• Қоғам
  • 17 Желтоқсан, 2022

МАСЫЛДЫҚТАН ҚҰТЫЛУДЫҢ АМАЛЫ БАР МА?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Абайдың жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

Адам өмір есігін ашқан сәттен бастап басынан өткізетіні осы. Бірақ ержеткен соң ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз?». Бұл да – үлкен сұрақ.

Сол Абайдың алтыншы қарасөзі «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақалмен басталады. Осы мақалды мысалға алып келтіре отырып, Абай бірлік қандай елде болатынын, қайтсе ел тату болатынын өз заманының қазағы білмейді деген ойды айтады. Абайдың ойынша, бұл мақалда масылдық сипат бар. Мұны Абай былай деп тарқатады: «Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен» дейді.

Иә, масылдық – қоғам дерті. Кез келген мемлекетті тежейтін де осы. Бұған мысалды биліктен де іздеуге болады. Қазақтың жерінің асты да, үсті де байлыққа толы  деп  мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ бұл байлық түптің түбінде түгесілмейді деген сөз емес. Байлықты талан-таражға салмай, өз орнымен игеріп, өз игілігімізге пайдалансақ, еліміз дәл қазіргідей қиындықты басынан кешпес еді. Сол сияқты бұл кеселдің тағы бір аса қауіпті әрі ауқымды сипаты – әлеуметтік масылдық. Жұртшылығы жаппай масылдыққа бой ұрған ел жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болатыны айтпаса да түсінікті. Адамзаттың кемеңгері өсиет еткен «талап, еңбек, терең ой» – қазір де аса қажет, қат, алда да ешқашан бағасын жоғалтпайтын құндылық екенін әркез естен шығармау керек.

Шын мәнінде, технологиясы ғарыштық жылдамдықпен дамып,  мүмкіндігімен қоса сын-қатерлерін де қатар ала келген қазіргі заманда қарапайым халық терең ойлы, еңбекте табанды, сөзде сындарлы, істе төзімді, қимылда ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін қалыптастыра алмаса, біз армандаған дамыған елдердің қатарына қосылу да екіұдай.

Демек, баланы балабақшадан, орта білім ордасы қабырғасынан бастап, адал еңбекке баулу, масылдықтан жиренту керек. Ол үшін не істеу қажет?  «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау! Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – дейді Абай.

Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас; ол ешкімге арам бол, қанішер бол, масыл бол деген емес; ендеше, Құдайға құлақ аспай, құлық түзелмейді; құлық түзелмей тұрып, құлқын арам ішкенін қоймайды; адалға жүрмей, адам түзелмейді; адам түзелмей, қоғам түзелмейді; халық түзелу үшін әркім жеке-жеке өзін-өзі түзеуі керек. Ол үшін «қуанбасқа қуанып, ұялмасқа ұялатынды» қою керек. Одан арылтатын жалғыз дауа – еңбек.

Абайдың ұғымында: «Еңбек танымды арттырады. Еңбек естіген нәрсені бекіте түседі. Адам алған білімін ретке келтіреді, керектіні керексізден сұрыптап, ақылды болады». Сондықтан да ол еңбекті – барша игіліктің негізі, ал оған деген сүйіспеншілікті – адамдық өмірдің басты мәні мен мақсаты деп санайды. Керісінше, жалқаулықты – барша қырсықтың, одан туындайтын жарамсақтықты – барша қиянаттың, мақтаншақтықты – түзелуден үмітін үзген  бейшаралықтың түп атасы деп түсіндіреді. Халықты «түзелмейтін қайыршыға»  айналдырмайтын амал – «егін, сауда, кәсіп, ғылым» деп біледі. Ол тек ыждаһат пен ынта бар жерде ғана жүзеге асады.

«Құдай Тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға  жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды  білерлік  ғылым  берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», – деп күйіне, қамыға, бірақ ғибрат ете жазды сонау 1892 жылы ұлы Абай (Қарасөздер. Оныншы сөз).

Қазіргі күрделі, аумалы-төкпелі заманда халықтың әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – тек байлық-бақуаты бар, еңсесітік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған саналуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда.Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың жұмысын күшейткен маңызды. Кедейлік деңгейін одан ары төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пиғылдың өрістеуіне жол берілмеу керек. Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысу туралы ереже енгізу қажет.

Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналу үшін де масылдық психологиядан арылып, жұмыла еңбек ету керек. Бүгінгі ұрпақ Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса, онда ел болашағы жарқын болмақ.

Жаһандану заманында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық. Бұл дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты көтермейді. «Жоғары технологиялық, цифрлы кеңістікте жаһандық дамудан 10 жыл артта қалсақ, 100 жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармайық», – деп байлам түйген президент Қ.Тоқаев.

Ел Президенті әртүрлі жиындардағы сөзінде де елді еңбекке үндеп келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы кейбір қазақстандықтардың мемлекеттен әлеуметтік төлем алу үшін жалған ажырасу, жұмыстан кету, мүлкін басқаның атына тіркеу арқылы табысын жасыру, қолдағы малын сойып тастау секілді адал емес әрекеттерге барып, масылдық пен қулыққа жүгінетініне қынжылыс білдіре келе, Үкіметке мемлекеттік қолдауды тек соған шынымен мұқтаж адамдарға ғана көрсетуді қадап тапсырды.

– Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлттың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары неге азаймай тұр? Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркендеуді өрісті етудің шарты болмақ.Абай атамыз: «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап». Немесе: «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық»,– деген. Айырылмас азап және қайыршылық! Осылардың астарында масылдық басын қылтитады. Тереңінен түңілсек – жатып ішер, арам тамақ. Індете түссек – еркетотай, шолжың, дәнеңеге икемі жоқ, тіршілікке бейімсіз, ақсау-сақ.Мемлекеттің мойнына масыл боп мініп алғанның несі жақсы?!

4230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы