• Руханият
  • 17 Желтоқсан, 2022

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ДІҢГЕГІМІЗ

Қазақтың дәстүр-салты жөн-жоралғыға бай. Соның ішінде ең қастерлі дүниесі бар. Ол – ұлттық ойындар. 

Нидерландық мәдениеттанушы Иохан Хейзинг «Ойнаушы адам» кітабында «Ойын – қоғамның кез келген саласында өзіндік рөл атқарады» дейді. Шын мәнінде де «ойнасаңда – ойлап ойна» немесе «ойнадың, бірақ ойыңдағыны айттың» деп жатады. Осыдан-ақ, қаншалықты маңызды қызметке ие екендігін бірден байқауға болады.

Дәлірек:

• Ойын – өмір;

• Ойын – тағдыр;

• Ойын – күлкі;

• Ойын – арман.

Фольклортанушы ғалым Кенжехан Ісләмжанұлы «Ойын мен рәсім (ритуал) - адамзат қоғамының аса маңызды әлеуметтік қарым-қатынас құралы» дейді.Расында көшпенді халықтар  әрбір күнін  көңілді өткізуге тырысқан. Ананың жүрегінің астына бала құрсаққа біткеннен бастап, туылу, балалық, жігіттік, орта жас, қарттық кезең бәрі ойынмен өрілген. Бұл арада наурыздың семантикалық қасиетін айтпай кетуге болмайды. Ұлыстың ұлы күні ойын-сауықсыз өтпеген. Қыстан жүдеп шыққан халықтың көңіл-күйін көтеруге, жадыратуға, жаңа жылға жаңа арман, мақсаттармен баруға негізделген.

 

Теңге ілу

Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойналады. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі. Оны өзі алып қалмайды, қалаған адамына сыйлайды.

 

Асық ойыны

Асық ойыны қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қой, ешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек – асықтай ойналады. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арналған арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, оң қолмен  атуға   ыңғайлысы – оңқы  асық  аталады.Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату),  қақпақыл, т.б.

 

Алтыбақан

Алтыбақан – қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш-үштен бір басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да, жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел сүйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да, оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдер арасында кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп те аталады. Алтыбақаннан айырмасы ол тұрақты орнатылады және жалғыз адамға арналады. Алтыбақанның қажетті заттары – тез құрастырылып, жиналатын үй мүліктері. Ойын көпшілікке  арналған. Жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлілікке бейімдейді. Алтыбақан көріністері театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысында да лайықты орын алды. Қазақ телевизиясы 1970-жылдары көгілдір экраннан жүйелі түрде «Алтыбақан» сауық кешін ұйымдастырып тұрды.

P.S. Жалпы, әр ойынның өз миссиясы болған. Асық ойындары баланы батылдыққа баулыиды. Теңге ілу ширақболып, әскери өнерге тәрбиелейді. Алтыбақан отау құру, жастардың шаңырақ көтеруіне жәрдемдеседі. Осылайша ойындардың күнделікті тіршіліктегі мән-мағынасы бейнеленген. 

Олжас  Мұратбекұлы

6081 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы