• Айтарым бар...
  • 19 Қаңтар, 2023

АТА-ӘЖЕ ИНСТИТУТЫ

Қазақ «үйіңде қарияң болса, жазылып тұрған хатпен тең» дейді. Текке айтылмаса керек-ті. Осы бір сөздің құдіреті дәп бүгінмен үндеседі. Біз атамызға қарап өстік.

Іскер адам еді

Балалық шақ – ғажап. Мұнда қызыққа толы сәттер көп болады. Үнемі арман қуып қиялданып, аунап-қунап жүресіз. Қылт еткен нәрсеге үлпілдеп тұрасыз. Дос көп болады. Айта берсең әңгіме көп. Соның бір парасын ғана айтайық. Біз үшін айрықша тұлға бар. Ол – Атам. Есімі – Жолдыбай.

Ата десе, ақ сақалды қария елестейді. Бәлкім, бұл көпшілікке таныс образ болар. Алайда айтпағымыз сәл өзге. Ол кісі өмірбақи колхозда есепші, бас экономист ретінде істеді. Дәп директор болар шағында совхоз тарады. Егемендіктің елең-алаң шағында бизнеспен шұғылданды. Күріш екті. Гектарынан 50 центнер жинады. Арасында Ташкенттен Шиеліге тұрмыстық заттар әкеліп сатты. Өзінің жеке дәмханасын ашты. Ол базардың жанында болатын. Оны тұңғыш немересінің атымен атады. Ол кім дейсіз ғой? Әрине, мен едім – Олжас. 2000 жылдары кәсібі онша жүрмеді. Сөйтіп жүргенде Алматыдан Шиелі тұсындағы Қаратаудан алтын барлайтын мекемеге барады. Тап сол шәйханаға барып, әлгілер басшысы, қосшысы барлығы тамақтануға келеді. Сол арада атаммен тілдеседі. Олар бұрын қызметте істегенін байқайды. Осылайша қызметке шақырады. Жергілікті кадрды қызметке алу тиімді болса керек-ті. Сөйтіп, кадр бөлімінің бастығы, бас есепші болып қызметке кіріседі. Есімде, күнде таңертең қызыл «Нива» сағат 9.00-де келіп күтетін. Жүргізушінің аты  – Бейбіт болатын.

 

Маған айрықша сенім артты

Атам жан-жақты кісі еді. Өзі күйші, домбырашы. Қазақтың ескі әндерін нәшіне келтіріп айтатын. Өзіне тән қоңыр даусы болатын.Әрдайым кешкісін өз немерелері, көрші балалар келетін. Соларға кішігірім концерт өткізетін. Басына қазақы тақиясын киіп жүретін. Соның біреуін маған кигізетін. Мен ол кісінің тұңғыш немересімін.  Ал әкем оның ең үлкен баласы. Жалпы, алты ұл, үш қызы бар. Әжем момын, ақсары келген кісі. Атам екеуі өмірлерінің соңына дейін бір-бірін сыйлап, құрметтеп өтті. Бөтенмен жағаласпады. Атам дауға, әжем әңгімеге құмартпады. Әжеміздің айтуынша, әкесінің 60 жасқа келіп қартайып көрген тұңғышы екен. Өзінен кейін бір қарындасы, үш інісі болды. Олардың бәрі бір-бір әулеттің тұтқасы болды. Дариха әжем ол уақта жас келін көрінеді. Келін болып түскеннен қайынатасы 20 күн ғана өмір сүріпті. Ақсақал үсті-басына ақ киіп, талдың көлеңкесінде отырады екен. Қара су апарса да батасын беріп, «ғұмырлы бол, қарағым, өркенің өссін» деп отырыпты. Бір күні тұңғышы Жолдыбай атамды шақырыпты. Дәм-тұзының таусыларын сезінсе керек. Артындағы бауырларына қамқор болуын, оқытып, ел қатарына қосуды тапсырыпты. Содан бері барша әулеттің жүгін бір өзі көтерді. Бауырларына дүниеден өткенінше жәрдемін аямады. Әкесінің  аманатына адалдық танытты. Ешқашан қиналғанын білдірмеді. Қарт анасының жағдайын мәңгі жасап өтті. Бір өзі бар ауыртпашылықты көтерді. Той-жиын болса, асабалықты өзі істейді. Кісімен сөйлессе, өзін де, өзгені де жадырататын. Құдды бір энциклопедия дерсіз. Ал ашуына тисеңіз, өңменіңнен өткізіп, екінші бет қаратпайтындай ететін. Өте өткір, қайратты кісі еді. Қазақтың «қайратты ерге бақ қонар» деген ұлағатты сөзі атамызға арнап айтылғандай.

Бұрынғылар дүниеден бай да өтер, батыр да өтер депті. 2009 жылы атам дүние салды. Оны телефоннан маған әпкем хабарлады. Сағынамыз. Кейде аңсаймыз. Есімізге түссе, көздің жасын бір сығып аламыз. Бірақ ол жағын ешкімге көрсетпейміз. Атамыздың өмірлік нақылы осы күнге дейін азық болуда. Үлкен қалада қайратты болмасаңыз, қиыншылықтар кесіп түсуі ықтимал. Ең бастысы, жүдемеу қажет. Атам маған айрықша сенім артады екен. Соны естіп-біліп жүрдім. Көңілде біршама дүниелер бар. Соны кезең-кезеңімен іске асыру  мен үшін парыз.

Олжас  МҰРАТБЕКҰЛЫ

5981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы