• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

БАҚҚОЖА БАТЫЛ СӨЙЛЕЙТІН

Атақ-даңқы алысқа кеткен, көркем әдебиет саласында жемісті еңбек еткен батыл ойлы, байламы мықты қаламгер Баққожа Мұқайдың есімін елде жүргенде, яғни, Нарынқол өңірінде өткен өмір жолымда естіп, білдім.

Бүгінде батыр бабамыз Райымбектің атымен аталатын ауданның орталығы Нарынқол ауылында «Советтік шекара», қазіргі «Хан тәңірі» дейтін газет жарық көріп тұрды. Газет қызметкерлері ауық-ауық ауылдарды аралап келіп, мақала жазатынбыз. Сондай іс-сапарлар кезінде Баққожаның бір кездегі сыныптастары да ұшырасып қалатын. Олар Баққожа жайлы жанға жағымды әңгіме шертетін. Сонымен қоса Баққожаны тереңірек білуіме оның Ақылжан дейтін туған інісі игі ықпал етті. Ақылжан сол бір жылдарда Нарынқол аудандық партия комитетінде екінші хатшы болып еңбек етті. Қазақы қалжыңға қамшы салдырмайтын. Өресі биік өжет азамат болатын. Аракідік ұшырасып қалғанда, ағасы Баққожаның балалық шағындағы қызыққа толы қылықтарын айтып, ағынан жарылатын. Әдеби кітаптарды қадағалап оқитынын, көпті көрген көне көз қарттардың әңгімесін тыңдауға әуестігін де әңгімелейтін.

Уақыт аққан судай арындап өтіп жатты.Өмірдің талай қиын өткелінен сүрінбей өткен майдангер, қарт ұстаз Баданбек Әлімбеков ағамыз бір отырыстағы әңіменің орайында шәкірті Баққожа жайлы ағынан жарылып: – Мен оған математикадан сабақ бердім, өте алғыр, өжет, ұғымды бала еді. Сенен есепке жүйрік ғалым шығады дейтінмін, бірақ ол әдебиетті таңдады. Қарымды қаламгер болды. Көркем шығармалары көптің көкейіне қонды. Сол үшін Баққожа баламды мақтан тұтамын, – деген болатын. Талай жасты тәрбиелеген тәлімгердің Баққожаның балауса шағында алғырлығын аңғарғанына іштей риза екенімді енді еске алып отырмын.

«Бір қайғыны ойласаң, мың қайғыны қозғайды», – деп Абай ақын айтпақшы, Баққожаны еске алғанда оның бір қаламгер інісіне көрсеткен көмегін қалтарыста қалдырғым келмей отыр. Нарынқолда Алдаберген Жандаралов дейтін жас қаламгер ғұмыр кешті. Аудандық газетте қызмет етті, өлең жазды. Өлеңдерінде өрнекті ойдың көрінісі көзге ұрып тұратын. Өкініштісі – Алдаберген ақын қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешті. Оның осындай өкінішті өміріне жанашырлықпен қараған Баққожа ақын інісінің соңында қалған жырларын жинақтап «Ақжаңбыр» деген атпен «Жалын» баспасынан жеке кітап болып шығуына шын ниет танытып, талай жанды таңдай қақтырған еді. Ендеше, «Жақсының ескерткіші – жақсылығы» деген осы емес пе.

1997 жылдың көктемінде ауылдан Алматыға қоныс аудардым. Оның да себебі жоқ емес еді. Сол тұста Нарынқол мен Кеген аудандары бірікті де, Нарынқолдық газет жабылып тынды. Бірсыпыра қиындықты бастан кешіп барып, Алматыдағы «Санат» баспасына редакторлық қызметке тұрдым. Талай қаламгерлермен аралас-құралас болып, дүниетанымым толықты. Дегенмен көп жыл газетте жұмыс істеген маған кітап басып шығарумен айланысатын баспадан гөрі, газетте жүрген тиімдірек еді. Оның да сәті түсіп, 1998 жылдың соңына таман, Республикалық «Қазақ елі» газетіне жұмысқа кірдім. Аталған газет сол тұста Алматыдағы бұрынғы (М.Горький), қазіргі Жібек Жолы көшесінің бойындағы 9 қабатты үйдің 5 қабатында болатын. Қазақ тілінде жарық көретін газет-журналдардың көбінің редакциясы осы 9 қабатты үйге шоғырланған еді. Сол кезеңде өзіме жерлес, жазған-сызғаны жақсы таныс Баққожа бауырыммен сағат сайын болмаса да, аптасында екі-үш рет кезігіп қалудың сәті түсті. Бір күні 6 қабаттағы «Жетісу» газетіне бармақ болып, баспалдақпен көтеріле бергенімде, Баққожа бауырым қарсы ұшырасты. Амандық сұрасқан соң: – Мәке, ертең маған келіп жолығыңызшы, жаңа жазған өлеңдеріңізді де ала келіңіз, – деді. Ертесіне уәделі кезде, Баққожаға бардым, жылы қарсы алды. Өлеңдерімді оқып шықты да, суретіңіз қайда деді. Мен ұмытқанымды айттым. – Ендеше, – деді Баққожа сөзін қайта сабақтап. – Қазір біздің суретші келеді, күтіңіз, – дей беріп еді, есіктен белгілі жазушы, «Парасат»  журналының жауапты хатшысы Талаптан Ахметжанов кіріп келді. Баққожа оған менің жай-жапсарымды түсіндірді де, суретке түсіруді тапсырды. Сол арада өзім талай мәрте тілдескен жазушы Талаптанның адамдарды суретке тартатын өнері барына таңдай қағып, жүзіне таңданыспен қарап қалыппын. Сол сәтте Талаптан менің таңданысымды тани қойып, күлімсірей қарады да: – Бұл бала кезде үйренген өнерім еді, – деді жайбарақат ғана.Талаптан тартқан сол суретім әлі күнге дейін менің баспасөзде жарияланып жатқан өлеңдеріммен бірге өмір өткелінен өтіп келеді. Баққожа бауырым ұсынған дүниелерімді қайтарған емес. Мақалаларымды да журналына басып жариялап отырды. Тағы бірде ол телефон соғып шақырды, бардым. Столының үстіне бұрынырақ та ұсынған бір топ өлеңімді жинақтап қойыпты. Оны оқып шыққанын, журналдың таяудағы: – Бір нөміріне жариялайтынын айтты да, бір өлеңіңіз жақында «Жетісу» газетінде жарық көрді емес пе, ендеше бұның орнын басқа өлеңмен толықтырғаныңыз жөн шығар, – деді зілсіз сөйлеп. Айтқанын екі етпей орындадым. Осы арқылы Баққожа бауырым міндетті ісіне өте жауапкершілікпен қарайтынын сездірді.

Б. Мұқай «Парасат» журналын өмірінің соңғы сәтіне дейін басқарды. Аталған журналда талай тартымды шығармалар жарық көрді. Өзі  көркемдік деңгейі жоғары көп шығарма жазды. Драматургиямен де айналысты. Оның «Жалғыз жаяу» дейтін тарихи романы қазақ оқырманы іздеп жүріп оқитын шығармаға айналғанын жақсы білемін. Кезінде осы  «Жалғыз жаяу» роман жайлы белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев көлемді мақала жазып, шығарманың көркемдік деңгейін жоғары бағалаған еді. Ол әрқашан қатарының алды болды. Тағы бір ерекше қасиеті кімнің алдында отырса да ойын ашық айтып, батыл сөйлейтін еді. «Аққу сазы» атты шығармасына 1992 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Жазушылықпен айланысқан еңбек жолында бір биіктен бір биікке көтеріліп отырды. 1995 жылы «Өмірзая» романы үшін мемлекеттік сыйлық алды. Ол әлі де талай жақсы шығармалар жазатын еді, бірақ жан дүниесін меңдеген ауыр сырқат ақыры алып тынды. Баққожаның еңбегін ел-жұрты ескерусіз қалдырған жоқ. Қазір Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы мәдениет үйі Баққожаның есімімен аталады.Алматы қаласындағы бір көше оның атында. Қарымды қаламгерге ел тарапынан алдағы кезеңде де осындай құрмет көрсетіле беретініне сенімім берік.

Б. Мұқай  2008 жылғы  5 қаңтарда асқаралы 60 жасқа толуына 26 күн қалғанда қайтпас сапарға аттанды. Сол тұста оның қазасына арнап жазған жырымды осы шағын естелігіме қостым. Қара өлеңді қасиет тұтқан қалың қауым бұл жырымды қомсына қоймас деген ойдамын.

Жолығар күн қайда енді?

(Баққожа Мұқайға)

 

Жарқ етіп жандың жұлдыздай,

Арғымақ едің құла – жал.

Алды-артына бұрғызбай,

Әкетті-ау, ерте сұм ажал.

 

Өткеніңді естіп өмірден,

Жүрегім демде қайғы емді.

Кетпегеніңмен көңілден,

Жолығар күн қайда енді?

 

Құнарлы кітап жаза алдың,

Қайыстан қамшы өргендей.

Сен кеттің көзге жас алдым,

Біртуған бауырым өлгендей.

 

Тербедің небір ой мықты,

Ызғарлы жаннан ықпастан.

Кісі едің іскер орнықты,

Аяғын дәйім нық басқан.

 

Жазарың сенің көп еді,

Жүлде алдың талай жарыстан.

Жолыңды ажал бөгеді,

Дерт болып ерте жабысқан.

 

Той өтер кезде дүрілдеп,

Көз жұмдың алпыс жасыңда.

Ардақ тұтар бір ұл деп,

Айтар сөз қалды жадымда.

 

Жасадым ылғи мен мақтан,

Өзіңдей өршіл тау ұлын.

Алатау бауыры сен жатқан,

Пейішің болсын, бауырым!

06.01.2008

Мінуар ӘКІМХАНОВ,

ақын,Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Алматы қаласы

 

7927 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы