• Айтарым бар...
  • 17 Желтоқсан, 2022

ҚАРУЛЫ КҮШ – ҚАУҚАРЫМ

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қазақстан сыртқы қауіп-қатерге тиімді әрекет ете ала ма? Қарулы күш құрылымдарының әлеуетін дамытып, олардың дайындығын арттыруға қауқары жете ме?

Қазақстан сырттан төнетін қауіп-қатерге дайын ба?

Жасыратыны жоқ, Қазақстан ертеден көрші мемлекеттен іргесін аулақ ұстамаған. Бұған тарих парақтары куә. Дегенмен, еліміздің әскери әлеуеті көрші Ресейдің саяси жетекшілігіне тәуелді. Тіпті, отандық әскери қызметкерлердің дені сондағы жоғары оқу орындарында білім алған. Олар елімізде Қарулы күштерді құру кезінде мұндай мектептің артықшылығын ғана емес, кейде кемшіліктерін де еріксіз қабылдауға мәжбүр.

Ал қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техника қандай болуы керек? Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы  директоры Найзабек Олжабай-ұлының айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен, оның ішінде қару-жарақ және әскери техникамен жарақтандыру 10 пайыздан төмен. «Әрине, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштеріне тиесілі жаңа қару-жарақ пен әскери техниканың негізгі үлесі қымбатқа түсетіні белгілі. Айта кету керек, әуе қорғанысы күштері (ӘҚҚ) бөлімшелерін жабдықтау да оңай емес.  Әсіресе, авиациялық бөлімшеде техниканы жөндеуге көп қаражат қажет», – дейді ол.

Демек, қаржы ресурстарын дұрыс бөлмеудің салдарынан құрлықтағы әскерлер, бронды техникалардың жаңа үлгілеріне бөлінген қаржы көзі жалпы көрсеткішпен салыстырғанда 5 пайыздан аз болса, ал   артиллериялық және танкіге қарсы жүйелер, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары ұлттық Қарулы күштер құрылғалы бері жаңартыла қоймаған. Бұл тұрғыда әскери әуе қорғанысы туралы ауыз ашудың өзі артық.

 

Не маңызды? «Байрақтар» ма, әлде бизнес-процесстер ме?

Қаңтардағы оқиғадан кейін жасалған тұжырымдарға сүйенсек, қазір Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әлеуетін көтеруді алдыңғы орынға қоюымыз  керек. Көрші мемлекеттерден тыныштық кете бастағанда оң өзгерістер енгізіп, нақты шараларды қолға алу маңызды. Оның ішінде күн тәртібіне Қарулы Күштердің ұйымдық-штаттық құрылымын қайта құру, арнайы операциялық күштердің қолбасшылығын қалыптастыру, стратегиялық жоспарлау құжаттарын қайта қарау мәселесі қойылғаны абзал.

Әлем елдерінде болып жатқан қақтығыстар мен кикілжіңдердің өзі сабақ болуы тиіс. Сондықтан кез келген оқиғаны жан-жақты саралап, шешімді қабылдау кезінде асығыстыққа жол бермеген жөн. Ол үшін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің бүкіл жүйесіне реформа жүргізіп, түбегейлі қайта құру қажет. Дәлірек айтқанда,  Қарулы Күштерді басқару және басқару жүйесінің түр-тұқиянына дейін жаңашыл өзгеріс енгізу керек.

Осы тұрғыда сонау отыз жылдан бері жалғасып келе жатқан Әзірбайжан мен Армения арасындағы қақтығыс ойға оралады. Әзірбайжан Таулы Қарабақты қайтарып алуға бел буғанда Түркиядан әуелі не көмек алды? Бұған таң қалуыңыз да мүмкін, бірақ бұл «Байрақтар» емес, жаңа бизнес-процесстер болды. Бүгінде Қазақстан да Украинаның соғыс алаңында жұртты тамсантқан Түркияның «Байрақтарын» сатып алуға кіріскелі отыр. Себебі, армияны жаңа үлгі бойынша қайта құру, ондағы барлық негізгі үдерістерді түбегейлі өзгерту арқылы ғана заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге төтеп бере алатын қарулы күштер құра аламыз. Онсыз қорғаныс саласының әлеуетін көтеру мүмкін емес.

 

Қазақстан қорғаныс саласының шығынын көбейтті

Бүгінде елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау маңызды. Осы тұрғыдан алғанда кез келген мемлекет қорғаныс саласын мызғымастай берік етуге күш салады. Ол үшін саланың жоқ-жітігін түгендеу қажет.

Қазақстан үкіметі биыл қорғаныс саласына жұмсалатын қаржыны айтарлықтай арттырды. Билік қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін әскери дайындықты арттыруға және төтенше жағдайға жауап беретін күш құрылымдары мен мекемелерді техникалық жабдықтау үшін қосымша 441 млрд теңге (1 млрд АҚШ долларына жуық) бөлуді көздеді. Яғни, бұл Қорғаныс министрлігінің 2022 жылға жоспарлаған жалпы шығындарымен салыстырғанда айтарлықтай көп.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Украина тәжірибесін басшылыққа ала отырып, армияны кәдімгі «гибридтік соғысқа» дайындауды жоспарлағанға ұқсайды. Әрине, бұл әңгіменің тектен тек шықпағаны белгілі. Себебі, Қазақстан сақтық шарасын қолға алып, жан-жақты дайындық шарасын пысықтамаса болмайды. 

The Wall Street Journal басылымына сұхбат берген қазақстандық шенеуніктің пікірінше, Қазақстан билігі Украинаның Ресейге дес бермей, соғыста қарсыласа түсуінен сабақ алу керек. «Ол үшін билік әскери салаға түпкілікті реформа жасап, «гибридті соғысқа» дайындығын күшейтуі тиіс» дегені біраз жайттан хабар береді. Шын мәнінде, Қазақстан армиясының жағдайы қалай? Елдің қауіпсіздігі мен тұтастығын сақтауға қауқары жете ме? Бұл сауалға келгенде біраз күмілжіп қалатынымыз шындық. Ал бүгінгідей алмағайып заманда қорғаныс саласы берік болмаса, ел іргесінен тыныштық кетуі әбден мүмкін. Сол себептен де қорғаныс саласын қосымша қаржыландырудың едәуір бөлігі күш құрылымдары санын ұлғайтуға және материалдық-техникалық базаны,сондай-ақ әскери-транспорттық авиация паркін толықтай жабдықтауға бағытталып отыр.

Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты шығаратын The Military Balance жыл сайынғы анықтамалығының 2021 жылғы  деректеріне сүйенсек, Қазақстан тұрақты әскер саны бойынша әлемде 166 елдің ішінде 70-ші орында тұр. Мұнымен қоса Қазақстан армиясында 39 мың адам еңбек ететіні жазылса, тағы 31,5 мың адам тұрақты әскерлерге қатысы жоқ әскерилендірілген құрамдағы мекемелерде есепте тұр.ТМД елдерінің ішінде 2021 жылғы әскер саны бойынша рейтингте Ресей (5-орын), Украина (21-орын), Әзірбайжан (41-орын), Өзбекстан (63-орын), Беларусь (64-орын) және Армения (66-орын) жайғасқан. 

The Wall Street Journal басылымы қазіргі және бұрынғы қазақстандық шенеуніктерге, заң шығарушылар мен сарапшыларға сілтеме жасай отырып: «Қазақстан халықаралық күн тәртібінде тұрған түйткілдерді, әсіресе Ресейдің қазіргі ахуалының астарына үңіліп, Қытай, Түркия және АҚШ-қа да бажайлап қарауы керек» деп жазады.

Шын мәнінде, кешегі қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс өрті, Әзірбайжан мен Армения шекарасындағы қақтығыс Қазақстанды да бейқам жатқыза алмайды. Себебі, бұл саладағы мамандар әлеуметтік, экономикалық жағдайдың да мәз еместігін талай айтқан. Ол ол ма, қару-жарақ қоры да әлсіз. Айналып келгенде, бәріне қаржы жетіспейді. Тіпті, осы саладағы кәсіпорынды дамытуға құйылатын инвестиция көлемі де мардымсыз екен. Мұны алысқа бармай-ақ, қорғаныс шығыстары рейтингінде көштің соңында тұрғанымыз дәлелдей алады. Демек, қорғаныс саласына түбегейлі реформа жасайтын уақыт келді. Әскери дайындық жұмысын жолға қойып, күш құрылымдарын жаңа технологиямен жабдықтау кезек күттірмейтін мәселе. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт.Тоқаевтың  мамыр айында Түркияға барып, елімізде шабуылдаушы ұшқышсыз ұшу ұшақтарын бірлесіп шығару туралы келісімге қол қойғаны да сондықтан.

 

Қазақстан әскери барлау бойынша Түркиямен әріптестік орнатпақ

Еліміз әскери саланың әлеуетін көтеруге күш сала бастады. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар нәтиже бере бастағандай. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Түркияға барған сапарында екі мемлекет арасында әскери ынтымақтастықты нығайтуға байланысты келісімге қол қойылған болатын. Бұл бауырлас елдер татулығы мен достығының стратегиялық әріптестікке ұласқанының айғағы.

Осы сапардың мән-мазмұны мен жай-жапсарына үңіліп көрейікші. Елімізде жанармай бағасының шарықтап кетуіне орай жер-жерде бейбіт шерулер мен толқулар туындағаны белгілі. Мұны президент дипломатиялық тұрғыда шешуге әрекет жасады. Алғашқы қадам ретінде Қазақстанның Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акар да келіссөз жүргізіп, қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолын, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылаған еді. Яғни, мұның аясында Түркия-Қазақстан арасында бірлескен әскери жаттығулар өткізу және қорғаныс өнеркәсібі саласын кеңейтудің маңыздылығы сөз болды. Болашақта әскер даярлау және әскери ғылым саласындағы жаңалықтарды алмасу да назарға алынды. Айтпақшы, 28 мамыр мен 9 маусым аралығында Түркияның Измир қаласында өткен «Эфес-2022» оқу-жаттығуына әлемнің 40-қа жуық елінен әскерлер қатысқан еді. Солардың қатарынан қазақстандық әскери қызметшілер де көрінгені үлкен жетістік.   

Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Түркияның Қазақстанға әскери көмегін көрсету ықтималдығын ескере отырып, кез келген соғыс қимылы болған жағдайда тұрақсыздық негізінен ел ішінде болуы мүмкін екенін айтқан.

Осылайша, 10 мамырда Түркия мен Қазақстан қол қойған ортақ меморандумға сәйкес, саяси, экономикалық, сауда және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық жандана түсті. Бұдан өзге екі ел қорғаныс өнеркәсібі, әскери барлау, сауда және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты 15 келісімге қол қойды. Соның ішінде Kazakhstan Engineering және Turkish Aerospace (TUSAS) ұлттық компаниясы Қазақстанда «Anka» ұшқышсыз ұшақтарын бірлесіп шығаруды мақұлдайтын келісімге қол қойды. Оған сәйкес, түрік тарапы Қазақстан қарулы күштері пайдаланатын «Anka» ұшағына техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін технологияларды тасымалдап, мамандарды оқытатын болды. Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстан «Anka» ұшқышсыз ұшағын шығаруды жолға қойған алғашқы шетел мемлекеті болмақ.

Ал 27 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Koc Holding компаниясының басқарма мүшесі Али Кочпен келіссөзжүргізіп, бірлескен қорғаныс жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Тоқаев Түркиямен ынтымақтастық Қазақстан үшін ерекше маңызды екенін атап өтіп, Орталық Азия елінде жұмыс істейтін инвесторларға қолдау көрсетуге уәде берді.

Президенттің осы сапары бірталай мәселенің шешімін табуға түрткі болды. Іле-шала 5 тамызда Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Қазақстан мен Түркияның әскери барлау саласындағы әріптестігі туралы хаттаманы бекіту жөніндегі қаулыға қол қойылды. Бұл келіссөз бес жылға дейін күшінде болмақ.

Қаулыда әскери барлау тұрғысындағы әріптестік Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен Түркияның Бас штабы деңгейінде өтетіні егжей-тегжейлі айтылған. Ал бұл екі елдің арасындағы әріптестік нақты қай салада жүзеге асады?

Бірінші, өзекті мәселелер бойынша әскери барлау ақпараты және сараптамалық бағалаулармен өзара алмасу;

Екінші, екі мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін аймақтағы (мемлекеттегі) әскери-саяси жағдайдың дамуына мониторинг жүргізу;

Үшінші, екі мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін халықаралық террористік және өзге де ұйымдарға қатысты өзара ақпарат алмасу.

Сондай-ақ, бұл құжатта егер тараптардың бірінің ұлттық егемендігі мен қауіпсіздігіне қатер төнген немесе ұлттық-халықаралық мүддеге қайшы келетін жағдай болса, әскери барлау ақпаратын беруден бас тарту мүмкін екені атап көрсетілген. Мұнымен қоса, екі ел арасындағы бұл келісім 5 жылдан кейін де ұзартылуы ықтимал. 

Айта кету керек, бүгінде әскери барлау жөніндегі келісім мен ынтымақтастық Түркиямен ғана емес, шекаралас емес барлық мемлекеттермен де жүргізіліп жатыр.

 

Қазақстан ұшқышсыз ұшақ өндірісін қолға алды

Атом өндірісін әскери мақсатта пайдaлануға болмайтыны секілді, ғарышты да әскери қақтығыс алаңына айналдыруға болмайды. Әрине, бұл БҰҰ деңгейінде қойылатын талап болу қажет. Себебі бұл саланың да теріс мақсатта пайдаланылуы атомдық қарулардан кем зиян әкелмейді. Қазір ғарыш саласын әскери мақсатта дамытуға күш салып жатқан елдер де бар. Әскери қорғаныс саласын жетілдіру жoлында АҚШ пен Иран секілді  зымырандарға қарсы қорғаныс орнату үшін миллиардтар құю еліміз үшін тиімсіз болар еді. Оның үстіне, еліміз өзінің соңғы жылдардағы тарихында ешбір әскери амбиция танытқан емес, бейбіт имидж қалыптастыруда. Ғарышты игеру саласын прагматикалық көзқарасқа салатын болсақ, нақты мемлекет қазынасына пайда түсіріп, ел азаматтарына игілік әкелетін жобалардың ғана маңыздылығы үстем.

Бүгінде Қазақстанның әскери-өнеркәсіптік кешенінің негізгі өндірістік және ғылыми-техникалық ресурсы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының төңірегіне шоғырланған. Ашық дереккөздер мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік үлгілерді негізге алып жасалған жалынды от ұшыратын реактивті жүйе, өзі жүретін миноменттер, доңғалақты жауынгерлік машиналар, радиолокациялық станциялар, 125 мм-лік артиллериялық снарядтар және басқа да әскери техника шығарылады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде кибершабуылдардан қорғану және «Қазақстанның киберқалқаны» бағдарламасын жүзеге асыруға ақпараттық қауіпсіздік комитеті атсалысса, сондай-ақ ғарыш саласын дамытуға Аэроғарыш комитеті жауапты. Былтыр күзден бері ҚР Қорғаныс министрлігі «Қарулы күштерді жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Бұл жоба әскери техниканы жеткізуді әртараптандыру, командалық кадрлар құрамын көпвекторлы оқыту, ТМД елдері және алыс шет мемлекеттер, соның ішінде әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы НАТО блогына кіретін елдермен жаңа келісімге келу негізінде іске асады.  

Мәселен, 2020 жылдың соңында АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанға King Air B300ER Scorpion екі барлау, бақылау ұшағын және соған қатысты жерүсті құралын сатуды мақұлдады.

Ал былтыр мамыр айында Қазақстан президентінің Түркияға барған мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан Инжиниринг» пен «Turkish Aerospace» (TUSAŞ) компаниясы әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Яғни, бұл меморандум «Bayraktar»ұшқышсыз ұшатын аппараты параметрі негізінде «ANKA» барлау және соққы беру ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастыру және техникалық қызмет көрсету желісін ұйымдастыруды көздейді. 

Соған қарағанда Қазақстанның Қарулы күштерін жаңа деңгейге көтеру үшін жүйелі шаралар қабылдауға жұмылу керек. Атап айтқанда, бюджет тапшылығын айтпағанның өзінде территориялық аумағы үлкен мемлекетімізде әскер мен халық саны аз болса да, жаңа қорғаныс технологияларын енгізіп, әскерилерді басқаруға жүйелі қадам жасау керек.

 

 

 

6624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы