• Әдебиет әлемі
  • 19 Қаңтар, 2023

МӘҢГІ КӨРІНГЕН БАҚЫТ – ТҰРАҚСЫЗ

Ерхан  МОЛДАҒАЛИЕВ

 

1992 жылы Қостанай облысы, Торғай ауданы, Тәуіш ауылында дүниеге келген. 2014 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмәмдаған.

«Қауызыңды жарасың қашан бағым» атты жыр жинағының авторы.

Бұл күнде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

Сағынатын кімім бар

Сағынатын кімім бар енді менің,

Əлімсақтан несібем кем білемін.

Қарабасқан жасынан қаралымын,

Емдеу үшін келгенмін ел жүрегін.

 

Сағынатын кімім бар, анам бар ма?

Амал бар ма, ерте алды анамды Алла?!

Туған жерге жиілеп барғым келед(і),

Кім құшағын жайып тұр маған онда.

Сағынатын кімім бар, əкешім бе?

Кешіретін қалт ісін, қатесін де.

Барсакелмес еліне ол да кетті,

Ол да кеткен келмеске сəт есімде.

 

Сағынатын кімім бар, ата ма  еді,

Аузында Алла ұстанған ата жолы.

Қолда құман, иықта сүлгім ілген,

Су құйғанда айтатын батаң оңды.

 

Сағынатын кімім бар, əже, сіз бе?

Өзгеше əлем ұсынған əдемі ізге.

Бар тəттіні уыстап тығып беріп,

Тастап кете бардыңыз неге сіз де.

 

Сағынатын кімім бар, ағам бар ма,

Жағамды алса негізсіз алаңдауға.

Алаңдауға мен тіптен тырыспаушы ем,

Оны көптік көріпті маған да Алла.

 

Сағынатын кімім бар, қарындас па,

Маған тағдыр жазбапты бəрін баста.

Ал ендігі өмірім өтіп жатыр,

Аруласқа қарайлап, бауырласқа.

 

Екінші хат

Дəке досым,

жүрсің бе мал-жан есен?!

Өткендегі пəтерден таңда көшем.

Жалдағаны құрысын жəутеңдеумен,

Зықым қайнап кетіп жүр аңдап есем...

 

Бірі жоқ қой қайдасың елең етпек,

Ақыл керек болып жүр сенен ептеп.

Сықиып ап іш жылап, сырт күлесің,

Бəрі ойласын деуменен керемет деп...

 

Жүрмесін ғой білерсің жатым сынап,

Көрінуге тырысып батырсымақ.

Адам іші аласын аңғармайтын,

Ақымақпын бір жүрген ақынсымақ...

 

Бір кеңесің сырласым керек түсін,

Менен бұрын мұндайға сен ептісің.

Сенен соны өтінем ақылыңды айт,

Менен гөрі ақылды емеспісің?!

 

Ұлы арманы секілді ұлылықтың,

Сыналудан сынақтың сырын ұқтым.

Мазарына бардың ба ата-анамның?

Еске салу сəтін де ұмытыппын...

 

Оқыдың ба, Құранның сүресінен,

Пайғамбарым пендем деп күресіп ең.

Сауабынан тисін деп айта алдың ба?

«Фатиха» мен «Ықылас» – үлесінен..

 

Үй – семсе өтті жыл семер қанша,

Өтініші дегейсің ел аңғарса.

Дұға етіп тұрғайсың жол түскенде,

Келгенінше шамаңның келе алғанша...

 

Сағындым ғой қалғанда қара түн кеп,

Жанарымнан жас бұлап тамарың көп.

Себебінен сандалған қу тірліктің,

Бара алмай мен жүрмін барамын деп...

 

Бір жауап жазшы

Сəлеметсіз бе, қалыңыз қалай ақылдым,

Аллаға шүкір – ғұмырды кешіп жатырмын.

Жатына мені айналдырса да өзгелер,

Алыс та болса жаныңа сенің жақынмын.

 

Алматыдамын, үй іші бəрі есен бе?

Елеңсің маған не ішіп осы жесем де.

Жанарда сол мұңым бар ешбір өшпеген,

Өзіңде қалай, «бəрі де жақсы» десем де?!

 

Жалдап жүрмін елеңді күнгі баспана,

Босат деп пəтер елеңмін есік қақса да.

Бəріне қызық көндігуді мен үйрендім,

Күлімдеп қоям ішіміз жылап жатса да.

 

Қызығын қара, осымен талай үйге ендім,

Жыртығын жамап үйрендім міне жейдемнің.

Жақын мен жаттың сөзіне қалып жүрмін мен,

Шынымды айтсам келеді менің үйленгім.

 

Не жаңалық, ал менде əзір жоқ хабар,

Алдағы күні жақсы бір хабар боп қалар.

Қиналып қалып жүрген жоқсың ба дейсің бе?

Əзірге шүкір, ас-суды алар ақша бар.

 

Кешірші мені мазаңды алсам қадірлім,

Əзірге боспын, үй жинап қазір жатырмын.

Өлең жазуға бір қолым тимей жүргені,

Шабыттан гөрі аздығы шығар ақылдың.

 

Үнсізсің неге, қолыңыз тимей жатыр ма?

Уақытыңыз жоқ па əлде мендей пақырға.

Қайырлы түн, мен кеттім сізден өтініш,

Бір жауап жазшы, ертең де күтем, мақұл ма?!

 

Жетісіп жүрген ешкім жоқ

Етегіне ермей ескі індет,

Күлімдеп жүрген кескін көп.

Əркімде бір-бір ауыр жүк,

Жетісіп жүрген ешкім жоқ.

 

Зымырап жатқан уақыттар,

Байлаулы өмір уақытқа əр.

Арманы асқақ пенде де,

Аңсап бір күткен бақыт бар.

 

Əркімге лайық талғам бар,

Талғамы биік армандар.

Жеткені жетті, жетпеген,

Жалған-ай, өмір жалғаңдар.

 

Жалғанды сүйген үміттер,

Үміттер келсең күліп кел.

Төзімнің тістеп жағасын,

Ішінен ғана тыныпты ел.

 

Жібектей əсем сезімдер,

Сезімім осы сезіңдер.

Иə, Алла сүйген пендесін,

Біз сүйер мəңгі сезім бер.

 

Жақында осы

Жақында осы моргке кірдім,

Сұлқ күйі жатқан өлікті көрдім.

Жанары ашық қалыпты күйі,

Сипалай жаптым өліктің бетін.

 

Саспайды тіптен қызметкері,

Үйренген тəні көріп үнемі.

Жылы денем суынды демде,

Денесі суып тыныпты демі.

 

Деді бұл өзі дəулетті кісі,

Бозара семген келбетті жүзі.

Дүние жиған өле-өлгенше,

Кебінге сыяр ал ендігісі.

Ешкіммен бұрын араласпапты,

Жақын мен жатқа араны ашпапты.

Тиын түгілі бұйымы да жоқ,

Костюмін шешкен жалаңаш қапты.

 

Жоқ деді деп, ем танысы бар ма,

Дегендей қарап тағы сұрар ма.

Ақырғы сөзі кеш Алла депті,

Ақырғы демі таусыларда.

 

Одан əрі аяңдай бердім,

Тірілер құшақ жаярдай көрдім.

Тірліктің соңы немен бітерін,

Бəріңе келді баяндай келгім.

 

Кешірші, Алла, кешірші елім,

Бір таңым атпас кешім білемін.

Біреуге менің кесірім тисе,

Қателігімді кешірші менің...

 

Өмір мен өлім

Жер үстін осы,

Мекені қылған пақырмын,

Топырақ бастым, топырақ болам ақыр күн.

Көгінде рухым көктей ме, оны кім білсін?!

Əзірге жерде қонақ боп жүріп жатырмын...

 

Шүкірлік етем,

Демеймін бақтан сор қалың.

Себебі менде сапарлай жүрген жолдамын.

Сұрақтан еді сынаққа етім үйренген,

Адамнан емес, Алладан ғана қорқамын!

 

Ақырғы күнің,

Боларын білем сұрауы.

Əр істің бізді сұрауы күтіп тұрады.

Ойға алып бір сəт, ойланып көрші, ақылдым,

Осы күн саған, маған да анық туары!

 

Себебі, біздер,

Бір түйір қаннан жаралдық.

Əкенің қаны, ана сүтінен нəр алдық.

Адам боп қалу алғы ісің болу тиісті,

Жаратқаннан соң Жаратқан Алла адам ғып.

 

Тал бесіктен соң,

Жер бесік күтер жер-анаң,

Ұғынсаң етті мөлейіп тұрған моладан.

Өлім мен өмір төрт əріп есік төріңде,

Барса келместей кеткендер келген жоқ одан...

 

Бар бақытты

 

Біле тұра барлығын несібеміз,

Асыға да береміз несіне біз?!

Бар бақытты барында біле алмай,

Біле алмай мезетте кешігеміз.

 

Себебі, біз пендеміз арманы көп,

Арманы көп, көбінің салмағы жоқ.

Барлығында барында бағаламай,

Өкінетін жандармыз қалмады деп.

 

Отыратын одан соң құсаланып,

Қамығатын оңаша тұсаланып.

Бағаланбас баққа да керегің жоқ,

Бір-ақ күнде бұлбұлдай ұшары анық.

 

Күте-тұғын үздігіп қонар күйін,

Қонар күйін еске алар жоқ əлдейін.

Өз жылуын өзіңнен таппаған соң,

Өзге бақта сайрайды одан кейін.

 

Еске алғаннан өзге жоқ кезің дара,

Сезімдерді түсінер сезім дара.

Өзгесіне несіне өкпелейсіз,

Енді оған кінəлі өзің ғана...

 

Бақыттырақсыз

Жарығым сөніп мына түн енді,

Айта алмай іштен тынамын енді.

Өзімнен өзім оңаша қалып,

Ағыл да тегіл жылағым келді.

Жылағым келді қамығып өттім,

Кезігеріне бар үміт еттім,

Себебі оның əкешімменен,

Анамды қатты сағынып кеттім.

 

Сезесіздер ме, сезесіздер ме?

Бар үміт артқан кеше біздерге.

Ата-анаң болса құрмет тұтыңыз,

Ендігі кезек, кезең сіздерде.

 

Алаң жүректер алаңдасыңыз,

Уақыт маған, саған да асығыс,

Əркімге тапқан уақытты қиып,

Бір сəт күлімдеп хабарласыңыз.

 

Мəңгі көрінген бақыт – тұрақсыз,

Келген ажалға уақыт қуатсыз

Жиі көрісіп иіскеп сүйген,

Сіз менен көрі бақыттырақсыз...

 

Біз əртіспіз

Біз əртіспіз, өмір дейтін тиятр,

Тиятрда айтарлар көп жиі ақыл.

Шығармада сомдаларлық ролдермен,

Авторға енші жазылмаған сия тұр.

 

Тағдырға енші сомдар рөлің белгілі,

Көре аласың пешенеңнен сен мұны.

Қос періште жазғанына көндігіп,

Қош көресің амалың не ендігі.

 

Межелеген күнін күтіп сəт санар,

Уақыт дейтін бар кейіпкер патшағар.

Жастығың мен қарттығыңда тəуелді,

Не сатыпта ала алмайтын ақшаға əр.

 

Жақыныңмен алмасуға хат хабар,

Мəңгі жазар еске алар шақ та бар.

Сіз мендей қонақпысыз, жолаушым,

Жолың болсың тілейтінім сəт сапар.

Ал ендеше ұзақ сапар жолдасың,

Сапарыңда күткен сені онда сын.

Автор айтты ораларың белгілі,

Оған сенің еш күмəнің болмасын.

 

Биіктейсің, кейде төмен құлайсың,

Неге мені күтті деме бұлай сын.

Бар əліптің артын ғана бағып көр,

Мүмкін сондай төзіміңмен ұнайсың.

 

Бала күнгі бір досым бар

Қуаныш пен қайғымды да бір кешкен,

Бала күнгі бір досым бар бірге өскен.

Ата-анасы, ата-анамның құрдасы,

Сыйлас сырлас құрбылары бір кезден.

 

Сол досыммен небір қызық өткердік,

Бірде тату, ал бір кезде жек көрдік.

Бір кездері бір қызға да ғашық боп,

Төлеген мен Бекежандай кектендік.

 

Төбелестік, кейде тату ойнадық,

Бұл күндерді күлеміз-ау ойға алып.

Не сол қызға не өзгемен үй болып,

Кетпеппіз-ау қарап тұрсам ойланып.

 

Біздің ойын бүгінгіге ол аңыз,

Ол аңызға жетер бізге жол алыс.

Алла ғұмыр нəсіп етсе алдағы,

Осы жылы отызға да толамыз.

 

Бұрын біздер ойнаушы едік тұңшапақ,

Таң қылауы сейілгеннен түн батса-ақ.

Енді біздер іздесекте таппайтын,

Табылмайтын оралмас ол қымбат шақ

 

3114 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы