• Руханият
  • 27 Ақпан, 2023

КУШАН САЙЫСКЕРІМЕН СЫРЛАСУ

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы

 

Ақаңбақ ғибадатханасының (қаң – темір, қаңбақ – темір қаптама) жылтыр қара дулығалы төбесі күн нұрына шімірікпей өзінің безерген, уақытқа адал, сұсты түрін сақтап тұрғанына 16 жарым жылдың жүзі болды. Басында бұл ғибадатханаға имене кіретін Күшәндықтар, әр діңін сипап, әр әсем бұрышына, таңғажайып шырақтарына, безендірілген кілемдеріне, жылтыр тастарына қадап, көңілдерін еркелік сезімі билеген адамдардың толқыны азайып, қазір мұнда қара күш пен әдісқой шеберлікке, онымен қоса сайыскер тақуалардың әсерлі де тыныш, бекзат мінәжатшыл бейнелері адам болудың әсері мен құдайға деген жақындаудың сырлы сезімін ашқандай болады. Төрткіл ғибадатхана ауласынан шыққан соң көршілес салынған төрткіл аулада дөп-дөңгелек етіліп, сайыскер тақуалардың жаттығу үйі салынған. Дөп-дөңгелек жаттығу үйі дүрсілдеген сайыскерлер білегінің ұрма дыбыстарына, басқа да кінжінген спорттық дауыстарға толы. Дөп-дөңгелек жаттығу үйінен шыққан соң тік төртбұрыш бейнеде көлденең салынған жуыну, демалу, ұйықтау үйі тұрады. Бұл өте кең үй. Барша тақуаларға осы арада жайлы қоныс бар. Алыстан ат арытып келген кербез жолаушыларға да орын бар. Ауладан шығар жердегі төртбұрыштау қалқан тамның әсемдегі, ол жерден аққан бұлақ, хауыздың жанындағы күлгін шұбар тастарда отырып ой қорытқан тақуа сайыскерлердің өз өміріне ризашылығын арттырып жіберетіні бар еді. Хауыздың ішінен мыңдаған Күшән теңгесі мен Ұрым теңгелері тасқа жапсырылғандықтан, бұлақ іші байлық болып алтын сары түспен жарқырайды. Бұлқ-бұлқ еткен бұлақ қанша тістелесе де, су жұлмастай етіп жапсырылған теңгелерді бос жұлқып аға бермек. Тәнбі осы бұлақта аяғын кере отырып, аяғын ораған орауышты сипалап отырып дулыға бейнелі алып ғибадатхананың төбесіндегі кішкене төртбұрыш қақпақтың ашылып, ішінен көтерілген екі жұмысшының сыртқа шығып, төртбұрыштың төбесіне қойылған ескірген шашақ бейнелі тұғырды ырғап жатқанын байқады. Біреуі тоңқалаңдап түбіне бұрауыш жүгіртеді. Осы жерге келген алты жылынан бері алғаш рет осыны көріп таңырқауды. Осы ұлы ғибадатхананың төбесіне адамның шығуын елестетіп көрмепті. Осы ғибадатхананың қаңқасын адам тұрғызса да, төбесі мен жан-жақты әшекейін перілер жасап кеткендей әсер беріп тұратын.

– А-а-а...

Жұмысшылар будақ шашақ тұғырды   алып, оның орнына үш көлденең тиекті, тәж іспетті  алтын шашақты орнатты. Бұған бір  мұнша уақыт кетті. Жаңа шашақ орнап болғанға дейін Тәнбі құлшылығын жасап та, суға шомылып та үлгеріп, денесін көк орамалмен сүртіп отырған еді. Аяңдап жұмысшылардың шатырына келді. Бір кішкентай безектеп жұмысшылардың 7 шатырының бәрінде өз дегенін жүргізіп тұр. Сайыскер Тәнбі бұған таң қалды. Оң қолымен мойынынан тік көтеріп алып:

– Сен қыз кіп-кішкене бола тұра, әдеп дегенді үйренбегенсің бе?

– Оны саған көкем үйретеді.

– Ә, мынау қалай-қалай сөйлейді?

Қатарлас шатырдағы мойынына күрең орамал салған жігіт:

– Бұған тиіспеңіз. Кекшіл, өштесіп алады. Әкесі жұмысшылардың басшысы.

Жанындағы одан аласалау келген, қатты матадағы киім киген жігіт те оны қолдап бас изеді.

Қызды көтеріп тұрып оларға қарады да:

– Жо, жоқ, олай емес. Бұл қорықса тимейді.

Оң қолымен кішкентай қызды шыр айналдырып, бір жұмысшының жастығының үстіне қоя салды. Қыз есіне келмей жатты. Әкесі келіп қалды. Қысық қыртысты, жыланкөз, тасбақа шекелі қайдиған адамның шашының ұзындығына қарап Дәкен (Декан) жақтағы Сақтар арасынан келгенін бағамдау қиын емес. 

– Не болды?

Жұмысшылар бұл кезде төрт-бесеу болып қалып еді. Үндемей шатырларына шегіністі. Сол кезде түпкі шатырда тұрған екі жұмысшы:

– Қожайын, андағы сілімтіктің сорын төбесіне құйыңызшы. Өзен (Ужайын) жақтың төбесіне күн құлап күйіп кеткен мисыздарына ұқсайды. Кішкентай балада несі бар?!

Екі жаққа көзі бадырайып, кезек-кезек, көзі шарасынан шығардай болған жаңағы ұзын шашты бір қолымен Тәнбіні алқымдап, бір қолымен қойынынан қарасұры жыланды алып, оның мойынына іліп үлгерді. Сусылдаған жылан батырдың мойынын тімтінуде. Тәнбі үнсіз тыныштыққа еніп, күбірлеп дұға етті. Өзінің мойынын жыланның суық денесі емес, Кендірдің (Кандағар) салқын самалы жапырақтар астында жүргендей болды. Әлден уақыттан кейін жылан сылқ етіп жерге құлап түсті. Иесі аңтарылып, аптығып жүрелей қалып жыланын сипап еді, суық денесі сол қалпында, бірақ жан жоқ. Жыланның беліне үлкен сұры сызық түскен. Сол жерін саусақпен сыздықтатып сипап еді, жылан сол жерден қақ бөлініп қалды. Ұзын шашты бүгіліп жылады. Қайратты, қайсар адам неге жылады?

– Өзім бағып асырап едім. Есерді есіртпей, айтқанымды шағып келуші еді. Жылан балам-ай!..

Көзінен жас шығармай үңілдеп жылап, жоғарыға, Тәнбіге қарап бажырайып: 

– Тұқымың құрғыр. Бар алтынымды жұмсасам да, саған көрсетем.

Қызын алып, өлі жыланын құшақтап үңкілдеп, күңкілдеп ілбіп кетіп бара жатқан. Қызы да қолшоқпар жыланы үшін жылаған.

Әлден уақыттан кейін топырақ үйіп жерлеп, жыланның басында екеуі жүрелеп отырды. Бір құлаш қарасұр жылан осылай жантәсілім еткен.

Тәнбі сол тұрғаннан мол тұрған. Жалпақ бетін күнге қақтап, көзін сығырайтып ашқанда кетіп бара жатқан әкелі-балалы екеуін көріп, көзін тағы біраз жұмып тұрып, алақанын жұптап, құдайдың аяулы атын ауызға алды.

– Жау-жаламнан, жалақордан мені, жұртымды сақта. Жаман адамдардың сиқырына шектеу.

Көзін толық ашқан соң бұл дүниенің сабылысқан, арпалысқан адамдарының ішіне қайта оралып, жаңағы өзіне тіл тигізген екі жұмысшыны іздеді. Шатырының аузында ерсілі-қарсылы сүйеніп, әңгіме соғып тұр екен. Бір қолымен оң жағындағының қолын, сол жағындағының мойынына тақап қысса, енді бір қолымен сол жағындағының қолымен оң жағындағының  мойынын қысып, екеуін тапжылтпай ұстағанда екеуі қиналды.

– Ә-ә-ә-әй...

– Әйәйің енді шықты ма? Сиқыршыларың, улыларың қайда? Сендер де жаманмен бірге жаман болайын дедіңдер ме? Өзеннің (Ужайынның)  халқының не кінәсі бар? Керме қасты болғаныма кіналімін ба? Мен Күшәннің ғана ұлымын.

– Бекзада, бекзатым-ау, біз сізді білмедік. Мықты екеніңізді?..

Тәнбі қолын аздап босатты.

– Енді кім екенмін?

– Күшәннің ардақты ұлы.

Тәнбі күліп жіберді.

– Өздерің сонда қайдан боласыңдар?

– Біз осы қаладан.

– Кендірден  болып тұрып, алыс тұстардан мыңдаған адам көксейтін осы саялы Ақанбақ ғибадатханасынан әлемге тәлім-тәрбие тарап тұрсада, тәрбие алмаған қандай Кендірліксіңдер? 

Тәнбі қыса түсті.

– Кешіріңіз. Бі-і-із...

***

Тәнбі жаяу-жалпылы жолға шығып барады. Қаланың Бор-Шегер(шекарадағы қала деген сөз. Қазіргі Пешавар) шығар жол аузында тұрған Тәнбі бір арбалы шалды тоқтатты. Арба үстінде тотыдай қызы бар. Тотыдай қызы сарғылт шапан жамылып алған. Жаңа тігілгені білініп тұр. Шал жөткірініп, қып-қызыл бетінде қаны ойнақшып, әңгімені соғып келеді.

– Ата, сіздің арбаңыздың кезіккені қандай жақсы. Бор-Шегерде бір нағашы ағам бар еді. Соған барайын деп.

– Е, туысқанның тамыры жан-жаққа жайылса үйің де көп, сыйың да көп. Осындай әдемі жазда қыдырып жүрген біз құдайдың қандай бақытты адамдарымыз. Биыл шөп ересен қалың шықты ғой. Иісі Кендірден әлемге тоқтаусыз тарап жатқан әтірлерге бара-бара. Иіскеші, шіркінді...

Кербез шал кейкиіп шөп жұпарын жұтты. Тәнбі де көзін жұмып бір жұтты, бірақ мына сөзді айтқысы келіп көзін жылдам ашты. Жасыл жолды теңбілдеген қос арыс із даланың өз өрнегі. Сары шапанды қыз қарап қойып, жеңіл, пысық денесі ер азамат туралы әзірге ешқандай ашық таным байқатпайды.

– Кендір әтір қораптарының сыртындағы қос сызық осы маңайдың жасыл шүйгінін сыздықтаған қосар ізден алынған болса керек.

– Оны айттың, балам. Соны мен де ойлаймын.

– Ақанбақ (Иқанбақ. Иранбақ атауы осыдан туды) ғибадатханасының иісі қандай таңғажайып. Не сепкен өзі? Билеушіміз Қыпшақтың ханымдары мен қыздары ғана себетін ең даңқты әтірді арбалап себеді-ау деймін, бір сепсе қаншама күнге жетер екен?

– Мен сол ғибадатханаданмын, ақсақал.

– Онда айтшы, не себеді, солай ма?

– Сенесіз бе?

– Қандай кепке?

– 40 күнде бір рет себеді. Ол осындай кетпейтін өміршең әтір. Әтір себуші жұмысшылар жұмысын аяқтата сала қала ішін кезсе, біраз қыз-қырқын олардың иісіне елітіп, артынан жүретін көрінеді.

Осы кезде сары шапан жамылған қыз Тәнбіге жалт қарады.

Аспанның көкжасыл бояуы күн нұры арасынан сіркіреп тұр. Күшәннің ең бір бақытты тұстары әшекейлі шапанының меруерттелген екі жағасын бір ашып, бір жауып отырған қыздың әрекетінде мәңгілікке қалып жатты.

***

Тәнбі нағашысынан оралғанда Ақанбақ ғибадатханасының алдында сап-сары алтын жалатылған темір бағаналардан отыз нешесінің иір-иір аласа қорғанды айналдыра орнатылып, ғибадатхана алдына сән қосқанын көрді. Ғибадатхананың сол жағында 30-40 көк шатыр құрылып, жәрмеңке болып жатыр екен. Сатушының көбі арнайы көкшіл киім киген. Осы ғибадатхананың көптеген тұрғындары осы жерде жүр, бәрі жүр десе де болғандай. Сайыскер тақуалар ғибадатхана мен әшекейлі алтын жалатылған темір бағаналардың ортасында тұр. Олардың саны жиырмадан асады. Шамасы жаңа бір ұқтыруды осы арадан естуге тізіліп тұрғандай. Екі аралықта әрлі-берлі жүрген адам жиырма неше. Көбі әйел, бала дегендей. Тәнбінің бойын бір қайрат кернеп кетті. Жиылып тұрғандардың жанына келді де, тік көтеріліп, темір бағанаға қарай жүгірді. Көтеріле берді, ұшты... Темір бағаналардың бес-алтауын кең ашқан оң құлашымен сипап өтіп теріс айналғанда, жаңадан орнатқан аласа қорғанның әлдеқайда биіктігін байқады. Өйткені, тізіліп тұрғандар оны көре алмай қалды. Ол бағаналарды құшақтай қатар-қатар бағананың арасынан ешбіріне соғылмай араларындағы бос аралықтан жүгіріп өтіп келе жатқанда, ол бағаналарға соқтығысып қалмасам екен деп аздап жүрексінді. Бірақ, соғылмаған сәттілігіне қайран қалды. Биіктеп ұшып, шыр айналған әрекетіне алғаш ұмытылып, өкшесін жерден көтергенде өзінің мұны бастаған сеніміне әрі көтеріліп, биіктеп кеткен күшіне дән риза. Енді қорғанның артындағы бағаналардың қатарын толық айналып болып, қорғанның алдындағы жылтыраған бағаналарға өткенде жұрт мұны анық көрді. Жұрт оның оң құшағында қысытырылған бес-алты бағананы да көрді. Сол жұлып алған бес-алты бағанасын қалай жұлып үлгеріп, ауырсынбай көтеріп келе жатқанына өзі де қайран. Күшінің кемеліне келгеніне сенген ол оны көтере алғанына қайран қалуын тоқтатқанымен, оны ұшып келе жатып қалай қолтығына жинап алғанын түсінбей қалды. Қолы өзінен бұрын еркін әрекет етіп, өзінен бөлек қимылдап жатқан тәрізді. Шағын қорғанның алдын айналған соң бес-алты бағананы құшақтаған күйі гүрс етіп жиналып тұрғандардың алдына түсті. Көтерген бағанасының төртеуі орташа болса, ішінде тағы екеуі үлкенірек енді, біреуі – осы қорған айналасына қойылған бағаналардың адам күші жетпес ең үлкені екен. Балуандар, сайыскерлер жағы қатты қорқып қалды. Осыдан кейін Тәнбіге қарап сөйлеудің өзінен адам сескенетін, қорлық көрген адамдар оған жақындаса жүрегіне тыныштық, бейбітшілік ұялайтын болды. Тәнбі екі білегін сермеп тастап дөп-дөңгелек сайыс залына жол алды – көңілденіп мінажат айтып отыру үшін,нан-жүрегіне бәлзам тыныштық жағып ұйықтау үшін.

***

Осыдан екі күн өткенде жаттығу үйінің басшысы, Тағылықтан келген көксұры, жауыз әлпеттегі басшысы сайыскер тақуаларды жиып, бір ораманы жазып, Боғданың(Будданың) суретін көрсетуде. Қолдан-қолға өткен парақ жетінші адамның қолына өте бергенде, жиылып тұрған 24 адамға қарап:

– Бұл біздің Кендір аймағындағы тақуалардың еңбегі. Боғданың ең шынайы және алғашқы болып тарап жатқан суреті бұл. Біздің шеберлер салды. Дінімізді күншығыстағы Хан елі пен терістіктегі Соғдыға, батыстағы Арысқа (Арахозия), Құдыршыға (Сақтың Құтыс әулеті құрған – Гедросия), күнгейдегі Баскөзді (Махакшатра) мен Шұбырған (Шатаман, Сатавахан – жүйріктер деген сөз), тіпті төмен кетіп Бағда (Паньдя) мен Шолаға (Чола) барған сайын кең нәсихаттап жеткізуіміз керек.

Осы кезде семіз, Тәнбінің ауыр бағаналарды жұлқып ұшуынан дейін ең күшті балуан деп қаралған аталары Хан елінен көшіп келген Жандыл тыныш қалмады:

– Айбас-Алайдағы Қоңыз-Қиян жұртын да ауыздандыру керек...

Төрт-бесеуі ду күлді. Тәнбі оңға бұрылып, күлгендердің жүзіне үңіліп еді, олар сап тиылды. Орама сурет он бірінші адамға жеткенде ұстаз екі Ари текті көмекшісімен сыртқа шығып кетті. Тәнбі бері қарай кетіп, бір діңгекке сүйеніп отырды. Осы аралықта Жандыл он екінші адамның қолынан суретті тартып алып, ешкімге бермей қасиетті Боғданы мазақ еткендей болды. Өзіне талай рет тіс батырғанын еске алған Тәнбінің көңілі түсіп, қабағы жиырылып кетті де, көкпеңбек болып келіп, Жандылдың құйрығына, қылтасына, тіпті беліне тепкілеп есін шығарды. Аюдай ірі Жандыл қорқақтап қылтадан бір рет бүгілгенде, суретін біреу қағып әкетіп, он үшінші адам кезегін әрең алып көріп жатты. Жандыл ығысып, қаша бастады.

– Күшті болғанымен қорқақ.

Сурет бетіне үш-төртеуі қатар қарап тұрып осыны айтты. Тәнбінің маңдайы жазылып, қылыш жүзіндей көгеріп, темір маңдайға айналған. Осы жерде үш алып бар еді, Тәнбіден зор, Тәнбіден күшті көрінетін, еттері лықылдап бурадай әсер қалдыратын. Дөп-дөңгелек үйдің сырттағы жатын үйге осы жағынан тұтасқан жіңішке жолына ашылатын есігі бар еді, есік аузында көп тепкіленіп кеткен Жандыл Тәнбіні қылқындырды. Тәнбі оның қолын итере бергенде, басында бірден Жандылға болысуға қорқып, араша деп айқайлап жүріп араласқан екі алыптың қолы да Тәнбінің мойыны мен қолын бұғаулады. Тәнбі қозғала алмай, ол екеуіне қыр көрсетіп:

– Қолдарыңды босатпасаңдар сені де, сені де өлтірем, – деп алакөзденіп айбар шеккен. Кекшіл, қатал Тәнбіден ыққан екі алып Жандылға көмектесе түсті, үшеуі де осында өлгенін қалады. Тәнбінің жаны алқымға келді. Тәнбінің өз жанын сақтау үшін мойынға тіреліп тұрған жанын көкірекке төмендетуі керек болды. Бар арпалыстан ішкі әлемін азат қылып, тыныштыққа еніп. Қамығыңқы, баяу ырғақтағы тынысы тар ән жолдары аузынан шықты:

Ай-ты-ла-а-тын... Сөз-з... Қанша...

Найза-ғайға қош айтып-ы-ы-ып...

Ай жүре-е-егі тол-ған-ша...

Өз жүрегіңді қа-а-рай-ты-ып...

Ай жүрегі қарайды. Адам жүрегі қарайды. Тәнбі сылқ етіп құлады. Олар мұны тастап шығып кетті. Ұстаз бұл кезде кіріп, қолын шапалақтады:

– Дұрыс істедіңдер.

Әулекі күлкі қақтанған жүзін жарып кете жаздады. Өзіне тіпті сенген Жандыл Тәнбіні осылай ғана сұлық түсіргендеріне таңғалды. Қайсыкүнгі өте ауыр бағаналарды ұшқан күйі құшақтап жұлып түсірген есер ер осылай оңай сұлай ма? Олар өлді деп ойлады. 

– Жарты сағат еденнің шаңын иіскесін. Содан кейін шығарып салыңдар.

– Ей, ұстаз, көп сөзіңді қойып, бүгін тамағыңды жақсыла.

Өзіне сенімі артқан Жандыл ұстазға да қауқары жететініне сенімді.

– Әрине, бүгін тамақ өте жақсы болады. Балауаннан(Парфтиядан) тараған жұмсақ палаудың алты түрін қатар дайындатам. 

Екі алақанын жұптап тұрып, ортасына тәспіқ қысып күліп сөйледі. Жанындағы аңтарылып қалған екі көмекшісінің көзі жылт-жылт етеді.

Жандыл екі көмекшінің бірінің төбесіне бармақ батырып нұқып еді. Ол басын төмендетпей тік тұрған күйі өңі қуқылданып, бар айтқаны:

– Дайын, дайын...

 

***

Тәнбі кіндігінің тұсына дөңгелек беріштей болып қатайған күрең жанының күшін емдеп, ұлғайта түсті. Әлден уақыттан кейін жан күші көкірегіне шауып, мойынға таралып, басқа барып лықсыды. Қол-аяқтарына қуатты жан кірді. Екі бұты терледі. Екі қолын шарт еткізіп кергенде бұл жерден қалып қойған шапанын алуға келген көгілдір шапанды, небәрі 14 жасар балауса шәкірт қорқып тұра қашты.

– А-а-ай, Жанд... Жанд... Ұста-аз... Ол өлмепті. Ұрады қазір бізді...

Жыларман болып шыққан дауыстан, Тәнбі оның көз моншағының ендігі тамшылап тізесіне қалай кезек-кезек тамғанын жан көзімен көрді. Жаны баламен бірге шапқылап, артына аңтарылып қараған Жандылдың сойыл соғарларының тобын көрді. Бірақ, ұстазы көрінбей қалды. Ұстазынан бір кәдікті сезді. Енді шынайы көзін ашқанда қым-қуыт зулаған елестер тоқырай қалады. Атып тұрып жел қауметіне кірісті. Жел бейнелі сұқсыр елес болып ұша бастағанда, кіндік астын сипап қалып еді, жасырған қанжары әлі тұр екен. Ұшқан күйі суырып алып, қолын қанжардың екі жағына жұптап, аналар кеткен есікке қарай бір жарым метр биіктікте ұшты. Алдынан үлкен діңгек кезіге қалғанда оның арасындағы болымсыз саңлау жарқышақты байқады. Ірі денесі қағаздай жұқалықпен қуыстан сырғытып өткенде, бұл сәттілік үшін жеткен табысын, жасаған жаттығуларын денесінің, сүйегінің ұмытпағанын білді. Адам есі кіресілі-шығасылы болсада дене көп нәрсені ұмытпақ емес, сақтағанның үстіне сақтай бермек. Тура ұмтылған қанжарлы Тәнбінің алқынып жеткен балаға енді ғана қараған Жандылға кеуде тұсына қалай сырғанап жеткені де адам сенбес жағдай. Баланы тыңдай берем деп қараған Жандылдың көкірегіне кірген қанжар ұшып кеп итерген Тәнбінің күшімен оны сырғанатып отырып, оның ішін қанжармен іреп-іреп, оңды-солды қозғап, екінші алыпты көкірегін жаралады. Қанжарын суырып алғанда Жандылдың алдын қан жапты. Ода бұл дүниеге деген ешқандай да сұрау болмады. Жараланған алып жығылып, отыра қалғанда төмен ұрылған қанжар оның иығын тесті. Тәнбі еңкейіп келіп оның бүйіріне сұқты. Қорғанып, қолын созған алып өзіне сұғылған қанжардың жүзінен ұстап, сіресіп қалды. Сірескен қолдан қанжарын ала алмай, екі-үш ырғап жұлғанда, үшінші алып қашып үлгерді. Түзу қуалап ұшып жүріп оны алты жерінен шаншыды. Жаралап, тірі қалдырған екінші алыптың жанына отыра қалып:

– Оған болыссаң өлтірем дегенім есіңде ме, – деді.

Аузынан қан бұрқ ете түскен алып қиналып, бас изей берді. Басқа сайыскерлерден төрт-бесеуі қаздиып тұр, бұл қалғандарға қашудың да мәні жоқ. Қашқаны қашып кеткен.

– Ұстаз қайда?

– Білмейміз.

Ұзын жеңдерінің ішіне қолдарын тығып алып, күмілжіңкі тартты. Тәнбі екі көзін қанжар ұшына тіреп, қайтадан ұшып, алға тартты. Жел қауметінде көзі барша жыбырлағаннан хабар табады. Қуыс-қуыстағы өрмекші, бүйілер дір-дір қағады. Шыбындар айналып, сыртқа шығып кетті. Ағаш діңінің қуысында шыбындай боп жабысып, семсерін көкірегіне ұстап, жылтыр сары сабын жеңімен жасырып тұрған жауыз ұстазды көрді. Жел күшімен шыбын сияр қуысқа кіріп ұстазды да, оның айналасындағы қуысты да іреп-іреп балшықтай илеп, быт-шытын шығарды. Ұстазы қоқымға айналды. Оның бөлшектенген денелері қуыстан шыбын қанатындай үгіліп түсті де, жерде жатқан соң шамалы уақыт өткенде кесек ет бөлшектеріне айналып, тұрғандардың денесін суытты, жанын түршіктірді, әрі жиркентті. Жерге түскен дене қалдықтары көлемденіп, айқындалып жатты.

Тәнбі жел қауметінен шығып ағаш діңінен түскен дененің жердегі лай сияқты кейіпсіз кескіндерін қанжарымен шұқып тұрып:

– Арсыз ұстаз, аюан ұстаз. Ал, өзің палауға айналдың. Бір емес, 6-7 түрлі палауға айналдырдым. Сені Жандылдың және сыбайластарының әруағы ай бойы талғажау етеді деді. – Тұрған азаматтар сескеніп тұрса да, жақындап келіп қарады.

Сүт пісірім уақыттан кейін келсе жас сайыскер шәкірттер бәрін жуып-тазалап, реттеп қойған.

– Ендігі ұстазымыз – сізсіз. Ағаш қуысына шыбын күйінде қыстырылып калған денесін толықтай шұқып түсіріп берсеңіз. Ертең күні сасыр.

Тәнбі үндемей тыңдап, қанжарын тербеп отырды да:

– Шыға тұрыңдар, түсіріп қоямын.

Келесі шәй қайнатым уақытта сайыскер үйі толық тазаланып, адыраспаннан, аршадан жасалған иісті тұтандырғыштармен аласталып, Кендірдің ақ мәрмәр құмырадағы сүйікті қыз әтірі себіліп, көңілді нұр төбедегі шаңырақтан түсіп тұрды. Шаңыраққа қарап отырып, ақ нұрға кеудесін шомып жуып отырып, көрші ауладағы ғибадатхаға кіріп, құдаймен диалог жасауды аяқ астынан қатты сағынды. Тәнбі қартайған, аяғы әрең қозғалатын адамша жуынып-шайынған соң  ең таза киімдерін киіп, аяғын сүйрете басып кіріп келе жатты. Ғибадатханың алды-артында кезіккен ешкімге амандаспады,сөйлемеді. Бұл маңайда да,інінде де айрықша тазарған көңілді ақ нұрдың төресін көргендей болған оның езуі жұмсарып, көзі ақ нұрмен бірге майдай еріп былқ-былқ етеді. Тәнбі өз ісінің дұрыстығына, ғибадатхананың ақ шуағын молайтқанына көзі жетті. Ара-тұра шұбарып тұратын қара сәулелер мен ғибадатхана ішінің күңгірт тартқан тұстарын арнайы біреу аққа бояғандай ізім-қайым. Адам сөзін естімейтін кең бұрышына барса, діңгек түбінде біреу кітап ашып, қалғып-шұлғып отыр екен. Шыға тұруын ескертіп еді, ол жылдам жиналып кетіп қалды. Өзін құдайдан басқа ешкім естімейтініне көзі жеткенде отыра қалып, екі алақанын жұптап дұға етті:

– Уа, қасиетті жаратушы ием, бұл ұстазбын деген алаяқ адамның Кендірдің қыздарын қалай ермек еткенін, құмарпаз сорма заттарға қалай әуес болғанын, қала ішінде қарақшылық топтарға қалай бастаушы болғанын өзің білесің. Мен оны өлтірдім. Ол мұнда болған 2 жылға жетер-жетпес уақытта қасиетті ғибадатханамызды рухани қоқыс шатырына айналдырмақ болды. Солтүстік беткейде тұратын Ари ақсақалдарының ұлы Күшәнді аяғынан ақсату жоспарын орындаушы ма, жоқ мүлдем жат Арыс (Арахозия) ілімінің тапсырмамен дайындаған адамы ма, өңі бізге тартпаған, қылығы да беймалым. Жанына екі Ари жігітін көмекші етіп алуы көз алданыш та шығар. Бірақ, бізбен дін өркендеуі жағынан таласа алатындар сол Айбас-Алайдағы Қоңыз-Қияндар мен соған жақын тау жастанып, бұқарамыз боп кеткен Арилер емес пе? Аяулы, дана ұстазым Алдоңғардың тосын өліміне осы жалмауыз қатысты ма деп күдіктенем. Қанша кәрі болсада әлі де сүрер ғұмыры бар секілді сезілетін. Өзіңе үлкен ризашылықпен боғда діні мен сайыскерлігін сергектігін, суретшілігін, музыкасын төрт төңірекке жайған құдайдың асыл елі Күшәндар атынан құдайым өзіңе мың-мың тағзым...

Жүрелеп, жұпталған екі алақанын бірде төбесінен биік көтеріп, бірде жерге ұрып тағзым еткен сайыскер отырған дөп-дөңгелек үйдің сыртында Тәнбінің киімінің кеуде тұсындағы жұлдыз өрнектеріндей болып Ақанбақ ғибадатханасының шығыс иығында ақшұбар тыныштықпен қорғалған шиелі бұтақтай салбырап, бір шоғыр жұлдыз бөгенайы бөлек болып жарқырайды.

7061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

31 Қаңтар, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы