• Әдебиет әлемі
  • 17 Желтоқсан, 2022

ЖЫРҒА АЙНАЛЫП БАРАДЫ МЫНА ДҮНИЕ...

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Ақ

Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,

Жанымды аққа сендірдім.

Өмір жайлы жазғым келді бірер сөз,

Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің.

 

Ақ қағазға қайта-қайта қараймын,

Аппақ бәрі маңайдың.

Тағдыр жайлы жазғым келді бірер сөз,

Ол да сен боп күлімдедің, арайлым.

 

Ақ қағазға қайта-қайта үңілем,

Аппақ екен шынымен.

Өлім жайлы жазғым келді бірер сөз,

Өзіңді ойлап, ол ойымнан түңілем.

 

Ақ қағазға қайта-қайта сүйсінем,

Ақ әлемнен көзіме кеп күй түнер.

Сезім жайлы жазғым келді бірер сөз,

Ынтық жанға тағы жұпар иісің – ем.

 

Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,

Жанымды аққа сендірдім.

Өзім жайлы айтқым келді бірер сөз,

Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің...

 

Аты жоқ құс

Қала – аппақ, тартымды.

Шуақ күткен дымқыл бақ.

Қар бетінде әр түрлі,

Сәуле ойнайды жылтылдап.

 

Ызғар тартып өн бойым,

Кете берем түршігіп.

Жібитіндей тоң мойын,

Оянардай тіршілік.

 

Күрсінбеуі мүмкін бе,

Жара алмаса бүршік, тал?

Түсініксіз бір тілде,

Көңіл айтар шымшықтар.

 

Бір құс отыр биікте,

Сайрағаны ерек тым.

Кеудемдегі күйікке,

Дәл сол дауыс керек-тін.

 

Қандай тәтті ырғағы,

Құлақ тостым тұра қап.

Қалғып, бірге тыңдады

Манаураған мына бақ.

 

Бай ғып көңілі жарлыны,

Елітетін хошын-ай.

Құс біткеннің барлығы,

Сайраса ғой осылай.

 

Кенет көзін жат қылды,

Табиғи саз жарқылы.

Басып кетті тәтті үнді,

Қарғалардың қарқылы.

 

Сайра, құсым, жалғай түс,

Қарымыңды қамшылай.

Біле алмадым, қандай құс,

Даусын айтшы,

Даусын-ай!

 

Сағыз

Осы шығар талабы заманының,

Жақсылыққа баламау – жаман ырым.

«Сағыз әкеп берем деп уәде берші»,

Дейді күнде маған ұлым.

 

Біз бір мұңлық бәрінен мән іздеген,

Күліп қана қарайтын аңызға ерен.

Ымырт түсе оралам ошағыма,

Сағызбенен.

 

Дүкенші қыз байқатпай жан ізгі әнін,

Сағызда да сезеді маңыз барын.

Мені көрсе жымиып дайындайды

Сағыздарын.

 

Жарым кейде қабақты жиі аңдай кеп,

Ешбір қарсы келмейтін ұяңдай боп.

«Көп айтқанын қыласыз ұлыңыздың»,

Күрсінеді: «Бұл сағыз зиян ғой» деп.

 

Арбалмайтын ескерту, қысымға да,

Осы мүмкін ең үлкен ісім дара.

Мен өмірді сүйемін, кейде осылай –

Уәдемді орындау үшін ғана...

Сағыныш

Кел, бауырым, айт, маған ауыл жайлы,

Одан артық жаңалық табылмайды.

Бұрқыраған борпаңды мекен сырын,

Естімесем тынысым ауырлайды.

 

Төзім жайлы айт, сарқылмас сабыр

жайлы,

Бар шындығын жүрегім қабылдайды.

811-ге бардың ба, жолың түсіп,

Тозып біткен айтшы, қос қабір жайлы?!

 

Кеш гүлдей ме әлі де жиделері,

Қауын тасып жүре ме күймелері?

Қарлығашы көктемде келе ме ерте,

Қанатынан бұрқырап күй-дерегі?

Жеңгелерім тандырға нан жаба ма,

Жауып жатып ескіше ән сала ма?

Жиенбай ағам кавказша сөздер айтып,

Қызып алса, әлі де паңдана ма?

 

Қаулап тұр ма, көл бойы қарабарақ,

Нұрлан жүр ме сиырға шала қарап?

Көшелері, у-шу ма сол баяғы,

Доп қуатын кездердей жалаңаяқ?

 

Мен де жүрмін тағдырмен жағаласып,

Қаншама рет жол таптым сан адасып.

Сағынышым жол сілтеп тұрады ылғи,

Армандармен ақ қанат араласып.

 

Құбылмалы өмір-ай, құбылмалы,

Тұруға да құлықсыз жығылғаны.

Көнбіс, күңгірт көздерге қарап тұрып,

Қайнайды екен адамның зығырданы.

Кел, бауырым, ауылдың әніне қос,

Жарылардай боп жүрмін сағыныштан.

Бір қарасам: маңымның бәрі де дос,

Біресе бәрі дұшпан...

 

811–Қарақалпақстандағы әке-шешем жерленген Сұлтан баба зираты

 

Өлең

Айқыш-ұйқыш болса да жолдар, әттең,

Қуатыма қашан да қолқанат – сен.

Өмірімді арнадым саған ғана,

Қарағаның жетеді оң қабақпен.

 

Алдымда жатты сындар,

Бірге таттық ащысын, тәттісін бар.

Маңдайыма қос қолдап Құдай жазған,

Өзіңдей бақ құсым бар.

 

Киең де пәк мүсіндей,

Дүниенің тәттісіндей.

Қадіріңді үн-түнсіз қорғап келем,

Дақ түсірмей.

 

Өмір жайлы ой орайды кескіндене,

Тұра ұмтылам теңізін кешкім келе.

Өкініштен өлуім әбден мүмкін,

Тек кіріптар етпеші ешкімге де!

 

Ағаш шана

Шана тебу қыс қызығы бүгінгі,

Соны сезіп, көңіл-күйі бүлінді.

«Сырғанаққа барам мен де, түс қайта»,

Деді ұлым: «ертіп алып інімді».

 

Үнсіз кеттім жақ ашпан.

Ұл алдында қашып келем оғаштан.

Ертесіне көз алдында шананы,

Жасап бердім ағаштан...

 

Ойын қуған балғын бала кезімде,

Әкем соққан шана бар-тын өзімде.

Дәл солай ғып жасап бердім айнытпай,

Әр шегесін малып алып сезімге.

 

Бала деген періште ғой, сенем бек,

Махаббатсыз пәк жүрегін көр емдеп.

Қуанғаннан, мойыныма асылды,

«Әке, сені қатты жақсы көрем!» деп.

 

Енді, міне, шаршаса да білегі,

Шана теуіп мәз болады, күледі.

Тоңғанына қарамастан інісін,

Мінгізіп ап, сүйрейді де жүреді.

 

Сенімімді алға тартам күдікті ап,

Жаз ұқпаса, жанымызды күз ұқпақ.

Белгісіз бір сезім тырнап ішімді,

Сырттарынан тұрам ылғи қызықтап.

 

Балалықта көп ойлану керек пе,

Асқар таудай әке жүрсе көмекте?

«Өмір» дейтін мұз айдында зырлап жүр,

Арманы да, шанасы да ерекше...

 

***

 

Мен сендердің барлығыңды кешірем,

Сертім осы бекіген.

Құдай өзі сабама әкеп түсірді,

Сәл астамсып кетіп ем.

 

Қарша борар сөздерді де кешірдім,

Қиып түсер көздерді де кешірдім.

Азатсыңдар менен болған өкпеден,

Мен жайлы ойың өзгерді ме?

Өшіргін.

 

Сатқындардың жаласын да кешірдім,

Шын достардың наласын да кешірдім.

Барлығың да азатсыңдар өкпеден,

Кәрісің бе,

Баласың ба?

Өшірдім.

 

Иектеуді қояр емес қотыр мұң,

Күнін кешіп келген екем соқырдың.

Жүрегіме салмақ салған батпандай,

Тек өзімді кешіре алмай отырмын...

 

***

Бүгін тағы удай маспын өлеңге.

Бір құдірет тартып барад(ы) тереңге.

Сол тереңнен қайтпай қалсам сенбеңдер,

Мені «өлді» дегенге.

Өзегімді өртейді ойлар тырналап,

Аспаным да ашпай қойды-ау, бір қабақ.

Өкініштер өлтірмекші болады,

Жүрегімді жұлмалап.

 

Беу, жүрегім!

Сімірші енді һақ нұрын.

Сіміретін, түңілетін шақ бүгін.

Ал, сезімге тиіспеші, тиіспе

Басып алсын аптығын.

 

Бір құдірет тартып барад(ы) тереңге,

Бүгін тағы удай маспын өлеңге.

Сол тереңнен қайтпай қалсам сенбеңдер,

Мені «өлді» дегенге...

 

***

 

Тағы да үндемедің,

Дегің келіп тұрса да бірдеңені.

Əлде мұның «сырымды кеудемдегі,

Айтқызбай біл» дегенің.

 

Қалай жүрсің, түк демей күнім көптен,

Кездер ұмыт болды ма бұрынғы өткен?

Күндер – күнге осылай жалғаса ма,

Бар-жоғым білінбестен?

 

Бар мен жоқтың арасы... бүріседі ішім,

Балы – өтірік, жазмыштың

түршегі – шын.

Жоқ болып-ақ кетер ем ойланбастан,

Бармын мəңгі,

Мен бармын,

Бір сен үшін!

 

***

Сезім қайда баяғы біз құмартқан,

Байқалмайды ештеңе күзгі бақтан?

Минуттардың қадірін еске салар,

Мағынасыз ғұмыр-ай, сырғып аққан.

 

Асқақ еді аңқылдақ түп арманым,

Осы күйін көңілдің ұға алмадым.

Көпке кірсем неліктен жер тарпимын,

Жалғыздыққа неліктен құмар жаным?

 

Жұмбақ күйі бұл тылсым қала беред(і),

Көкірегімде бір жалын жанады ерек.

Мен ешкімді мазалап жүргенім жоқ,

Бір құдірет мазамды ала беред(і)?

 

«Аманатқа – қиянат күнә» дей ме,

Қиянатшыл шығармыз сірә кейде?..

Төрт құбылам төрт жол боп түйдектеліп,

Жырға айналып барады мына дүние...

 

Тұмар

Уа, Азаттық!

Кешір мені, қадіріңді білмесем.

Қыраның боп ақ бұлтыңа сіңбесем.

Ту ғып ұстап Баба жұрттың төсінде,

Алшаң басып жүрмесем.

 

Уа, Еркіндік!

Кешір мені, танымасам киеңді,

Қасиетіңнен әрбір кеуде күй емді,

Кейде саған сүйеу бола алмай қап,

Өзіңе кеп сүйендім.

 

Уа, Бостандық!

Кешір мені, сезінбесем бағаңды,

Сенсіз күнім қараң-ды.

Сені сүю үшін берген әсілі,

Құдай менің санамды.

 

Уа, Тұмарым!

Кешір мені, табылмасаң кеудемнен,

Төбеңе кеп қап-қара бұлт төнгенде.

Найзағайың болып түйрей алмасам,

Топырағың бұйыра ма көмгенде?

 

Уа, Құдірет!

Кешір мені, бола алмасам лайық,

Ер жігітке батпан салмақ бұл айып.

Біз екеуміз шуақ шашып халыққа,

Күн сөнгенше тұрайық.

 

Уа, Байлығым!

Кешір мені, өр рухыма тұрақтап,

Жамандықты маңайымнан жырақтат.

Жүрегімнің төріне орна, өйткені,

Шаң жұқтыру бір-ақ сәт.

 

Уа, Азаттық!

Кешір мені, жазылмасам жырың боп,

Айтылмасам әнің боп.

Естілмесем үнің боп.

Арым, жаным, барымда бол – мәңгілік,

Сенсіз менің – күнім жоқ!

СЕНСІЗ МЕНІҢ – ҚҰНЫМ ЖОҚ!

 

***

Қайтыс болды көрші ата.

Қу жалғыздық қалжыратты-ау, шаршата.

Жас жігітше жүруші еді елпілдеп,

3Әзілдерін алшы ата.

 

Қыс киімін елден ерте шешіпті,

Көктемеден күтті ме екен несіпті?

Кеше ғана қос білегін түріп ап,

Жуып жатқан кіреберіс есікті.

 

Ұзақ жуды, қозғалғанды ем біліп,

Оңайлықпен сынбасына сендіріп.

Орындыққа жайғасып ап, содан соң,

Көп отырды, көшкен бұлтқа телміріп...

 

Дүниенің қимай шаттық, ғажабын,

Кеудесіне түйді ме екен ғазалын?

Елестететіп бейіш бақтың қақпасын,

Күтті ме екен ажалын?

 

Кім бар, қайда, ада мүлдем күнәдан?

Кетті өмірден тағы, жақсы бір адам.

Өткен көктем жесір әжей қайтқанда,

Сол еді ғой, ағыл-тегіл жылаған...

 

Неге шуақ сезілмейді мына әннен,

Желге айналып алыссам ба тұманмен?

Көршілерім қайтқан сайын, ажалдың –

Көрші қонып жүретінін ұғам мен...

 

Алшы3 – «айтқыш» деген мағынада

 

Антоним

«Көзімді аштым» дегенше,

Жұмып бара жатамын.

Құшағында көп ойдың,

Тұнып бара жатамын.

 

«Жолға шықтым» дегенше,

Қайтып келе жатамын.

Өмір жайлы бір аңыз,

Айтып келе жатамын.

 

«Өстім, өндім» дегенше,

Шөгіп бара жатамын.

Айтарымды аямай,

Төгіп бара жатамын.

 

«Өмір сүрдім» дегенше,

Өтіп бара жатамын.

Бабалардың ізімен,

Кетіп бара жатамын.

 

«Сағынамын» дегенше,

Суып бара жатамын.

Сезімдердің соңынан,

Қуып бара жатамын.

 

«Үйренемін» дегенше,

Кері кетіп барамын.

Жүрегіме сабырды,

Серік етіп барамын.

 

«Толдым, жеттім» дегенше,

Іріп бара жатамын.

Топыраққа айналып,

Шіріп бара жатамын...

 

Кел, досым…

Салмаса да жаныңа жара бекем,

Кейде одан да көңілің қалады екен.

Бірге жүрер достың да дуылдасып,

Түр-түрі болады екен.

 

Содан талай жанымды сорға малдым,

Бұзғам бәрін көлденең тор, қамалдың.

Ал, олардың жүздері нұрсыз болса,

Мен дағы оңбағанмын.

 

Ой құшағы үнемі түнегенім,

Содан табам жанымның бірер емін.

Ешкімнен де ештеңе дәметпедім,

Досымнан да көп нәрсе тілемедім.

 

Шырмалса да кіл мұңға жалын жаным,

Жақынға да жатқа да жағынбадым.

Түпсіз терең ойларды кешіп келем,

«Дарытам» деп жаныма лағылдарын.

 

Өтпен сірә, өмірден босқа мүлдем,

Ізгілікті үнемі қоштадым мен.

Аз ғұмырда ешкімге өкпелемей,

Жалғызсырап жүремін достарыммен.

 

Толмағандай көңілің мінсіз күнге,

Кейде енесің түсіме жырсыз түнде.

Еш алаңсыз, есерлеу кезді аңсасаң,

Отырайық кел, досым, үнсіз, бірге...

 

 

1370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы