• Айтарым бар...
  • 17 Желтоқсан, 2022

БІЗ – ШЕПТЕ ТҰРҒАНДАРМЫЗ

Манарбек ҚАРЕКЕНОВ

Шекара... Әр адамның түсінігіне түрлі әсер беретін алты әріп. Иә, қарапайым сөзбен айтқанда, екі елдің арасындағы мемлекеттік территорияның шегі біткен, тоғысқан жердің атауы. 

Шекара қазметіндегі саңлақтардың қырағы қызметтері жөнінде ойлаған кезде көз алдыма халқы үшін маңдай терін төгіп, кездескен қиындықтарға төтеп беретін қара нар келеді.

Қара нар... Төрт аяғын тең баса, шөл даланың «кемесіне» айналған жануардың қазақы тірлік үшін пайдасы ұшан-теңіз болғанын білеміз. Көшпелі ел үшін бір ұшынан екінші қиырына дейін тұлпардың тұяғы талар қашықтыққа дүние мүлкін киіз үй жасақтарымен қоса көшіруде ойсылқараның орны ерекше. Түйенің жүк тасудағы төзімділігі мен күштілігіне, еңбекқорлығы мен күш-қайратына төрт түлік малдың ішінде тең келері жоқ. Өзіне тән зор дауысқа ие жануар тәңірден сабырлық сұрағандай арасында бақылдап алып, арқасына салынған салмақты көтере маң-маң баса кетіп бара жатқанын көреміз. Олардың осындай көрінісі иесіне деген адал қызметтің үлгісіндей болады маған.

Ал шекарашылардың кездесетін қиыншылықтарды мойымастан қаусаруы – Отан алдындағы қызметтеріне деген беріктігі...

Шекарашы офицер болуды таңдаған әр әскери қызметші өз-өзін жастайынан ел сенімін ақтайтын ұлан болуға дайындайды. Махамбетше айтқанда: «Қабырғасын қаусатып, Бір - біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек, Біздің бүйткен бұл іске», – демекші, мектеп қабырғасынан-ақ шекарашыларды дайындайтын жоғары оқу орнына сабақ үлгерімі жағынан ғана емес, сонымен қатар спорттық дайындық бойынша да дайындалады. Себебі Шекара қызметінің академиясына оқуға түсу – оңай шағылатын жаңғақ емес екені бесенеден белгілі. Жүзден жүйрік шыққандары оқуға қабылданады.

Шекарашылардың  ұстаханасына  айнал-ған  оқу орнының қабырғасында өтетін төрт жылда әр курсанттың жеке-жеке дайындығын қатаң бақылауда ұстайтын білікті мамандар. Мемлекеттік шекарада қызметті ұйымдастыру жөнінде дәрістер мен семинарлар өткізілді. Сынақ, емтихан қабылдайды. Кезекшілікті ұйымдастыру бойынша тәуліктік нарядқа түседі. Әр курста шекара бөлімшелерінде жеке құраммен жұмыс жасау үшін түрлі мерзімде машықтанудан өтеді. Білімге құштар, қайсар жастар үшін күні-түні ізденуді талап ететін оқу үдерісіне дене шынықтыру бойынша жүктемені қосыңыз. Таңғы жаттығу мен апта сайын тапсырылатын спорттық нормативтер тағы бар. Қару-жарақ құрылымы мен түрлі ату-жаттығу бойынша өткізілетін тәжірибелік сабақтарда болашақ курсанттар қарудың түр-түрімен танысып қана қоймай, жеке құраммен ату жаттығуын өкізу бойынша тәлімді де алады. Міне, бір адамға жетерлік күш болатын қабырғалы жұмысқа тек қана алға қойған мақсат жолында кездесетін қиындықтарды еңсеретін мәрт жігіттер ғана төтеп береді. Махамбетше айтқанда: «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға. Қас үлектен туған қайытып, Қара нар керек біздің бұл іске» демекші, ел шетін күзететін рухты азаматтарды даярлайтын оқу орнында талаптың тұлпарына мінгендер ғана күректей дипломның иесі атанып шығады.           

Шекара... Жас офицердің алған білімін шынайы қызметпен сабақтастыратын орын. Ел тыныштығының бұзылмауы үшін кірпіктерін айқастырмастан шекара шебін күзететін шекарашылардың қызмет орны. Туған жердей қасиетті мекеннің шекарасын күзетуге ғұмырын арнаған батырлардың тұрақты мекені.

Шекара шебіндегі қызметке келген жас офицерді алғашқы әскери ұжымы салтанатты түрде қарсы алады. Бөлімшенің жауапты аймағымен таныстыру, бағыт-бағдар беру, алғашқы айларда тәлімгерлік таныту шаралары шекарашылардың бұрыннан келе жатқан дәстүріне айналған. Жас офицер атанып, оқу орнынан түлеп ұшқан кезде бізді де солай  қарсы алған.

Алғашқы шекарадағы қызмет. Басшыдан алған мемлекеттік шекараны күзетуе арналған ең бірінші бұйрық. Шекараны бойлай келе жатқандағы, мен ендігі кезекте Отан-ананың күзетшісінің бірімін, мен енді шекарашы офицермін деген көңілдегі тебіреністер... Осының барлығы әр офицердің жүрегінде жазылған жазулар, естен кетпес естеліктер деп ойлаймын.

Бәрінен бұрын ең алғашқы шекара тәртібін бұзуға талпынған тұлғаларды анықтау. Мемлекеттік шекараның өтуге рұқсат етілмеген жерінен заңсыз заттарды алып өтуді мақсат тұтқан азаматтардың жолын кесу. Шекара нарядында болған қаруластарыңмен танытқан қырағылығыңа іштей мақтана қуану сәті. Шекараны бұзуға талпынған тұлғаның дерегі туралы алғашқы құжатты рәсімдеу кезіндегі сауатылыққа мән бере, ұқыптылық танытуың... Міне, әр жас лейтенанттың басынан өткен өмір өткелдері. Әрине, мұндай жауапты сәттерде, мәрттік таныту тек қана жігіттің жігітінің қолынан келер шаруа. Мұндай іске, әрине, қара нардай азаматтардың қажет екені сөзсіз.

Жауынгерлік қызметтің күйін шертіп жүргенде көз алдыңда сынаптай сырғып өткен алғашқы жылдар,қызметтің әр күні мен жұмыс барысында кездескен түрлі жағдайларға байланысты тәжірибе қоржынына жиналған өмірлік сабақтар елестейді. Осылайша уақыт өткен сайын қырағы сайыпқырандардың біріне айнала бастайсың. Өсесің, өрлейсің. Иықтағы жұлдыздармен бірге тәжірибелі маманға айнала бастайсың. Өзіңнен кейін келген жас офицерлермен білгеніңді бөлісумен қатар үлгі болуға да тырысасың. Солай да болды.

Шекараның тағдырына маталған жанның барлық қуанышы да сол шекарадағы өмірімен тығыз байланысты. Иә, дәл солай. Жас отбасын құрған әр шекара сақшысының отауы үшін есте қалар алғашқы айлары мен жылдары да шекарашының қызмет атқарған өңірімен тығыз байланысты. Шаңырақтың өмірге келген әр перзентінің туу туралы куәлігіне әр облыстың түрлі ауданы жазылады. Себебі, шекарашы өмірі әр жылда алып мемлекетіміздің әр өңірінде жалғасын табады. Соған байланысты бір үйде дүниеге келген балалар әр облысты туған жері санап, өзара даурыға әзілдесу де шекарашалардың жанұясында болатын әдет. Күрмеуі қиын қызметте офицерлердің сүйген жарлары да көшіп-қону сияқты қиындыққа еш мойымастан өмірлік серіктерінің қасынан табылып, сүйеу бола біледі. Қасиетті шекараның күрделі қызметінен келген жарларының бүкіл жағдайын жасап, үйдің күйбің тірлігін өз иығына алатын шекарашының әр аруына бір ескерткіш қою керектей болады кейде... Менің бұл сөзімді ел шетін күзету ісінің бел ортасында жүрген әр әскери қызметші жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Жас офицерлердің барлығы дерлік жастық өмірін шекаралық ауылдарда өткізеді. Отбасында дүниеге келген сәбилерімен әрі кетсе он шақты үйі бар ауылдарда өмір сүруге тура келеді. Үйді жылыту үшін от жағатын үйде тұру. Жалғыз дәрігері бар, дәріханасы жоқ бөлімшелерде кішкентай сәбиді қыстың сары аязы  мен жаздың аптап ыстығында  бағып-қағып өсіру жас отбасына оңайға соқпасы белгілі. Ал жүрегі елге қызмет деп соғып тұрған шекарашы үшін бірінші жұмыс – шекараның беріктігі. Сондықтан да мұндай шаңырақтар кездескен қиындықтарды оңай еңсереді..

Бүгінгі мақалам бір кездері тұтас буынның, барша халықтың сүйіп оқыған еңбегіне айналған Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты»  атты әйгілі романының желісімен үндес туындыға айналып бара жатқандай. Дегенмен шекарашының өмір шындығы осы. Айна қатесіз. 

 

4163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы