлесімділікті қамтамасыз етуге атсалысуға үндейді. Осылайша қазіргі тарихтың ең қиын сәттерінде өзімізді және мемлекеттілігімізді сақтау үшін бойымызға жақсы қасиеттерді, құндылықтарды қалыптастырамыз. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда еңбек адамы идеясы өзінің үлесін қосары сөзсіз.

Әркім өз еңбегі арқылы мемлекетті көркейте білсе, сонда ғана мемлекет қуатты болады. Адам қандай мамандық иесі болса да, өз ісінің шебері болуы керек. Сондықтан әрбір адам өз қабілетіне қарай мамандық таңдауы керек. Әркім өзіне табиғат берген дарынын дамыту керек, соған сәйкес бір мамандықты ғана таңдап, соның шыңына шығу керек. Бұл да Отанға қызмет ету болып саналады. Еңбекті сүю, еңбек ете білу, өз болашағың мен елдің келбетін адал еңбек арқылы қалыптастыра білу де – өнер. 

Қазақ халқы ежелден еңбекқор халық екенін бәрі мойынайды. Адал еңбектің арқасында ұрпаққа өлшеусіз байлық қалдырды. Қазақтың ғажайып қолөнері, өнер туындылар, киіз үйі, тұрмыс, салт бұйымдарының барлығы да ерен еңбек пен ғаламат шеберліктің жемісі. Ұлы Абай атамыз:

Бес нәрсеге асық бол...

Талап еңбек, терең ой... – деп бекер айтқан жоқ.

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар,

және

Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей. – деп Абай атамыз өз өлеңдерінде еңбектің қадір-қасиетін, адамгершілік қағидалармен ұштастыра айтып өтті.  Яғни еңбек етудің пайдасына жете тоқталып, еңбектің маңызын насихаттаған.

Халқымызда да еңбек туралы көптеген мақалдар мен мәтелдер, дана сөздер бар. «Еңбектің малы-тәтті», «Еңбек түбі-зейнет» деген дана халқымыз. Ұлтымыз бар байлық пен бақыт еңбекте деп көрген. Еңбектің маңызына аса терең тоқталған. Халқымыздың бай мұрасы, руханияты мен әдебиеті, өнері еңбектің арқасында келген.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) еңбек етудің маңызы туралы тағылымды хадистер қалдырған. «Кәсіптің ең жақсысы – әркімнің өз қолымен істелген ісі және адал сауда» деген пайғамбарымыз.  Алла Елшісі еңбек етуді жан-тәнімен сүйген. Еңбектің рыздығын бәрінен де жоғары қойған болатын. Ол үмбеттеріне еңбек етуді, адал кәсіппен мал табу жоладарын уағыздады.

«Қой бағыңдар, өйткені береке сонда» деген хадис бар. Алла Елшісі (с.ғ.с)  мұнда еңбекті талғамай, жақсы-жаман демей түрлі кәсіптен несібе табуды насихаттаған.

Еңбек ету  табандылықты, ерік-жігерді қажет етеді. Сабырлылық пен төзімділік, адалдық адамға берекет сыйлайды. Адам сол арқылы  басқалардан биік сатыға көтеріле алатындығын Алла Елшісі (с.ғ.с) айтып кетті.

Сонымен қатар Ұлы пайғамбарымыз (с.ғ.с). «Диқаншылықты кәсіп етіңдер, өйткені ол – берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер» – деп өсиет етті. Бұл да аса сабыр мен төзімді талап ететін еңбек. Егіншіліктің берекеті мен рыздығы туралы пайғамбарымыз(с.ғ.с)   осылай деді.

Еңбек түбі берекет. Рыздық  несібе – еңбекте. Еңбек ету арқылы рухани және материалдық кемелдікке жетеміз.  Еңбектің берекеті адалдық пен туралықта.

4954 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы