• Руханият
  • 20 Қараша, 2022

ҰМЫТПАС ҚАЗАҚ ЕЛІ ШЕР АҒАСЫН

Есет ДОСАЛЫ

Халқының жоғын жоқтап, жанында болған, елінің намысы мен ары  болған Шерхан Мұртаза есімі сірә да ұмытылмас. Оны қалың елі – қазағы қашанда құрметтеп, шығармаларынан әсер алып, болашақтарға апара беретіні даусыз. Оны жалпы халықтың, ел ертеңі жастардың Халық жазушысына деген риясыз, шексіз құрметінен аңғаруға болады. 

 

Ескерткіші құйылды  саф алтыннан

90 жылдық той ең алдымен халықаралық  Тараз инновациялық институтының алдында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қоладан құйылған еңселі ескерткішінің ашылуымен басталды. Ескерткішті облыс  әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі,  Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Амалбек Тшанов, ғалым Ғарифолла Есім, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреатттары Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов, Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ерлері Бақытжан Ертаев, Аягүл Миразова бірге ашты.

Ескерткіштің ашылу рәсімінен соң ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жиынға, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына құттықтау хатын оқып берді. Ол құттықтау хатта: «Шерхан Мұртаза қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Шерхан Мұртаза мұралары терең талданып, халқының қымбат қазынасына айнала береріне сенемін. Той құтты болсын!» деп жазылған. Мұнан соң  ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин сөз алды:

– Бүгін  Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі қаланған, Туы көтерілген көне Таразда біз рухани кеңістікте, қазақ ғұмырбаянында мәні мол, мазмұны терең мерекенің куәсі болып отырмыз. Бұл – Ұлы Шерханның рухына ғана емес, қазақ халқының байтақ тағдырына көрсетілген тағзым. Мәнді би, Тоныкөктің, Бәйдібек баба, Төлебидің әруағы қозғалып жатқан  күн. Әлихан, Міржақып, Мұхаң мен Сәбең, Ғабаеңдердің рухы қозғалып жатқан күн.

Тараздың  төрінде дүниеге теңдік сұрап сөйлеген Шерхан Мұртазаға құрмет жасалып жатыр. Шер аға жаңа дәуірдің қиын кезеңінде, Ұлы дала тағдыры батыс пен шығыстың қайшысына түсе бастаған тұста жазушылық, қайраткерлік міндетін адал атқарды. «Қызыл жебе» - жазушылық бейнесі. Журналистикада  Шерханның шекпеніннен шыққан жаңа дәуірдің  көркемсөз майталмандары қалыптасты. Тәуелсіздікке  қадам басқан кездегі қателіктерімізді де батыл айтқан Шерхан. Сол үшін Шераға Халық қаһарманы болуы керек еді. Бірақ, бүгін қоладан ескерткіш құйып, қазақ елі Шерханын қаһармандық биігіне көтерді. Осы ескерткіш жазушының қаһармандығына қойылған мәңгілік  белгі.  Осы орайда еліміздің Президенті, аяулы перзенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, барша халыққа, жиналған елге рахметімді айтамын. Қазақ жұртына Мәңгі болу бақыты бұйырсын, – деді.  Мұнан соң Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев толғана сөйледі.  «Біз бақытты халықпыз. Батырымыз Баукең бар. Бәукеңнің інісі Шәкең бар. Ақсақалдарымыз, жалынды жастарымыз бар. Ендігі  мұрат Қазақстанның осы еркіндігіне ие болып, ешкімге бермеу. Ел Президентімен бір сапта болып, алға бару» – деді. Ақын Ақұштап Бақтыгерееваның  биік тұлға Шерхан ағасына арнап оқыған өлеңі баршаны толқытты.

Мұнан соң ақын Мұхтар Шаханов батасын берсе, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, белгілі ғалым Жаңғара Дәдебаев толғана сөз сөйледі.

 

 Көңілден шыққан ғылыми  конференция

Мұнан соң  «Көне Тараз»  кешенінде Халық жазушысының мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ашып, сөз сөйледі.

–    Қасиетті Әулиеата топырағы текті тұлғалардың шоғыры шыққан аймақ. Жыр алыбы – Жамбыл, өнердің кені – Кенен. Міне, осы ардақты рухани тұғырдың биік шыңында даңқты жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза тұр. Шерханның шекпенінен шықтық деген азаматтардың өзі бүгінгі таңда белгілі тұлғаларға айналды. Біздің облыста Шерхан Мұртаза есімін ардақтауға бағытталған жұмыстар кеңінен жүріп жатыр. 2019 жылы Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы ашылды. Өздеріңіз бүгін көргендеріңіздей, халықаралық Тараз инновациялық институтына және Баспасөз үйіне Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Облыстың төрт орта мектебі Шерхан Мұртаза есімімен аталады. Өңірдегі отыздан аса білім ошақтарында шерхантану сабақтары өтіп жатыр. Аталған институтының құрылтайшысы Ерболат Саурықовтың қолдауымен Шерхан Мұртазаның бестомдық жинағы және «Ауылды, сені сағындым» кітабы жарық көрді.  Себебі, Шерхан Мұртаза мұралары – жанымызға демеу, ұрпаққа ұран. Алдағы уақытта да жазушыға көрсетілер құрмет жоғары бола береді. Бүгінгі конференция жұмысына сәтілік тілеймін, – деді  облыс басшысы.

Жалпы конференция жұмысын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген жүргізіп, басқарып отырды.

Мұнан соң Шерхан Мұртазаның тойына ҚР Премьер-Министрінің де құттықтауы келгені хабарланды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құт-тықтауын Сенат депутаты Абдалы Нұралиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қожановтың құттықтауын Мәжіліс  депутаты Жанарбек Әшімжан оқып берді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің сөзі елдің назарын аударды. «Наркескен тұлға – Шерхан Мұртаза ең үздік дәстүрлерді дамытты. Еркіндіктің елең -алаңында Шераға стилі, Шерханның дауылпаздай сөзі шамырқантты. Халқымыздың біртуар перзенті  Әбіш Кекілбайдың: «Шерхан сөйлесе, есіме Махамбет батыр түседі» деуі де бекер емес. Қандай  биік баға. Шерағаң сөйлегенде біздің есімізге Бауыржан Момышұлы түсетін. Шерханның «Қызыл жебесі» ұлт қайраткері Тұрарға ғана емес, Алаш ардақтыларына қойылған рухани ескерткіш. Біз Шер ағаны бас редактор, жазушы, депутат болғаны үшін емес, еліне  қалтқысыз қызмет еткені үшін құрметтейміз», – деді ол. Мұнан соң сөз алған  Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді «Шерхан сирек туылатын тұлға, нағыз сирек кездесетін жолбарыс» деп бағалады.

Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев  және өзге де тұлғалар сөз алып, Шерхан Мұртазаның  биік болмысын одан әрі асқақтатып, жазушылық, қайраткерлік, азаматтық асыл қасиеттеріне терең тоқталды.

 

Талаптыдағы той

Мұнан соң  тойға  келген барша ел ардақтылары мен зиялы қауым Халық жазушысының туған жері – Жуалы ауданын бетке алды. Әуелі Талапты ауылында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның мемориалдық үйі ашылды. Мемориалдық үйдің ашылу салтанатында облыс  әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұхтар Шаханов, Мұқаш Ескендіров, ҚР  Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Мейрамбек Төлепберген лента қиды. Мұнан соң аталған белгілі тұлғалар  ішке кіріп, Мемориалдық үйді аралап көрді, көңілдері толды. Мұнда жазушының барлық шығармашылық мұралары сақталатын болады. Түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар өтетін ыңғайлы мәжіліс залы да бар. Бұл үйді Халық жазушысының немере інісі Әлижан Мұртазаев басқаратын болады.

Келесі сәтте тойға  келген барша  қонақтарға және жуалылықтарға да молынан дастарқан жайылып, дәм беріліп, Шерхан Мұртазаның рухына арналып  Құран бағышталды. Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бағыштаған құранға барша көпшілік ықыласпен қол жайып, Шерағаға Жаратқанның рахымы мен мейірімі төгілсін деп тіледі.

Мұнан соң  Асқар Тоқпанов атындағы  Жамбыл облыстық  қазақ драма театры ел назарына Қуандық Қасымов  әзірлеген  «Шерхан» драмалық қойылымынан  үзіндіні ұсынды. Шерханның  кемел шағын сомдаған актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбековтің, замандасының рөліндегі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлінің сахнадағы  шеберліктері  көпшілікті тәнті етті.

Жиналған  көпшіліктің алдында облыс  әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйледі. «Қадірлі  көпшілік! Ардақты  қауым! Қазақ халқының қарымды қаламгері, марқасқа журналист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойы – елдің тойы. Шерхан Мұртаза есімі елдің жадында жатталғалы  жарты ғасырдан асты. Шоқтығы биік Шерхан аға ешқашан  көмескіленбейді. Сом алтындай  жарқырай береді. Қасиетті  Әулиеата өлкесі талай  дүлділдер мен даңқты перзенттерді өмірге әкелді. Соның бірі – Шерхан Мұртаза. Шерағаның  айналасы жұп жұмыр тегіс келген әдемі әңгімелерінен  бастап, романдарына дейін елдің олжасы, келешекке барар көркем дүние. Депутат ретінде де ақиқатты айтты, туралықтың туы болды. Белі бүгілмеді, шындық сөзі үзілмеді. Шераға  шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға . Шығармалары – баға жетпес зор табыс. Еңбегі –ұшан теңіз. «Қызыл жебе» романы арқылы  ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловты халқымен қайта қауыштырды. Шер аға  сөзі – халқымызға  рухани азық. Торқалы той құтты болсын», – деді.

Облыс  әкімі Нұржан Молдиярұлы  көпшіліктің алдында Шерхан Мұртаза тойына арналып өткен бірқатар шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегер-лерін өз қолымен марапаттап, жүлде тапсырды. Сонымен, «Ақиқаттың ақ туы» атты шығармашылық  бәйгеде бас жүлде Гүлзейнеп Сәдірқызына бұйырды. Ал жүлделі бірінші орынға Қуандық Түменбай,  екінші жүлделерге Көсемәлі Сәттібайұлы мен Серік Ақсұңқарұлы лайық деп танылды. Үшінші жүлдеден Елен Әлімжан, Анар Қоныс көрінді. Сондай-ақ, Ақылжан Мамытқа, Үміт Битеноваға, Қайыммұнар Тәбеевқе ынталандыру сыйлықтары берілді.

«Шынның жүзі – Шер аға» атты республикалық мүшайраның бас жүлдесін Баймағанбет Ахмет жеңіп алса, жүлделі бірінші орыннан Табиғат Абаилдаев көрінді.  Осылайша, үздік шығармашылық иелері марапатталды.

Мұнан соң  ақын Мұхтар Шаханов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбаева, жазушы Елен Әлімжан сөз сөйлеп, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның биік болмысы туралы кеңінен толғанды. Сәуле Мешітбаева Жуалы ауданының әкімі, Халық жазушысының немере інісі Жалғас Мұртаза сыйлықтар тапсырып, жылы сөзін арнап, құрмет көрсетті.

«Жай отынан жаратылған намысы» атты Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысының бас жүлдегері Қанат Мырзахан мен бірінші орын иегері Дархан Әбдіманат тамаша айтыс жасады.

Мұнан соң  Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері  көпшілікке тамаша концерт ұсынды.

Ашық алаңда тігілген  ақшаңқан  киіз үйлерде  қонақтарға және көпшілікке дәм беріліп, құрметтер көрсетіліп жатты. Осылайша, Жуалы жерінде, Талаптының төрінде Шерхан Мұртазаның  90 жылдық тойы  жоғары деңгейде өтті.

 

4821 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы