• Әдебиет әлемі
  • 19 Қаңтар, 2023

ТЕҢІЗ ДЕ МЕН СЕКІЛДІ ТОЛҚЫМАЙДЫ

Әділет АХМЕТҰЛЫ

1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.

2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап,  Шынжаңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы Атажұртқа оралған.

«Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасымен Астананың 15 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының жүлдегері, «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпазы.

 

Қыс сағынышы

Алматыға әз жүрді ақпан тумай,

Уақыт қандай жүйрік аққан судай.

Құлағыма енеді еміс-еміс,

Қыс кешінде бір адам тартқан сырнай.

 

Алтайда сөгілмеген қыс көбесі,

Сағыныштың айналған құсқа елесі.

Ақпанда ақ қарда өскен бала едік біз,

Шығатын шексіз ғажап істен есі.

Ақпан еді сыйлайтын қыс мерейін,

Жанымыз да ақ шаңқан түске бейім.

Алтай қысын сағынған жүрегіммен,

Бүгін түнде бір ғажап түс көрейін.

 

Бұл аймаққа келеді көктем ерте,

Көктем, көктем мың болғыр, неткен ерке?!

Өзенімді сағындым мұз құрсаған,

Өзегімді өртейді өскен өлке.

 

Сағыныштан сарқылып, сабыр бітіп,

Әздің әсем иісін, нәрін жұтып.

Тосқан қонақ тосыннан келіп қалса,

Тастайды екен адамды абыржытып.

 

Бала күндер, бал күндер барады үркіп,

Алақызып нетейін, алабұртып.

Кірпігіме мұз қатып сонау жылы,

Буырылдап қалатын бала мұртым.

 

Алты қарыс мұз жапқан Үліңгірім,

Нуын бүгін аңсадым, қырын бүгін.

Сүйемін ақпандағы шыңылтырын,

Сүйемін шілдедегі шіліңгірін.

 

Ақ бұрқағын, аязын, омбы қарын,

Қағазыма қайтып-ақ қондырамын?!

Қарағанды, жыңғылды құмтөбеден,

Ысқыратын ішегі домбыраның.

 

Үйеңкінің қызғылтым жаңқасынан,

Өмір лаулап, күй толқып, ән тасыған.

Ұлы ғұмыр хабарын еститінбіз,

Отын жарған кісінің балтасынан.

 

Ойхой дүние, зулайды, ұзайды алға,

Алтай қысын сағынам мұңайғанда.

Тулайды менің мөлдір сағынышым,

Атылып шыққан судай мұз ойғанда.

 

Бітімі бөлек өскен терек-талдар,

Аспаннан есеп жазар зерек шалдар.

Мені саған тұрғаны-ай жақындатпай,

Түкке де татымайтын себеп-салдар...

 

Алматыға әз жүрді ақпан тумай,

Уақыт қандай жүйрік аққан судай.

Құлағыма енеді еміс-еміс,

Қыс кешінде қыр, беткей тартқан сырнай.

 

Өзен рухым

Теректінің суының ағысын-ай,

Алтайдағы ауылдың алысын-ай.

Жалғыз сурет басылды көзіме оттай,

Таныс ағын, таныс өң, таныс рай.

 

Жөңкіледі өзені Теректінің,

Жарықтық бір көрсетті өр екпінін.

Ағыны еміс-еміс еске салған,

Ер болған соң өр болу керектігін.

 

Арынымен тәнті етіп ақ жал ағыс,

Жанитын жанға жігер, арға намыс.

Өркештенген өзеннің рухыменен,

Мен сонда кете барғам самғап алыс.

 

Теректінің өзені тасығанда,

Жайық боп жөңкілетін жасыл арна.

Алтайдың өзендерін есіме алам,

Жалғыздықтан жүрегім жасығанда.

 

Жататұғын жарықтық өткел бермей,

Ұзақ, ұлы міндетін өткергендей.

Тау ұлымын деп өлең жазбаңыздар,

Тауға шықпай, болмаса бөктер көрмей.

 

Алтайдың әрбір сайы – бір-бір өзен,

Қыраты қоңыр таудың қырмызы өлең.

Алып Ертіс ағатын маңғазданып,

Арнасын ай тегістеп, жыл күзеген.

 

Еске келер ескі жұрт, бөктер, дала,

Самалы сүйетұғын еппен ғана.

Ұлы-ұлы сағыныш арқалайды,

Ұлы өзеннің бойында өскен бала.

 

Теректінің суының ағысын-ай,

Алтайдағы ауылдың алысын-ай.

Жалғыз сурет басылды көзіме оттай,

Таныс ағын, таныс өң, таныс рай.

 

Ұлы сағыныш

Жұлдыздай жылт-жылт еткен жұпар

 жалған.

Мен едім сағыныштан күш алған жан.

Еменнің тамырындай тарамдалған, 

Теректің бұтағындай бұтарланған.

 

Көрдің бе, ерінімнің кезергенін, 

Сағындым туған жердің өзен-көлін.

Менен артық сүйетін біреу бар ма,

Қазақтың тау мен тасын, кезең, белін.

 

Сөзбен айту мүмкін бе осы жайды, 

Жүрегім сағынышқа басыбайлы.

Теңіз де мен секілді толқымайды, 

Өзен де мен секілді тасымайды.

 

Сағыныш, о, сағыныш, тұнық неткен?!

Тілдестірген ақынды Рух, Көкпен.

Мың жылғы бабамды да сағынам мен, 

Сүйегі топыраққа сіңіп кеткен.

 

Сағындым, Көктепсеңді, Қаражалды, 

Сағындым Ақдаланы, Ақаралды.

Сағынып жүрмін қатты сенесің бе, 

Жүз жылдан соң туатын балаларды.

 

Қаратаудың шоқысы, сай-саласы, 

Айғайлайын, үнімді қайталашы!

Сап алтындай сарғайып кеткен жанға, 

Қуат бер, құшағыңдыайқара ашып...

 

Өлең жазам өзімнің өртімді еміп,

Түсімде өскен өлке көркін көріп.

Сол аймаққа өлгенше тәу етер ем, 

Жанымның берер болса дертін жеңіп.

 

«Жиде жеп, су ішкендер семіретін»

Түсімде қара мөлдір жиде көрдім,

Оянып бір ғажайып күйде болдым.

Жиде теріп соңынан еріп кеткем,

Осынау қилы-қилы, сыйлы өлеңнің.

 

Түсімде жеген жидем мөлдір қара,

Сағыныштың салғаны теңбіл жара.

Көз алдыма келеді Үліңгірдің

бойында жиде терген сол бір бала.

 

Табысып қалың бала су басынан,

Қиялдың жаңылмайтын сұлбасынан.

Қара жиде қазына бітік өскен,

Бал тамып тұратұғын сырғасынан.

 

Жидеге тойып алып, суға малтып,

Қалды артта шортандай тулаған шақ.

Құс үнімен күмбірлеп өзен бойы,

Жататын жырын айтып, шулап алқап.

 

Тоғайып жаным жырға, кеудем күйге,

Ақ дорба іші толы терген жиде.

Әжем төге салатын бар мейірін,

Алқынып іңірде мен келгенде үйге.

 

«Жиде жеп, су ішкендер семіреді», –

дейтұғын айтылым бар көрінеді.

Күн бойы жиде мен су азық болған,

Біздің өмір недеген өмір еді.

 

Өстік біз ұлы ауылда, көрмей қала,

Әлдилеп жомарт дала, тербейді ана.

Туған жерін сүйеді махаббатпен,

Балалығы мәнді өткен мендей бала.

 

Туған жер –түп қазығым, туысым да,

Алаулаған сағыныш суысын ба?!

Шалқып жатып ояндым, көзімді ашсам,

Терген жидем жоқ екен уысымда.

 

Ұсыныс

Әдемі кекілдерің, тұлымдарың,

Қырымыздай қыздарым, ірі ұлдарым.

Мендегі ұшан-теңіз махаббаттың

Игілігін көріңдер, құлындарым.

 

Сағынудан ешқашан шаршамаңдар,

Сағынбауға өмірде қанша амал бар?

Мендегі мөлдір таза сағыныштың

игілігін көріңдер, барша адамдар.

 

Қарғалдақ, тораңғыға құштар жаным,

Құстар жетпес биікке ұшты арманым.

Тәубеңді оятатын өлеңімнен

бірер тармақ жаттап ал, дұшпандарым!

 

Боз адырды аңсадым бетегелі,

Жеткізді сонда Алтайдың жетелі елі.

Мен өмірге кеп қалған рухпын,

Ақындық міндетімді өтегелі.

3213 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы