• Әдебиет әлемі
  • 17 Желтоқсан, 2022

ӨЛЕҢ ЖАЗҒАН АҚЫН АЗ ҚҰРАМАЙ МҰҢ

Еркін ОРАЛБАЙҰЛЫ

1974 жылы 10 қаңтарда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылында дүниеге келген. 2017 жылы «Өмір өлең»,  2019 жылы «Өмірді қосып өлеңге» өлеңдер жинақтары шыққан. Жергілікті, республикалық газеттерге өлеңдері жиі жарияланып тұрады. Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласының тұрғыны. Тау-кен саласында еңбек етеді.

Қыс

Мезгілімен қыс келді жылжып жыл, ай,

Бетті қарып аязы шымшып, сынай.

Қарашаны іліп ап қанатына,

Қаздар кетті тізіліп, сыңсып, жылай.

 

Бұлт астынан сығалап күн шыға алмай,

Қара тұман тұмшалап, тұншығады Ай.

Күзбен бірге кеткендей қыз дәурені,

Қара желден өксіген үн шығардай.

 

Әлденені тағы ойлап тұр-ау аспан,

Бозғылт бұлттар көшеді бұраңдасқан.

Жапырағын күз ұрлап, зәрленеді,

Кәрі терек қабағын қырау басқан.

 

Таудан көшсе сырғанап күртік төмен,

Жиі өскен тоқтатар іркіп емен.

Бір топ арқар айналып кете алмай жүр,

Құлжасының өлігін бүркіт жеген.

 

Алған қыздай әдемі шашын түйіп,

Әппақ қайың майысар басын иіп.

Белгісіндей қысқа өмір қарағай тұр,

Қақ айырылған осы жаз жасын тиіп.

 

Қалса да артта жаз күні самал өпкен,

Шаңғы теуіп, мәз-майрам бала біткен.

Көкжиектен көз алмай қария тұр,

Жастық шағын ұзатып ала бұлтпен.

Өмір солай өтеді кеткен күздей,

Тек естелік санаңда қалады өткен...

 

Толғаныс

Қыран бүркіт түлкі шалса жырадан,

Жемтік үшін қуанады топ қарға.

Қателесіп шалыс басса бір адам,

Ол да бір той ар-намысы жоқтарға.

 

Шиті мылтық қанша суық болғанмен,

Тек қауіпті ұңғысында оқ барда.

Өткен өмір бұзықтыққа толғанмен,

Мәрттік жасар қасиет бар сотқарда.

 

Жүрсе дағы ала жіпті аттамай,

Күнәсіз жан жоқ-ау, сірә, ғаламда.

Тура айтсаң, ту сыртынан даттамай,

Дейді екен «жапқан бұл не, жалаң ба»?

 

Түсінік ой басқаша ма мендегі,

Түсіне алмай жүрем кейде көпті мен.

Менде де бар қателіктер елдегі,

Деген емен ақылдымын, көп білем.

 

Жығылсам да тегіс жерде сүрініп,

Тағдырыма артпағанмын көп кінә.

Келетіндей өткен күндер «тіріліп»,

Десем егер менде мүлдем жоқ күнә.

 

Өткен өмір жолы қалды бұралаң,

Бірақ ешкім айта алмайды бетке мін.

Дос қадірін ұға алмас, сірә, адам,

Көше көріп, өтпей өмір мектебін.

 

Дегізбедім сендегі бар осы мін,

Адал досты құрмет тұтып, пір еттім.

Қас болғанға қарсы шықсам, досымның,

Қара тастай ту сыртына тірекпін.

 

Алла берген шығар мүмкін төзімді,

Талқысына бұл тағдырдың сынбадым.

Жас кезімнен сынға салып өзімді,

Мінезді де сабырменен шыңдадым.

Ал, бүгінде бәрі мүлде басқаша,

Өз-өзімнен күнде жүрмін жеңіліп».

Өр көңілді күмәнді ойлар жасқаса,

Ішті жейді бір өкініш кеміріп.

 

 

Келер ме едің,

Шақырсақ көктен сұрап?

(Мұқағали Мақатаевқа)

Алла бізге ғұмырды өлшеп берген,

Жаман- жақсы тұратын бөлшектерден.

Топырақтан əу баста жаралған соң,

Сол топырақ бұйырар өлсек жерден.

 

Қабылдайтын қара жер «дəнді солған»,

Жанды көкке босатып, тəнді алған.

Көзден кетсе көңілден кеткен бəрі,

Тек артында жақсы іс, мәңгі қалған.

 

Дейді жүзі алмастың мұқалмайды,

Тасқа салсаң шыңдалар, жұқармайды.

Найзағайдай көк тілген алмас тілді,

Сыр шертейін ақиық Мұқаң жайлы.

 

Жырларымен тербетіп түз, даланы,

Өтті өмірден Хантәңір мұзбалағы.

Өзі өлсе де, өлмеді өлеңдері,

Деген рас- ау, жақсыдан із қалады.

 

Өлең жазған ақын аз құрамай мұң,

Сенім де жоқ, шынардай құламайтын.

Ерте жетіп ажалың, бергені ме

Өзің айтқан тағдырын құралайдың?

 

Еліңді де жырладың кеткен ауып,

Қорқытпады заманнан жеткен қауіп.

« Күпі киген қазақтың қара өлеңін»,

Қайтарыпсың өзіне шекпен жауып.

 

Сүрінсең де сан мәрте сынақтарда,

«Қақың бар» деп тағдырың құлатпады.

Жақындарың сырт теуіп, дараландың,

Жеке жортқан арландай қыраттарда.

 

Біз білмейміз, кінәлап, кім ақтады,

Белгілі ғой, жақсыға кінә артпағы.

Мойымадың сонда да, білдің бе екен,

Аңыз қылып жырларың күн арттағы.

 

Тағдырыңмен алысып, арбасып мың,

Оза шауып қатардан алға шықтың.

Сезім жайлы сезімтал жырың қалды,

Жүрегінде ұялап әр ғашықтың.

 

Көре алмастың жұқпаған таққан кірі,

Бірі күндеп, қуанып аң- таң бірі.

Қазағымның бір туар сен жұлдызы,

Өрең биік шыңындай Хантәңірі.

 

Өзге әлемге кетсең де көптен жырақ,

Мазалай ма, жаныңды өткен сынақ?

Туа қалып ғажайып бір мүмкіндік,

Келер ме едің, шақырсақ көктен сұрап?

 

Келмейсің- ау, білемін бұл жалғанға,

Тарқамаған шығар әлі өкпең, бірақ...

 

Тәуелсіздік жолында

Мұра етіп тектілікті көк бөріден,

Тəңірін таңдап алған көк төрінен.

Түбі Түркі Қазақтың ұрпағымыз,

Қаруы қанжығада бөктерілген.

 

Бұрқыратқан даланың шаңын дүрсін,

Қыздырса көк бөрінің қаны күшін.

Ат үстінен түспеген бабам Түрік,

Тәуелсіз еркін ұрпақ қамы үшін.

 

Жақын тұрса шүршіттің күн қақпасы,

Белгілі ғой соғыссыз күн атпасы.

Тəуелсіз ел құрам деп сырт жауымен,

Арпалысқан Мөде хан, Ғұн патшасы.

 

Мысын басып жеріне құмартқанның,

Өздеріне жұтқызып құмар қанын.

Ел басына күн туса атой салып,

Атқа мінген батыр қыз Тұмар ханым.

 

Шайбани тұсында елдің мəні кетті,

Қазаққа қорлық болды жаны текті.

Хан қылып Дешті Қыпшақ ұлысына,

Қанішер Əбілхайыр зəлім бекті.

 

Ақ Орданың бөліп ап туын тіккен,

Мақтан етем Керей мен Жəнібекті.

 

Жазалаған Алашты басынғанды,

Хандар көп дара туған асыл қанды.

Хандығын Қазақ елі өркендеткен,

Ел ұмытпас Хақназар, Қасым ханды.

 

Бейне бір түзде жортқан тарпаң тарғыл,

Ханды айт, болған елге қалқан əрбір.

Аз əскермен қалмақты қырып салған,

Орбұлақта ер жүрек Салқам Жəңгір.

 

Жау көп тұста жан-жақтан аңдып тұрған,

Елге қорған ерлерім хандық құрған.

Дара туған Əз-Тəуке, Тəуекелдер,

Келген жауды аямай қан қып қырған.

 

Заманда ел ішіне бүлік кірген,

Абылай елдің басын біріктірген.

Төле би жас кезінен танығанды,

Ел қорғар хан шығарын білікті ерден.

 

Белгілі жерім байтақ, кең екені,

Жау қызығып алары берекені.

Ел үшін жанын берген ұмытпаймыз,

Қазақтың соңғы ханы Кенекемді.

 

Жеңбесі анық жұмсаған күшті құры,

Қолға алмаса білікті істі құлы.

Əйтеке би, Қазыбек, Төле билер,

Билік еткен қазақтың ұш тұғыры.

 

Билікте қорқау тұрса қанбай қанға,

Ұнасын құлдық өмір қандай жанға.

Тəуелсіз елі үшін желтоқсанда,

Жастар шықты қарусыз қан майданға.

 

Тәуелсіз елміз, міне, көк байрақты,

Жолына жұмсадық біз көп қайратты.

Ел үшін жанын берер жасқанбастан,

Жастар өссін бөрідей тек айбатты.

 

Істер көп- ау, алда әлі атқарар мың,

Келді уақыт бетін ашар ақ-қараның.

Өткенімнің шындығын ұғу үшін,

Әлі талай тарихты ақтарармын.

 

Тылсым дүние

Бұл өмірді бір- ақ тұтам, келте еткен,

Қалдырып өзге өмірге мәңгілікті.

Ал, біреуге ғұмыр беріп, «еркелеткен»,

Кім түсініп, бұл дүниенің мәнін ұқты?

 

Іштарлық па, адалдықты көп көретін?

Адамзатқа тән етердей, залымдықты.

Бар күнәні жан шыққанша көтеретін,

Ет-сүйектен жаралса да, тәнің мықты.

 

Сынағы ма, Жаратқанның пендесіне,

Тән еткені жаман-жақсы, сан қылықты?

Кімдер кепіл, нәпсі ақылды жеңбесіне

Ескертсе де, бұзбағын деп заңдылықты?

 

Болсын деп, бұл өмірде тепе-теңдік,

Ақылдыға қарсы қойған әңгүдікті.

Жасамас деп бұл тағдыр текке кеңдік,

Туғызып жүр талайларға сан күдікті.

 

Қызықтырып жүрсе дағы жұмағымен,

Кім айта алар орын деп қабір құтты.

Күтер болса, ақыретте сұрағымен,

Қалай ғана, жоғалтпассың сабырлықты?

 

Аша алмас тылсым дүние құпиясын,

Данышпандар жиналса да, бар білікті.

Тастататын бұл дүниеге, «құт-ұясын»,

Ешкім әлі жеңе алған жоқ кәрілікті.

 

Өкпелі ем

Болса да бітпес,

Бостан- бос өтпес,

     Өмірде мынау күйбелең,

Өзіңді ойлап,

Сезімге бойлап,

     Сағынышты күйге енем,

Сезімді қайтем, жүректе мына көктеген?

Өзіңсіз қалай, өмірді жалғыз өткерем?

Тек сені іздеп,

Жүректі езбек,

     Көңілді қайтем күйреген?

Бақыттан түлеп,

Бар ма екен жүрек?

     Отына сағыныш күймеген,

Оятып шабыт, төккізген арнап көпке өлең,

Өмірді билеп, махаббат неткен өктем ең?

Сезімді тылсым,

Жасаған қысым,

     Көңілді жаулап билеген,

Наламын кейде,

Тағдырға мүлде,

     Бұйырып маған сүй деген,

Ойламай сені, түндерім мұңсыз өтпеген,

Күндер де аз, сезімді жырмен төкпеген.

Сағыныш оты,

Қайғының тоты,

     Жаралап жанды илеген,

Бақытты беріп,

Қайтадан жеріп,

     Тағдырдың жолы ирелең,

Өмірім үшін ешкімді бұрын сөкпегем.

Сонда да, мынау тағдырға қиыс өкпелі ем.

 

Он екі сөз

Тимейтіндей бәрімізге төсек төрден,

Ғұмыр жолды Алла өзі өлшеп берген.

Бірде қайғы, бірде өзі бақыт сыйлар,

Өмір осы, құралған көп бөлшектерден.

  

Адал жанға жаман істер тайқып ермес,

Келешекті ешкім болжап айтып бермес.

Бір шығарсаң уысыңнан желдей ұшар,

Үш зат бар дүниеде ҚАЙТЫП КЕЛМЕС.

 

Сусылдаған құм сағатың ортайғанда,

Жеке өскен қарағайдай қалқайғанда.

Қадірін бұл УАҚЫТтың сонда ұғарсың,

Бар қызығың артта қалып қартайғанда.

 

Көп сөйлесе артық СӨЗді, ойланбастан,

Сол адамның бар өмірін ойран басқан.

Әрбір СӨЗге мән беріп, ойлап сөйле,

Ақылшы жоқ дүниеде ойдан асқан.

 

Дәм таусылды десе ажал күлкің бітті,

Керек болмас қу дүниең, мүлкің тіпті.

Адалдықпен өткізейік аз ғұмырды,

Пайдалан Алла берген МҮМКІНДІКТІ.

  

Нәпсі тыйып, көрсет иман бекемдігін,

Жоғалтпай жүрекке Алла еккен гүлін.

Үш нәрсенің өміріңе маңызы бар,

Ұмытпай жүр ТҰРАҚСЫЗ іс екендігін.

 

Артық болмас байларға да, ақыл көптік,

Алмай жүрсе бар өмірін ақым етіп.

БАЙЛЫҚ қалар кетерінде бұл өмірден,

Бұйырары үш кез мата ақыреттік.

  

БИЛІК бар деп мақтану ол сордың бірі,

Елден астым десе бөсіп, болдым ірі.

Мәңгі қалар ештеңе жоқ бұл жалғанда,

Ұмытпағын БИЛІК деген қолдың кірі.

 

БАҚЫТ жақсы адамдарды жағалаған,

БАҚЫТынан айырылмас бағалаған.

Тұрақсыздау БАҚЫТ кейде ұшып-қонып,

Құс сияқты әрбір талды сағалаған.

  

Пендеміз ғой, Алла құлы адам атты

Қадірі артқан зат бар ма, ардан қатты?

Үш нәрсе бар, қызығымен еліктірер,

Сақ болмаса ҚҰРТАТҰҒЫН адамзатты.

 

Күнде салып, дұғаңызды тәпсіңізге,

Ие боп жүр, тұсау салып нәпсіңізге.

Шайтан суы ІШІМДІККЕ әуес болсаң,

Бекер қылар, күйе жағып ісіңізге.

  

Бұзады екен жаман деген атақ арды,

Кірлетердей кір топырақ аппақ қарды.

Бай болса да, болғаны жөн кішіпейіл,

Тағала да ұнатпаған ТӘКАППАРДЫ.

 

АШУланба ез жігіттей тақымы бос,

Сабыр қылып, әр ісіңнің ақырын тос.

Халқымызда нақыл сөз бар өсиетті,

Адамзатқа АШУ дұшпан, ақылы дос.

 

Таза жүрген адал жанның ісі биік,

Жүрмесінші көңіл толмай кісі кейіп.

Тырыссаң да жанды салып, бата алмай,

АЙТУ ҚИЫН үш- ақ сөз бар кішірейіп.

 

Дәурендеген уақыттарың алыс қалып,

Сырт айналса, сөздерінен таныс танып.

Бұратылып аш иттей бір күнелтерсің,

КӨМЕКТЕС- деп айта алмай

намыстанып.

  

Білместікпен тигізсең де кесіріңді,

Деп ақталма ақыл басқа кеш ілінді.

Біле тұра бар кінәсін мойынға алып,

Көп адамға сұрау қиын КЕШІРІМДІ.

 

Ұшса көңіл ғашықтықтан күйме міне,

Тура келер іш өртенер күйге енуге.

Жеткізбек боп сезіміңді алғашқы рет,

Айту қиын СҮЙЕМІН деп сүйгеніңе.

  

ОН ЕКІ СӨЗ өмір жолдың баспалдағы,

Шын күрестің өмір үшін басталғаны.

Бақытқа да жетерсің- ау оңайлықпен,

Кедергіден сүрінбесең басқа алдағы.

3773 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы