• Әдебиет әлемі
  • 20 Қараша, 2022

САНАЛЫҒА СӘУЛЕМІН

Нәрікбай Нақыпбек

Ұлы жыр

Ақ тілектер, ақ тілекке жалғасып,

О, Ұлы жыр, атойлатып алға шық.

Мына жұртқа өлең оқып берейін,

Бала кезден болғам жырға шын ғашық.

 

Ұлы жырдың айдарынан жел ескен,

Ұлы жырды шығармайды ел естен.

От ауызды, орақ тілді қаншама,

Ұлы ақындар шығады әлі Келестен.

 

Отан- анам, сенен асқан бақ бар ма,

Сені көрем тәтті ұйқыда жатқанда.

Айналама бақыт тілеп, бақ тілеп,

Жырымды оқып отырамын ақ таңға.

 

Гүл аңқыған- Келесімсің келбеттім,

Жыр аңқыған жүрегіммен тербеттім.

Асау жүрек ақын қылып сен мені,

Көкке қарай көңілімді өрлеттің.

 

Жанарымда жұлдыз жанса өшпеген,

Еліктеумен келем ұлы көшке мен.

Сұра мені сонау сәби кездерден,

Мектепте де жақсы оқығам беске мен.

 

Өлеңдерім жүректегі маржаным,

Қаламайды жаным заттың арзанын.

...Мейлі, мейлі, қызық өтсін бұ дүнием,

О, дүниенің, кім біліпті аржағын?!.

 

Баласымын Келестің

Өлмей жүрмін тірімін,

Жүз жүйріктің бірімін.

... Өлгендерден кішімін,

Тірілерден ірімін.

 

Біреулерге белеспін,

Біреулерге елеспін.

Танымасаң танып ал,

Баласымын Келестің.

 

Сөз саптауға жорғамын,

Елім, жұртым, қорғаным.

Аман болсын осылар,

Осы менің арманым.

 

Бақ иесіз болмайды,

Бап киесіз болмайды.

Елін өліп сүймеген,

Ақын, ақын болмайды.

 

Саналыға сәулемін,

Санасызға әу дедім.

Ақты, ақ деп айтатын,

Қазір менің дәуренім.

 

Шала емеспін, анықпын,

Пәлсапаңа қанықпын.

... Келер күні жайнасын,

Мені туған халықтың!..

 

Ұлылыққа құрмет

Жүрегіңнің қабыл алшы жарлығын,

Не боларын білмейсің ғой арғы күн.

Көргеніңе қанағат қып, сабырмен,

Өмір сүру- өліп сүю барлығын...

 

Мықты болып қалу үшін мәңгілік,

Ұлылықты шырқап келем ән қылып.

Таулар биік көрінгенмен қаншама,

Ұстазынан, шәкірті озар – заңдылық!

 

Сап алтынның сынығындай құрметті,

Ұлы сөздер көкке қанат серметті.

Тоқаш пен Мұқағали, Төлеген,

Дәуірінің ақыны олар келбетті.

 

Жүрегіне сезім салған талайдың,

Бұл ақындар аппақ таңым арайлым!

Ақ тілегін, арманына сүйгізіп,

Ақтарылып айта алады бұлай кім?

 

Сөз сөйлейік тереңінен жүректің,

Сендер маған, мен сендерге керекпін.

Күлтегіндей күллі әлемге танымал,

Қанымызда бар қасиет өр екпін.

 

Ұлылықты құрмет тұтып мәңгіге,

Жұрт алдында сөйлеп жүрміз әңгіме.

Ақты ақ деп ал, қараны қара деп,

Айтып жүрсек одан артық мәнді не?

 

Ақындыққа керегі де солдағы,

Біздің тағдыр- жезөкшедей жолдағы.

... Мамыр ақын қайда жүр деп сұрама,

Кеше түнде үзілді оның арманы.

 

Биік еді, жоғары еді талғамы!!!

 

Сөйле тілім

Сөйле тілім- жаңылма бағытыңнан,

Жүрегіңнен жіберші ағытып ән.

Жұрт қуансын:

Мына ақын, қай ақын деп,

Жайламасын жанымды тағы күмән.

 

Аудар анау тарихтың қатпарларын,

Сол тарих қой жыр қылып жатқан бәрін.

Төлегеннің арқалап сағынышын,

Алға мені бастай бер, тәтті арманым!

 

Тербеледі мезгілдер ауысып өлең,

О, Ай ару, сыйыңды алшы менен.

Білесің ғой мендегі жүректі сен,

Жырлайды ол заңғарлар даусыменен.

 

Жырлайды ол аспанның аржағынан,

Алатаудай арым бар қар жамылған.

... Талабыма сенемін, қаламыма,

Адаспасам Алланың ақ жолынан!..

 

Аманат

... Ұят емес, шығар- ау тасығаным,

Өйткені мен бір жаққа асығамын.

Жайшылықта жазылмас аманат жыр,

Жазылады түскенде басыңа мұң.

 

Күндер өтіп барады мазалаған,

Ауру кірсе әрине азады адам.

Барса келмес сапарға дайындал деп,

Жаратқаннан жетпесін жаза маған.

 

Жыр жинағым оқылсын оқырманға,

Шөп шыққандай жарықтық тақырларға.

Осы сөзім – аманат жақындарға,

Осы сөзім – аманат ақындарға!..

 

Сағыныш болған  жиырма бес

Арманына ақ тілегін жалғаған,

Үміттері биіктерге самғаған.

Сағанышым болдың қазір (25)

Отқа салса жанбаған.

 

Қасиетті кие сөзге тоқтаған,

Жүрегінде жасырын сыр жатпаған.

Сағынышым болдың қазір (25)

Суға салса батпаған.

 

Сипағанда балқытатын қыз етін,

Ағысына судың қарсы жүзетін.

Сағынышым болдың қазір (25)

Тепсе темір үзетін.

 

Сырдың суы сирағынан келмеген,

Жолын ешкім бөгемеген көлденең.

... От пен суды елемеген (25)

Сырыңды айттым елге мен!..

 

Қызғалдақ-қыз

Қызғалдақ-қыз, тағы да сағындырдың,

Арасынан көрініп сағым-қырдың.

Сені ойласам әдемі сағынышпен,

Аймаласып кетеді жаным құрбам.

 

Неге, неге, себебін біле алмадым,

Таусылмайтын сияқты гүл арманым.

Өйткені біз шынайы ғашық болып,

Дөңгеледік астында бір арбаның.

 

Жанарымды қызықтырып гүлдестең,

Біз екеуміз кездескенде он бесте ең.

Сол жылы біз махаббаттың отына,

Балалықпен өртеніппіз білместен.

 

Содан бері ессіз ғашық екенмін,

Төсегінде аунамағам бөтеннің.

Маған мәңгі сағынышын сыйлаған,

Сен қызысың көкте тұрған көкемнің!

 

Қызғалдақ-қыз, жанымның жалынысың,

Саған деген таусылмас сағынышым.

... Жаза берем, жырымды жаза берем,

Естелік боп мәңгілік қалу үшін...

 

Жаралғанмын от болып жану үшін!

 

Аққулар әні

Сағындырды ғой кешегі заман,

Жоғалып кетті- ау жүректен жаз ән.

Аталы сөздің қадірін білмес,

Көбейіп кетті парықсыз адам.

 

Ғайбат пен өсек араластырма,

Шындығын сөйле мына жастарға.

 Аталы сөздің қалмады нәрі,

Жығылды бүгін ақшаға бәрі.

 

Ұлы даланың намысы өлді,

Аяққа басылып бабалар ары...

Болмайды бірақ жырды жазбаса,

Жынданып кетем жаным сыздаса.

 

Тұлпарды, тұлпар демейді қазақ,

 Бәйгеде тулап желден озбаса.

Келмейді мені  мойындағысы,

Жұрдай болған-ау елдің намысы.

 

...(Аққулар әнін) айта алмай жатыр,

Орындалмаған соң ойындағысы!..

 

Аппақ өлең

 

Жайқалғандай жапырағы ағаштың,

Аппақ жырым келешекке жол ашқын.

Жесірлер мен жетімдері жыламай,

Туы мәңгі желбіресін алаштың!

 

Жырды жазсақ ақ тілекпен жазайық,

Ақ тілектер бара жатыр азайып.

Адам жанын емдей алсақ өлеңмен,

Соның өзі мәртебе ғой ғажайып.

 

Ақ тілектер бір ғанибет деседі,

Келер ұрпақ бізге қарап өседі.

Дәл осылай ақтарылып жырлаған,

Мұқағали Мақатаев кешегі.

Айға жыры күнде барып сырласқан,

Алатаумен иықтасып бір дастан.

Ақын отыр бөлмесінде жыр жазып,

Басын тіпті оңға, солға бұрмастан.

 

Сезім, қиял, сапырып сағынышты,

Арман мені тағы да алып ұшты.

... Айналайын ақ өлең, аппақ өлең,

Мына жүрек тек саған бағынышты.

 

Сүйгенім рас еді ғой...

 

Сүйгенім рас еді ғой,

Ұқпағаныңды қарашы.

Күн өткен сайын ұлғайып,

Барады жүрек жарасы.

 

Уақыт емші десек те,

Жүрекке жүрмес әмірі.

Сүймегенге сүйкентіп,

Қоятын несі тәңірі.

 

Шынайы сезім жоғалып,

Қалғандай мына тұрысың.

Сүйгенге сыйын сыйламас,

Тәкаппарлығың құрысын.

 

Арудай сылқым дүние,

Теңгесі бардың құлысың.

Ар алдында сотталып,

Бересің жауап бұл үшін...

 

Ұлы сөз – шындық айнасы,

Мен оны мәңгі пір тұтам.

Өтірік өрге баспайды,

Құйырығы оның бір тұтам.

 

Жаныма жылу сыйлайтын,

Күнім деп ем жарқыным.

...Махаббат деген ұғымның,

Сездіре алмадың жарқылын.

 

Балдырған

 

Үмітімді әр күні,

Жыр-қиялы тербейді.

Ойға алғанның бәріне,

Қолың жете бермейді...

 

Ақиқатқа көңіл аш,

Сенім серті жоғалған.

Өлеміз де кетеміз,

Кеудемізде ұлы арман.

 

Тұлпар құлап, сүрініп,

Есек озған заманда.

Ұлы ақын атанар,

Ой жоқ менің санамда.

 

Талай көңіл қалдырған,

Не сұрайын тағдырдан.

...Мен жазбаған өлеңді,

Сен жаз сәби балдырған!..

 

Мен көктемнің  жаңбырымын

 

Мен көктемнің жаңбырымын,

Махаббаттың ән- жырымын.

Қашан енді ұғынасың,

Құпиясын таң нұрының.

 

Мен көктемгі сағынышпын,

Махаббаттың балын іштім.

...Қалам енді дәл осылай,

Ән-жыры боп сағыныштың.

 

2011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы