• Әдебиет әлемі
  • 17 Желтоқсан, 2022

ТАСБАҚА

Ырысбек ДӘБЕЙ

Заң – тор секілді: кішкентай жәндіктер шырмалып

өледі, үлкендеріне ешқашан ажал жоқ.

АНАХАРСИС

Әуе  айналып  жерге  түсердей аптап ыстық. Ол ыбырсыған өндіріс алаңында қаңтарулы қаракөк түсті «Grand Cherokee» автокөлігінің есігін ашты. Іштен ұрған ыстық леп бетін шарпып өткендей болды. Автокөліктің қарама-қарсы есігін де айқара ашқан ол темекісін тұтатты. Бос қалған «Chapman» қорабын аулаққа лақтырып, ванильдің дәмін тамсана жұтынды.

– Әй, Біржан! Кетіп барасың ба? Тірі балық алып келші. Жоқ болса, ақшасын төле. Көз алдыңда ұстап берсін.

Арт жағынан келіп, иығынан қаққан Лиге ол бұрылып қарады.  Сайтандай сап ете қалған технадзор, инженер орсақ тісінің қызыл етіне дейін көрініп ыржиып тұр. Демінен жуа аралас ашқылтым иіс мүңкиді. 

– Жарайды, балықшыларға айтайын. Ол енді күнде алып жүрген сазаннан қымбатырақ болатын шығар. 

– Қымбат болса, бола берсін. Тірідей әкел. Солай дұрыс. Сол дәмді болады. Болмаса, мен де бірге барайын.

– Жақсы. Кеттік. Мынау не көтеріп келе жатыр?

Жағына пышақ жанығандай жалбыр шаш, арық аспаз қаудырлаған жарты қап затты көлік жанына әкеліп қойып:

– Мынаны ала кетіңіздерші, жолда бір жерге тастай саласыздар, – деді.

– Ол не? – деп, Біржан көлік жүксалғышын ашты. – Мұнда сал.

– Күн ыстық, шыбын көбейіп кетті. Тамақ қалдықтарын алысырақ тастаған жөн. Солай емес пе, Ли бастық! – деп, аспаз инженерге жағатси сөйледі.

– Әрине, – деп, Ли көлікке отырды.

«Grand Cherokee» топырақ жолдың шаңын аспанға шығарып, зырлап келеді. Әредік қопа-қамыс, шағын қоғалы көлдер кездеседі. Кондиционері қосылған көлік іші салқын тартты. Терезеден сыртқа қарап үнсіз отырған Лидің дауысы кенет қатты шықты. 

– О, мыналарды жесе, дәмді шығар? 

Біржан Лиге бұрылып қарап, ары қарай терезеден сыртқа көз салды. Топырақ жолдан сәл қиыс шеттегі кішкентай көлде бір топ шүрегей жүзіп жүр. Ол Лиге қарап басын шайқап, күліп қойды.

– Неге күлесің? – деді Ли.

– Неге сіз «мынау қандай ғажап үйрек немесе қандай керемет жүзетін құс?» деп сұрамайсыз? Бірден «о, мыналарды жесе, дәмді шығар?» деп сұрайсыз. Жүгірген аң, ұшқан құстың бәрін неге сіздер тек тамақ түрінде елестетіп, тамсанасыздар?

– Олай емес, олай емес! – деп, Ли қызарақтап кетті.

– Өткенде осы тұстан сіздерден келген бір микроавтобус жұмысшыны  алып өткенде, олар да осы үйректерді көріп, шу ете түсті.

– Не дейді сонда?

– «О, мыналарды жесе, дәмді шығар» дейді.  

Біржан жымиып күлді де, алдында жатқан бір қорап темекіні алып, Лиге ұсынды.

– Ашып жіберіңіз, темекі тартайық.

Көлік іші ваниль иісі аңқыды. Біржан темекісін құшырлана сорып, Лиге көз қиығын салды.

– Ли мырза, ренжіп қалған жоқсыз ба?

– Жоқ. Өзімізге білінбейді, мүмкін сондай әдетіміз бар шығар.

– Екі-үш ай зауыт салатын саз жердің суын сорғызып, құрғату барысында дәрежеңізге қарамай, жұмысшылармен бірге белуардан су кешіп, қара жұмысқа да араластыңыз. Инженерсіз, бүкіл нысанның есеп-қисабы мойныңызда. Біздің оншақты жұмысшының басын қосып, жұмыс істететін шолан-шошырақ бригадирлердің өзі олай жасамайды.

– Көпшік қойып отырсың ба енді? – деп Ли қарқылдай күліп, көлік терезесін сәл ашып, темекісін қақты.

– Көпшік емес. Біздің өзіміздің жергілікті жұмысшылар да қатты таңғалды. «Мынау рас инженер, бастық па өзі?» деді ғой көбі.

– Менің үйрекке деген сүйіспеншілігімді пайдаланып, біраз төпештеп алдың, – деп күлді Ли. – Ана суын сорғызып, саз жерге салып жатқанымыз –  Орта Азия бойынша ең ірі цемент зауыты. Осы ауданда зауыт салуға ыңғайлы қаншама жер болса да, ақыры сол сазға орын тептік. Қанша уақыт ысырап болды, мемлекетіңіздің қанша ақшасы кетті? Әрине, осы Жиделідегі бір дөкейдің қалтасының қамы үшін артық қадамдар жасалды, артық ақша  жұмсалды. Осындайларың мені де таңғалдырады.

– Енді, ол дөкейге орайды пайдаланып, жерінің жақсы ақшаға сатылғаны керек болды, – деп Біржан көліктің тежегішін басты. – Қоқысты  тастай салайын.  

Ол қаудырлаған қапты жол шетіндегі қоқсық толы шұңқырға лақтырды.  Көлік  тағы он минуттай жүріп, шағын көл жиегіне тақап кеп тоқтады. Тынық жағалауда бірнеше көне қайық көзге шалынады. Қайық маңында жиналып, дабырлап сөйлескен балықшылар дауысы естіледі. Дөңгелегі құмға батып, бір жағына қисайған ақ тұмсық «ЗИЛ-130»-дың алдында үш дөңгелекті ескі мотоцикл тұр. Мотоциклге тәлтіректеп барып тырсиған бір қап балық тиеген ересек екі бала бұларды көріп, тұра жүгірді.  

– Біржан брат, балық алғалы келдің бе?! Су мен тер араласып малмандай болған екеуі Біржанға қол беріп, Лиге  үдірейе қарады.

– Қалайсыңдар, жігіттер! Тірі сазандар бар ма?

– Бар ғой, бар. Ауды жаңа ғана жинап алдық. Айтпақшы, бері қарай жүріңізші, – деп, ересек баланың бірі Біржанды шетке алып шықты. – Біз біраз тасбақа жинап қойдық. Аласыздар ма?

– Тасбақасы несі?!

– Ой, қойыңызшы. Бүкіл ауыл біледі ғой.

– Нені?

– Тасбақаны. Қазандағы қайнап тұрған ыстық суға тірі тасбақаны салғанда сәби баладай шыңғырып, тасын тастап, атып шығады дейді ғой. Сосын соны қуырады дей ме? Қытайлардың жемейтіні жоқ екен. И-и... қандай аянышты, – деп бала тітіркеніп, иығы селкілдеп кетті.

– Не айтып кеттің, бауырым?!

– Зауытта жұмыс істейтін осы ауылдың жігіттері көріпті дейді. Егер керек болса, айтыңыз.

– Қойшы-ей, қыртпай! Бар, балығыңды әкел! – деп, Біржан көлігіне қарай беттеді.

 

***

    Қапырық вагон іші. Алты айрығынан тер саулап, балық тазалап жатқан аспаз жанында тұрған Ли сырттан кірген Біржанды қасына шақырды.

– Міне, көр! Мынау енді дәмді болмасқа шарасы жоқ. Қара өзің, жыбырлап жатыр, – деп, Ли аспаз қолындағы сазанды нұсқады. – Осылай болу керек. Мұнан кейін осындай балық ал.

Біржан қабыршақтарын қырып, тазалаған сайын жыбыр-жыбыр етіп, қозғалып жатқан сазанға көз салды. Арасында маңдай терін қолының сыртымен сүрткен аспаз мұрнын қорс-қорс тартып, қимылын жеделдете түсті. Аспаздан көзін тайдыра берген Біржан ашық тұрған есіктен екі полицияны ертіп, вагонға беттеген күзетшіні көрді. Лидің көзі бағжаң етіп, иегімен оларды нұсқап, «алдынан шық» дегендей Біржанға ишара жасады.

– Үстілеріңізден арыз түсті, – деді өзін таныстырып, майлы мықынынан сырғыған белдігін қозғап-қозғап қойған полицияның бірі.

– Не арыз? – деді Біржан.

Ли «мыналар не айтып тұр?» дегендей екі тарапқа кезек-кезек қарады.

– Осындағы қытайлар тасбақадан тасбақа қоймай жеп жатыр дейді ғой, сен білмейсің бе? Мынау бастықтарың емес пе, айт. Тексереміз. Маңайдың бәрі тасбақаның тасына толып кеткен дей ме?

– Дұрыстап сөйлесіп, жолға салсаңшы, – деді Ли Біржанға.

Біржан екі полицияны оңаша алып кетті. Жарты сағаттан кейін өндіріс алаңында өлі тыныштық орнады. Ақ түсті ескі «LADA» полиция көлігі батып бара жатқан күнмен таласып, батысты бетке алып, келген ізімен кері қайтты.

 

***

Жүзі тотығып, қап-қара болып күнге күйген еңгезердей балықшы темекісінің түтіні будақтап, төңкерілген қайық үстінде үнсіз отыр. Анда-санда қарсы алдында тізесін құшақтап құмда отырған Біржанға самарқау қарайды. 

 – Бір жөні болар, қатты уайымдап кетпеңіз, – деді Біржан.

Балықшыда үн жоқ.

– Бала ғой олар, «тасбақа ұстады» деп жыл кеспейтін шығар енді.

Балықшы ләм демеді.

– Бүгін мен барып шығам. Анау-мынауын апарып берем, бастықтарымен дұрыстап сөйлесіп қайтам.

Балықшы темекі тұқылын лақтырып, күректей алақандарымен бетін жауып, екі шынтағын тізесіне тіреді. Ірі денесі солқ-солқ етті.

Біржан орнынан тұрып, балықшының иығынан қағып-қағып қойды.

3729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы