• Айтарым бар...
  • 17 Желтоқсан, 2022

ЖАДЫДАҒЫ ЖАЗУ ДА ЖАҢҒЫРСА...

Жарас СӘРСЕК

Адамзат баласының тарихында, аяулы – Жер аталатын алып планетада көргені мен көмгені көп бір халық болса, ол – қазақ. Пешенесіне жазылған тағдыр-талайында жанарынан жас ең көп сорғалаған бір халық болса, ол да – қазақ. Ата тарих әманда өтірік айтпайды, айтқанымызды құптайды.Аттан түскен соңғы қос ғасырдың бедерінде қазақтың жаттан да, жақыннан да көрмеген құқайы жоқ. Кейінгі ханы – Кенесарысы мерт болып, кемесі қайраңдаған қаймананы Тәңірі қолдап, араға жүзжылдықтар салып барып, қолына Тәуелсіздік тізгінін ұстатқанына тәуба дейміз. Тілінен, ділі мен діңінен айырыла бастаған тұста Жаратқан Ие жар болып , жомарттық танытты бізге.

«Тарихты жеңімпаздар  жазады» деген тәмсіл бар. Әлемді алып империялар билеген тұста біздің де ата шежіреміз, төл тарихымыз солардың қаламының ұшында кетті.Ақиқатқа тыйым салынды. Жетектегі елге оң-солы – соқыр тұман, алды – болжаусыз.

Империялардың идеяландыру кезеңі әлі аяқталған жоқ. Кәрінен Құдай сақтасын.Десекте, текетірестерде тегеурінділер жеңеді. Өзгеге қимас сол тегеурін – біз жақта болса дейміз. Бізге біртұтас ұлт ретінде қалыптасу үшін дәл қазіргі уақытта тым әріге бармай-ақ (оның да уақыты келеді. Ж.С.), кешегі алашордалықтар идеясын барынша жаңғырту қажет. Түрлі пікір қайшылықтарына қарамастан, арыстарымыз-дың  тұтас ұлтқа қызметін сана түпкіріне мықтап орнықтыруымыз керек. Шерменде кеткен Алаштықтықтарды  бір-бірімен айтыстырып, тартыстырып, бір шетте отырып алып, қазы болу – қазір бізге қажет емес.Пікір қайшылығы қай кезде де, қай қоғамда да болған, бола да беретінін ұмытпау – игілікті іс. Әрбірден соң, саңылауы бітелген өз заманының адамдарының да, кейінгілердің де саяси сауатына сәуле түсірген саңлақтар – солар еді ғой. Өздерін құрбандыққа шалу арқылы жалқыға емес, жалпыға бағдар болғаны үшін қарыздармыз   оларға.

Бүгінгі таңда елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия жұмыс істейді. Құрамы осал емес, мүйізі қарағайдай тарихшы – ғалымдардан бастап, билік сатысындағы сөзі өтімділер де баршылық. Алайда «саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Игілікті іске көп болып жұмылуымыз қажет. Олай дейтінім – біздің түгелге жуығымыз «Халық жауының» ұрпағымыз. Ұрпағы болмасақ та, ұрпағының туыстарымыз. Жазба деректердің жөні қай кезде де бөлек. Бала кезімізде үлкендердің аузынан үндемей отырып, үрке естіген үзік-үзік әңгімелер әркімнің де жадында болса керек. Жадыдағы дүниелер кеудеден жан кеткесін, бірге көшпей тұра ма. Кей кезде жадыдағы тарих – жазбадан да мықты болып шығады. Сондықтан, оны да қайта  жаңғыртып, хатқа түсіру артық болмас еді. Қолда бар деректермен салыстыру арқылы жадыдағы жазулар да бір жүйеге түсер еді деген ой ғой біздікі. Берілген мүмкіндіктен шет қалып қоймай, қуғын – сүргін көрген қу тағдыр иелерінен қалған бір ауыз сөзді де, бір қиық бөзді де көзіндей көріп, болашақ ұрпаққа аманаттау – әрі парыз, әрі қарыз іс бізге.

Қалам ұстап – хат жазған, ел басқарып – аты озған алыптарымыз бен арыстарымыз азаптың неше атасын көрді, тар қапаста баз кешті. Енді бірінің сүйегі қай қиырда қалғанын да білмейміз. Айдауда жүріп жантәсілім еткендері қаншама?..

Оларға насихаттың қажеті жоқ. Насихаттау – біз үшін, келешек үшін қажет. Әлихан, Ахмет бастаған ұлт көсемдері мен ұлы іске ұйытушылардың ұстанымдары ұрпаққа үлгі – өнеге болып қалуы үшін, әрбірі әдебиет пен кино әлемінде кесек-кесек образдарға айналуы шарт. Шүкір, бұл бағытта талғам таразысына тартылып, көптің көкейіндегісін дөп басқан тұщымды дүниелер легі жарыққа шыға бастады. Тар заман талғаусыз жұтқан кемеңгер кейіпкерлер жетерлік бізде. Көпке созбай соларды тірілтіп алсақ қой, шіркін!..

Сондай-ақ, ұлы мақсат жолында бар жиғанын нар жолында қиған қазақ байларының да қуғынға ұшырағандары аз емес. Дәулетін әулеті үшін ғана емес, өзін туған дүйім жұрты үшін де жиған, қажет  кезінде қазынасын қазақтың қара қазанына құйған Атымтай жомарттардың да тізімі түзілуі керек деп есептеймін. Олардың да есімдері ел жадында қалуы қажет. Бәлкім, олар бүгінде әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастарымыздың әкесі шығар, атасы шығар?..

6158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы