• Айтарым бар...
  • 19 Қаңтар, 2023

ШОЛОХОВ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨЗ ОТАНЫ САНАЙТЫН

Жексен  АЛПАРТЕГІ

Аты әлемге машһүр, Сталин және Ленин сыйлығымен қоса, Нобель сыйлығының лауреаты атанған Михаил Шолоховты кім білмейді. «Тынық Дон», «Көтерілген тың» атты кітаптары әлем тілдеріне аударылып, оқырманның сүйікті жазушысына айналған. Атақты жазушы Ресейде туып, ғұмырын өткізгенімен  қолы қалт еткенде  Батыс Қазақстан облысында жылына бір рет, кейде екі рет демалып қайтатынын көбіміз біле де бермейміз.  Сол бір ұмытылмас   жақсы күндерде  бірге  болып,   дәмдес болған адамдар қазір санаулы. Соның бірі  Батыс Қазақстанның Жаңақала және Алматы облысының, Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш ауданының «Құрметті азаматы», ауылшаруашылығы  ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақ КСР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері,    Қазақстан халық Ассамблеясының  мүшесі, Алматы Зоотехникалық-малдәрігерлік институттың ректоры болған Қалдыбек Сәбденов еді. Абыз ақсақалмен  2019 жылдың жазында   ауыл шаруашылығы  ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Қарабаев ағамыз таныстырған еді.  Сол бір кездесуден кейін  ол кісімен  тағы бір кездесіп, ойымда жүрген сауалымды қоям ба деп жүріп, уақытты өткізіп алдым. Амал не, өткен жылдың жазында ақсақал 90-ға келіп, өмірден озыпты. Біздің алғашқы жүздесуімізде азды-көпті әңгіме айтылған еді. Әсіресе, жазушымен қалай танысып, араласқанын айтқан еді.

 Қария   1957 жылы   Алматы  зоотехника-лық-малдәрігерлік иститутынын үздік  бітір-геннен  кейін  жолдасы  Әмина екеуі  жолдамамен Батыс Қазақстан облысында еңбек  жолын  бастапты.  Алғашқы жылдары Жаңақала ауданының бас мал дәрігері, одан кейін ауданның атқару комитеті  төрағасының орынбасары, «Бірлік» колхозының төрағасы, кейін совхоздың директоры қызметін атқарған.  Фурманов аудандық ауылшаруашылығы  бас-қармасының  бастығы болған. Орал өңірінде он жылдан астам қызмет еткен.  Осы жылдары  атақты  жазушы Михаил Шолоховпен жақын танысып, отбасымен де араласыпты.

– Ол бір естен кетпейтіндей кездесу болды ғой, – деп әңгімесін бастады бізбен кездескенде. – Мен 1964 жылы  Қисық-Қамыс колхозының төрағасы  болып  жүргенмін.  Кейін колхоз   совхозға айналып, директор болдым.  Шаруашылық түзеліп, ел тұрмысы  жақсара бастаған  кез.  Ауылда  құрылыс салынып,  орталығымыз көркейе  түсуіне  күш салып жаттық.  Жұмыс бабымен  Ақтөбе қаласында өлкелік  партия  комитетінің бір  жиналысында жүргенмін.    Аяқ астынан Орал обкомының  қаржы-шаруашылық  бөлімінің  меңгерушісі Александр Иванович Егоров мені іздеп, телефонмен сөйлесті. «Сіз  тезірек  ауылыңызға  қайтыңыз.  Совхозға  көрнекті жазушы  Михаил Шолохов барады.  Мәселе  басшылармен  келісілген», – деді. Жазушының біздің ауылға бұдан бұрын  алғаш рет 1960 жылдың қазан   айының орта  шенінде  келгенін    естігенмін. Ол  жылдары  «Бірлік»  колхозының   төрағасы, Кеңестер  Одағының  Еңбек Ері  Мұхтар Мирманов деген  атақты адам басқарған еді.  Мұхтар ағамыз жазушыны және қасындағы жолдастарын қалай қарсы алғандарын әркез  ауыздарынан тастамайтын. Михаил Александровичтың аңшылығын бөлек айтса, әңгімені де айтуға шеберлігін және  сөйлеушіні де  мұқият тыңдай білетін қарапайымдылығына да таңданатын.   Жазушының  Жайық өзенінің бойында балық аулайтын кездерін үнемі еске алатын. Мұхтар аға  құрметті  қонақты  қазақтың жомарт дастарқанымен қарсы алып, қонақасын беріпті. Михаил Александрович сол келгенде   оншақты күн аңшылық жасап, құс атқан екен.  Жазушының қасына ауылдың аңшысы, жер жағдайын жақсы білетін, өмірде көргені көп Ғапар Рамазановты қосыпты. Уақыты мен аңшылығын жақсы өткізген жазушы кетерінде   ауыл адамдарына риза болып,  қоштасқанда, «тағы келемін» деп кетіпті. Сондай-ақ, жазушы Батыс Қазақстанды  өзінің «екінші отаным» деп айтуының да  өзіндік себебі барын кейін білдім. Қызмет бабымен колхоз бен совхозды аралаған кезімде  «мұнда  Шолохов болған, біздер бірге болдық, аңға шығып, құс атқан жері, балық аулаған жағалауы» деген сөздерді жиі естіп жүрдім.  Екінші дүниежүзілік соғыста  неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағының жерлерін Еділге дейін басып алғанда Дон өзенің бойында  тұрған  Михаил Шолоховтың отбасы 1942 жылдың  тамыз айының басында  Батыс Қазақстан  облысы, Приуральный ауданының орталығы Дариян селосына көшіп келуге  мәжбүр  болады.  Отбасын селоға  орналыстырған  жазушы, қайтадан  майданға аттанған. Михаил Александрович ол жылдары «Правда» мен «Красная звезда» газетінде әскери  корреспендент болыпты. Кейбір уақытта  отбасына келіп кетіп те жүріпті. Келген сайын  райкомға кіріп, соғыс жайында  әңгімелеп  берсе, әскери комиссариатқа да  белгіленеді екен. Және де ол өзін  ауылға келгенде  қашанда қарапайым ұстап, кездескен адамдармен де жылы амандасып, темекі ұсынатын кездері де аз болмапты.  Жыл жарымдай Дариянда тұрған жазушының отбасы да мұндағы ауыл  адамдарымен тез араласып, жақсы қарым-қатынаста болыпты.  1943 жылдың күзінде  Кеңес әскерлері жаудың  басып алған жерлерін азат етіп,  Донды да   дұшпаннан тазартқаннан  кейін Михаил Александировичтың отбасы Дарияннан туған жерін қайта көшіпті.  Аз уақыт ауыр күндерді бір кісідей бөліскен оралдықтарды  қимай қоштасқанда  жан дүниесі мейірімге толы жазушы: «Біздер қоштаспайық, тек сау болайық. Соғыс қалай бітеді, мен міндетті түрде келемін», – деп қоштасқан екен. Сол 1943 жылдың күз айында Шолохов  Оралда  Қазақ КСР-ының министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Ондасыновпен  кездесіп, майдан даласындағы соғыс, тылдағы еңбекшілердің қал-ақуалы және олардың көмегі жайлы сөйлесіп, әңгіме барысында Шолохов жыр дүлдүлі атанған Жамбылдың отыз алты жастағы ұлының қайтыс болғанын естіртеді. Мұны да  мен ел ішінде жүргенде естігенмін.  Жазушының отбасы туған жеріне кеткен соң, Шолохов сөзінде тұрған. 1945 жылдың күз айында Михаил Александрович Қазақстанға келген.   Осыдан  кейін жазушы    жыл сайын  күзде бір рет, кейде екі рет  Орал өңіріне келіп тұрыпты.  Жайық өзені жағалауында дем алып ғана қоймай, саятшылық жасап, балық аулап, шығармашылық жұмыстармен де айналысып,  жақсы достар да тапқан.  Солардың  бірі  аудандық жер бөлімінің  аға агрономы Петр Гавриленко деген  кісімен  жақсы араласып, құс атуға, балық ұстауға үнемі  бірге барып,  ғұмырлық дос болып кетіпті.   Тіптен қаламгермен сырлас болған болса,  оның  отбасымен жиі араласып, біріне-бірі қонаққа барып тұрыпты.  Мұны бәрін  мен  сол жақта  қызмет етіп  жүргенде көпшіліктен   естіп білдім. Тіптен Шалқар көліне құс атуға рұқсат бергенде көлдің Көк мешіт деп аталатын жырасына  жазушы әскери  палатка тігіп, құс ататын кездерінде бірге болғандар мақтанышпен айтып отырушы еді.   Шалқар Батыс Қазақстандағы үлкен көл болғандықтан жергілікті балықшылар оны теңіз деп те айтатын.  Себебі көлдің аумағы жиырма шақырымдай болғандықтан ұшы-қиыры көрінбейтін. Және де оның табиғи мінезі  теңізге тән долданып, бұрқанып жататындықтан балықшылардың көбі «теңізге барамыз» дейтін. Көлдің жағалауы жабайы қаз бен үйректің мекені болғандықтан жазушы бұл жаққа ат басын жиі бұрыпты. Ол кісінің аңшылық, балық аулауға қызығушылығы әңгіме болғанда жазушының «Тынық Донын», «Көтерілген тың»  кітабын оқымаған адам кемде-кем десем артық емес.  Көптің рухани байлығы болған жазушының  қос кітабын ел қызыға оқып, олардың кейіпкерлері  жайлы әсерлі әңгіме  де айтатын. Атағы алысқа кеткен  Михаил Александирович есімі ол жылдары  КСРО-да ерекше аталып,  зор құрметтелуші еді.

– Ауылыңызға Шолохов келе жатыр деген хабарды естідіңіз, содан кейін...

– Иә, обкомнан алған хабарды ести сала,  Михаил Шолохов ауылымызға келе жатқандықтан тез қайттым. Ұмытпасам, ол  қазан айының 14 жұлдызы еді.  Ауылға келгеннен кейін құрметті қонақты қайда орналыс-тыруды және қалай қарсы алуды  ауыл  болып ойластырдық.  16 күні  кешке қарай Михаил Шолохов зайыбы Мария Петровнамен және өзінің ескі танысы Петр Гавриленко, жазушының баласы Михаил,  аспазшы ерлі-зайыптылар, ҰҚК-нің  облыстық  басшысы Жұмахан Шалтақбаев, А.И. Егоров – бәрі үш-төрт машинамен келді. Қонақтарды жаңадан салынып біткен  екі пәтерлік  үлкен үйге орналастырып, кешке қарай  құрметті  қонақтың қонақасын жаңадан біткен асханаға ұйымдастырдық.  Жазушымен дастарқан басында ауданның барлық совхоз басшылары да отырды. Ауыл өзімдікі  болғандықтан бірінші болып сөз алдым.

– Құрметті Михаил Александрович! Біздің елге, жомарт жерге, байлығы көп көлге қош келдіңіз. Мен  және мен  сияқты мыңдаған  ауыл жастары сіздің «Көтерілген тың» романыңызды  оқып өсіп, өз өміріне өнеге етіп жүрген жандармыз. Сіздің  бергеніңізден әлі береріңіз көп деп  ойлаймыз. Сол жаңа туындыларыңызға біздің елдің  көңілі, сізге деген ілтипаты, біздің  жеріміздің, суымыздың, табиғатымыздың әсері пайдалы  болса, біз өте қуанамыз. Сіздің өзіңіздің, жұбайыңыздың, жаныңыздағы жолдастарыңыздың  көңіл- күйі жақсы болу үшін біз қолдан келгеннің бәрін істейміз, – дедім. Сонда жазушыдан бір байқағаным, жан дүниесі ақ жарқын, әрі жайдарлы мінезді, бір көрген адамымен тез тіл табысып кететін кең пейіл жан екенін ұқтым. Жұбайы Мария Петровна да өте қарапайым, нағыз ауыл адамына ұқсайтын көңілі ашық екендігін алғашқы сәтте-ақ танытты. Ол кісі де бізбен және қызмет жасап жүргендермен де емін еркін араласып кетті. Осыдан болар құрметті қонақтармен  дастарқанда  өзіміздің ескі таныстарымыздай отырдық. Кеш көңілді де, әсерлі өткені соншалық, Михаил Александрович бәрімізің жақсы ниетіміз бен құрметімізге ризашылығын білдірді. Ел азаматтарына  деген сүйіспеншілігі  мен  жылы лебізін де білдіре келіп, «Біз жұбайымыз екеуміз, жанұямыз түгел қазақ елінің жомарттығын, қонақжайлығын жақсы білеміз. Бүгін сол жақсы тұжырымызды одан әрі нығайтып отырсыздар. Сол үшін сіздерге шын жүректен рақметімізді айтамыз. Сонымен бірге мен Қисық-Қамысқа бұрынғы келгенімде айтқан сөзімді тағы қайталағым келеді. Мен Қазақстанға тек ғана демалуға, саятшылық құруға келмеймін. Әрине, олар өте қажет, сүйкімді, денсаулыққа пайдалы ғой. Мен осы тамаша жерді, суды, әсіресе еңбекқор халықты шын ниетіммен сүйіп кеткем. Көрмесем тұра алмаймын. Мені оның өмірі, мәдениеті, әдеп-ғұрпы өте қызықтырады. Қазақстан менің екінші Отаным. Бұл ретте мен осында сіздермен бірге дем аламын және жаңа кітап жазу үшін жұмыс істеймін» – деген жүрек тебірентерлік сөзі барлығымызға ұнады.  Көңілді дастарқан басында республикалық жастар газетінің тілшісі, қазақ жігіті болған еді. Бірақ оның аты-жөні есімде қалмапты. Тілші Михаил Шолоховпен сөйлесіп, сұрақ қойғаны да есімде. «1965 жылы сіз 60 жасқа толасыз. Соған  дайындалып жүрсіз бе?» деген,  «Мен мерейтой үшін жазбаймын, өмір бойы жазудамын. Ден сау  болса жаза беремін», – деді. Ол тағы да екінші сұрақ қойып үлгерді. «Қазақстан жастарына  қандай тілегіңіз бар» дегенде, «Қазақстан жастарына зор табыс, нәтижелі еңбек пен  жақсы оқуды тілеймін. Жастарда жетістік бар, мен шын көңіліммен, жақсы ниетімен оларға өздері жететін жетістігіне жетсін деймін» деген еді. Бұл сөзді ұмытпауымның себебі қаламгермен көп жыл жақсы сыйласып кеткен өзіміздің жерлесіміз Петр Гавриленконың «Шолхов на охоте и дома» кітабынан осы кездесуді оқыдым. Ол сол кездесудің жылын, айын жазыпты. «16 қараша, 1964 жыл, Қисық-Қамыс» деп.  Құрметті қонағымыздың  қонақасынан кейін үйге келсем, аудандық  партия  комитетінен іздеп  жатыр екен. Сөйлесіп едім, «ертең  Орал қаласында партактив  болады, соған барыңыз»,  – деді. Партактив  сағат 10-да басталып, «КПСС ОҚ  қазан  пленумының  қорытындысы туралы» деп аталды. Пленумда Д. А. Қонаев қысқаша хабарлама  жасап,  арыз бойынша Хрущев орнынан босады, бірінші хатшы  болып Л. И. Брежнев сайланды деп айтты. Жиынның бас-аяғы бір сағатқа  жетпей аяқталды.  Көп сұрау болған жоқ.  Біздер ауылға қайттық. Жұмыс болған соң, кештеу болса да Михаил Александровичке кіріп шықтым. Партактивте болғанымды айтып,  ондағы жаңалықты сөз еткенімде, ол кісі бұдан хабардар екен. «Оны білемін, мені де шақырған, бірақ бара алмадым», – деді. Әйелі Мария  Петровна: «Бәрі ештеңе емес, бірақ Володяны қимаймын, оған обалдау болды» деген сөзді айтты. Мен оның не екенін  түсінген жоқпын. Әңгімеміз аяқталған соң, «жақсы жайда  болыңыздар» деп шығып кеттім.

Келесі күндері жазушыға ертелі-кеш қал-жағдайын сұрап, кіріп жүрдім. Ол кісі  мұнда демалысын жақсы өтікізіп  жатқанын  өзі де жасырмады.  Бір күні   совхоздың жағдайын, болашағы туралы сөз қозғады. Бұған мен қуанып, өзімнің бағдарламаларымды  айта отырып, қиындықтардың барын жеткіздім. Ойымды жазушы алдында ашық айтып бергенім де, ол кісі мұқият тыңдап отырды. Өйткені ауылдың тірлігі мен жағдайын көзімен көрген жазушыға менің айтқанымның ешбір өтірігі жоқ еді. Құс атуға, не балық аулағанда ел ішінде, станция мен колхоздағы көп қиыншылықты көзімен көріп жүрген азамат ретінде мен айтқанды ескерер деген ойда болдым. Жазушының бір қасиеті кез келген адамды жақсы тыңдап, сөзін бөлмейтін сабырлығын сонда байқадым. Әңгімемді тыңдап болып, ойымды түсінген жазушы: «Жазушы ретінде сіздерге  айтудан, жазудан басқа көмегім жоқ қой. Мен бәрін түсініп тұрмын. Ал  енді Орталық комитеттің мүшесі, Жоғары Кеңестің  депутаты ретінде сіздерге қолдан келгенше көмектесіп қарайын. Сен маған нақты сұрақтармен хат жазып бер», – деді. Құрметті қонағымыз ауылдан қайтатын  уақытына дейін үш хат әзірледім. Біреуі автомашиналар жөнінде, екіншісі, ауыл шаруашылық техникасы, үшіншісі, құрылыс материалдар мен үйлер жөнінде болды.  Хатты жазып, Михаил Александровичтың қолына табыс еттім. Жазушы бұл жолы Қисық-Қамыста қараша айының басына дейін болды. Кетерінде мұнда жақсы демалғанын, арасында жемісті жұмыс істеген күндерінің болғандығын айтып,  өте  көңілді ықыласымен қоштасты. Ал жазып берген хатыма Михаил Александрович көмегін аяған жоқ. Себебі, 1958 жылдан бас-тап,  Қисық-Қамысқа 1965 жылға дейін  келіп жүргендіктен ол кісіге мен айтқан нәрсенің бәрі белгілі. Жақсы адамның шарапаты  кейін тиді. Шолохов Мәскеуден  тікелей көп құрама үйлер, ондаған автокөліктер және басқа да көмектерін бергенін   ауылдан ауданға жұмыс бабымен ауысқанда естіп білдім. Соның нәтижесінде  совхоз жақсы құрылысқа, техникаға, электр жарағына ие болды.

– Бұдан кейін жазушымен кездесу сәті түсті ме?

– 1965 жылы Мәскеуде М. Шолоховтың 60 жасқа толуын  бүкіл ел болып тойлап өтті. Жазушы Ленин орденімен марапатталды. Мерейтойға Қазақстанның көрнекті жазушылары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов,  Батыс Қазақстан облысының бірінші хатшысы Бейсен Жұмағалиев  бастаған біраз белгілі адамдар қатынасты. Жазушының тойы жоғары деңгейде өтіп, Михаил Александровичтың «Тынық Дон» романын Нобель сыйлығына ұсыну туралы шешім шығарды.

Бір айта кетелік жайт, Шолохов  Нобель сыйлығына ие болғандығы туралы хабарды Қисық-Қамыстың Жалтыр көл жағасында демалып жүргенде естіді. Бұл хабарды (телеграмманы) бірінші болып, аудандық  партия комитетінің бірінші хатшысы Кенжебек  Мендәлиев, «Бірлік» совхозының директоры Мүсір Айтасов, Жаңаталап совзозының директоры Қайрат Апақаев бәріміз естіртіп, телеграмманы апарып бердік. Жазушы бізді көлдің жағасында тігілген палаткасында қарсы алды. Қасында бір қызын баласына әперген құдасы, болгар халқының  белгілі  мемлекет қайраткері Димитр Димов бар екен. Біздің жақсы хабарымызға қуанған жазушы сейфінен дәм таттырды.

Заңғар жазушымен кездесу үшін 1966 жылдың  қыркүйек айының басында біздің Фурманов ауданына   қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері келді.  Қонақтарды аудан шекарасынан қарсы алу үшін аудандық атқару комитетінің төрағасының  орынбасары Жайсан Ақбаев барды. Қарсы алған қонақтарды жолай бір  шопанның үйіне түсіріп, сусын – қымыз ұсынады. Үй тар болған соң, алдымен үлкендер кіріп, жастар жағы сыртта күздің жаңбырының астында қалып, опыр-топыр болып жатады. Далада біраз адам күткені тағы бар. Мұны байқап қалған белгілі ақын Ғафу Қайырбеков Жайсанды шақырып алып:

Қонақжай бауырым Жайсан,

Көріп тұрсың – жер лайсаң.

Қымызыңды осы жерде беріп болсаң,

Тезірек осы жерден тайсақ – дегенде  Ғабең бастаған үлкендер  қыраң күлкіге тап болып, жүріп кетіпті.  Бұл бірауыз өлең сол кезден-ақ елге тарап кетті.  Алматыдан келген жазушылар аудандағы  партия  комитетінде болып, кешке қарай жұртшылықпен мәдениет  үйінде дидарласты. Ертесінде Казталовкаға ауданның Құрманғазы совхозына барды. Құрманғазы ауылында Ғабекең әлемге әйгілі жазушы Михаил Шолоховқа 60 жасына  сыйлаған ақ ботасын береді деп жоспарланыпты. Ұлы күйші Құрманғазы атындағы совхозда Шолоховпен кездесуге  ел тайлы-таяғымен жиналды. Тіптен  жазушыны көруге келген адам да көп болды. Олардың ішінде еңбек, өнер адамдары және жастар да аз болған жоқ. Кішкентай ауылдың орталығы үлкен қуанышқа толып, ақпарат құралдары да ұлы қаламгер жөнінде хабар беріп жатты. Сол жиынды Казталовка  аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақсұт Исқақов қысқа сөйлеп ашты да, Ғабит Мүсіреповке сөз берді. «Аса құрметті Михаил Александрович, Мәскеуде сіздің 60 жасқа келгенде сыйға берген ақ бота осы жерде дүниеге келіп өсіп жатыр. Бұл жер сіздің жақсы көріп сүйіп кеткен Жаңақала ауданының территориясы. Міне, бұрын да айтылған, қазір де айтылып жатқан, шын жүректен шыққан тілектермен қосып, біздің қазақ халқының ақ көңіліндей, мына  аппақ  ақ ботаны қабыл алыңыз», – деді.  Ғабекеңнен кейін бірнеше совхоз жұмысшы, мұғалім, дәрігер шығып, шығармашылығымен құттықтап сөйледі. Сөз кезегі Шолоховқа тигенде ол кісі аса ілтипатпен бастады. «Құрметтерің үшін, жақсы сөздерің үшін мен ыстық рақметімді білдіремін. Мен бұл елге 24 жылдан бері келіп жүрмін. Мені де қазақ деп тануға болады. Себебі мына тұрған жастардың көбінен менің қазақстандық жасымның өзі үлкен. Мен Қазақстанның еліне, жеріне үйреніп кеттім, енді сіздерге келіп-кетіп тұрмай өмір сүре алмаймын деп ойлаймын. Әркім де туған жерінде жақсы сезінеді, жақсы өмір сүреді. Мал да солай. Сондықтан  маған берген ақ ботаны жерлікті мектеп-интернатқа  сыйлаймын. Ақ бота таза ой-пікірдің, жақсы тілектің киесі  дейді ғой қазақ қарттары. Ылайым солай  болып,  менің самайымның  шашы да ақ, соның түсінің бота түсіне ұқсастығы менің сіздерге деген сүйіспеншілігімнің  куәсіндей болсын» – дегенде дүйім жұрт зор қошаметпен қол шапалақтады. Жазушы сөзін аз үзіліс жасап барып тағы жалғастырды: «Менің жадыма  мына қазақтың көне  даласында біраз ой келеді. Біздің ғылым мен техника дамып, тұрмысымызға, өмірімізге көп өзгерістер  алып кеп жатыр. Киім де,  ыдыс-аяқ та, көлік те бәрі-бәрі өзгеріп, жаңарып жатыр, ол жақсы. Бірақ барлық  өзгерістер жақсылық әкеле бермейді. Оны  ойлау керек. Әсіресе, үлкен  көнекөз  адамдар жастарға өздерінің  бойындағы  баяғыдан келе жатқан  жақсы әдет-ғұрыпты, адамның өзін-өзі ұстауын, тағысын тағы жақсылықтарды  жастардың  жанына сіңіре  беру керек.  Мысалы, қазақ ежелден далада кезген жолаушыны қабылдап, төріне отырғызып, суықта жылытып, ас беріп шығарып салатын. Оның кім екенін сұрамайтын да. Қазақ көршісімен тату, алысты жақындату үшін қыз алып, қыз беретін. Сондай асыл қасиеттерді болашаққа жоғалтпай апаруымыз керек» – деді де жанға жайдарлы сөздерімен аяқтап, жүрекжарды ақ ниетімен ризашылығын білдірді. Жиылған жұрт жазушының тамаша  сөзіне көңілдері толды. Үлкен жиыннан кейін Михаил  Александрович жүріп кетті. Мен ол кісімен соңғы рет осылай қоштастым.

– Жазушының жары Мария Петровна да саятшылық пен балық аулауды жақсы көріпті ғой?

–  Мен  Мария  Петровнаны алғаш рет Қисық-Қамыс ауылында көрдім. Өте қарапайым, адамдармен тез тіл табысатын ақ жарқын, ақ көңіл, көпке мейірімді жан екенін сонда байқан едім. Кейін біздер жиі кездестік. Михаил Александрович балық аулағанда қасында жүрсе, құс атуға шыққанда бірге баратын.  Үстінде әскери купайке, басына тұмақ киіп, иығына  қос ауыз мылтығын асынып жүргенін талай көрдім. Кей кездері ол кісі күйеуіне қарағанда көбірек олжамен  оралатын көрінеді. Атқан оғы жерге түспейді деп те, ел айтушы еді.   Иә, ол күндер мен үшін бір естелік болып қалды ғой.

– Әңгімеңізге рахмет.

6005 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы